Елімізде жарты жылдан кейін табыс туралы декларацияны тапсыру бәрімізге міндетті болады. Жалпыға бірдей декларация 2025 жылдың 1 қаңтарында басталады. Ал көпшілік қазірдің өзінде әуре-сарсаңға түсуде, олардың уайымы – салық органдарына қандай мәліметтерді беру керек, қашан беру керек деген сұрақтар. Бұл реформаның біз білмейтін тұстары қандай, Ulysmedia.kz арнайы зерттеп көрді.
Ізгі ниет
Сізде қиын-қыстау күнге керек болар деп жинап жүрген капиталыңыз бар делік немесе пәтеріңізде ілініп тұрған 100 жыл бұрын салынған картинаныңыз бар дейікші, бұлар туралы салық органдарына хабарлау керек пе, әлде жоқ па? Бұл мемлекетке хабарлануы керек байлық болып санала ма, әлде саналмай ма?
Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен күрестің тиімді жолы осы декларация деп отыр. Сондықтан ол халықтың кірісін есептеп, қолда бар мүлкі жайлы бәрін білуіміз керек деп санайды.
- Жалпыға бірдей декларациялау шенеуніктердің заңсыз баюын бақылаудың тиімділігін арттырады. Осы арқылы сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендейді, - деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Бұл ақпаратқа азаматтардың реакциясы әртүрлі. Басым көпшілігінің пікірін жүйелеп қарасақ, біз декларацияға моральдық та, заңдық тұрғыдан да әлі дайын емеспіз.
Мұның әсері бірден байқалмайды
Жалпыға бірдей декларациялау туралы осыдан 12 жыл бұрын айтыла бастаған.
Үкіметтің 2010 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей декларациялауға көшу тұжырымдамасы бекітілді. Осыдан кейін Қазақстан азаматтары мен елде тұруға ықтиярхаты бар адамдар табыстарын декларациялауы керек деп міндеттелді.
Кейінірек жалпыға бірдей декларацияға халық қана емес, тиісті мемлекеттік органдар да дайын еместігі белгілі болды. Ортақ ақпараттық жүйе жоқ әрі уәкілетті органдардың мәліметтер базасы да ескі болып шықты, ал ауылдық жерлерде интернеттің жоқтығы декларациялау реформасын тоқтатуға мәжбүр етті.
Егер адам табыс тауып жатса, сол табысынан мемлекетке тиісті салығын төлеуі керек. Қазақстан жеке табыс салығы бойынша батыс елдеріне қарағанда біршама ерекшеленеді. Жеке табыс салығының мөлшерлемесі Қазақстанда табыстың барлық түріне бірдей салынады. Ал Еуропа елі болып саналатын Францияда табыс салығының мөлшерлемесі 60%-ға дейін жетуі мүмкін.
– Егер біз мұны перспективалық тұрғыдан қарастырсақ, біз үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз. Бір-екі жылдан кейін нәтиже күтудің қажеті жоқ. Менің ойымша, тек 2026 жылдың соңына қарай нақты нәтижесін көре бастаймыз, сол кезде барлық адам декларация тапсырады. Сонда ғана оң өзгерістерді сезіне бастаймыз, - дейді салық сарапшысы Дмитрий Казанцев.
Кіріс пен мүлік туралы декларация дегеніміз не?
Бұл сіздің қай елдің резиденті екендігіңізге қарамастан, барлық кірісті, салық шегерімдерін және меншігіңіздегі мүлікті есепке алатын жеке салық төлеушінің есебі. Ол 270.00 нысаны бойынша толтырылады. Бұл декларация 250.00, Активтер мен міндеттемелер туралы есеп беру нысанынан кейін беріледі. Ол барлық мүлікті, одан бөлек авторлық құқық объектілерін, бағалы қағаздарды және 10 000 АЕК-ке дейінгі ақшалай қаражаттың (2024 жылы 36 920 000 ₸) бар-жоғын көрсетуді талап етеді.
Нені көрсету керек?
Декларацияда Қазақстандағы және шетелдегі ақшаңыз бен мүлкіңіз жайлы көрсетесіз.
Бухгалтерлік есепке мыналар жатады:
Шетелдегі мүлікке байланысты мыналар да декларацияға жатады:
• сатып алынған, иеліктен шығарылған немесе өтеусіз алынған мүлік;
• борыш – егер сіз қарыз болсаңыз (кредиторлық берешек, қысқартылған К/К) немесе сізге қарыз (дебиторлық берешек, қысқартылған Д/К) және нотариус куәландырған келісім, егер барболса.
• Декларацияда, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталында қатысу үлесі бар-жоғын атап өту қажет.
Егер жылжымайтын мүлікті салуға, оның ішінде елден тыс жерде үлестік қатысу туралы келісім болса, онда сіз «иә» деген белгіні белгілеп кетуіңіз керек. Сондай-ақ мүлік қай елде және қандай сомаға сатып алынғанын көрсетуіңіз керек.
