×
480.55
533.75
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
480.55
533.75
5.36

Ұят деп жүре бермеу керек: Қазақстанда ВИЧ-пен ауыратындарға көзқарас қандай

17.05.2024, 18:44
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мамыр айының әрбір үшінші жексенбісі халықаралық АИТВ-дан (кең таралған атауы – ВИЧ) қайтыс болғандарды еске алу күні. Адамзат тарихында осынау аурудың нәубетін көрмеген қауым жоқ шығар. Медицина бұл ауруды түпкілікті жеңе алмады, алайда одан сақтанудың жолдарын меңгерді. Қазір АИТВ жұқтырған жүздеген адам, олардың халі ЖИТС сатысына әлі жетпеген (ЖИТС жүре пайда болған иммунтапшылық синдромы).

Редакциядан: Осы тұста қоғамда АИТВ және ЖИТС (ВИЧ және СПИД) дегендер бір ме, әлде бөлек пе деген сұрақ қойылып жүр. Жауап бере кетейік. Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ немесе ВИЧ) – ағзаның иммундық жүйесін зақымдайтын инфекция. АИТВ-инфекциясының асқынған түрі, яғни аурудың кейінгі сатысы Жасанды иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС немесе СПИД) деп аталады. Бұл инфекция адам ағзасындағы ақ қан жасушаларына шабуыл жасайды, ол иммундық жүйені әлсіретеді, соның кесірінен ақ қан түйіршіктері жойылып, адам көз жұмады.

Астанадағы ЖИТС-тің (СПИД) алдын алу және оған қарсы күрес орталығында осы тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті. Дәрігерлердің айтуынша, ЖИТС-ті нашақорлардың немесе жезөкшелердің ауруы деп ойлауға болмайды, бүгінде одан ешкім сақтандырылмағанын айтты.  

Ulysmedia.kz тілшісі дәрігерлер кеңесін тыңдап, АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырған әйелмен де тілдесті.

Ауру жұқтырғандар саны көбейгенімен, одан көз жұматындар саны азайған

Астанада небәрі он жылдың ішінде СПИД-тен көз жұмғандар саны екі есе азайған. Бұл көрсеткіш, дәрігерлердің пікірінше, антиретровирустық терапияның (АРТ) қолжетімділігін арттырудың негізгі нәтижесі. Алайда, ВИЧ-ке қатысты жағдай басқаша: егер 2022 жылы вирусты жұқтырды деп 380 адам тіркелсе, 2023 жылы – 403 жағдай тіркелген. Биыл алғашқы 4 айда 142 адамнан ВИЧ анықталған. 2023 жылғы статистикаға сәйкес, Қазақстанда жалпы 31 485 адам ВИЧ-пен ауырады.

– Биыл ВИЧ анықталған 142 адамның 75 пайызы ер адамдар, - дейді СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының директоры Қанат Асқаров.

1997 жылдан бері Астанада ВИЧ індетін жұқтырған 3226 адам тіркелсе, оның 60 пайызы 20-39 жас аралығындағылар.

- ДДҰ «95-95-95» стратегиясын қабылдаған. Соның арқасында ВИЧ-ті «анықтау – тексеру – емдеу» амалдары жасалады. Бүгінде ВИЧ инфекциясын жұқтыруы мүмкін адамдардың 95%-ы өзінің ауруынан хабардар және емдеу курстарын тұрақты алып тұрады, - дейді дәрігер Асқаров.

Егер кенеттен…

Қазақстанда АИТВ-инфекциясына тестілеу ерікті негізде, қажет болған жағдайда – кез келген медициналық ұйымда анонимді түрде, сондай-ақ эпидемиологиялық және клиникалық көрсеткіштер бойынша да жүргізіледі.

АИТВ-инфекциясы анықталса, дәрігер медициналық қызметке жүгінген адамға хабарлайды, сондай-ақ оған дәрігерлік кеңес береді. Психологиялық көмек көрсетеді, АИТВ-инфекциясының белгілері мен клиникалық кезеңдері туралы айтып, антиретровирустық препараттармен тегін емделу мүмкіндігін түсіндіреді, асқынулардың алдын алу  және сақтық шаралары туралы айтады.

Диагноз және Қылмыстық кодекс

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 118-бабында АИТВ-мен ауыратын адам инфекцияны басқа адамға жұқтырса, ол бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені жазылған. Егер АИТВ жұқтырған адам өзінің көңіл қосқан адамына бойындағы ауруы туралы алдын-ала ескерткен болса, ал ол адам бәрін біле тұра тәуекелге бел буса, онда қылмыстық жауапкершілік қарастырылмайды.

