Қазақстанда петицияларға қол жинауға арналған арнайы сайттың жұмыс істеп тұрғанына бір жарым айдан асты. Нақтырақ айтсақ, сайт 4 сәуірде жұмысын бастаған. Бірақ сайттың ішкі жұмыстары әлі де жөнді жұмыс істемейді. Былайша айтқанда, азаматтық позицияны білдіретін платформа өз міндетін орындап тұрған жоқ. Тексеру үшін Ulysmedia.kz тілшісі сайттағы петиция жобасына дауыс беріп көрді. Алайда дауыс беру нәтижесіз аяқталды.
Сайтқа тіркелу азабы
Бір адам бірнеше рет дауыс бермеу үшін, алдымен, сайтқа тіркелу керек.
Материал авторы осы процедурадан өтпек болған кезде, ресурс бірден электронды қолтаңбаны, ЖСН, жеке куәлік немесе төлқұжат нөмірін және жеке тұлғаның мәліметтерін талап етті. Оны жазбасаңыз, сізге мынадай хабарлама келеді:
Ескерте кетейін, өзімді компьютер функцияларын ортаңқол деңгейде білетін қолданушымын деп санаймын. Бірақ қазір ғана мен NCALayer браузерлерде Java апплеттерін іске қосу мәселесін шешуге арналған қосымша екенін білдім. Апплет? Ол не?
Кейде үкіметтің ресми веб-сайттарын оның күрделі интерфейсіне байланысты қолдану қиынға соғады.
Петиция астындағы комментарийлерде де қолданушылар осылай деп жазыпты (авторлардың емлесі мен тыныс белгілері сақталған).
- Қол қоюдың балама нұсқаларын қарастыруларыңызды сұраймыз. Компьютермен дауыс беру функциясы жұмыс істемейді. ЭЦҚ, NCA сұрайды. Аз адам көріп, аз ғана қол жиналсын деп осыны әдейі жасап жатырсыздар ма? МЕНІҢ қол қойғым келеді!!!
- Мен петицияға қол қойғанымды қайдан біле аламын? ЭЦҚ арқылы қол қойдым. Бірақ менің даусымның есептелгені туралы ешқандай хабарлама көрген жоқпын.
- Неліктен ұялы телефон арқылы дауыс беретіндей етіп қоймайды? Себебі барлығында компьютер жоқ қой, оның үстіне ЭЦҚ-ың болуы керек екен. Ал аға буын, 50-ден асқандар платформаны қолдана алмайды. Бұл олардың дауыс беру құқығын бұзу ғой.
«Он мыңдар» қайда?
Еpetition.kz сайты қолданысқа берілген күні алғашқы петиция да жарияланды. Ақсу және Заводской елдімекендерінің бас жоспары туралы жоба. Петицияға қажет 2500 қолдың 93-і ғана жиналған.
Келесі өтініш тұрғын үй кешенін салуға қарсы петиция. Оған қажетті 15 310 адамның 165-і ғана қол қойған.
Ал мына петицияға 50 мың адамның қолы керек, бірақ бар жиналғаны – 618. Петиция мазмұнында «Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің назарына» деп жазылған. Мұқият оқып қарасақ, «Сізден он мыңдаған қазақстандықтың атынан заңды, яғни ҚР Әкімшілік кодекстің 608-бабын өзгертуге ықпал етуіңізді сұраймын. Бүгінде он мыңдаған қазақстандық, олардың отбасы осыны сұрап отыр» деп жазылған. Сонда деймін-ау, он мыңдаған қазақстандық кәні? 618 адам ба? Онда неге онмыңдаған қазақстандық және олардың отбасы сұрап отыр деп жазады? Таң қаласың.
Болашақ ұрпақтың денсаулығы
Әзірге сайтта 11 петиция бар, олардың екеуі дауыс саны бойынша алдыңғы қатарда:
- Қазақстан халқы Утиль алым жинауға және алғашқы тіркеуге қоюға қарсы» деген петиция. 01.05.2024 (16707/50000) және «Уақыт белдеуін кері ауыстыру қажет» деген петиция. 19.04.2024 (11335/50000). Соңғысы туралы толығырақ жазамыз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, энергетика, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлеріне, сондай-ақ Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысына жолдаған ашық үндеуде уақыт белдеуін ауыстырудың салдары қазірдің өзінде бірнеше өңірде сезілгені, Қазақстан халқы бірқатар мәселелермен бетпе-бет келгені айтылған.
