×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Қысылғаннан қыз болдық немесе Түймебаев құзырындағы «қыздар тізімі»

20.02.2024, 17:25
Қысылғаннан қыз болдық немесе Түймебаев құзырындағы «қыздар тізімі»
Коллаж Ulysmedia

Қазақстандағы ең мықты деген жоғары оқу орнының бірі ҚазҰУ-ден шыққан шу әлі басылар емес. Студенттердің медициналық жеке мәліметтері интернетке тарап кеткелі ақпарат кеңістігі тыншымай тұр. Бойжеткендердің қыздығы туралы құпия медициналық мәліметті жариялау кімге керек болды, әлде бұл қоғам назарын басқаға аударту үшін қажет болды ма? Бұған кім кінәлі және университет басшылығы енді не істейді деген сұрақтарға әлі күнге жауап жоқ. Ректор Жансейіт Түймебаев қызметтен кете ме және «медбике қателігі» жұмыс беруші үшін нені білдіреді?
Демократия мен зайырлылықты ту еткен Қазақстанда осындай жекелеген жағдайлардың, оның үстіне белден төмен тақырыпқа қатысты жағдаяттардың жиілеп кетуі үйреншікті болып бара жатқандай көрінеді. Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді. 

Сырға «берік» жоғары оқу орны

ҚазҰУ-дегі «қыздар тізімі» алғаш Qumash Telegram арнасында 13 ақпан күні кешке  жарияланды: "Сіз Қазақстанда жеке деректердің қаншалықты «ұқыпты» сақталатынын университеттегі осы оқиғадан-ақ түсіне беріңіз. Міне, Алматыдағы ҚазҰУ-дан тамаша кейс. Жергілікті механика-математика факультетінде осындай оқиға болды..."

WhatsApp топтардың біріне админ студент қыздардың тізімі (1-4 курс студенттері) бар файл жібереді (чатта 190 адам бар). Мұндағы қызыл түспен белгіленгендер флюорографиялық суретті тапсыруы керек екен. Мәселе тек осымен бітсе жақсы ғой,  алайда ол файлда қыздардың жеке сәйкестендіру нөмірі, телефон нөмірі және жеке медициналық мәліметтері болған. Жеке мәліметтерінің ішінде кім "қыз", кім "әйел" екендігі де жазылған. Бұл тізімде тек бір ғана топтың емес, бүкіл университет қыздарының жеке мәліметтері бар десек те болады. 

Телеграмдағы бұл ақпарат құжаттардың скриншотымен салынған. Бұл осы ақпараттың растығына оқырманды сендіре түседі. Әрине, мұндай тәсілмен берілген ақпарат әлеуметтік желіде бомба секілді әсер ететіні бар.  

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы аталған факті бойынша ресми тексеру басталғанын мәлімдеген. Алматы қалалық прокуратурасы азаматтардың жеке өміріне қол сұғушылық туралы қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады (ҚР ҚК 147-бабының 5-бөлігі). Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «мәселе бақылауға алынды» деп мәлімдеп, қыздардың медициналық деректерін таратуға кінәлілердің барлығы қолданыстағы заңнама шеңберінде жазаланатынын айтты. 

Сенат депутаттары оқиғаға қатысты өз пікірлерін білдірді. Алайда сенаторлардың пікірлері бір-біріне ұқсамайды. Кейбіреулер жеке мәліметтердің жарияланып кетуіне ректордың қатысы қанша десе, енді біреулері жауапкершілік медицина қызметкерлеріне жүктелуі тиіс деп санайды. Ал тағы бірі жеке мәліметтердің қорғалуы туралы мәселені күн тәртібіне шығару үшін осындай қадамдар жасалғанын айтып берді.  

Ал мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мұндай ақпараттың медициналық ұйым мен университетке қаншалықты қажет болғанын түсінбей дал болыпты. 

«Ең алдымен, кімді жазалау керектігін емес, бұл тізімдердің не үшін жасалғанын, кімге қажет болғанын анықтау керек», - деді А.Балаева.

Түсініксіз сылтаулар

Аида Ғалымқызы сұрақты дұрыс бағытта қойғанымен, оған ҚазҰУ басшылығы тұщымды жауап бермеді. Бас десе, құлақ деп, нақты жауаптан табан тайдырып отыр.  Университетке келісімшарт негізінде медициналық қызмет көрсететін «Smart Health» клиникасына келсек, емхана директоры Жанна Жүнісова ашық хат жариялады, онда ол интернетте жеке мәліметтері жария болған қыздардан кешірім сұрап, БАҚ-тан болған оқиға туралы енді жазбауды өтінді.  