Әжеңнің көзі немесе мұраға қалған қымбат әшекей
Декларацияда кейбір жеңілдіктер де бар. Декларацияда 10 000 АЕК-ке дейінгі қолма-қол ақша көрсетіледі. Бірақ осы сомадан асқан ақша банктік мөрмен расталады (есепті жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша), бұл болашақта ірі сатып алуларды растау үшін пайдалы болмақ.
Егер біздің салық органдары шетелдегі кірістер туралы қайдан білсін деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Қаржы министрлігі 2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтарының шетелдік банктердегі шоттарына түскен кірістері туралы ақпаратты ала алады. Бұл ақпарат Қаржы министрлігі мен шетелдік әріптестері арасындағы келісім аясында жүзеге асады. Жыл сайын 80 елден ақпарат келіп түседі, олардың негізгілері БАӘ, Ұлыбритания, Түркия, Франция және т.б. елдерден келеді.
Декларацияны тапсыру бойынша арнайы нұсқаулық та бар. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтар тарапынан туындайтын кейбір мәселелерді ескермеген секілді.
Мысалы, менде әжемнің қымбат гауһар алқасы немесе ескі монеталарға толы жол сөмкесі бар, бірақ мен олардың құнын білмеймін делік.
Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіргендей, құны 1000 АЕК-тен асатын кез келген қымбат мүлікті декларацияда көрсетуге құқығыңыз бар. Ал ол заттың бағасын білу үшін кез келген бағалау компаниясына жүгінуге болады. Осы жайлы тарқатып айтып берейік.
Кім бағалайды?
«Учет» компаниялар тобының басшысы Максим Барышевке сілтеме жасаған Қазақстан бағалаушылар қауымдастығының атқарушы директоры Александр Калининнің айтуынша, бізде коллекциялық заттарды бағалау туралы құжат жоқ. Өнер туындысы, мүсіндер, зергерлік бұйымдар, әшекейлер, тіпті асыл тұқымды жылқыларды бағалау әдістері жоқ. Алайда бағалаумен айналысатын 4 бірдей палата бар.
Александр Калинин мынадай қызық жағдай туралы айтып берді: Қаржы министрлігі Александрдан бағалау әдістемесін жасауды сұраған. Александр мен оның әріптестері циркуляр дайындап, оны министрлікке бекітуге жіберген, бірақ бұл құжат олар үшін маңызды емес болып шыққан. Өйткені Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай мүліктен салық алмайды екен.
Сонымен қатар, мерейтойларға, үйлену тойларына және басқа да мерекелерге арналған сыйлықтар декларациялауға жатпайтынын ескертеміз.
- Бір данасы 1000 АЕК-тен жоғары қымбат сыйлықтар (ақша, пәтер, автокөлік және т.б.) өтеусіз алынған мүлік ретінде декларацияда көрсетіледі. Сыйлықтар жеке тұлғалардан келсе немесе ол бизнес үшін болмаса, онда оларға салық салынбайды, деп түсіндіреді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Сондай-ақ, декларацияда азаматтар құны 1000 АЕК-тен асатын асыл тұқымды жануарды көрсете алады. Әрине, өз еркімен. Ол, мысалы, асыл тұқымды жылқы немесе экзотикалық жануар болуы мүмкін.
Коллекциялық бұйымдар декларациялана ма?
Калинин айтқандай, бізде «үлде мен бүлде» (роскошь) дейтін арнайы категория жоқ. Сондай-ақ коллекциялық заттар туралы түсінік жоқ. Бірақ ең бастысы, бұл мүлікті бағалай алатын арнайы мамандар жоқ. Кейбір адамдар бұл коллекция деп жатады. Осыдан кейін «мұны жариялау керек пе» деген заңды сұрақ туындайды.
Суретші Ван Гоктың туындысы мен 18-ші ғасырдағы шай сервисінің құны қанша тұратынын кім анықтай алады?
Сертификатсыз бағалау
Біреу үшін құны 100 мың теңге тұратын тон «үлде мен бүлде» болып есептелуі мүмкін, ал басқа біреуге құны 2 млн.теңге тұратын құндыз тон күнделікті киетін сырт киім ғана. Біздің заңнамада осы екеуінің аражігі ашып көрсетілмеген.
Мүмкін бұлардың анық бағасын базардағы саудагерлер тап басып айтар.Бірақ олардың пікірі сертификатталмаған. Былайша айтқанда, заңдық күші жоқ жай қағаз болып қалады.
Осыдан келіп тағы бір мәселе шығады: бізде бағалау сертификаттарының стандарты жасалмаған. Еуропада ол бар. Аукцион өткізетін үйлер мұны бірнеше жүз жылдан бері қолданып келеді.
Мынадай жағдай да кездеседі: адамдар қолда бар бағалы затын декларацияда көрсетуге қорқады, өйткені оны сен бүгін декларацияда көрсетсең, ертең салық органдары соның есебін сұрап келуі мүмкін. Бағалы затыңды 10 млн.теңге деп көрсеттің делік, келер жылы сен 50 млн.ға үй сатып алдың. Сонда сен қалған қаражатты қайдан алдың деген сұрақты салық органдары міндетті түрде қояды. Ағамнан алдым деп құтылуға болады, бірақ келесі сұрақ ағаңа қойылады. Яғни, сен ағаңды ұстап бергендей боласың.
