×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Теңге бағамы. Оны кімдер және қалай анықтайды?

16.01.2024, 09:16
Теңге бағамы. Оны кімдер және қалай анықтайды?
Коллаж Ulysmedia

Доллар бүгін неге 800 емес, 454 теңге болып тұр? Осы бағамды кім қайдан алды? Қалай анықталды? Неге Ұлттық валютамыздың курсы құбылып тұрады? Осы сауалдардың жауабын білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығуға кеңес береміз.

Теңге 30 жасқа толды. Осы уақытта ол бағамын қадағалаушы бекітетін валютадан еркін нарықтық ақша құралына айналу жолын жүріп өтті. Қазір теңге бағамын ешкім арнайы бекітпейді. Бағам Қазақстан қор биржасындағы алып-сату нәтижесінде белгілі болады. Оған теңгені сатып алатын, және сататын биржа ойыншылары әсер етеді. Яғни курсты ұсыныс/сұраныс балансы реттейді.

Теңгені басып шығаратын Ұлттық Банк оның бағамын таргеттеу, яғни реттеу режимінен кетіп, қазір тек инфляцияны таргеттеу (белгілі-бір шек аясында ұстап тұру) режимімен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, теңге тағдыры нарықтың жеке қолына берілді. Енді мемлекет бар күшін тек инфляцияға салады.

Бұл дұрыс тенденция. Біз бұған дейін бірнеше девальвацияны бастан кешірдік. Сол кезде халықтың ұлттық валютаға деген сенімі жоғала бастады. Тіпті теңгемен есептессек те, түпкі есебін ойша долларда жүргізіп отырдық. Осы девальвациялар әу баста теңгені нарық емес, мемлекет өзі реттеп отырғандықтан болды. Яғни, оның курсы жасанды түрде, түрлі саяси науқандарға (мысалы, сайлау) қатысты қолдан ұсталып отырды. Теңгені қолдан ұстап тұру өте қымбат. Ашығын айту керекпіз, сол жылдары бізде мемлекеттің алтын-қор резерві босқа жағылып кетті.

Енді нарық жағдайында мемлекет теңге бағамына резервтерін құртпайды. Бірақ бұл мемлекет қор нарығында валюталық операциялармен айналыспайды деген сөз емес. Мысалы, Ұлттық Қордан республикалық бюджетке қаржы аударғанда, биржада қордан келген долларды теңгеге ауыстыру қажет болады. Оның іс-қимыл кестесі алдын-ала жарияланады. Нарық қатысушылары бәрін көріп, бақылап жүреді. Яғни, мемлекет валюта нарығында күтпеген іс-қимылдар жасамайды. Одан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры керісінше халықтан теңгелей жиналған зейнетақы салымдарын бекітілген график бойынша долларға ауыстырып отырады.

Теңге бағамы қайдан пайда болады?

Теңге бағамы Қазақстан қор биржасының валюталық сауда-саттық алаңшасында саудаланады. Мысалы, теңгенің долларға шаққандағы бағамы USD/KZT жұбы саудасының қорытындысы бойынша анықталады. Таңғы сауда сессиясы Астана уақытымен сағат 10:15-те басталып, 11:00-де аяқталады. Сонымен бірге, түскі және кешкі сессиялары бар.  Демек сағат 11-00-ден кейін сол күнгі теңгенің алғашқы нарықтық бағамы анықталады.Осы сауда-саттыққа банктер, шетел валютасымен операция жасайтын түрлі компаниялардың тапсырмасын орындайтын брокерлер, валюта айырбастау фирмаларының өкілдері қатысады. 

Орта есеппен, қазіргі таңда валюта биржасында 33 белсенді ойыншы бар. Банктер де осы тізімге кіреді. Осы нарықтық қатысушылар тарапынан жасалатын сұраныс пен ұсыныс көлемі теңгенің күн сайынғы құбылуына әсер етіп, оның бағамын анықтап отырады. Мемлекет, Ұлттық Банк бұл процеске мүлде араласпайды. Олар тіпті ұлттық валюта курсының жыл аяғында қанша болатынын да білмейді. Оның барлығы нарыққа байланысты. 2023 жылы орта есеппен USD/KZT жұбында бір күнде 150 миллион долларға операция жасалып жүрді. Бір қызығы, бұл 2021-2022 жылдармен салыстырғанда бәлендей көп те емес. 

Теңге бағамы долларды сатып алу/сатудың биржада өткен ең төменгі бағасы мен ең жоғарғы бағасының ортақ мәнінен құралады. Мысалы, ең төменгі мәміле бір долларға 448,5 теңге, ал жоғарғы мәміле долларына 454,7 болса, онда теңге құны сол сессия нәтижесінде 451,6болып белгіленеді. 

Мемлекет неге ресми бағам бекітеді?

«Егер теңге нарықтық жағдайда бағамдалса, неге Ұлттық банк теңгенің ресми курсын жариялайды?» деген сұрақ туатыны заңды. Оның нақты себебі бар. Ұлттық Банктың валюта бағамы биржадағы нарықтық бағамға сәйкес бекітіледі. Біздегі ішкі операциялар, төлемдер теңгемен жүретіндіктен, ресми курс шетел валютасымен келген табысқа теңгелей салық төлегенде, басқа да төлемдер жүргізгенде қажет болады. Барлық есеп-айырысулар осы ресми бағамды есепке ала отырып жүргізіледі. 

Теңге бағамының жоғары не төмен болуына не әсер етеді?

Кез-келген валюта сияқты теңгеге сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді. Қазіргі құбылуға ықпал еткен сыртқы факторлардың ішінде доллардың өз девальвациясы, ал ішкі фактор ретінде Ұлттық қордағы доллардың биржада теңгеге айырбастала басталуы тілге тиек етіледі. 
    
Сонымен бірге, теңгеге мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының ықпалы зор. Баға қымбат болса, валюталық түсімдеріміз көп болып, сыртқы сауда балансы біз үшін жағымды болады. Яғни экспортымыздың ақшалай көлемі импорттан асып тұруы тиіс.

Айбар Олжаев.