Оның айтуынша, медициналық ұйым ҚазҰУ құрылымына кірмейтіндіктен, барлық жауапкершілік клиникаға жүктеледі және клиника қызметкерлері ғана жазалануы тиіс. 

Клиника директоры өзінің ашық хатында Аида Балаеваның қойған сұрағына былай жауап берді: «... бұл жағдайда дәрігерлердің барлық іс-әрекеті Қазақстандағы акушерлік-гинекологиялық көмекті ұйымдастыру стандартына сәйкес жасалған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің 26.08.2021 жылғы бұйрығы бар. Сол бұйрықта «Бала туатын жастағы әйелдердің динамикалық мониторингі туралы есептің болуы” жазылған дейді клиника директоры.

- Осы есепте бала туу жасындағы әйелдерді, оның ішінде вирго мен виргоға жатпайтын әйелдерді контрацепциялық препараттармен қамту, сондай-ақ олардың саны туралы деректер көрсетілуі тиіс. Осы іске жауапты қызметкерлер контрацептивтермен қамтамасыз ету, қажетсіз жүктіліктің, түсік тастаудың және олардан кейінгі асқынулардың алдын алу мақсатында қыздардың тізімін жасайды.

Жанна Жүнісованың айтуынша, медбике ішкі қызметтік пайдалануға арналған файлдарды шатастырып, механика-математика факультетінің маманына “атышулы” файлдарды жіберген.

Медициналық ұйым директорының мәлімдемесінен кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшылығы медициналық мекемемен келісімшартты бұзатынын айтты. Алайда бұл хабар ешкімді таң қалдырмады. Университеттің проректоры Жәмиля Айтжанова келеңсіз жағдайға жол берген механика-математика факультетінің қызметкері әлі жұмыстан шығарылмағанын, бірақ оған қатысты мәселе құқықтық негізде шешілетінін айтты.

ҚазҰУ ректорының жұртшылық алдына шығып, кешірім сұрамағаны көкейде көп сұрақ қалдырады. Қазақстандықтардың көбі талап еткендей, ол отставкаға да кеткен жоқ.  Есесіне университет әкімшілігі кешірім сұрап, студенттерге моральдық шығынды өтеуге уәде берді. 

Ректор сүттен ақ, судан таза ма?

«Smart Health» клиникасы басшылығының да, ҚазҰУ әкімшілігінің де түсініктемелері мен ақталу жауаптары әлеуметтік желі пайдаланушыларын да, кәсіби мамандарды да еш сендіре алмады. Қазақстандық акушер-гинеколог, репродуктолог, ғалым, педагог-оқытушы Вячеслав Локшин клиника директоры Жанна Жүнісова айтқан «Бала туу жасындағы әйелдерді динамикалық бақылау туралы есеп» дегеннің қайдан шыққанына таң қалып отыр. 

«Не болып жатқанын түсіне алар емеспін, пациент гинеколог қабылдауына барғанда тексеруден өтуге міндетті емес», - дейді Вячесла Нотанович. 

- Мұны жасамау үшін ол өзін “қызбын” деп айта салуға әбден болады. Иә, оған гинекологиялық тексеруден өтудің қажеті жоқ. Ал ол “қыз” ба, жоқ па, гинеколог білмейді. Бұл деректер кімге керек және не үшін? Мен үшін бұл ақылға сыйымсыз. 

Шын мәнісінде, Вячеслав Локшин бұл орайда жалғыз емес. Еліміздің жоғары оқу орындарында соңғы кездері болып жатқан “сексуалды» сипаттағы жанжалдардың ең атышулысы осы болып тұр. Бұл  Playboy журналының кезекті саны мешіттегі фотосессияға арналғаны секілді әсер қалдырады. 
Қоғам ҚазҰУ ректорының қызметтен кетуін талап етіп жатқанда, біз де ректорға қатысты деректерді іздестіріп, зерттей түстік. Ж.Түймебаевтың ескі Қазақстанда жоғары қызметтерде болғанын есепке алсақ, онда оның да “сау сиырдың жапасы болмағаны”. 

