Қазақстанда азық-түліктің қымбатшылығы мәселелердің өзектісі болып қалып отыр. Ресми органдар баға биыл тұрақталды деп қанша есеп бергенімен, елде тапқан-таянғаны ішіп-жегенінен аспайтын отбасылар жетерлік. Кейінгі жылдары қымбаттамаса, азық-түліктің қай түрінің болсын, едәуір арзандағаны тағы байқалмайды. Ulysmedia.kz тілшісі халық тарапынан жиі қойылатын әрі порталымыз әрдайым көтеріп келе жатқан осы мәселеге тағы бір мәрте үңіліп көрді.
Инфляция динамикасы
Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың сәуірі мен 2024 жылдың сәуірі аралығында азық-түлік түрлері мен қызметтер қаншалықты қымбаттағанын зерттеп, оның қорытындысын ресми сайтта жария етті. Ол мәліметке сүйенсек, былтырғы жылмен салыстырғанда елде су тарту тарифі 43,6%, суық су 36,9%, орталық жылыту тарифі 33,5%, ыстық су 31%, қоқыс шығару 30,7%, электроэнергиясы 29% қымбаттаған.
Қымбатшылық басқа да қызмет түрлерінде байқалады. Олар: демалыс және спорттық іс-шаралар (14,3%), санаторилер (13,6%), денсаулық сақтау қызметі (13,2%), ұялы байланыс (12,4%), жаназа қызметі (11,9%), шаштараз (11,7%), қоғамдық тамақтану (9,3%). Фармацевтикалық өнімдер де 11,5%, отандық автокөліктер 11,4% қымбаттаған.
Азық-түліктің қымбаттауы жағынан Ұлттық статбюро мынадай деректерді келтіреді:
«Бағаның өсімі күріште 19,8%, минералды және ауыз суда 17,3%, жаңа піскен жеміс-жидек 16,8%, жұмыртқа 14,4%, салқын сусындар 13,7%, жеміс және көкөніс шырындары 12%, май 11,9%, балық 11,8%, жоғары сортты бидай наны 10%, пастерленген сүт 9,9% байқалды. Бағаның төмендеуі пиязға – 51,1%, күнбағыс майына – 24,9%, қарақұмық жармасына – 24,4%, картопқа – 10,1%, құмшекерге 5,3% байқалды».
Қымбатшылық ең қатты сезілген өңірлер Қарағанды (10,6%) мен Маңғыстау облысы (10,5%).
Шектеулер мен мәмілелер
2023 жыл мен 2024 жыл аралығындағы қымбатшылық жайлы сөз қозғағанда Үкіметтің бұл бағыттағы жұмыс нәтижесі ең алдымен, жақсы болсын, жаман болсын Смайылов кабминінің «еңбегі» деуге болады. Әйткенмен, биыл ақпанда Үкімет басына келген Бектеновтың кабминінде аздаған министрдің кеткені болмаса, көбінде Смайыловпен істескендер қалған. Демек, Бектеновтың бектері тың тыныс әкеледі дейтіндей «жаңа адамдар» емес. Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, әзірге Бектеновтың осы командасы әкімшілік шараларды қолданып, бағаны шектеу саясатын ұстанып отыр. Сарапшы бірақ бұл әдіс экономикаға аса тиімді емес екенін ескертеді.
«Жаңа Үкіметтің қолға алған шарасы, субсидиясы, жасаған жеңілдігі – жалпы жұмысының жемісі кемі бір жыл ішінде ғана көрінеді. Әзірге тек әкімшілік шараларды қабылдап, басқа мемлекеттермен азық-түлікті жеткізу мәмілелерін жасап жатыр. Енді олар күзге қарай, ауыл шаруашылығына берілген субсидиялардың тиімділігіне, ол субсидияларды нақты көздеген мақсатқа жеткен-жетпегеніне қарайды. Күзге қарай қандай да бір ұсыныстарымен шығуы керек», - дейді Расул Рысмамбетов.
Расында да, Үкімет мәселенің бір шешімін көрші елдермен жасалған мәмілелерден іздейді. Таяуда көкөніс қымбаттап кетпес үшін Үкімет Өзбекстан және Тәжікстан кәсіпкерлерімен тікелей келісімшарт жасау мүмкіндіктерін алдын ала пысықтағаны хабарланған болатын. Ол үшін «QazTrade» ұйымы өзбек және тәжік серіктестерімен тиісті шарттарға қол қойған.
Үкіметтің азық-түлік пен көкөністер бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі отырысы
«Көкөніс Қазақстанға «жасыл дәліз» арқылы әрі делдалсыз, алыпсатарсыз тиімдірек бағамен жеткізіледі», - деп уәде берген Үкімет 9 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы жалпы көлемі 4 мың тонна болатын импорт көкөністерін, оның ішінде 2 060 тонна картоп пен 1 940 тонна пияз жеткізуге шарт жасалғанын хабарлайды.
«Халықтың жағдайы нашар – оны мойындау керек»
«Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі үш апта қатарынан төмендеп келеді». Биыл 2 мамырда Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпараты осындай болса да, қарапайым азаматтарға бұл азырақ сезілетін сыңайлы. Әлімұлы Жақайым атты азаматтың ойы Үкіметтің мәліметінен мүлде кереғар.
«Байқайсыздар ма, тағы да әлеуметтік маңызы бар көп тауардың бағасы қымбаттап жатыр. Оның ішінде көк өнім өнімдері, яғни сәбіз, картоп, орамжапырақ, сүт, май, ет өнімдері бірнен соң бірі көтеріліп кетті. Бұл нені білдіреді? Әрине, қарапайым халықтың қалтасынан ауыр салмақ, жалпы тағы да сол өтірік ұран, жалған статистика әкімдер мен министрлік тарапынан болып жатыр. Қазір халықтың әлеуметтік жағдайы өте нашар. Оны мойындау керек, себебі тапқан табысының көп бөлігі ішіп жеуіне кетеді. Яғни жалақыларының көп бөлігін азық түлік алуға жаратады», - дейді ол.
