×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бір кітаптың құпиясы немесе жаңа Салық кодексінің жобасы кімнің сойылын соғады

Бір кітаптың құпиясы немесе жаңа Салық кодексінің жобасы кімнің сойылын соғады
ulysmedia.kz

Ең көп талқыланатын, үнемі дауға ілінетін құжаттардың бірі – жаңа Салық кодексінің жобасы күзде мәжіліс қарауына енгізіледі. Кімге қанша салық төлеуге тура келетіні туралы қызу пікірталастар көктемде басталды, әлі де толастаған жоқ. Ulysmedia.kz тілшісі тараптардың дәлелдерін таразылап көрді.

Жоба 21 маусымда «Ашық НҚА» порталында жарияланды және әлі де талқыланып жатыр. Осы уақыт ішінде наразылардың саны көбеймесе, азаяр емес. Негізінен, кәсіпкерлер наразы, өйткені оларға қолайлы бизнес-жағдай уәде етілген-ді. Алайда құжаттың жобасына сәйкес, шенеуніктер кәсіпкерлерді бастан сипағаннан гөрі бюджетті толықтыруға және жүгенді қаттырақ тарта түсуге мүдделі.

Сонымен, ескі Кодексте барлығы 708 бап болса, жаңа құжатта 802 бап бар. 100-ге жуық баптың енгізілуі бизнес үшін жақсы белгі деуге келмес.

ЖАНЖАЛҒА АЙНАЛҒАН КТС

Бастапқыда корпоративті табыс салығын (КТС) барлық кәсіпорындар үшін 25-30%-ға дейін ұлғайту мәселесі талқыланды, бірақ кейінірек қызу даулардан кейін мөлшерлемені 20% деңгейінде ұстау туралы шешім қабылданды. Десе де, кодексті әзірлеуші – Ұлттық экономика министрлігі бұл салықты ойын бизнесі мен банктер үшін 25%-ға дейін арттыруды ұсынып отыр. Олар мұны қарапайым тілмен түсіндіреді – аталған кәсіпорындар тым көп пайда табады, демек, олар қазынаға өзгелерден көбірек салық төлеуі керек.

Есесіне өңдеуші өнеркәсіп және әлеуметтік сала компаниялары үшін КТС 10%-ға дейін, ал фермерлер үшін 3%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Осылайша, салық жүктемесін әділ бөлу көзделген.

Алайда бәрі жоспарланғандай емес. Банктерге бірден Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі араша түсті: «Неге біз төлеуіміз керек?» деп күмілжиді олар.

Мәселен, Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов парламенттік сессия жабылған күні мәжілістің кулуарында банктер үшін КТС жоғарылауына қарсы шықты. Ол банктер «мұнай немесе ойын индустриясы» сияқты бақуатты емес екенін мәлімдеді және Ұлттық экономика министрлігімен осы тақырыптағы диалогты жалғастыруға уәде берді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова да банктер үшін салықтың өсуіне наразылық білдірді. 26 маусымда баспасөзде ол «банк секторы жоғары табысты сала емесін, жоғары маржиналдылық тау-кен, газ және басқа салаларда байқалатынын» атап өтті.

Шенеуніктердің нысананы басқа салаларға бұрып жіберуі назарсыз қалмады. 2 шілдеде «Ақ жол» кәсіпкерлер партиясы Салық кодексінің жобасын талқылау тезистерін жариялады. Құжатта:

– Неліктен көтерілген мөлшерлемені (25%) тек банктер мен ойын бизнесіне қолдану ұсынылып отырғаны түсініксіз. Біздің басты байлығымыз – мұнай экспорттаушылар қайда кетті?, – делінген.

Әрі қарай экспорттаушыларға бюджеттен ҚҚС қайтарылатыны айтылып, тым құрығанда корпоративті табыс салығын көбірек төлесін дегенге әкеліп тірейді.

Дей тұрғанмен, партиядағылар Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұстанымын «банктердің сойылын соғу» деп атады, банктер үшін КТС-ты 25%-ға емес, 30%-ға дейін ұлғайтуды ұсынды.

СӘН-САЛТАНАТ САЛЫҒЫ

«Сән-салтанат салығы» деп аталып кеткен алымның төңірегінде де дау басылар емес. Пікірталас бір жылға жуық уақытқа созылды, бәрі бұл салықтың енгізілуін қолдады, бірақ мүліктің қай түрлеріне салынатынын, мөлшерлемесі қандай болатынын ешкім тап басып түсіндіре алмады.

Азды-көпті нақты сандар Салық кодексі жобасының ресми тұсаукесерінен кейін ғана белгілі болды. Сонымен, «сән-салтанат салығы» мөлшерлемесі мүлік құнының 10%-ын құрайды. Оны құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдердің, сондай-ақ жиынтық құны 450 млн теңгеден асатын элиталық жылжымайтын мүліктің иелері төлейтін болады.