   – Құқық қорғау органдары ауру жұқтырғандардың арызын қабылдайды. 2022 жылы 3,9 мың адамның төртеуі ғана арыз жазған – бұл 0,1 пайыз. Бұрынғы жылдары да мұндай арыздар аз болған: бестен 12-ге дейін. Өткен жылы екі қыз ғана арыз жазған, деп атап өтті орталық директоры.

Орталыққа көбінесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер жүгінеді.

Антиретровирустық терапия (АРТ)

Дәрігерлердің айтуынша, аурумен күресте ілгерілеушілік бар. Айтуларынша, АИТВ инфекциясымен туылған балалардың саны азайған.

– Жүктілік, босану және емізу кезіндегі тиімді антиретровирустық терапия (АРТ) АИТВ-ның анадан балаға берілу қаупін азайтады.

Сондай-ақ дискордантты жұптардың (жұптардың бірі ВИЧ-пен ауыратын, екіншісі сау) бірі, яғни ВИЧ-пен ауыратыны антиретровирустық терапияны жүйелі түрде қабылдаса, инфекцияның берілу қаупі жоқ. Бұл жұптарға АИТВ-инфекциясын жұқтырудың алдын алу үшін профилактика тегін жүргізіледі.

АИТВ жұқтырғанын 9 жыл бұрын жүкті кезінде білген Астана тұрғыны қазір қалыпты өмір сүріп жатыр. Оның айтуынша, ауру екеніңді біле тұра қоғамға сіңісу оңай емес, алайда бейімделу жұмыстары сапалы атқарылса, адам уақыт өте келе мұны да қабылдайды екен.

Ол өзінің ауруы туралы білмегенін және қорқынышты диагноз туралы стандартты процедуралардан кейін біра-ақ білгенін айтты. Айтуынша, ВИЧ күйеуінен де анықталған.

– Ол кезде мен үшін бұл шок болды, сол кезде емізіп жүрген балам үшін қатты уайымдадым. Бақытымызға орай, оған ВИЧ жұқпаған. Достарымның арасында маған да, күйеуіме де теріс көзқарас болмағаны демеу болды. Мен өзім қажырлы адаммын. Емделдім, процедуралардан өттім, екпе алдым, дәрігерлердің кеңесіне құлақ астым. Қазір менің және отбасымның жағдайы бірқалыпты.

Әсел (аты өзгертілді) өз жағдайын ауру емес, «иммунитеттің жетіспеушілігі» деп атағанды ​​жөн көреді. Оның пайымдауынша, бүгінде ВИЧ-ке қарсы иммунитеті аз адамдар бар, өйткені ол өзі есірткі пайдаланбайды және жеңіл жүріспен айналыспайды.

– Мен ВИЧ індетін жұқтырған барлық адамды емдеуден бас тартпауға шақырамын, өйткені бұл өмір сүру ұзақтығын арттырудың бірден-бір сенімді жолы», - дейді Әсел.

Менде ВИЧ анықталды, мені жалғыз қалдырмашы

Астанада өткен «У меня ВИЧ, обними меня» акциясы туралы «Жизнь вопреки» қоғамдық қорының жетекшісі Айна Мұқышева айтып берді. Оның айтуынша, ВИЧ індетін жұқтырғандарға қоғамның түсіністікпен қарау, яғни толеранттылығы жыл сайын артып келеді.

- Біздің орталықта емделетін жандар «У меня ВИЧ, обними меня» атты акция өткізді. Көшеде кетіп бара жатқан адамдардың акция қатысушыларына деген көзқарасы, қарым-қатынасы бізді сүйсінтті. Өйткені адамдардың медициналық білімі артып келеді, дегенмен кемсітушілікке жол беретіндер әлі де жоқ емес. Соның кесірінен АИТВ жұқтырғандар әлі де қоғамның реакциясынан қорқады. Мұның бәрі денсаулық туралы сенімді ақпарат пен білім алуға құлықсыздықтың салдары, - дейді Мұқышева.

ВИЧ туралы, оның профилактикасы туралы ақпарат жоқ емес, бар, бірақ адамдар оған мән бермейді.

- ВИЧ туралы түсінбей жүргендерге айтарым: бұл тек Батыс елдерінде немесе тек нашақорлар мен жеңіл жүрісті адамдардың, ЛГБТ-ның бойынан табылатын инфекция емес, ол сіз бен біз өмір сүріп жатқан ортада, Қазақстанда бар дүние. Оны жоққа шығара алмайсыз. Біздің кез келгеніміз бұл аурумен ауыруымыз мүмкін. Одан ешкім сақтандырылмаған, - дейді «Жизнь вопреки» қоғамдық қорының жетекшісі.

Автор: Дина Хамзина

 

Серіктес жаңалықтары