Жайна есімді футблогер де дүкенге барған сайын қымбатшылықты сезінетінін атап өтеді.
«Жалпы қазіргі таңда азық-түліктің бағасы білінбей өсіп барады. Мен фудблог жүргізіп бастағанға дейін азық-түлік бағасына көп мән бермейтінмін. Қазір рецепт түсіру үшін дүкенге жиі барамын және кейбір керек заттардың бағасы қалта көтермейді. Азық-түлік дүкендерінің сөресінде бүгін басқа баға тұрса, бір айдан соң басқа баға тұрады. Күнделікті тұтынатын 3,2% сүтті осыдан бір жыл бұрын 280-300 теңгеден алып жүрген болсақ, қазір 380 тіпті кейбір дүкендерде 400 теңге тұрады. Тауық етінің бағасы да қалта көтермейтіндей болып барады. Мысалы бір рецепт түсіру үшін 1 келі тауықтың төс етін 2700 теңге, кейде кішігірім дүкендерден одан да қымбатқа аламын», - дейді Жайна.
Инфляцияны кімдер «жасап жатыр?»
Не істемек керек? Экономист Сапарбай Жобаев Үкімет тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын реттеумен айналысуы керек деп есептейді. Қалған азық-түліктің бағасы еркін болуы тиіс деген пікірде.
Сапарбай Жобаев
«Алдымен, тұтынушыларды емес, өндірушілерді көбірек қолдаған абзал. Өндіруші дегеніміз кім? Мал бағатын бақташы, ауылдағы адамдар, егін егетіндер, жеміс өсіретіндер. Оларды қолдау – өнімдерін инфляция деңгейінде өсіп тұрған бағамен алу. Яғни, оларды шектеп, «өніміңді арзанға сат» деп айту дұрыс емес. Нарыққа сай сұраныс пен ұсынысқа қарай баға белгілеген дұрыс», - дейді ол.
Сапарбай Жобаев Қазақстандағы халықтың 90 пайызы өзіне төлем жасау қабілетіне ие деп есептейді. Қалған 10 пайызын мұқтаж жандар қатарына қосады.
«10 пайызы бай-манаптар, 80 пайызы ортаңқол, қалған 10 пайызы осал жандар деп айтамыз. Сол осал жандарға мемлекет сатып алу қабілетін арттыру үшін атаулы жәрдем беруіміз керек. Сол жолмен олардың сатып алу қабілетін арттырып, өндірушілердің әлеуетін қолдауға болады. Оларға жәрдемді мемлекет қалай жүзеге асырады? Мемлекет бай-манаптардан салықты көбірек алып, соны осал жандарға берген дұрыс. Банктер, олигархтар қазір өте үлкен пайда тауып жатыр. Министрліктегілер, әкімдіктегілер, квазимемлекеттік компаниялардың жұмысшылары өзіне өте көп айлық жазып алады. Президент 3-4 жылға моратори жариялағанымен, оларға әр жылы бюджет есебінен деп, 10 пайызға сыйақыны көбейтеді. Негізгі инфляцияны солар жасап жатыр», - дейді экономист.
Яғни, бюджеттен 200 мың теңге айлық алатын адамның айлығын 10 пайызға көбейтсе, 20 мың теңгеге ғана шығады. Ал квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлердің айлығы 2 млн теңге болса, оның айлығы 200 мыңға артады деген сөз. Байлардың байып кетуіне, осал жандардың бір деңгейде қалып кетуіне Сапарбай Жобаев Үкіметтің осындай шешімдері әсер етеді деп есептейді. Расында да, 2019 жылы прогрессивті салық енгізу мәселесі айтылған. 5 жылдан бері биліктегілер оны орындағысы жоқ. Себебі осы салықты енгізуге қарсылық көрсетіп жатыр.
«Әлем банкінің, Халықаралық валюта қорларының есептерін, бағдарламаларын қарап отырсам, ТМД ішінде сатып алу қабілеті жоғары мемлекет Қазақстан болып отыр. Ресей соңғы екі жылда соғысқа шығындалып, бізден қалып кетті. Шүкір деуіміз керек. Әлбетте, Еуропа елдеріне әлі бізге ұзақ. Ол үшін біз еңбек өнімділігін арттыруымыз керек. 5-6 сиырдың артынан бір бақташы емес, Еуропа елдеріндей 400-500 сиырға бір бақташы жауапты болған кезде ғана біз мәселені шешеміз», - дейді Сапарбай Жобаев.
Тағы бір экономист Расул Рысмамбетов азық-түлік бағасының динамикасы елде биыл төменірек дейді. Пайымдауынша, қазір Үкімет жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Расул Рысмамбетов
«Бірақ, жылдар бойы ұстап тұру мүмкін емес. Сондықтан, бағаларды шектеу – бәлкім, ең жайсыз құралдың бірі шығар. Өйткені, әкімшілік жолмен бағаларды ұзақ уақыт бойы ұстап тұрса, азық-түлік өнімін өндірушілерге өз ісімен айналысу қиынға түседі. Олар ақырындап делдалдыққа көшіп кетеді. Сол себепті Үкімет отандық тауар өндірушілерін қолдап, оларға жағдайды жақсырақ жасай бергені көп пайдалы», - дейді сарапшы.
Экономист теңге бағамына да назар аударады. Айтуынша, ұлттық валюта бағамының тұрақтылығы импорт тауарларының былтырғыдай өсуіне жол бермеген.