×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Уругвайдан жеткен жылқы еті. Шекарасы жабық Қытай. Қазақтар қашан ет сатып байиды?

02.11.2021, 11:47
Коллаж: ulysmedia.kz

«Қазақтың байлығы жердің астында емес, үстінде» дегенге келтіреді кейбір экономистер. Бұлай дейтіні – малды меңзегені. Бірақ бабадан қалған осы кәсіпті біз ұқсата алмай отырған секілдіміз. Әйтпесе ірі-қараның етін Ресей мен Өзбекстаннан өзге елге өткізе алмай отырғанымыз қалай? Одан қалды неліктен алыстағы Аргентина мен Уругвайдан жылқы етін сатып алып жатырмыз?

ҚАЗАҚТАР УРУГВАЙДАН ЖЫЛҚЫ ЕТІН САТЫП АЛАДЫ, БҰЛ РАС

Алдымен, ауыл шаруашылығы министрлігінің 3 жылдық мына бір статистикасына үңіліп көрелік.

ҚЫТАЙҒА ЕТ ЭКСПОРТЫ 3,6 МЫҢ ТОННАДАН 20 ТОННАҒА ТҮСІП ҚАЛДЫ

Министрліктің ресми мәліметіне сүйенсек, экпорт импорттан екі, кейде үш есе аз екенін көреміз. Ал ет өткізетін нарық шектеулі. Тіпті кейінгі жылдары кей нарық тіпті жабылып қалған. Мәселен, 2020 жылдан бастап Қазақстан сиыр (ірі-қара) еті бойынша Иран нарығынан айырылғанын көреміз. 2019 жылы Қазақстан бұл елге 1 178 тонна сиыр етін өткізсе, былтырдан бері ет экспорттаған елдердің тізімінен Иран шығып қалған. Пандемия басталғалы Қытай да отандық ет өндірушілерге шекарасын ашпай отыр.

Қазақстан жылқы етін шет елдерге экспортамаса да, импортпен алады. 2019 жылы елге Аргентинадан 1131 тонна, Уругвайдан 781 тонна, Моңғолиядан 257 тонна жылқы еті жеткізілсе, 2020 жылы бұл көрсеткін Аргентина бойынша 1686 тоннаға, Уругвай бойынша 852 тонна, Моңғолия бойынша 1014 тоннаға дейін өскенін көреміз. Үш жылда Қазақстан өз тарапынан бар-жоғы 100 мың АҚШ долларына 41 тонна ғана жылқы етін экспорттапты.

Қой етінің экспорты 2020 жылы 2019 жылдан қарағанда екі есе азайған. Бұл тұрғыда да Иранға 2019 жылы 1 117 тонна қой етін өткізсек, экспорт 2020 жылы 21 тоннаға дейін, яғни 50 есе төмендегенін байқауға болады. Қой етін сатып алушы негізгі екі мемлекет – Өзбекстан мен БАӘ.

СИЫР ЕТІН БЕЛАРУСЬТАН АЛЫП ӨЗБЕКСТАНҒА САТАМЫЗ

Осы статистикалық мәлімет негізінде Қазақстан Ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаевты сөзге тартып көргенбіз. Оның айтуынша, аталмыш статистикаға басқа елдерге тірідей сатылған мал қосылмаған. Қазір сиырды шет елге тірідей сатуға тыйым салынса да, еркек мал сатыла береді.

«Жылқы етін неліктен Аргентина мен Уругвайден сатып алып отырмыз? Ол жақтан келетін импорт – жалпы Қазақстан тұтынатын жылқы етінің ары кетсе 1-2% шығар. Басқа елде жылқы етіне сұраныс болмаса да, бізде ол бәрібір қымбат. Жылқы еті секілді, бізде Беларусьтен сиыр етін сатып алып, өңдеп, Өзбекстанға өткізетіндер көп. Сол себепті статистикаға қарап, байбалам сала беруге болмайды. Саудада бір қозғалыс пайда болғанның өзі жақсы нышан. Экспорт болса да, импорт болса да. Ең бастысы, баланс сақталуы керек. Мәселен, АҚШ – сиыр етін импорттаушы елдің бірі. Ол 1 миллион тоннаны экспорттайды да, дәл сондай көлемде етті импортпен алады. Олар «біз неге 1 млн тонна етті импорттап отырмыз? Өзімізде ет жетіп артылады емес пе?» демейді. Бұл – пайдалы бизнес болғаннан кейін керек деген сөз. Олар гамбургер үшін арзан етті сатып алады да, стейкке арналған етті қымбатқа сатады. Содан пайда көреді», - дейді Мақсұт Бақтыбаев.

ЕТТІ ҚЫТАЙҒА ӨТКІЗУ КЕРЕК

Ет одағы басшысының айтуынша, Қазақстан өндірушілері бұған дейін етті Қытайға жап-жақсы өткізіп келген. Алайда пандемия басталғаннан кейін ет импорты ол елге толығымен тоқтаған.

