×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Polymetal» қожайын ба, әлде қонақ па

15.04.2024, 14:45
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанның алтын кен орындары біртіндеп «Polymetal»-дың құрамына қосылуда. Бизнесті бұдан 15 жыл бұрын бір ғана кен орнынан бастаған осынау компания қазір алтын өндіру нарығында екінші алпауыт ойыншыға айналды. Ulysmedia.kz тілшісі компанияның активтері мен олардың елімізге тигізер қандай пайдасы барын зерттеп көрді.

Егер сіз компанияның еліміздегі бизнес жүргізу тәсілдерін сырттай бақыласаңыз, оның нарықтағы позициясын қалай нығайтып, активтерін ұлғайту жолында қандай батыл қадамдар жасағанын көрер едіңіз. «Polymetal» компаниясы арбамен жүріп қоян алудың шебері екен. Оған дәлел ретінде компанияның стратегиясын атап көрсетуге болады.  Ол өзге инвесторлар қызығушылық таныта қоймаған әрі жұмысы көп кен орындарын арзан бағада сатып алады да, оны табыс көзіне айналдырады.

«Polymetal» Қазақстанның қандай активтерін сатып алды?

«Полиметалл» компаниясы біздің нарыққа сонау 2009 жылы Қостанай облысындағы 1,5 миллион унция қоры бар Варварин алтын-мыс кенішін сатып алған кезде шықты. Оның бұрынғы иесі, британдық инвестор (Orsu Metals) қарызға батып, салынған ақшаны “ақтай алмай” қалды. Мұның себебі, сол кезде «Polymetal» айтқандай, сауатсыз және ретсіз тау-кен жұмыстары болды, бұл бұрынғы қожайындарға өндірісті жобалық қуатына дейін жеткізуге мүмкіндік бермеді. 

Одан кейін 2014 жылы ресейлік компания Шығыс Қазақстан облысындағы жалпы құны 7,3 млн унцияға тағы 2 алтын кен орнын – Бақыршық пен Большевикті сатып алып, оларды бір ортақ атау – «Қызыл» жобасына біріктіруді ұйғарды. Бұл – жалпы алтын қоры 7,3 миллион унцияны құрайтын алып жоба. 

Айтпақшы, кәсіпкер Тимур Құлыбаев сол кезде «Бақыршық» кен орнына иелік ететін. Бұл әлемдік деңгейдегі бірегей кен орны, өйткені мұнда бір тоннадан 100 грамм алтын шығатын жағдайлар жиі кездеседі. Ал орташа есеппен алғанда тоннасынан 10 грамм шамасында алтын шығады. Бұл да жаман көрсеткіш емес. 

Дегенмен бұл кен орнының өз ерекшеліктері де болды. Мұнда алтынмен қоса мышьяк көп, ал оның қоршаған ортаға зияны көп. Ауамен араласса, айналасындағы қоршаған ортаны, тіршілік иелерін улайды. Бұл жағдай инвесторлардан инновациялық тәсілдерді талап етті, бірақ мұны орындау 90-шы жылдары оңай болмады әрі сол кездегі инвестор мұндайға артық қаражат шығындағысы келмеді. Содан кейін ресейлік инвестор келді. Ол алтын қорытпасынан гөрі концентрат шығара бастады. 

2016 жылы компания Қостанай облысындағы тағы бір кен орнын – 1,4 млн унция қоры бар Комаровское кен орнын сатып алып, Варваринскоеге қосты. Бүгінде «Polymetal» Қазақстандағы алтын өндірісінің 40 пайызына иелік етеді. 

«Polymetal»-дың артында кім тұр?

«Polymetal» компаниялар тобының директорлар кеңесіндегі бас атқарушы директор – Виталий Несис. Ол – «Polymetal» негізін қалаушы Александр Несистің інісі. Оларды еврейден шыққан ресейлік кәсіпкерлер деп атайды, бірақ ашық ақпарат көздеріне сенсек, ағайынды екеуі Ресей, Мальта және Израиль азаматтығын алған. 

2016 жылдан бастап «Полиметалл Евразия»-ның қазақстандық активтерін бұрын «Қазақстан Даму банкі» Басқарма төрағасының орынбасары болған Қанат Досмұқаметов басқарады. Ол бас директор қызметін атқарады. 

Компанияның Қазақстандағы табысы қанша?

Бүгінде «Polymetal»-дың» қазақстандық кәсіпорындарында 14 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 2023 жылғы қаржылық есеп бойынша компания қазақстандық кен орындарынан 486 мың унция алтын өндірген. 

Бұл ретте компанияның Қазақстандағы табысы 30%-ға өсіп, 893 миллион доллардан асқан. Компания алтынның құрамының және сату көлемінің 14%-ға төмендеуіне, сондай-ақ инфляцияға байланысты кен өндіру шығындарын 24%-ға арттыруға мәжбүр болып отыр. 

Қазақстандық активтер бойынша таза қарыз 174 млн долларды құрады. 

«Polymetal» қалай қазақстандық компанияға айналды?

Осы жылдың наурыз айында компания ресейлік активтерін сатып, Қазақстанға толығымен көшті. Бұл елдің мүддесі үшін емес, қажетті шара болатын. Осының алдында ресейлік еншілес компаниялар алтын сатып алуға қатысты американдық санкцияларға байланысты қиындықтарға тап болды. Бұған қоса, кейбір ресейлік акционерлер де Euroclear компаниясының бұғаттауына байланысты бағалы қағаздар бойынша дивиденд ала алмады. 

Қазір компанияның бас кеңсесі Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген. Компанияның ең ірі акционері – Оман үкіметіне тиесілі Maaden International Investment компаниясы, оның меншігінде 23,9% үлес бар. Бұл бұрын ресейлік акционерлерге тиесілі акция болатын. 

Ал қалған үлес, яғни 75% акция AIX (Астана) және MOEX (Мәскеу) биржаларында еркін айналымда. Олардың ішінде бағалы қағаздардың ең үлкен пакеті (7,45%) BlackRock Inc.-ке тиесілі. Бұл штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан ең ірі американдық инвестициялық компания.

Серіктес жаңалықтары