×
473.15
515.12
5.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.15
515.12
5.4

Маңғыстау кімнің қолында немесе өңірдегі кадрлық рокировка трансұлттық компаниялардың тапсырысы ма?

22.05.2024, 23:50
Коллаж Ulysmedia

Соңғы уақытта болған Маңғыстау облысындағы кадрлық өзгерістер қызу талқыланып жатыр. Бұл кездейсоқ емес, өйткені Жаңаөзен оқиғасынан кейін биліктің жоғары эшелонында мұндай толық «тазарту» болмаған. Дәл осы күні полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев, бас прокурор Руфат Құттықов және облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қызметтерінен кетті. Бұның алдында облыстың беткеұстар ірі компаниясы «ҚазМұнайГаз» АҚ-ын басқарып отырған (бас офис бас қалада болса да) Мағзұм Мырзағалиев отставкаға кеткен еді.
Мұнайлы аймақтың «сүт бетіндегі қаймақтары» отставкаға кетіп жатырғаны, әрине, қоғамда қызу талқыланады. Бұл не үшін жасалып жатыр, жаңа басшылық қарапайым халыққа жағатын қандай іс тындырар екен. Мәселенің мән-жайын Ulysmedia.kz тілшісі салмақтап көрді.

Кім ауысты?

Кадрлардың ауыс-түйісі 15 мамырда басталды. Дәл осы күні Маңғыстау облысында ҰҚК департамент басшысы ауысады деген сыбыс шықты. Рас екен, 16 мамырда, ҰҚК облыстық департаментінің ресми сайтындағы «Басшылық» деген бағанда Бақытжан Валениязовтың орнына Серік Әміров деген жазу пайда болды. Сол күні кешке Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың отставкаға кеткені хабарланды.

Бірақ кадрлық өзгерістер мұнымен бітпеді. Жаңа әкім болып Мағзұм Мирзағалиев келеді екен деген қауесет шыққан-тұғын. Көпшілік болжамына қарамастан, облыс басшысы болып бұған дейін «Өзенмұнайгаз» АҚ-ны басқарған Нұрдәулет Қилыбай тағайындалды. Облыс прокурорының орнына осыған дейін Ақмола облысында прокурор болған Айдос Майлыбаев келді.

Облыстың Полиция департаментін 2022 жылдың ақпанынан бері басқарып келген генерал Аян Дүйсембай өз орнын Сағындық Аяғановқа босатып берді. Аяғанов бұған дейін Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары болған.

Не себепті өңірдегі күштік құрылым басшылары түгел ауысты екен деген сауал көпшіліктің көкейінде әлі де тұр. Мұны әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылап та жатыр. Мұндай көлемдегі кадрлық өзгерістер арнайы тексерістің нәтижесі бойынша жүзеге асқан секілді. Соған қарағанда тексеріс нәтижесі өңірдегі біраз «былықтың» бетін ашқанға ұқсайды.

Мұнай өндіруші және оған қызмет көрсетуші кәсіпорындардың басшылары тиімді келісім-шарттарға қол жеткізу мақсатында жұмысшыларды ереуілге өздері итермелеген. Мырзағалиевтің ғана емес, құқық қорғау органдары басшыларының да отставкаға кетуіне осы себеп болды деген нұсқа шындыққа сай келетіндей.

Айтпақшы, күштік құрылымдар басшыларын жұмыстан босатуға себеп болған жайт: Маңғыстау мұнайынан түсетін долларға, яғни көлеңкелі бизнеске «қызыққан» шенеуніктермен күштік құрылым басшылары ауыз жаласқан болуы мүмкін.

Маңғыстаудағы кадрлық тазартудың шынайы себептері қауесеттермен қаншалықты дәл келетінін айту қиын, алайда күштік құрылымдарға жаңадан тағайындалғандарды біріктіретін бір кішкене деталь бар. Олардың барлығы, бір кездері Батыс Қазақстан облысында қызмет еткен. Әрине, БҚО-да туып-өскен Серік Әміров екібастан осы аймақтың азаматы саналады.

Маңғыстау – қарама-қайшылықтар аймағы
 
Өңірдегі көптеген мәселелерді шешуге нақты тапсырма жүктелген жаңа тағайындалған ұжымға қызғаныш немесе жанашырлық таныту – қиын мәселе.
Жаңадан тағайындалған кадрларға өңірдегі қордаланған мәселелерді шешу міндеті жүктелетіні сөзсіз. Сондықтан олардың тағайындалуы қызғаныш тудырмас. Керісінше, бекем болыңдар деген тілек айтқың-ақ келеді.

Маңғыстау өңірінде қазақстандық мұнайдың 30 пайызы өндірілетінін ескерсек, бұл жерде жұмыс істеу әрі жеңіл, әрі қиын.

Wikipedia мәліметінше, аймақтың экономикалық серпілісі өткен ғасырдың ортасында уран мен сирек металл кен орындарының және мұнай мен газ кәсіпорындарының ашылуымен байланысты. Мұндағы орташа жалақы Қазақстан өңірлері арасында ең жоғары саналады. Бірақ соған қарамастан, кейбір жылдары облыс жұмыссыздық деңгейі бойынша Қазақстанда бірінші орында болды. Маңғыстау облысы 2000-шы жылдардың басында мемлекет қазынасына ең көп салық төлеген аймақтардың бірі саналады. Қайшылықтар өте көп.