Тіпті қымбат алкоголь үшін 10% салық төлеуге тура келеді. Бірақ бұл 1 литрінің құны 500 мың теңгеден асатын ішімдіктерге қатысты. Демек, енді министрлер мен ұлттық компаниялардың басшыларына сыйлықтар қымбатқа түседі деген сөз. Қазір алкогольдің бір бөтелкесі 5-6 млн теңге болса да, ол үшін небәрі 714 теңге салық төленеді. Бұл элиталық алкогольді ұнататын әуесқойлардың талғамына әсер етер ме екен?

Айтпақшы, қымбат шылым шеккенді ұнататындар да «сән-салтанат салығын» төлеуге тура келеді. Нақтырақ айтқанда, бір данасының құны 10 мың теңгеден асатын сигаралар үшін 10% салық төленеді.

Яхталар мен ұшақтарға да салық салынады, мемлекеттік органдар оларды автоматты түрде сән-салтанат нысандарына жатқызады.

ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚҚА АРНАЛҒАН САЛЫҚТАР

Шенеуніктер ортаңқол пәтері мен ескі көлігі бар қарапайым қазақстандықтарға тосынсый дайындады. Мәселен, егер көліктің қолданыстағы мерзімі 10 жылдан асқан болса, онда иесіне салынатын көлік салығы 30%-ға төмендейді. Егер автомобиль одан да ескілеу болса (20 жыл немесе одан да көп), онда салық 2 есеге, яғни 50%-ға дейін төмендетіледі.

Мұндай жүйе Қазақстанда шамамен 10 жыл бұрын болған, еліміз соған қайта оралмақ. Алайда, қоғам мұндай өзгерістерге күмәнмен қарап отыр, атап айтқанда, бұл Қазақстанға ескі көліктердің ағылуына жол ашуы ғажап емес. Десе де, жағдайдың қалай өрбитіні осы нормалар күшіне енгеннен кейін ғана белгілі болады.

Айтпақшы, шенеуніктер зейнеткерлерді де қуантқалы отыр: оларға бұдан былай жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды. Қазір жұмыс істейтін зейнеткерлер өзгелер секілді жалақысын 10%-ын қазынаға төлейді.

Онлайн платформалар, мобильді қосымшалар немесе патент бойынша жұмыс істейтіндер үшін, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін де өзгерістер күтілуде. Олар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талабы жойылады, ал мөлшерлеме 4%-ды құрайды. Десе де, шенеуніктер мұны салық деуге келмейтінін алға тартып отыр, өйткені бұл адамдар өздері үшін зейнетақы жарналарын, әлеуметтік сақтандыру мен медициналық сақтандыруды төлейді, мұның бәрі осы 4%-ға кіреді.

МҰНДАЙ ҚҰЖАТТЫ ЖАРИЯЛАУ ҰЯТ

 –  Тұтастай алғанда, Салық кодексінің жобасы – жалтарма тұжырымдары бар шикі және аяқталмаған құжат, – дейді кәсіби қоғамдастықтағылар.

Ал Қазақстан салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Александр Чашкин өзінің Facebook парақшасында мұндай жобаны жалпыхалықтық талқылауға жіберуден ұялатынын айтты. Оның айтуынша, құжатта баптардың, тармақтардың және бөлімдердің қалыпты нөмірленуі де жоқ және «ішкі сілтемелер көп жағдайда ғарышқа жөнелтеді». Сондай-ақ, «септік жалғаулары бей-берекет жалғанған, қажетті тыныс белгілерінің болмауына байланысты мәтіннің мағынасы жоғалады».

Әзірге бұл құжатқа қарап түсінгеніміз –  оны салық төлеушілерді ұнатпайтындар және  процедураларды жеңілдетуге мүдделі емес адамдар жазған сияқты.

Естеріңізге сала кетейік, 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексінің жобасын сынға алды. Мемлекет басшысы шенеуніктердің ҚҚС-ты 12%-дан 16% - ға дейін ұлғайту туралы жоспарларына шүйлікті. Сол жиыннан кейін, 9 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов кодексті қайта жазуды және оның риторикасын өзгертуді тапсырды. Нәтижесінде үкімет ҚҚС көтеру идеясынан бас тартып, кейбір нормаларды қайта қарады. Алайда, көріп отырғанымыздай, тіпті қайта жазылған түрінде де құжат нарық ойыншыларының үдесінен шыға қоймады, қоғамда көптеген сұрақтар мен наразылықтар тудырды. Пікірталастар әлі де жалғасып жатыр, күзде Салық кодексінің жобасы тақырыбындағы дау-дамайлар тіпті қыза түсері анық.