×
474.72
515.17
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.72
515.17
5.58

Қазақстан жастары ашаршылық пен қуғын-сүргін жайлы біле ме – Ulysmedia сауалнамасы

31.05.2024, 10:53
Коллаж: ulysmedia.kz.

31 мамыр – Қазақстанда сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Кінәсіз өлім жазасына кесілген немесе итжеккенге айдалып кеткен миллиондаған қазақтың рухына бұл күнде тағзым етіледі.

Ulysmedia.kz тілшілері Астананың ең жанданған даңғылының бірінде әлеуметтік сауалнама жүргізіп, қазақ тарихының қасіреті жайлы жастардың не білетінін анықтап көрді.

"Ондай бар ма еді?"

Әлеуметтік сауалнама Астанада, "Бәйтерек" монументінің алаңында өтті. Іс-шараның респонденттері 18 жастан 25 жасқа дейінгі жастар.

Біз барлығы 33 адамға сауал қойдық. Олардың 23-і саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні туралы ештеңе білмейтінін мойындады. Бесеуі жауап беруден бас тартты, ал қалған 5-і ғана сұраққа жауабын айтты.

Жас гитаристер тобы 31 мамырды тек мұсылман жамағаттың құрметіне ие жұма күнімен байланыстырды. Ал елде 30 жылдан бері қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні - 31 мамыр екенін бізден білді.

– Сәлеметсіздер ме! Сұраққа жауап бере аласыз ба? Қазақстанда ертең қандай күн екенін білесіз бе?

- 31 мамыр. Ммм, Жұма мүбарак?

- Ертең саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл туралы естіп пе едіңіз?

- Жоқ, естіген жоқпын. Ондай бар ма еді?

Орындықта отырған екі жас азамат саясатты ұнатпайтынын мойындады, сондықтан репрессия туралы ештеңе білмейміз дейді.

- 31 мамыр? Жоқ, біз бұл күннің не екенін білмейміз.

- Саяси қуғын-сүргін күні.

- Біз саясатты ұнатпаймыз және бұл туралы естіген жоқпыз.

Үміт бар

Мұндай жауаптарды респонденттердің басым көпшілігінен естуге болады, бірақ біз білетін адамдарды да кездестірдік.

Студент қыздар "Алаш" партиясының негізін қалаушылардың есімін атады.

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – қуғынға ұшыраған Алаш азаматтарын еске алып, құрметтейтін күн. Бұл күн қаралы күн болып есептеледі. Ахмет Байтұрынұлы, Әлихан Бөкейхан сияқты белгілі тұлғаларды еске алатын күн.

Ашаршылық – ХХ ғасырдың бірінші жартысында өткен жаман оқиға. Бұл арнайы қазақ халқын құртуға арналған іс-әрекет деуге болады. Оның кесірінен қазақ халқының 70 пайызы көз жұмды, - дейді олар.

Тағы бір қызықты пікірді жалғыз жүрген әрі аға-әпкелеріне  қарағанда білімді 11 жасар Әлихан бөлісті. Бала туғаннан бастап тарихты жақсы көреді екен әрі оның отбасы мұндай тақырыптарды жиі талқылайтын көрінеді.

- Кеңес Одағы Алаш-Орданы қуғын-сүргінге ұшыратты. Бұл 1938 жылы болды. Алаш мүшелері өз құқықтары үшін күресуге тырысты және олар ереуілге шықпауы үшін қуғын-сүргінге ұшырады. Билік бұдан қорықты, сондықтан күресіп, өз құқықтарын білетін барлық ақылды адамдарды құртты. Атты, - дейді Әлихан.

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын.

Ашаршылық жылдары Қазақстанда миллиондаған адам қырылды. Қуғын-сүргін жылдары 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталды.

Серіктес жаңалықтары