Жаңа министр Ақмарал Әлназарованың жоғары лауазымға ие болуы оның мәртебесін биіктеткенімен, жауапкершілік жүгі артқаны белгілі. Өйткені министр орынтағы ештеңеге кепілдік бермейді. Мұндай қызметтің қызығы мен қуанышы қатар жүреді. Ал ол барлық қордаланған мәселені шеше ала ма, бұл үлкен сұрақ. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұрғанын ескерсек, саланы басқару, мәселені шешу үшін қажет қаражатты көктен іздеудің қажет жоқ.
Бұл нені білдіреді?
Ulysmedia.kz сайтында Ғиният деп іздесеңіз, бұрынғы министрге қатысты мәліметтер шыға келеді. Оның сұқбаттарға сараң болғаны ешкімге жаңалық емес, әсіресе, медицина саласын жаулаған олигополия туралы сұрақтарға тіс жармайтын. Алайда МӘМС жайлы сұрақтарға жаны қалмай жауап беретін. Тіпті бір жолы мед.сақтандыру жарнасын төлемеген көлік жүргізушілерін автокөлік жүргізу құқығынан айыру керек деп бастама да көтергені есімізде.
Сондықтан Ажар Ғинияттың министр қызметінде не бітіргенін, бұл эстафетаны жаңа министр А.Әлназарова қалай жалғастырытыны бізге де қызық.
Айтудай-ақ айтатын еді...
Денсаулық министрлігі қоғамда көп талқыланатын ведомстволардың бірі. Олардың күнделікті істеп жатқан ілкімді істері елеусіз қалуы мүмкін. Алайда түймедей қателіктерінің өзі түйедей көрініп, талқыға түсіп жатады. Біздің қоғам жақсылықты жарыса айтпауы мүмкін, бірақ «қателікті» кешірмейді. Оған кейде саланы басқаратын бірінші басшылардың өздері де жол беріп жатады.
Оның кейбір мәлімдемелері бірден мемдерге айналып, қаралым жағынан рекорд орнатып жататын. Бір мәлімдемесінде экс-министр елімізде төрт айда тоғыз жарым адам COVID-19 дертіне шалдыққаны туралы айтып қалды. Бұл сөзі интернетті дүр сілкіндірді.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі, әрине, видеоның контекстен қиып алынғанын, сондықтан сөз тіркесінің мағынасы толығымен өзгергенін, министр 9,5 мың адамды меңзеп тұрғанын түсіндіруге тырысты. Бірақ отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайтыны бар емес пе?
Тағы бірде экс-министрдің «бір жылда күтілетін өмір сүру ұзақтығы төрт жылға ұзарды» деген жұмбақ сөзі де көптің талқысына түскені белгілі. бен нені меңзегенін түсіндіруі керек болды. Кейін түсініп жатырмыз, Ажар Ғиният отандық медицинаның потенциалы артып келе жатқанын, адамның өмір сүру ұзақтығы 4 жылға ұзарғанын айтқысы келген екен. Журналистер де қызық қой, әр сөзге қадалып қалады.
Не үшін төлеп жатырмыз?
Фрейд айтқандай, ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді дейтін болсақ, онда министрдің осындай шалт айтқан сөздерін елемеуге де болар еді. Бірақ кейбір жайттарды ел әлі де ұмыта қойған жоқ. Әсіресе медициналық сақтандыру жарнасын төлемеген көлік жүргізушілерін автокөлік жүргізу құқығынан айыру керек деп айды аспанға шығарғаны не сасқаны? Бұл қоғамдық көңіл-күйге көктен түскен бомбадай әсер етті.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі ел азаматтары үшін ауыр тақырыптың бірі, өйткені олар ай сайын жарна төлегенімен, тиісті қызметті ала алмай, табалдырық тоздырып жүр. Бәлкім, алдымен, пациенттердің отандық медицинаға қаншалықты көңілі толатынын біліп алған жөн шығар. Бұдан бөлек медициналық қызмет шын мәнінде тегін бе, жоқ па, соны анықтау керек. Азаматтарымызда сұрақ көп, бірақ жауап мардымсыз.
