Елден жылдар бойы ұрланған аста-төк байлықтың елге қалай қайтарылып жатқанын Ulysmedia бас прокурор Берік Асыловтан сұрап көрді.
Қаңтар оқиғасынан кейін елде ең қызу талқыланған тақырыптың бірі – елден ұрланған байлықты, яғни заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесі болды. Бұл жөнінде көп айтылды, сан мәрте талқыланды, бір жарым жыл деген де заң шығарды да, бұл күнде құзырлы органдар «қайтарып жатырмыз» деп жұртты сендіргісі келеді. Бірақ не себепті қайтарылып жатқан қыруар қаражат жайлы құзырлы органдар ауқымды ақпарат, толыққанды мәлімет бергісі келмейді?
Жалпы заңсыз шығарылған активтерді қайтарудың ашықтығын талап етіп, депутаттар да мәселе көтерген еді. Атап айтқанда, Ермұрат Бапи Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің жұмысын қатаң сынға алған. «Екі айдың ішінде бұл комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ, оның қызметінен Қазақстан қоғамы мақұрым» деді депутат өз мәнерінде. Оған бас прокурордың берген жауабында БАҚ-та жарияланған ақпараттан басқа мардымды ештеңе жоқ болып шықты. Оның алдында тағы бір депутат Марат Бәшімов комиссия құрамының құпиялығына мүлде көңілі толмайтынын білдіргені бар.
Асыловтан нені білгіміз келді?
Сонымен, бас прокурорға жолдаған он сауалымызда алдымен, 2024 жылдың 12 қаңтарына дейін мемлекетке қанша сомада активтер қайтарылғанын сұрадық. 2023 жылдың желтоқсанында депутаттарға берген жауабында Асылов бұл сома 950 млрд теңге деп көрсеткен. Осы соманың 650 млрд теңгесі Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылғанын бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлім еткені бар. БАҚ-қа тараған ақпаратқа қарағанда шамамен 100 млрд теңгесі Қайрат Боранбаевтан қайтарылған. Қалған 200 млрд теңге кімдерден келді? Осы қыруар ақшаның қаншасы ерікті әрі қаншасы мәжбүрлі түрде қайтарылды? Бас прокурорға осы сұрақ та қойылды.
Былтыр қазанда активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның дербес құрамы жарияланды. 19 адамнан тұратын сол комиссия тізімі бүгінгі күнге дейін өзгерді ме? Құрамы толықты ма? Оның ішінде «қоғам қайраткері» ретінде көрсетілген Әлихан Байменов пен Жақсыбек Құлекеев бар. Алдағы уақытта сол комиссия тағы қоғам мүшелерін кіргізу жоспарда ма? Бұл сауалдар да жолданды.
Мемлекетке қайтарылған активтер ел игілігіне қалай жарап жатыр? Нақты мысалдар бар ма? Активтердің ішінде қандай қымбат тауарлар немесе заттар бар? Заңсыз шығарылған активтер әлемнің қандай мемлекеттерінен анықталды? Депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, әлемдегі Кайман аралдары, Сейшель аралдары сияқты кейбір оффшорлық аймақтар бар. Қазақстан активтерді қайтару үшін сондай аймақтармен келісімшарт жасай ма? Жоспарда бар ма? Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитетінде осы уақытқа дейін Қазақстаннан қанша мөлшерде актив заңсыз шығарылғаны туралы болжамды сома туралы мәлімет бар ма? Сарапшылар жүздеген миллиард туралы айтады. Бұл қаншалықты негізді ақпарат?
Осы сұрақтарға толыққанды әрі нақты жауап күткенбіз, бірақ...
Баяғыша бұрынғы бенефициарлар
Асыловқа жолданған он сауалдың жауабы он шақты күннен кейін келді. Құзырлы орган бүгінгі күні қайтарылған активтердің көлемі 1 трлн теңгеге жуық сома құрайтынын, оның ішінде шетелден 589 млн АҚШ доллары қайтарылғанын хабарлайды. Активтерді қайтару мәселелері бойынша (премьер-министр басқаратын) комиссия мүшелерінің дербес құрамын бекіту мен жаңа мүшелерді енгізу үкімет құзыретіне жататынын қосады.
