×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Екіншінің тағдыры: Самат Әбіштің ісі қайда және қалай қаралады

17.01.2024, 12:49
Коллаж: ulysmedia.kz.

Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші інісі Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Ulysmedia.kz сайтының сауалына берген жауабында Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Ожаров мәлім етті.

Айта кетейік, Самат Әбіш 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғау органдарының назарына түскенімен, ҰҚК төрағасының басқа үш орынбасары секілді қамауға алынған жоқ, бостандықта жүрді. Тергеуге тек куәгер ретінде шақырылды. Әйтсе де К.Мәсімовтің бірінші орынбасары болып тұрғанда, мемлекеттік төңкеріс жайлы білген жоқпын дегеніне өзінен басқаның бәрі күмәнмен қарады.

Прокурорлар сол кезде экс-Елбасының інісі ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы, 4-бөлігіне сәйкес, «билікті және қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген күдікке ілінгенін, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ғана бостандыққа шыққанын хабарлаған еді.

Самат Әбіштің тергеу кезінде қамауға алынбай, бостандықта болғанын қалай түсінеміз? Егер сотта оның кінәсі дәлелденсе, оны қандай жаза күтіп тұр? Ulysmedia.kz тақырыпты зерттеп көрді.

Сыбыстар, болжамдар және баспасөз хабарламасы

«Қайғылы қаңтардан» кейін бірден қызметтен қуылған Самат Әбіштің алдағы тағдыры туралы қауесет ақпарат айдынында кең талқыланды. Біреулер оны ұсталыпты десе, енді бірі ол елден қашып кетіпті деген сыңайда әңгіме өрбітті. 

2022 жылдың маусым айында Бас прокуратура өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Әбіштің белгілі бір қылмыстық іс бойынша «тергеу орбитасында» екенін, мүмкін, байқаусызда, мүмкін, әдейілеп айтып қалды. Сол жылдың шілде айының соңында Самат Әбіштен «Кәрім Мәсімов пен басқа да айыпталушылардың ісі» бойынша жауап алынғаны хабарланды. Бұдан кейін ведомство Самат Әбіш қамауға алынған бұрынғы әріптестеріне қатысты қылмыстық істе куәгер болғанын, ал С.Әбіштің өзіне қатысты қылмыстық іс ұлттық қауіпсіздік органдарында тіркелмегенін, сондықтан бұлтартпау шарасы қолданылмағанын мәлімдеді.

Бас прокуратура 2023 жылдың қыркүйегінде көпшіліктің көкейінде жүрген мәселеге қатысты ақпарат айтты. Еліміздің жоғарғы қадағалау органы өзінің баспасөз хабарламасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Ол қаңтар оқиғасы кезінде билігі мен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.

Айтпақшы, бұл ақпарат қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті бесінші басқармасының бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов сот процесі кезінде «Қантарда» өзіне бұйрық берген басқа емес, дәл осы Самат Әбіш екенін айтқаннан кейін тура бір тәулік өткенде хабарланды.  

«Олар маған Самат Әбіштің бұйрығын орындадым деп айтуыма тыйым салды», - деді Руслан Ысқақов сот отырысында сөйлеген сөзінде. 

Жалтарма жауап

Кейін Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев Самат Әбіштің ісіне қатысты пікір білдірді. Журналистердің сұрақтарына жауап берген ол тергеу «Құпия» грифімен жүріп жатқанын алға тартып, іс барысын егжей-тегжейлі айтпады.

– Іс бойынша тергеу жүріп жатыр, - деді ол.    

– Қандай эпизодтар бойынша екенін айта алмаймын. Мен тіпті білмеймін де. Мәсімов, оның орынбасарлары, Самат Әбіш – бәрі де ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері. Ал бұл жағдайда тек сіздерге ғана емес, маған да көруге рұқсат етілмеген құжаттар бар.

Қойылған сұрақтарға Шыңдалиевтің берген ең шынайы  жауабы – Самат Әбіштің ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылғаны жайлы ақпарат. 

– Ол қазір елде, - деп қысқа қайырды Бас прокурордың орынбасары.

