Ақордаға жазылған арзу хат орта жолда қолды болды ма, кім білсін, әлеуметтік желіге шығып кетті. Қазір атыраулықтар қызықты фильм көруге дайын отыр. Мәселе көптің аузында көптен жүрген – Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығындағы жанжалы.
- Ол мұнай өңдеуді де, оның технологиясында да білмейді. Алкоголь мен есірткіні жиі қолданады, қызметкерлерді балағаттап, ұрып-соғады, қорлайды, тіпті қазақ және орыс тілдерінде екі сөздің басын құрай алмайды, - деп Тоқаевқа үшбу хат жолдапты зауыттың техникалық жұмыстарын шемішкеше шағатын элита. Әңгіме Атырау МӨЗ-дің директоры жайында.
- Олар өздерінің сыбайлас компанияларынан 150 миллиард теңгеге, қымбат бағаға тауар сатып алған. Кокс пен күкіртті сақтау нормаларын бұзып, өндірістегі ысырапқа жол берген», - дейді Тоқаевқа алдыңғылардың үстінен арызданған Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директоры. Иә, қазір солай – жоғарыға жазылған арыз орта жолда “жоғалып” кетпеуі үшін оны әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау керек. Бұл сенің позицияңды нығайтады. Не керек, осы жолы хатқа жауап тез келді. Хаттың ізімен келген комиссия тәртіп бұзушыларды жұмыстан шығарды.
Осымен бәрі аяқталды деп ойлаған едік, алайда олай болмай шықты.
Басты сұрақ - кім кіммен бірге және кімге қарсы “шайқасып” жатыр
Жусанбаевтың бас директор болғанына бір айдан астам уақыт өтті, ол осы уақыт аралығында көптеген жағымсыз нәрселерді «қазып», тіпті кейбіріне қызметтік тергеу жұмыстарын жүргізді. Мәселен, 15 ақпанда циркуляциялық компрессор ұзақ жылдар бойы жоспарлы жөндеусіз жұмыс істеп тұрғандықтан тоқтап қалғанын анықтаған. Бірақ бұл жөндеуге келісімшарт еншілес компаниялар тобының жеткізушісімен жасалған.
Егер зауытта бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан “қасқырлар” ренжімей, Жусанбаев бас директорлықта ұзағырақ отырғанда не болар еді? Ол осы стратегиялық нысанда қаншама заң бұзушылықты анықтайтынын ойлап көріңізші.
- Бұл әрекет кінәлі тұлғалардың және заңсыз табыс табуға мүдделі коммерциялық құрылымдардың наразылығын тудырды», - деп түсіндіреді ол президентке зауыттың басшылық құрамының “көтерілісін”.
Біз үшін мұнай дегеніміз не? Шетелдік компаниялар өндіретін шикізаттың игілігін шетелдіктер көріп отыр. Халыққа мұнайдың игілігі деп, шұрық-тесік жолды, жетер-жетпес зейнетақыны айта алмайсың. Үш мұнай өңдеу зауытымыз бар. Қазақстандықтар мұнайдың пайдасын дәл осы үш мұнай өңдеу зауыты шығаратын бензин, газ және дизельдік отын түрінде сезінеді. Ал содан кейін ашуланған Атырау өңдеушілерінің хаты Астанаға жетпей жатып, Павлодардан «ҚазМұнайГазға» қауіп төнді. М.Мырзағалиев не істеді деп ойлайсыз?
Айтпақшы, Жусанбаев хатының соңында өзі туралы толымды ақпарат беріпті. Ол «SAT Operating Aktau» мұнай-химия кәсіпорнын дағдарыстан алып шығып, пенополистирол өндірісін жолға қойған екен. Тіпті осы ерлігі үшін Энергетика министрлігінің құрмет грамотасы да бар.
Осындай қарым-қабілетті басшы Атырауда бір айдан астам уақыт ішінде қай жыланның құйрығын басып кетті екен?
Оны бұрынғы қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша жауапқа тартуды талап етіп жатса, бірдеңені “дұрыс істемеген” болып тұр ғой.
Мағзұм Мырзағалиевтің Жусанбаевты орнынан алмасқа амалы қалмаған секілді. Өйткені ашылып қалған былықтар, телеграм арналарда кеңінен талқыланып жатқан өзіне қатысты жайттар оны осы қадамға итермелеген секілді. Қолындағы қымбат сағаттың қайдан келгені де халыққа түсінікті болды.
Алайда Атырау мұнай өңдеу зауыты Бас директорының креслосы енді оған қызмет етпейді. Бұған дейін Мырзағалиевтің дәурені жүріп тұрды. Алайда жаңадан тағайындалған Бас директор енді Мырзағалиевке басын ие қоймас. Себебі оның тағайындалуына салаға жауапты А.Сәтқалиев екеуі араласа алмады. Жаңа Бас директорды зауыт активіне Президенттің кеңесшісі Болат Ақшолақов таныстырды. Арнайы осы мақсатта Астанадан Атырауға келген Президент өкілі мемлекет басшысының емеурінін сездірген секілді.
PS
АМӨЗ-дің экс-Бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың Атырау облысының прокуратурасына шағымданған арызы да жергілікті пабликтерде тарады. Арызда көрсетілгендей, ол өзінің қызметтен кетуін заңсыз деп есептейді. Ал арыздың мазмұнымен біз hello_atyrau паблигі арқылы таныстық. Әріптестеріміздің хабарлауынша, Жусанбаевтың прокуратураға жазған арызы журналистер қолына кездейсоқ түспеген. Оны әлеуметтік желіге жариялау мақсатында Жусанбаевтың өзі берген.
Ғалымжан Жусанбаев 18 ақпаннан бері амбулаторлық ем қабылдап жатқанын, жұмыстан шығарылғанын әлеуметтік желіден білгенін жазыпты.
- Мен бұл шешімді заңсыз және негізсіз деп есептеймін, тексерудің басталуы мен комиссияның құрылғаны туралы ештеңе білмеймін. Мені комиссия отырысына шақырмады, комиссияның хаттамалық шешімімен таныспадым. Шешім менің еңбекке уақытша жарамсыз болған кезімде қабылданғандықтан, комиссия мен уәкілетті органның әрекетін заңсыз деп санаймын» делінген арызда.
Шамасы, бұл дау әлі аяқталмаған сыңайлы. Жалғасы қалай болар екен, асыға күтеміз.