×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Өзбек жоспары немесе Қазақстан көршілерінен қаншалықты алда келеді

13.02.2024, 15:16
Өзбек жоспары немесе Қазақстан көршілерінен қаншалықты алда келеді
ulysmedia

Өзбекстан мен Қазақстан жай көрші мемлекеттер ғана емес, сонымен қатар мәдени байланыстардан бастап экономикалық, саяси тығыз қарым-қатынасқа дейін тонның ішкі бауындай араласып отырған дос мемлекет. Сондықтан болар, екі елдің түрлі саладағы жетістіктерін бағамдап қана қоймай, кімнің қай жерде көбірек жетістікке жеткенін салыстыруға мәжбүр болып жатамыз. Мұны қызғаныш деп емес, қызығу, сүйсіну деп қабылдаған дұрыс шығар. Ulysmedia.kz Өзбекстанның күн тәртібінде біздің мемлекеттерге ортақ сұрақтың пайда болғанын анықтады. Ол «бізге Сенат керек пе?» деген сұрақ.

Парламенттің тыныс-тіршілігі

Жақында Өзбекстан сенаторлары парламент палаталарының қызметін жаңартылған Конституцияға сәйкестендіру бойынша түзетулерді мақұлдады. Түзетулер, атап айтқанда, Олий Мажлис пен Сенат депутаттарының немесе сенаторлардың жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік дауысымен өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдай алатынын қарастырады. Сенаторлар санын қысқарту, премьер-министрді тағайындаудың жаңа тәртібі, заңдарды бекіту мерзімін өзгерту және басқалары және бар..

Заң шығару палатасы таратылған кезде Конституция мен конституциялық заңдарды қоспағанда, Олий Мажлистің заңдарды қабылдау жөніндегі өкілеттіктерін Сенат жүзеге асырады.

Қазақстанда Парламенттің Жоғарғы палатасына қатысты мәселелер оның құрылған күнінен бастап өзекті болып келе жатыр десек, қате айтқандық емес. Саясаткерлердің айтуынша, заң шығарушы орган ретінде Мәжіліс бар, сенаттың қажеті қанша? Мұндай пікірдегілердің аргументі: Сенат федеративтік құрылымдағы мемлекеттерге жарасады. Ал Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік құрылымы ондай емес. Сондықтан оның қажеті бар ма?

Ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Нұртаза Қадірниязов «Қазақстанға халық сайламайтын Сенат қажет емес» дейді.

- Мемлекеттік құрылымдар жайлы әлемдік түсінікке сәйкес, Сенат секілді Жоғары палата АҚШ (50 штат), Германия (федеративтік жерлер), Франция (өзге жерлердегі 5 иелігі), Англия (Біріккен Корольдік), Ресей (22 республика) сияқты конфедеративтік немесе федеративтік елдерге қажет. Құрамында автономиялы Қарақалпақстан Республикасының болуына байланысты Өзбекстан да Сенатты ұстауға мәжбүр, деп жазады Қадирниязов Facebook парақшасында.

Көрші елдегі өзгерістерге сәйкес, сенаторлар енді Қарақалпақстаннан, облыстардан және Ташкенттен теңдей, әрқайсысы 4 адамнан (бұрын – 6) сайланады. Сенаттың тағы 9 мүшесін (бұрын 16 болатын) президент тағайындайды. Бұл жағынан Қазақстанға шынымен ұқсайды. Тек сан жағынан ғана айырмашылық бар. Бірақ бұл жерде Өзбекстан халқының саны 38 миллион екенін ұмытпаған жөн.

Өзбекстан Олий Мажлисінің біздің Мәжілістен басты айырмашылығы – палата спикерлері орынбасарларының саны 7-ден 2-ге дейін қысқартылып, бұл қызметте жұмыс істеген уақыт ішінде партиялар мен фракцияларға мүше болуға тыйым салынады. Бізде де төрағаның екі орынбасары бар, бірақ ол да, оның орынбасарлары да партия мүшелері.