- 01.04.2024 жағдай бойынша электр энергиясын тұтынудың орташа айлық есебі шамамен 17 000 теңгені құрады. Бұл шығындар алдағы уақытта өсетініне сенімдіміз. Себебі уақыттың өзгеруі бұл шығындарды айтарлықтай арттырады, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде. Тәуліктегі қараңғы уақыттың бұрынғыдан ұзағырақ болуы электр энергиясын қолданушылардың электрэнергияға деген сұранысын арттырады. Себебі олар жарықты ертерек қосуға мәжбүр болады, бұл, әрине, электр энергиясын тұтынудың артуына және сәйкесінше қосымша шығындарға әкеледі, дейді петиция авторлары.
Басқа да туындайтын мәселелерге келсек, адамның биоритмі, жұмысы, оқу және демалыс кестелері арасындағы сәйкессіздікке байланысты тұрғындардың физикалық және психологиялық дискомфортына әкеледі. Бұл адамның үнемі шаршап жүруіне, жұмыс өнімділігінің төмендеуіне және ұйқы қанбаушылыққа әкеледі.
– Мемлекет үшін не маңызды: бағаны анда-санда көтеріп жіберетін кәсіпкерлердің мемлекет қазынасына төлейтін салықтары ма, әлде халықтың денсаулығы ма? Біз, қазақстандықтар, уақытты өзгертуден бас тартуға шақырамыз. Бұл адамның биоритмі мен жасанды түрде белгіленген уақыт кестесі арасындағы сәйкессіздікті жояды, халықтың әл-ауқатын жақсартады және онкологиялық аурулардың, рахиттің, иммунитет тапшылығының және психологиялық бұзылулардың даму қаупін азайтады дейді петиция авторлары.
Пікір қалдыруға рұқсат етілген
Сайттың бір ерекшелігі – пікір қалдыру мүмкіндігі. Сайт қолданушылары қандай пікір қалдырыпты (авторлардың емлесі мен тыныс белгілері сақталған)?
- Алматыда кешкі сағат 18.00 күн қараңғы болып кетеді, мектепте сабақ 18.40-та аяқталады, балаларымыз қас қарайғанда қайтады, сол себепті уақытты бұрынғы орнына қайтарыңыздар!!!
– Шығыс Қазақстан облысы бойынша сағатты бұрынғы уақытқа қайтарып қана қоймай, оны тағы бір сағатқа артқа жылжыту қажет, яғни қазіргі уақыттан 2 сағат шегеру керек, сонда ғана біз Батыс Қазақстанмен бір толқында боламыз!
- Уақытты қайтаруы екітлай, өйткені осының өзіне бюджеттен қыруар қаражат жұмсалды.
Неге олай ойлайсыз? Петицияға рұқсат беріп отыр, яғни ауыстыруға әлі де мүмкіндік бар деген сөз. Қыруар ақша жұмсалды деп айта алмаймын, себебі сағат белдеуі бүкіл Қазақстан бойынша ауысқан жоқ. Астананың атын 3 рет ауыстырғанда, бұл не тұрады?
- Мен Алматыға уақытты қайтаруды қолдаймын. Таңертеңгі сағат 4-те күн жарық болады, ал кешкі сағат 7-де қараңғы түседі. Кешке бақшада немесе үйде қараңғыда ештеңе істей алмайсың. Сонымен қатар бұл ауысу ересектердің де, балалардың да денсаулығына өте нашар әсер етуі мүмкін. D витаминінің тапшылығы қатты сезіледі, себебі мелатонин таңертең бөлінбейді, күн астында ұйықтау мағынасыз, серотонин дұрыс бөлінбейді т.б. Балаларда рахит, ал ересектерде темір тапшылығы артады. Халықтың сөзін тыңдаңыздар.
-Мектепте физика, химия, биология пәндерін дұрыстап оқыдыңыздар ма? Осыны қай данышпан ойлап тапты? Мүмкін сол кездегі оқулықтарды қайта оқу керек шығар?
Желтоқсанға дейін күтіңіз
Үкімет epetition.kz сайтында жеткілікті қол жиналса, Қазақстандағы бірыңғай сағат белдеуін жою мәселесін қарастырады, деп хабарлады сәрсенбі күні Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
– Бұл туралы айту әлі ерте. Біздің ведомствоның басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылдаған ресми шешімін ұстанамыз, - деді ол.
Төребаевтың айтуынша, министрлік петиция жарияланған уақыт аяқталғаннан кейін соның нәтижесі бойынша әрекет етеді дейді. Ал петиция жыл соңында, желтоқсан айында аяқталады.