– 2023 жылғы жұмысты қорыта келгенде қайтарылған активтердің басым бөлігі ерікті түрде қайтарылды деп айтуға болады. Активтерді қайтару жөніндегі жұмысында жоспарлау көрсеткіштері қарастырылмаған, жұмыста ерікті де мәжбүрлі де тетіктері қолданылады. Ерікті қайтаруды ынталандыру - жұмыстың басым принципі. Заңсыз активтерді мемлекетке ерікті түрде қайтарған адамдар туралы мәліметтер БАҚ-та үнемі жарияланады. Бірлескен жұмыс нәтижесінде «Қазақтелеком», «Көліктік сервис орталығы», «Алматы ауыр машина жасау зауыты», «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі», «АзияГаз Чунджа», «Phystech-II», «КМА Операторы», «Найза-БН» сияқты және басқа да ірі компаниялардағы акциялар мен үлестерді мемлекет пайдасына айналдыру туралы шешімдер қабылданды. Айта кету керек, іс жүзінде бұл активтердің барлығына әкімшілік-билік ресурстарына шектеусіз қол жеткізген танымал бұрынғы бенефициарлар, – деген бас прокуратура бұрынғы ақпаратты қайталайды.
«Біздіңше, 160 млрд АҚШ доллар»
Құзырлы орган активтерді сатудан пайда болған қаражат ел бойынша әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылым жобаларын іске асыруға бағытталатынын жазады. Қаражат меморгандардың ұсынысын қараумен Республикалық бюджет комиссиясымен бөлінеді. Процесті Жоғарғы аудиторлық палата бақылайды.
– Ақшалай қаражаттың түсуі мен жұмсалуы туралы мәліметтер жыл сайын жұртшылыққа жеткізіледі. Қайтарылған активтердің ішінде ірі кәсіпорындардың акциялары мен үлестері, қонақ үйлері, кеңсе ғимараттары, мейрамханалар, бизнес орталықтары, элиталық жер учаскелері, базарлар, теміржолдар, қымбат зергерлік бұйымдар және тағы басқа активтер бар. Бүгінгі таңда бізде Мэн, Британ-Виргин, Сейшел аралдары, Мальта, Кипр және тағы басқа оффшорлық юрисдикцияларға активтерді шығару туралы мәлімет бар. Заңсыз шығарылған активтер кез-келген елде болуы мүмкін. Олар анықталғаннан кейін алдын ала қамтамасыз ету шаралары қабылданады, тыйым салуға және тәркілеуге байланысты халықаралық рәсімдер сүйемелденеді. Негізінде заңсыз активтер соңғы бенефициарларын жасыруға, сондай-ақ салықтан оқшауландыруға мүмкіндік беретін елдерге шығарылады, – дейді бас прокуратура.
Қазақстан бұл күнге дейін 34 елмен 73 келісім, олардың ішінде оффшордың 14 мемлекетімен 33 келісім жасаған. (Испания, Италия, Венгрия, Румыния, Болгария, Сербия, Македония, Чехия, Ұлыбритания, Монако, Кипр, Франция және т.б.). Уәкілетті органдардың мәліметіне сәйкес, тәуелсіздік жылдары елден шамамен 100 млрд АҚШ доллары шығарылды. “Алайда ашық көздерден алынған мәліметтерге сәйкес (оның ішінде ресми сұхбаттардан) шетелдік сарапшылардың есептеулері бойынша елден 160 млрд АҚШ доллардан астам қаражат шығарылуы мүмкін” дейді бас прокуратура.
Сонымен, бас прокуратура мемлекетке үлесі өткен бірнеше компанияның атауын атағаны болмаса, нақты қанша сома қандай адамдардан немесе қандай компаниялардан қайтарылғанын ашып айтпайды. Активтердің қаншасы сот арқылы, қанша бөлігі ерікті түрде қайтарылғанын да атап көрсетпейді. «Басым бөлігі ерікті түрде» деп қана өтеді. Ulysmedia.kz порталынан жолданған сауалхат негізінде жұртшылық өзінен жылдар бойы ұрланған байлықтың қалай қайтарылып, ел игілігіне жұмсалып жатқанын білер (кімдердің ұры екенін де) деген үміт бар еді – ақталмады.