Соңғы жылдары көрші мемлекеттен Маңғыстауға көшіп келуші қандастарымыз көбейді. Оның үстіне аймақ бала туу саны жағынан да республика бойынша алдыңғы орында.  

Өңірде Маңғышлақ атом электр станциясы жұмыс істейді. Станцияда өндірілетін энергия облыстың қажеттілігін өтеп тұр.

Өңір экономикасы негізінен мұнай-газ секторымен байланысты, оның өндірісі жалпы өнеркәсіп өнімінің 90 пайыздан астамын құрайды.

Маңғыстаудың этникалық құрамы да ерекше – тұрғындарының 90,99%-ы Адай руынан шыққандар. Олар ұйымшыл, бірлігі мығым, анау-мынаудан қорықпайтын өжеттілігі және бар.

Сондықтан да болар, бұл құнарлы өлкенің бүкіл тарихы түгелдей мұнай өнеркәсібі қызметкерлерінің ереуілдерінен тұрады. Солардың ішінде 2011 жылы Жаңаөзенде болған, соңы қантөгіспен аяқталған наразылық шарасы мен 2021 жылы газ бағасының көтерілуіне қарсылық білдірген бейбіт ереуіл ерекше аталады. Кейінгісінде көтерілген әлеуметтік мәселе 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының дүмпуіне алғышарт болды.
 
Кадр ауыстырудың себептері қандай?

Бүгінде көптеген сарапшылар кадрларды қайта қарау керектігін айтуда. Солардың бірі – саясаткер Айқын Қоңыров.

Тарихқа көз жүгіртсек, Батыс өңірі Қазақстанның наразылық орталығына айналды, - деп түсіндіреді Айқын Ойратұлы.

– Бұған көптеген себептер бар: жергілікті тұрғындар әділетсіздікке басқа облыс тұрғындарындай төзіп отыра бермейді, жергілікті шенеуніктер мен күштік құрылымдар арасындағы жемқорлық және т.б. Қазақстан қазынасын толтырып отырып, өздері аш-жалаңаш жүрсе, кім наразы болмайды?
Саясаткер атап өткендей, логика бойынша, батыс өңірі экологиялық тұрғыдан болмаса да, гүлденуі жағынан алдыңғы орында болуы керек. Ал трансұлттық компаниялар, оған өзіміздің ұлттық компаниялар қосылып, жергілікті тұрғындардың талап-арызына мән бермейді. Тіпті басқасын айтпағанның өзінде, инфрақұрылым мен халықтың тұрмысы әлдеқайда жоғары болуы керек қой.

– Өкінішке қарай, біз көріп отырған картина мынадай: экологиялық және техногендік проблемалар, ескірген инфрақұрылым, азаматтарымыздың табысы мен өмір сүру сапасының төмендеуі. Осы жылдар ішінде облыстан немесе орталықтан өңірді қолдаған бірде-бір шенеунік болған жоқ. Біз өзімізге, мансабымызға, кландар арасында қалай өмір сүруге болатынын ғана ойлап кеттік. Кадрлардың жаппай ауысуы осы берекесіздікті жою үшін жасалып отыр деп ойлаймын.

Айқын Қоңыров жаппай кадрлық ауыс-түйіске өңірде қызмет етіп жүрген, әлеуметтік-криминалдық қайшылықтардан шаршаған трансұлттық қомпаниялар себеп болуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармайды.

– Қалай ойлайсыз? Бұл кадрлық өзгерістер басқа өңірлерде жалғаса ма? Өйткені батыс деген тек Маңғыстау емес қой, Атыару, Орал, Ақтөбе бар. Ол жақтарда да үлкен өзгерістер болуы мүмкін бе?

– Тек Батыс қана емес, бүкіл Қазақстан аймақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері бойынша қорытынды жасалады деп ойлаймын. Реформалар жүргізуге қабілетті кадрлардан тапшылық көріп отырмыз. Сондықтан Ақорда өңірлерде кадрлық ауыс-түйісте сақ қимылдайды. Бірақ еліміздің қазынасына қыруар қаржы құйып отырған Батыс Ақорданың ерекше назарында болады. Бұған қоса, трансұлттық компаниялардың басым бөлігі осы Батыс өңірде жұмыс істейді. Ал, тәжірибе көрсеткендей, олардың қауқары тек аймақтық билікті ғана емес, сонымен бірге тұтас мемлекеттің басшылығын да өзгертуге жетеді. Мұны ұмытпауымыз керек.

– Жаңа кадрлар оң нәтиже көрсетіп, өңірдің гүлденуіне үлес қосады деп ойлайсыз ба?

– Облысқа орталықтың қолдауымен тәртіп орнататын кадр керек. Сонда барлығының – халықтың, трансұлттық компаниялардың, шағын және орта бизнес субъектілерінің жағдайы жақсарады. Жаңа басшылық мұны істей ала ма? Мұны уақыт көрсетеді. Бірақ біз сенімді түрде айта аламыз: мұны істеу оңай болмайды.

Серіктес жаңалықтары