×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Рысбек Сәрсенбайұлы Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдында не айтқысы келді

13.03.2024, 16:35
Рысбек Сәрсенбайұлы Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдында не айтқысы келді
Wikipedia/коллаж Ulysmedia.kz

Рысбек Сәрсенбайұлы мен Маржан Аспандиярова қалай болғанда да баспасөз мәслихатын өткізді, бірақ журналистерді әу баста айтылғандай Тәуелсіздік монументінің алдына емес, халықаралық адам құқықтары бюросының баспасөз орталығына жинады. Олардың пайымдауынша, елде саяси тұтқындар саны артып келеді және билік сын айтушыларды өзіне жау көріп, қамап тастауда.

Естеріңізге сала кетейік, Рысбек Сәрсенбайұлы 9 наурыз күні баспасөз өкілдерімен кездесуді жоспарлап, кейін баспасөз мәслихаты өтпей қалды. 72 жастағы белсендіні полиция қызметкерлері Алматы облысы Тұздыбастау ауылындағы үйінің жанынан ұстаған. Бүгін Рысбек Сәрсенбайұлы сол бір сұмдық күннің жай-жапсарын бөлісті.

9 наурызда не болды

Әйелі, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованың айтуынша, полиция қызметкерлері тұтқындау кезінде дөрекі күш қолданып, ұялы телефонын тартып алған, соның кесірінен қан қысымы көтеріліп, денсаулығы нашарлап кеткен. Қоғам қайраткері Талғар аудандық полиция бөлімінен жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қан қысымын тұрақтандырып, амбулаторлық емдеуге жіберді. 

Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, полицейлер ұстау себебін түсіндірмеген, өздерін таныстырмаған, тіпті кейбірі формамен емес, азаматтық киіммен келген. Полицияның бұлай әрекет етуіне Сәрсенбайұлының баспасөз мәслихатын шақырып, елдегі саяси тұтқындар мәселесін көтерем деуі себеп болуы мүмкін.

Рысбек Сәрсенбайұлы

– Менің жолдасым егде кісі. Ол полициядан қашатын жаста емес. Барлығын заң бойынша жасауға болатын еді: бізге қоңырау шалып, шақыру қағазын жіберіп дегендей. Бірақ 9 наурызда болған оқиға бандиттердің шабуылына ұқсады. Полиция формасын кимеген адамдар өзін таныстырмай, қызметтік куәлігін көрсетпей, оның қолдарын қайырып, басынан және денесінен ұрып, аяғынан теуіп, көлікке күштеп отырғызды. Олар менің де қолымды қайырып, тепті. Бүгінгі брифингіміз біз туралы емес, елде болып жатқан заңсыздықтар туралы. – дейді Маржан Аспандиярова.

Маржан Аспандиярова мен Алмас Тілепов

Ал, Алматы облысының полиция департаменті Сәрсенбайұлын ұстау кезінде полицияның күш қолданғанын үзілді-кесілді жоққа шығарады. Олардың айтуынша, қоғам қайраткері полицияға Қонаев қалалық сот ғимаратының жанында заңсыз митингі өткізу кезінде «ҚР-ның бейбіт жиындар туралы заңнамасын бұзу» фактісі бойынша әкімшілік іс материалдарын сотта қарауға байланысты жеткізілген. 

Триггер – Мұхаммедкәрімнің соты

Полиция журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша сот өтіп жатқанда, 22 ақпан күні, қоғам белсенділері сот ғимараты алдына жиналғанын айтып отыр.  Сол күні оның ондаған жақтастары Қонаев қаласына келген. Прокурор соттағы әрекеттің әкімдікпен келісілмегенін айтқанымен, жиналғандар митингке емес, сот отырысына келгендерін айтып, соттың ашық түрде өтуін талап етті.

Журналист Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйымға қатысты» деген айыптар тағылып, ол өткен жылдың маусым айынан бері қамауда отыр. Думан Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыппен келіспейді. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар тізіміне» енгізді. Мұхаммедкәрімнің тұтқындалуын Қазақстанның тең құқылы журналистер федерациясы да айыптады.