Бес жылдық мерзім

Бас прокурорға қатысты жағдай біршама басқаша. Өзбекстанда енді бір адам қатарынан екі мерзімнен артық бас прокурор қызметін атқара алмайды. Бұл Сенат Төрағасына да қатысты. Түзетулер күшіне енгенге дейін барлық басшылар/жетекшілер 5 жыл мерзімге сайланады немесе тағайындалады.

Қазақстанда Рашид Түсіпбековтен басқа бірде-бір бас прокурор осыншама уақыт қызметте отырған жоқ. Алайда, Конституцияның 83-бабында лауазымдардың мерзімдері туралы түсінікті етіп жазылмаған, тек «Бас прокурордың өкілеттік мерзімі бес жыл болып белгіленеді» деп көрсетілген.

Ал, бұған бірнеше жыл бұрын келген Қазақстаннан айырмашылығы, енді Олий Мажлис президенттің (қазірге дейін премьер-министрдің) ұсынысы бойынша министрлер кабинетінің мүшелігіне кандидаттарды қарап, бекітеді. Бұған дейін оларда да, Қазақстандағыдай, премьер-министр президент жарлығымен тағайындалған болатын.

Бұған дейін ғаламторда Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан депутаттары ең көп, Өзбекстан депутаттары ең аз жалақы алады деген ақпарат тараған. Kun.uz ақпарат көздері депутаттардың жалақысы өте жоғары екенін анықтады. Бұл ретте депутаттардың бірі жалақысы туралы ақпаратты жария етпеу туралы құжатқа қол қойғанын, сондықтан жалақысының мөлшерін тіпті отбасы мүшелерімен де талқыламайтынын айтқан.

Дереккөздің хабарлауынша, кейбір депутаттардың жалақысына ғылыми дәрежесі, белгілі бір әскери атақтары, сыныптық шендері және т.б. бойынша да қосымша төленеді. Жалпы жалақы айына 16 миллионнан 22 миллион сумға дейін деп бекітілген (584 мың мен 802 мың теңге аралығы).

Айта кетейік, өзбек президенті депутаттардың жұмысына көңілі толмай жүреді.

   – Депутаттардың сайлаушылармен тұрақты байланыста болуына мүмкіндік беретін электронды портал мен мобильді қосымшаларды іске қосу арқылы халықпен диалог жүйесін жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл жүйе сайлаушының депутаттың күнделікті қызметін қадағалап, заң жобаларын талқылап, олар бойынша өз пікірін білдіре алатындай жұмыс істеуі керек, деген еді Шавкат Мирзиёев бірнеше жыл бұрын.

Бірақ мұндай мобильді қосымшаны әзірге ешкім көрген емес, депутаттар мен сайлаушыларды байланыстырудың осындай құралы бар болса, ендігі біз де білер едік.

ЖІӨ… квадриллион

Ulysmedia.kz хабарлағандай, Қазақстан жалпы ішкі өнімнің өсімі бойынша Орталық Азия елдері арасында бірінші орында тұр. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 259,3 миллиард долларды құрағанын хабарлады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық.

– 2028 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 354,7 миллиард долларға жетеді. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім бойынша Қазақстан Ресеймен тең және 13 мың долларға жуық нәтиже көрсетіп отыр. Бұл Өзбекстанмен салыстырғанда (...) 5,2 есе көп», — делінген ХВҚ жариялаған мәліметте.

Дәл осы алгоритммен Өзбекстанның жалпы ішкі өнімін есептесек, онда млрд., трлн емес, квадриллиондар шығады.  Шындығында, осы сумманы долларға шаққанда, бұл сома қарапайым болып көрінеді: 2023 жылы Өзбекстанның ЖІӨ 1,07 квадриллион сумға (шамамен 90,8 миллиард доллар) жеткен. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 28,98 миллион сумға (2 468 доллар) дейін өскен, деп хабарлайды Өзбекстан Республикасының Статистика агенттігі.

Биыл жалпы ішкі өнімді кем дегенде 6 пайызға ұлғайтып, оны 100 миллиард долларға жеткізу жоспарлануда.

Инфляцияны қалай ауыздықтауға болады?