– Астанада ма, Алматыда ма, білмеймін. Құқықтық статусы туралы да білмеймін. Қылмыстық істің барысы жайлы айта алмаймын,  бірақ қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін іс қозғалғаны анық, - деді Шыңдалиев. Журналистердің С.Әбіштің бостандықта болуына Н.Назарбаевпен туысқандығы әсер етті ме деген сұраққа ол «жоқ» деп жауап берді.

«Құпия» іс

Ulysmedia.kz редакциясы Бас прокуратура басшылығына өз сауалдарын жолдаған. Ал олар сұраққа жауап беруден қашқақтайды.

Тек айтатындары: «Әбіш С.С.-ның қылмыстық ісі бойынша мемлекеттік құпияға жататын мәліметтер бар. Осыны ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбайды» делінген жауап хатта.

–  Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 47 және 201-ші баптарына сәйкес,  сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері «мемлекеттік құпия» санатына жатқызылса, жария етуге болмайды делінген.

Бас прокуратура айтқандай, аталған қылмыстық істі тергеуде мемлекеттік құпия ақпарат болса, онда С.Әбіш ісі бойынша соттың ашық өту мүмкін бе? Бұл сауалды біз белгілі қазақстандық заңгер, қоғам қайраткері Виталий Вороновқа қойдық.

– Жалпы сот процесті тек сол мемлекеттік құпияларға қатысты ғана «жабық» ұстап, оны жабық жағдайда өткізуі мүмкін.  Бірақ, менің ойымша, бұл процесс толығымен жабық өтетін сияқты», - деп Виталий Иванович өз болжамымен бөлісті.

– Істі Астана немесе Алматы қалаларының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайтын шығар. Күдікті сот ісін алқабилер сотында қаратуға құқылы. 

ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары қандай жазаға тартылуы мүмкін деген сұраққа Виталий Воронов ойланбастан былай деп жауап берді: 

– Самат Әбіш Қылмыстық кодекстің тек 362-бабы 4-бөлігі (Билік немесе қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану) бойынша жауапқа тартылуда. Бұл ауыр қылмыстар санатына жатады. Сондықтан онда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру, осыған қоса 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. 

Қашпады, жасырынбады

Виталий Воронов та Самат Әбіштің тергеу кезінде ешқайда  кетпеу туралы қолхатпен босатылуы елдің тұңғыш президенті Назарбаевпен туысқандық байланысқа еш қатысы жоқ деп санайды.

«Бұл әрекет (ешқайда кетпеу туралы қолхатқа рұқсат беру) тергеу органдарына оның ешқайда қашпайтынына және сотқа дейінгі тергеу органдары мен соттың шақыруы бойынша келетініне, тергеуге кедергі жасамайтынына нық сенім немесе кепілдік бар екенін білдіреді», - деп атап өтті адвокат.

– Ол Елбасының немере інісі болғаны үшін емес, жасаған іс-әрекеттері дәлелденсе ғана сотталуы керек. Мұнда әртүрлі нұсқа болуы мүмкін, бірақ істің материалдары мен мән-жайлары, сондай-ақ дәлелдер туралы нақты білмегендіктен, алдағы сот процесі жайында ештеңе айта алмаймын. Жалпы мен нақты дәлелсіз анау-мынау деп тон пішпеймін.

Мәсімовтің басқа үш орынбасары айып тағылған сәттен бастап қамауға алынғанын ескерсек, С.Әбіштің осы уақытқа дейін бостандықта жүруін қалай түсінесіз деген сауалымызға Виталий Иванович былай деп жауап берді: 

– Менің білуімше, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы мен үш орынбасарына мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеніп, билікті күшпен басып алуға қатысты деген айып тағылған. Тиісінше, олар қамауда болады. Оларға профилактикалық шара басқаша болды. 

Адвокаттың айтуынша, бәрін жаппай қамауға алудың қажеті жоқ. 

- Мен кез келген адамға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы шешім қабылдағанда «қамауға алмау мүмкін болмаған кезде ғана қамауға алу керек!» деген қағиданы ұстанғанды дұрыс көремін. Қараңызшы, экономикалық қылмыстар үшін айыпталғандар қамауда отырады, яғни коррупционерлер, ал елдің басты қауіпсіздігіне қатер төндіргендер сотқа дейін бостандықта жүреді. Бұл – біздің елдегі жалпы тенденция.

Серіктес жаңалықтары