Біз қызмет көрсетпейміз, «көрсеттік» деп жаза саламыз
Көбінесе дәрігердің қабылдауына жазыла алмайсыз. Кезек екі-үш айға кетіп қалған. Немесе қажет мамандар емханада жоқ. Сонымен қатар пациенттердің айтуынша, «олар бір емес, үш рет ультрадыбысты рентген жасатқан». Алайда ондай қызметке жүгінгенін пациенттің өзі білмейтін болып шығады. Ал өлген адамдарды Астанадағы емханаларға тіркеу оқиғасы шын мәнінде қорқынышты фильмдердің сюжеті ме дерсің.
Министр айтты екен деп ешкім жүргізушілерді көлік басқару құқығынан айырған жоқ, әлеуметтік желі шулап-шулап қойды, ақырында бәрі ұмытылды. Тіпті қайғылы жағдайларда да жұрт шулайды-шулайды, бәрі басылады. 2023 жылдың жазында Қарағанды облысындағы Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі балалар уланған болатын.
Екі бала көз жұмды, бірнешеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қазақстандықтардың наразылығында шек болмады, республиканың әр өңірінен келген адамдар кінәлілерді барынша қатаң жазалауды талап етті. Одан кейін Ажар Ғиният балалардың биологиялық материалдары сот-медициналық сараптамаға жіберілгенін, Бас прокуратура тергеу жүргізіп жатқанын айтты. Бірақ бір ай өтті, екі, үш ай өтті. Сараптама нәтижесі шықпады. Ал жұмыстан шеттетілген дәрігерлердің көпшілігі күзде орталықтағы қызметіне қайта оралды.
«Денсаулық жағдайына байланысты»
Өткен жазда Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында ВИЧ инфекциясын жұқтырудың үш жағдайы анықталды. Әрине, мұның бәрі аурухана жұмысын Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының мамандары жоспардан тыс тексергеннен кейін белгілі болды. Ресми ақпаратқа сәйкес, науқастардың ауруды жұқтыруы, ең алдымен, аурухана медбикелерінің инвазивті процедураларды жүргізу кезінде операция стандарттарын бұзуынан және олардың қызметіне бақылаудың жоқтығынан болуы мүмкін.
Жалпақ тілмен айтқанда, науқастар ВИЧ-ті инъекция кезінде немесе катетер арқылы жұқтырған. Бір қызығы, Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Нариман Табынбаев жұмыстан «денсаулығына байланысты» деген желеумен босатылды. Қай кезде болмасын, шетел тәжірибесінен мысал келтіргіш Ажар Ғинияттың тап осы жолы мысалы таусылып, жұмған аузын ашпай қойды. Өйткені, сол өзі айта беретін шетелде азаматтар медициналық қателікті кешірмейді, тіпті сотқа шағымданып, денсаулығына келтірген залал үшін моральдық және материалдық өтемақы талап етеді. Одан бөлек, тиісті аурухана басшысы сотталып, саланы басқарып отырған министр қызметінен қуылады.
Алматыдағы ВИЧ-инфекция дауынан кейін қазақстандықтар Ажар Ғиният отставкаға кетеді деп күткен. Өзі де жұмысынан кемшілік анықталса, отставкаға кетуге дайын екенін айтқан. Одан ештеңе өзгерген жоқ. Шамасы, Ажар Ғиният өзінің қызметінен кемшілік таппаған шығар. Осындай логикаға салсақ, Қазақстандағы қызылша індетінің өршуі де министрдің саланы дұрыс басқара алмағанынан емес, адамдардың өзі кінәлі.
Денсаулығымызды кім қалпына келтіреді?
Ажар Ғинияттың орнына Ақмарал Әлназарова келді. Жаңа министр Қызылорда облысының тумасы, бұған дейін сенатор болған. Жұмыс тәжірибесі мол: Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің облыстық департаментін басқарған, медициналық колледждің директоры болған, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. «Нұр Отан» партиясы
Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған.
Ақмарал Әлназарова – медицина ғылымдарының докторы және педиатр-дәрігер. Ажар Ғиният сияқты ол да балаларды емдеген. Қазақстандықтар бұрынғы және қазіргі министрлердің ұқсас тұстары осымен аяқталып, елімізде медицина саласындағы олқылықтар түзелсе дейді. Өйткені олардың денсаулық саласына амандық, саулық тілеуден басқа амалы жоқ.