Қарызды декларациялау
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны толтыру кезіндегі шарттардың бірі – ағымдағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша мойныңдағы қарыздарды көрсету.
Яғни, азаматтар декларацияда жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы қарыздарын көрсетуі тиіс. Одан бөлек, сізге қарыз адамдардың қарыз сомасы да көрсетілуі керек.
Салық кодексінің нормасы бойынша, қарыз туралы келісім шарттар нотариуспен расталған болуы тиіс. Бірақ банктік қарыздардың келісімшарттарын декларацияда көрсетудің қажеті жоқ.
Егер сіз алтын құймасын сатып алған болсаңыз, онда оны декларацияда көрсетуге міндеттісіз.
Сондай-ақ елдегі және шетелдегі бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық қорлардағы үлестер, авторлық құқықтар да көрсетілуі керек.
Салық төлеушілер сондай-ақ табыс салығы бойынша несиелерді, кеңейтілген табыс салығы бойынша несиелерді, денсаулық сақтау несиелерін, балаларды, асырауындағыларды және мүгедек балаларды талап ете алады. Сондай-ақ қарттар мен мүгедектер үшін салық шегерімдері, білім алу үшін салық шегерімдері және зейнетақы жинақтары қарастырылған.
Салық төлеушілер тапқан табысынан ұсталатын салықтық шегерімдерге қатысты жеңілдіктер алуға құқылы. Салықтық шегерімдер денсаулық сақтауға, балаларды асырауға, мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып-қағуға кеткен шығыстарды есепке алу арқылы жүзеге асырылады. Салықтық шегерімдердің зейнет жасына толған адамдарға, мүгедектерге, зейнетақы жинақтарына қолданылатын жағдайлары да болады.
Депозит табыс болып есептелмейді
Жеке тұлғалар қазақстандық банктерде сақтаулы тұрған жинақтарын көрсетуге міндетті емес.
Депозит бойынша сыйақы түріндегі табысқа келетін болсақ, ҚР Салық кодексінің 321-бабының 1-тармағының 10-тармақшасына сәйкес, жеке тұлғаның жылдық табысына оның кірістерінің барлық түрі кіреді. Оның ішінде сыйақы түріндегі табысы да бар.
Салық кодексіне сәйкес, жарна (салым) сомасын қоспағанда, салымдар бойынша барлық төлемдер сыйақы болып табылады.
ҚР Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, қазақстандық банктер жеке тұлғаға төлейтін сыйақы сомасы салық салуға (кірісті түзету) жататын кірістерден алып тасталады. Бұл депозитке түскен сыйақы сомасы бойынша табыс салығын төлеудің қажеті жоқ дегенді білдіреді.
Осылайша, 270.00 нысаны бойынша қазақстандық банктегі салым сомасы қосылмайды, бірақ депозит бойынша сыйақы түріндегі кіріс қосылады. Бірақ бұл сома жеке табыс салығына жатпайды.
Қаржы министрлігінің кемшіліктері
Декларацияның кейбір ережелері, біз арнайы сарапшы болмасақ та, тым үстірт әзірленгендей көрінді. Құзырлы орган жалпыға бірдей декларацияда мына мәселелерді ескермеген екен:
• Табысты анықтау қиындығы: Табыстың барлық түрін анықтау күрделі процесс болуы мүмкін, әсіресе бірнеше кіріс көздері бар немесе инвестициядан табыс алатындар үшін.
• Заңнамадағы күтпеген өзгерістер. Заңнаманың ерте ме, кеш пе өзгеретініне күмән жоқ.
• Халықаралық және ұлттық салық ережелері бір-бірімен қабыспайды: Қазақстанда халықаралық салық ережелерін қолдану қиындықтар туғызуы мүмкін.
• Салық ережелерінің халықаралық стандарттарға сәйкестігі: Қазақстанның салық ережелері халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмеуі мүмкін, бұл жеке табысқа салық салуда белгісіздік пен күрделілікке әкелуі мүмкін.
Бізге нақты жауаптар қажет
Сонымен қатар салық нормаларының халықаралық қаржылық операциялар туралы заңнамаға сәйкестігі туралы сұрақтар туындайды; салық стандарттарының халықаралық инвестициялар туралы заңнамаға сәйкестігі, салық стандарттарының халықаралық қаржы нарықтарының талаптарына сәйкестігі; салық ережелері мен халықаралық корпоративтік құрылымдардың талаптары арасындағы сәйкессіздік; салық стандарттарының халықаралық қаржы құралдары туралы заңнамамен сәйкестігі де өз алдына бөлек мәселе.
Сонымен қатар көптеген азаматқа күрделі салықтық терминдер мен шарттарды түсіну қиынға соғады. Біз бұл мәселемен әлі-ақ бетпе-бет кездесеміз.
Бұл табыс салығы бойынша декларация тапсыру кезінде туындауы мүмкін мәселелердің бір парасы ғана. Дегенмен құзырлы органдар осы айтылған мәселелерді ескеріп, тиісті шараларды қабылдаса, бұл бастама ел экономикасы үшін шынында табысты болуы мүмкін.
Байтас Құрманов