×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Гаджет, қымбат тон, пәтер: қазақстандықтардың банктерге қарызы 18 трлн теңгеден асты

26.03.2024, 10:25
Коллаж: ulysmedia.kz.

Екінші деңгейлі банктердегі несиелер бойынша жалпы қарыз 2024 жылдың қаңтарында 18,2 трлн теңгені құрады. Несиелердің барлығы дерлік теңгемен берілген. Қарыз сомасы соңғы екі жылда күрт өскен. Мысалы, 2022 жылдың 1 қаңтарында қазақстандықтардың банктерге берешегі 10,7 трлн теңге, ал 2023 жылдың 1 қаңтарында 14,1 трлн теңге болған. Олардың не үшін несие алғанын және оны қайтаруға қаншалықты құлықты екенін Ulysmedia.kz тілшісі анықтады.

Көш басындағылар кімдер

18,2 трлн жалпы қарыздың 5 трлн. алматылықтардың мойнында. Яғни, алматылықтар қарыз тізімінде бірінші орында тұр. Екінші орында 2,9 трлн берешегі бар астаналықтар келеді. Еліміздің үшінші мегаполисі атанған шымкенттіктер бұл сайыста «қола» медальге қол жеткізген. Олардың қарызы – 1,3 трлн теңге. Мәселе бұл қалаларда несиенің көбірек алынуында емес, халықтың тығыз орналасуында және сәйкесінше қарызға алынған ақшаның жалпы сомасының көбірек болуында сияқты. Міне, дәл осындай себеппен жуырда ғана құрылған Ұлытау өңірінде несиелік қарыз ең аз – 175 миллиард теңге. Сонымен қатар тұрғыны аз Солтүстік Қазақстан облысында – 245 миллиард теңге және Жетісу өңірінде – 395 миллиард теңге несие қарызы бар.
 
Бір таң қаларлығы, несие бойынша уақытылы төленбеген қарыз сомасы көп емес. 18,2 триллион теңгенің 452 миллион теңгесі ғана мерзімінен кешіктіріліп төленген қарыз. Қазақстандықтар несиені кешіктірмеу керектігін жақсы біледі, өйткені несие тарихыңа дақ түсіріп алсаң, келесіде қарыз ала алмайсың. Міне, осы сөзіміздің дәлелі – 18,2 трлн.-нан тек 452 млрд.теңге ғана мерзімінен кешіктірілген. 

Қарызды кім не үшін алады?

Жалпы сомасы 18,2 трлн теңге қарызды үш мақсатқа бөліп қарастыруға болады. Мәселен, тұтынушылық мақсатқа 10,3 триллион теңге, ипотекаға – 5,4 триллион теңге, басқа да қарыздар үшін – 2,5 триллион теңге. Айтпақшы, экономистер тиімді несие ол ипотека үшін алынған несие деп санайды. Өйткені адам ұзақ уақыт пайдалана алатын нәрсеге қаржы жұмсаса ол өз-өзін ақтайды, ал сатып алынған тауарды пайдалану мерзімі қысқа, ол үшін алынған несиенің үстіне қосым төлейтін төлем көп болғандықтан, тұтынушылық несие тиімсіз деп есептелінеді.

Мәселен, Орал қаласының тұрғыны Талғаттың орташа жалақысы 350 мың теңге, әйелі кішкентай баламен үйде отыр. Олар 2 бөлмелі пәтерді 20 миллион теңгеге ипотекаға алған.

– Ипотекаға айына 128 мың теңге жұмсалады. Ипотекадан басқа несие және бөліп төлеу бар: жаңа ас үйге, үйдегі жаңа құрал-жабдықтарға, балаларға телефон мен компьютерге, барлығы айына 70 мың теңге. Бірақ мен бұл несиелер 2 жылдан кейін бітетініне қуаныштымын, ал бізде ипотеканы төлеуге әлі көп уақыт бар. Барлығы айына 198 мың теңге несиеге жұмсалып, 152 мың теңгесі күнкөріске қалды. Несиелеріміз бойынша қарызымыз жоқ, бірақ отбасының күнкөрісі жетпейді. Ата-анамыз көмектеседі.

Кейбіреулер шашпай, жинап ұстайды

Қазақстандағы жұмыс күші статистика бойынша 9,6 миллион адамды құрайтынын, ал несиенің жалпы сомасы 18,2 триллион теңгені құрайтынын ескерсек, әрбір жұмыс істейтін қазақстандықта орта есеппен 1,9 миллион теңге несие қарызы бар деп болжауға болады. Сома орташа есеппен алынғаны түсінікті, өйткені біреулердің несиесі көбірек болуы мүмкін, ал басқаларында мүлде болмауы мүмкін. Қалай болғанда да, 1,9 млн теңге несие дегеніміз 5,4 орташа айлық жалақыға тең (Қазақстанда орташа айлық жалақы 350 мың теңге – ред. ескертпесі).

Осындай қарыз ауыртпалығы бола тұра, кейбір қазақстандықтар ақшасын үнемдеп жұмсайды. Ал еліміздегі депозиттер несие қарызынан да көп – 2024 жылдың 1 қаңтарында 23,1 триллион теңге, 2023 жылдың 1 қаңтарында 19,8 триллион теңге, 2022 жылдың 1 қаңтарында 16,4 триллион теңге. Несие алушылар тізіміндегідей, депозит тізімінде де бірінші орында – Алматы, екінші орында – Астана, үшінші орында – Шымкент тұрғындары тұр. Бір қызық факт: егер қазақстандықтар несиені көбіне ұлттық валютада алса, депозитті, керісінше, шетелдік валютада сақтағанды жөн көреді екен. Шетел валютасындағы депозиттер әлдеқайда көп, яғни 23,1 триллион депозиттің 5,2 трлн.теңгесі шетелдік валютада сақталған жинақтар. Бұдан шығатын қорытынды: инвестиция бойынша қазақстандықтар «жасыл» қағазға көбірек сенеді. Несие тізімінде де, депозиті барлардың тізімінде де тұрған бір адам ба, міне, бізге осы қызық болып тұр. Сіз қай тізімдесіз?

Серіктес жаңалықтары