– Біз бұл мәселені барлық мемлекеттік органдармен бірге қарастырамыз. Сондықтан қазір ол туралы ойланып жатқан жоқпыз, - деп түсіндірді ол.
Қандай дәлелдеріңіз бар?
Қол қоюшылардың пікірінше, уақыттың ауысқаны күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясы ақысының қымбаттауына әкеледі. Сондықтан бұның экономикалық негіздемесі де бар.
Олардың айтуынша, ерте қараңғы түссе:
- Шенеуніктер бізге қандай ресурстарды үнемдеу туралы айтып еді? Бұл халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей әсері бар шешім ғой. Ел аумағы кең. Әр облыста күннің шығу және бату уақыты да әртүрлі. Осы ескерілмеген.
Еске сала кетейік, Қазақстанның кейбір өңірлерінде уақытты бір сағат артқа шегіндіргеннен кейін бірде-бір шенеунік осы қадамның тиімділігін дәлелдеген жоқ. Ал мемлекеттік органдар сағатты ауыстырарда бұл үкіметке энергияны үнемдеуге көмектеседі деген еді.
Құр сандар
Адам бостандығын, оның құқықтарын бұзатын мәселелер петицияда қаралмауы тиіс. Осыған ұқсас 17 пункт бар, яғни аталған тыйымдар сақталмаса, петиция жарамды болмайды.
Өтінішті онлайн-ресурста орналастыру үшін ол келесі талаптарға сай болуы керек:
Уәкілетті орган өтінішке кемінде 50 азамат қосылған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде өтініштің шарттарға сәйкестігін тексереді. Өтiнiш талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкiлеттi орган себептерiн негіздей отырып, өтiнiш берушiнi немесе оның өкiлiн хабардар етеді және одан бас тартуға құқылы.
Петицияны қабылдау үшін қанша дауыс қажет?
Өтініш көрсетілген дауыс санын жинамаса, ол орналастырылған күннен бастап 6 ай өткен соң өтініш берушіге қайтарылады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша келесі шешімдердің бірі қабылданады:
Бірақ өтініш тақырыптарында шектеулер бар. Мәселен, қазақстандықтар шенеуніктерді қызметінен кетіруді талап ете алмайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің пікірінше, азаматтар әкімдер мен министрлерді тағайындауға ықпал етеді деп санайды, өйткені олардың кандидатураларын халық сайлайтын Мәжіліс депутаттары бекітеді.
Белсендірек болыңыздар, мырзалар!
Өтініштерді жіберуге арналған ресми сайт пайда болғанға дейін біздің азаматтар басқа ресурстарда әлдеқайда белсенді болды, бірақ ол жерде белгілі себептермен олардың дауыстары ескерілмеді. epetition.kz болмаған кезде халқымыз Avaaz жаһандық онлайн платформасына немесе көбіне жергілікті alash.online сайтына кіріп, өз ұстанымын білдіретін. Мәселен, соңғысында Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы үшін жиналған қолдар саны 100 мыңнан асты.
Қазір азаматтардың пікірімен ресми түрде санасатын сайт бар, алайда халық құлшыныс танытпай отыр. Олар өз пікірлерін асханада, көшеде, бейресми отырыстарда ғана айтқанды жөн көреді. Біз жоғарыда адамдардың мұндай енжарлығының кейбір себептерін түсіндірдік. Бірақ отандастарымыздың белсенділік танытпауының басқа да себептері бар.
Бұл бейресми сайттарда азаматтардың өз пікірлері мен бастамаларын білдіру еркіндігін сезінгендіктен болуы мүмкін, ал ресми үкімет сайтында цензура, ашықтық және деректердің құпиялылығы туралы алаңдаушылық болуы мүмкін. Сондай-ақ, азаматтардың бастамалары еленбейді немесе билік тарапынан тиісті көңіл бөлінбейді деп қауіптеніп, үкіметтің петиция жасау механизмдеріне сенімсіздік танытады.
Қалай болғанда да, қазір атқарушы биліктің шешіміне уәж айтуға, оны талқылауға мүмкіндік беретін ресми сайт бар. Бастысы, азаматтардың өздері де белсендірек болуға ұмтылуы керек. Себебі үкіметтің қабылдаған әр шешімі біздің өмірімізге, әл-ауқатымызға, мемлекетіміздің келешегіне тікелей әсер етеді.
Мәлік Жүрсінбек