«Жайылым жердің кеңдігі жағынан әлемде бесінші орында тұрмыз (ресми статистика бойынша Қазақстанда 186 млн. га жайылым мен 28 мың фермерлік шаруашылық бар). Күш салсақ ірі қара басын екі-үш есе өсіре алар едік. Тиісінше қазір 500 мың тонна ет (сиыр еті) өндірсек, біз оны үш есе 1500 тоннаға дейін жеткізе аламыз. Бастысы оны қайда сатуға болады? Қазір Қытай 2-3 млн тонна ет импорттайды. Жыл сайын олар осы тұтыну көлемін өсіре беретіні анық. Сол себепті етті Қытайға өткізуге тырысу керек», - дейді ол.

ҚАНША  БИЗНЕСМЕНГЕ МҮМКІНДІК ТУАР ЕДІ

Қытай нарығы демекші, таяуда ғана мәжілісте бір топ депутат дәл осы мәселені көтерген болатын. Олардың айтуынша, отандық кәсіпорындардың Қытайға салқындатылған сиыр етін жеткізуге рұқсат алу мүмкіндігі бар. Ол елге өнімді экспорттау үшін ет өңдейтін 4 кәсіпорын аккредиттеуден өткен. Алайда шекара әлі жабық тұр.

Салқындатылған сиыр еті (келісі $11) мұздатылған етке (келісі $6) қарағанда 90% қымбат. Осыған сүйенген депутаттар экспорттық баға 500 мыңға жуық қазақстандықты бизнеске тартуға мүмкіндік беретінін, бұл әлеует салаға 700 млрд теңгеден астам қосымша табыс түсірсе, инвестиция түрінде 1,3 трлн теңге әкелетінін айтады. Бұл әлбетте, ет өңдеу кәсіпорындарын, бордақылау алаңдары және фермерлік шаруашылықтарды салып, олардың қуатын арттырар еді.

«Аталған мәселе үкімет деңгейінде шешіледі. Мысалы, ресейлік шенеуніктердің осы елдің нарығын ашудағы табанды еңбегінің нәтижесінде сиыр етінің экспортын алғашқы алты айда 3 есе өсірген. Олар 2020 жылғы қаңтарда мұздатылған сиыр етіне нарықты ашса, жарты жылдан кейін 2020 жылғы маусымда салқындатылған ет нарығын ашты. Ал қазір ресейліктер субөнімдер нарығын ашу мәселесін келісіп жатыр. Бұл ретте Қазақстанда жауапты мемлекеттік органдар осы бағытта ешқандай жұмыс жүргізбейді», - деп сынайды үкіметті депутаттар.

TYSON FOODS ДЕРБЕС ШАРТ СҰРАП ОТЫР

Айтпақшы, ет өндірісінің әлемдік алпауыты саналатын Tyson Foods корпорациясы Қазақстанға инвестиция құятыны туралы ақпарат бұған дейін бірнеше рет жарияланған болатын. Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Tyson Foods Кристофер Лангхольц соңғы кездесуде (30 маусым 2021 жыл) ынтымақтастық шарттарын тағы бір талқылаған. Ет одағынан Мақсұт Бақтыбаевтың бізге берген ақпаратына сәйкес, корпорация басшылығы Қазақстан үкіметінен ет өндірісінің толық циклін іске қосу үшін дербес жағдай жасалуы керектігін талап еткен көрінеді.

«Қазір келісімнің шарттарын тараптар өзара мақұлдасып жатыр. Tyson Foods өз өндірісін Қазақстанда ашса, бұл – мүлде жаңа деңгейді білдіреді. Біріншіден, біздің мал шаруашылығы біршама серіктесуге боларлық деңгейге жетті деген сөз. Олар кез келген жерде өндіріс аша бермейді. Яғни біз оған дайынбыз. Екіншіден, бұл – Қазақстанда жұмыс істеуге болады екен деген түсінікті қалыптастыратындай басқа компанияларға да жақсы сигнал. Имиджік тұрғыда. Үшіншіден, біздің фермерлер өз малын өткізгені үшін лайықты табыс таба алар еді. Ірі қара малдың бүкіл табысы – еттің өңдеуден түседі.

Қытайда бір бас малдың 50 пайыздық бағасы еттен түссе, қалғаны терісінен немесе ішек-қарнын өңдеп, өнім етуден түседі екен. Яғни бәрі өңделеді. Ал біз ірі-қарадан түсетін табыстың 98% еттен аламыз. Осы ірі-қараны түгелімен өңдеп өткіземіз десек, біздің елге дәл сол Tyson Foods салғысы келетін, құны 970 млн доллар тұратын зауыт, өндіріс керек. Бүгінде біздің елде дәл сондай тиісті тәжірибесі мен қаржысы бар инвестор жоқ. Ал шикізат жағына келер болсақ, мал басын өсіру қиын емес. Сұраныс болса көбейтуге де болады. Ал Tyson Foods-та бүкіл әлеммен сауда байланысы ретке келтірілген», - дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Серіктес жаңалықтары