Саяси себептер

Баспасөз мәслихатында Рысбек Сәрсенбайұлы мен Маржан Аспандиярова еліміздегі демократия негіздерін сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Олар 9 наурыздағы қамауға алу туралы ғана емес, қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алды деп айыпталған Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісовке, пара алды деген айыппен сотталған бұрынғы депутат Нұржан Әлтаевқа, «Тыйым салынған экстремистік ұйымның қызметіне қатысу және қаржыландыру» бабы бойынша бас бостандығынан айырылған марафоншы Марат Жыланбаевқа қатысты сот процестері туралы да айтты. 

Сәрсенбайұлы бұл айыптарды ойдан шығарылған деп атады және барлық мәселе саяси сипатта болып тұр. Өйткені түрмеге қамалғандардың барлығы билікті ашық сынағандар еді дейді. 

   – Рысбек Сәрсенбайұлына «заңсыз әрекет жасады» деген айып тағылды. Іс Әкімшілік кодекстің 488-бабы - Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу бойынша қозғалды. «Рысбекті 9 наурызда баспасөз мәслихатын өткізбеу үшін ұстады деп есептеймін», - дейді адвокат Жалғас Сапарханова. 

Жалғас Сапарханова

22 ақпанда Қонаевтағы сот ғимаратының жанында болған белсенді Абзал Достияров та 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оған да 488-бап бойынша айып тағылды.

Телефонды тартып алып, жадын тазалап тастаған

Сол күні адвокат Айнара Айдарханова ҚР Бас прокуратурасына, Алматы облысының прокуратурасына және Алматы облысы Талғар ауданының прокуратурасына арыз жазды. Ол Маржан Аспандиярованың ұялы телефонын алып кетіп, барлық ақпарат, соның ішінде жеке істері мен құжаттары жойылғанына наразылық білдірді.

- Заңға қайшы әрекеттер мен физикалық күш қолдану салдарынан олар екі рет жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер Сәрсенбайұлының қан қысымын 300 деп тіркеді, бұл инсультке, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Келген дәрігерлерге полицейлер көмек көрсетуге мүмкіндік бермеді, олар дәрігерлердің көзінше Маржан Аспандиярованы үнемі жұлқылап, әрі-бері итеріп отырды, деп атап өтті Айдарханова.

Айнара Айдарханова

Маржан Аспандиярова мен Рысбек Сәрсенбайұлының жағдайы жақсара салысымен ауруханадан шықты.

 - Прокуратура қызметкерлері жансақтау бөлімі есігінің артында тұрды. «Мен денсаулық сақтау жүйесіне де, ішкі істер жүйесіне де сенбеймін», - дейді ашынған Маржан Аспандиярова.

Әйгерімнің мерзімін ұзартқысы келе ме?

Брифингте Айнара Айдарханова жазасын өтеп жатқан Әйгерім Тілеужанмен болған оқиғаға да тоқталды.

– Әдетте бас бостандығынан айыру орындарында болған төбелестерді сол жердің қызметкерлері жасыруға тырысатын. Мұнда жағдай керісінше. Әйгерімді қамау мерзімін ұзартқысы келетіндей әсер қалдырады, - дейді Айнара Айдарханова. 

Брифингке журналист Думан Мұхамедкәрімнің әкесі қатысты. Ол ұлына тағылған айыптармен мүлде келіспейді. Алмас Тепов Думан әрқашан Қазақстанның нағыз патриоты болғанын айтты.

Сәрсенбайұлы мен Аспандиярованы қолдауға олардың жақтастары келді.

   – Үндемей отыр, жиналыстар мен митингілерге шықпа деп кеңес беретіндерді түсінбеймін. Бірде-бір адам құл немесе күң болып тумайды, бұл тағдырды өзіміз таңдаймыз», – дейді қоғам қайраткері Байбаха Белялов.

Байбаха Біләлов

Оның айтуынша, шындық қанша ащы болғанымен, оны әркез айтуымыз керек. Шындықты айту үшін жас не кәрі болдың, бәрібір, бастысы – оның айтылуы. Ол сондай-ақ әркім әділетсіздік пен адам құқығының бұзылуымен күресу керектігін, әйтпесе ұрпақтарының көзіне қарау қиынға соғатынын айтты.