Алайда Өзбекстанда былтыр өндіріс 6 пайызға өссе, қосылған құнға сай өнім өндіру 40 пайыздан аспады.

   – Бұл сандар бізді қанағаттандырмайды. Бұл негізінен импортқа тәуелділік, жоғары энергия тұтыну және шамадан тыс шығындармен байланысты», - деді Президент Шавкат Мирзиёев.

Президент қосымша құны жоғары және нарықта сұранысқа ие өнім шығаратындарға ғана қолдау көрсетілетінін баса айтты.

Инфляция да елдеріміз үшін оңай шешілетін мәселе болмай тұр. Мирзиёев инфляцияны тек өндіріс көлемін арттыру арқылы ауыздықтауға болатынына сенімді.

– Мен мұны қайта-қайта айта беремін. Инфляция – бұл жеке және кәсіпкерлік табысқа салынатын салық. Оны ауыздықтамасақ, кедейшіліктің азаюы да, экономикалық өсім де болмайды», - деп атап көрсетті Президент.

Бұдан былай Өзбекстанда жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында арнайы үкімет қаулысы қабылданады. Әрбір сала министріне баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қызметтің негізгі көрсеткіші (KPI) тағайындалады.

Сен әлі тірі ме едің, АИ-80

Өткен жылдың басында өзбек шенеуніктеріне бензиннің жеткілікті қорын жинау тапсырылған. Ал АИ-80 бензині бағаның өсуіне жол бермеу үшін бір жылға акцизден босатылғанымен, жанармай бағасы орта есеппен 19 пайызға қымбаттаған. Бұл тасымалдау шығындарының жоғарылауына және өндіріс пен экспортқа кететін шығындардың өсуіне әкелді.

Осы орайда, АИ-80 маркалы бензин Өзбекстанда әлі де қолданыста. Қазақстанда бұл марка экологиялық талаптарға сай келмейтіндіктен, біраз жыл бұрын өндірістен алынып тасталған.

Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев премьер-министр Абдулла Ариповқа 2025 жылдан бастап АИ-80-ден бас тарту мәселесін шешуді тапсырды. Айта кетейік, қазір бүкіл әлемде АИ-80 тек Өзбекстан мен Ауғанстанда шығарылады.

АИ-80 бензинінің тағдыры шешіліп жатқан шақта,  Өзбекстанның автокөлік өнеркәсібі қарыштап дамып, қазақстандықтардан оқ бойы озып кетті. Биыл қуаттылығы жылына 10 мың электромобиль шығаратын автомобиль зауыты іске қосылмақ. Жалпы Өзбекстанның ауқымды жоспарлары бар, оған сәйкес, 2030 жылға қарай жыл сайын 1 миллионға дейін автокөлік шығарылады.

Шенеуніктер автобуспен жүрсін

Президент автоөндірістің алдына осындай мақсат қойып отырғанымен, оның 29 қаңтарда: «автокөлік кез келген адамның қолы жете бермейтін игілікке айналсын» деген сөзі бір-біріне қарама-қайшы келетіндей. 

Билік Ташкенттегі мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлерін қоғамдық көлікке көшіруді жоспарлап отыр. Бұл шара 2024 жылға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасында нақты көрсетілген. Бұл бастаманың мақсаты – көліктер шығаратын газдардың қоршаған ортаға зиянды әсерін азайту.

Сол күнге жеткен уақытта әкімшілік кеңселері Ташкентте орналасқан республикалық және облыстық атқарушы органдардың басшылары мен қызметкерлері халыққа үлгі болып, жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті пайдаланады», - делінген үкімет хабарламасында.

Расында шенеуніктердің қалалық автобустарға қай күні ауысатыны нақты айтылмаған. Бұл жағынан Қазақстан көршілес елдерден де асып түскенін айта кеткен жөн. Біздің әкімдер қоғамдық көліктерді былай қойғанда, жұмысқа велосипедпен баруға тырысты. Ендеше бұл жоспар Өзбекстанда қалай жүзеге асатынын байқайық.

Авторы: Мәлік Джурсунбек