Әрине, сан алуан қызметтерінің ішінде Жансейіт Түймебаевтың 2007-2010 жылдары Білім және ғылым министрі болып тұрған кезі ерекше есте қалды. Оның есімі саланы басқарған осы үш жыл ішінде мектеп оқулықтарындағы сансыз қателіктерге, 12 жылдық білімді енгізуге, студенттерге ЖОО-да оқуға жеңілдікті несиелер беруге және ҰБТ-ға байланысты дау-дамайлармен қатар аталды.

Сондай-ақ, қазақстандықтар министр Түймебаевтың мектеп бітіру балдарына тыйым салып, ҰБТ-дағы шектік баллды 50-ден 60-қа дейін көтергенін ұмытқан жоқ. Соның кесірінен түлектердің төрттен бір бөлігі шекті деңгейден өте алмады.

Дау-дамайдан көз ашпаған шенеунік

2009 жылы Жансейіт Түймебаев студенттерге жеңілдікті несие беру шарттарын орындамағаны үшін сынға қалды. ҰБТ-да жоғары балл жинап, бірақ грантқа түсе алмағандарға ақылы бөлімде оқу үшін төмен пайызбен несие береміз деген Түймебаев ұятқа қалды. Несие кейін берілгенімен, уақытынан көп кешіктірілген еді. Екінші деңгейлі банктер министр әперем деген талған мерзім ішінде мемлекет уәде еткен 15 млрд млрд.теңгені ұзақ күтіп қалды. 

Студенттер мен олардың ата-аналары көтерген шу Премьер-Министрдің де құлағына  жетті. Дәл сол кезде үкімет басшысы Кәрім Мәсімов-тұғын. Осыған қатысты сол кезде Мәсімов: «Шынымды айтсам, Жәке, сен менің досымсың, бірақ ақиқат бәрінен қымбат» деген ұлағатты сөз айтып, мәселеге нүкте қойған. Ал 2010 жылы Түймебаев министрлік қызметінен босатылып, Қазақстанның Түркиядағы елшісі болып тағайындалды.
Түймебаевтың елші болып тағайындалуы да қызық. Түркияның атасы саналатын Мұстафа Кемал Ататүрктің яхтасы түріктер үшін тарихи жәдігер саналады. Оны жалға алу құны кез келген бай-бағланның қалтасынан табыла бермейтін сома. Аталған “Саварон” яхтасын Александр Машкевич жалға алып, 16-17 жастағы бойжеткендермен сайран салады. Моншақты оншақты қызға жігіттер де табыла кетеді. Ығай мен сығайлар арасында Қазақстанның, Қырғызстанның, Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері де бар еді. Билік өкілдері арасында “Серке” атымен танымал.

Қ.Саудабаевтың осы яхтада болғанын Түркия полициясы арнайы жүргізілген операция барысында анықтап, Қазақстанға сәлем айтқан. Мұны Түрік БАҚ-тары да жарыса жазған.

Дәл осы оқиғалардан кейін Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі қызметінен босатылды, ал оны ҚазҰУ-дың қазіргі ректоры алмастырды. Абыройымызды айрандай төккен осы оқиғаның арты қалай болғаны, Түймебаевтың оны қалай жуып-шайғаны ақыры айтылмай қалды. 
Соңғы уақыттардағы төсек дауларының жиі көрініс табуы, оның қоғамда ашық айтыла бастауы еш таңқалдырмаса керек-ті. Өйткені бұрынғы Президент - экс-Елбасының өзі “Мисс-99” Әсел Исабаеваға деген іңкәрлігін кітабында жазып, жаһанға жар салса, басқаға не жорық. 

Былтыр жыл соңында елімізде тағы бір төсек дауы шықты. «Айқа тізімі» деп аталатын осынау дауда «VIP-жеңгетайдың” телефон кітапшасындағы мәліметтер жарияланып кеткен. “Қымбат сылқымдардың” қызметін пайдаланушылар арасында белгілі қазақстандық әншілер мен музыканттар, мемлекеттік наградалардың иегерлері, ірі бизнес өкілдері, ірі қаржы құрылымдарының, жоғары оқу орындарының және Қазақстанның басқа да мекемелерінің қызметкерлері бар болып шықты.

«Тізім Айканың қолында болғанда, біреудің біреумен шатағы жоқ, тып-тыныш еді. Тізім күштік құрылымдардың қолына түскенде ол жарияланып кетті. Қыз сақтаған құпияны күштік құрылым сақтай алмағаны қызық», - дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов Facebook парақшасында.

ҚазҰУ-дың “вирго тізімі” медиктердің базасынан кеткен құпия дерек болды. Алдағы уақытта кімнің базасы сыр берер екен, а?