×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Отбасына опасыздық жасағандарға Отанды сеніп тапсырғанымыз қалай

16.07.2024, 18:24
Отбасына опасыздық жасағандарға Отанды сеніп тапсырғанымыз қалай
ulysmedia.kz

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметіне сенсек, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша елімізде 32,5 мың мемлекеттік қызметші бар екен. Мемлекеттік қызметке кірерде олар арнайы тексеруден өтті ме, бұл жағы бізге беймәлім. Бірақ соңғы кезде осы шенеуніктер арасында отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен аты шыққандар аз емес екенін байқап отырмыз. Үнсіз іштен тынып, отбасындағы болып жатқан жағдаятты сыртқа шығармай жүрген қаншама тағдыр бар, оны да болжау қиын. Алайда мұның бәрі біздегі шенеуніктердің кәсіби қасиеттерінен бөлек, адам ретіндегі, азамат ретіндегі қасиеттерінің қаншалықты төмендеп кеткенінен хабар береді. Ulysmedia.kz осы тақырыпта «аты шыққан» оқиғаларды сараптап көрді.

Мемлекеттік қызметшінің этикасы қаншалықты сақталатынын қоғамда болып жатқан жайттардан кейін қайта бағамдауға тура келеді. Ет жақындарына, отбасына қол көтеріп, қысым жасағандар қаймана қазаққа қандай жақсылық жасамақ?

Қуандық Бишімбаев пен марқұм Салтанат Нүкенова

Қуандық Бишімбаев есімі өзі ұлттық экономика министрі болып тұрған кезде мұншалық кең тарамаған еді. 2023 жылдың қарашасында өзінің әулетіне тиесілі «BAU» мейрамханасында азаматтық некедегі жарын ұрып өлтіргеннен кейін ұсталып, бірнеше ай тергеуде болды. Кейін оның соты Youtube арнада тікелей эфирде көрсетіліп, атың шықпаса жер өрте дегендей, бүкіл әлемге бір сәтте «танымал» болып шыға келді.

Қазір бұл трагедия жайлы айтып жату орынсыз болар. Өйткені оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін түгел естіді. Естіді де жағасын ұстады. Өйткені осының алдында жемқорлық фактісіне қатысы бары дәлелденіп, 10 жылға түрмеге қамалған. Алайда бір жыл отырып, жазасын шартты түрде өтейтін болып, бостандыққа шықты. Шықты да, әлеуметтік желіде астролог бойжеткенге көзі түсті. Көзі түскенін қайтейік, сүйдім-күйдім деп өзіне қаратты. С.Нүкенова да тегін жердің қызы емес, Павлодардың бұрынғы әкімінің қарындасы болып шықты. Алайда Салтанат Нүкенова Қ.Бишімбаевпен бақытты болып кете алған жоқ. Екі күннің бірінде көзінен жасын ағызып, ұрып-соққан, психологиялық қысым көрсеткен. Ақырында жанын алып тынды.  

Байлар да жылайды деген сөз бар, соған қарағанда байлыққа бөгіп жатсаң да, бақытты болмауың бек мүмкін. Салтанаттың оқиғасы да соны дәлелдегендей. Сырт көзге жарасымды жұп секілді көрінгенімен, отбасының проблемасы Салтанат өлімінен кейін әшкере болды. Оған дейін марқұм Салтанат бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде деп бастағы жайын сыртқа шығармаған екен.

Сот Алқабилердің қатысуымен ашық өткен кезде білдік, Салтанаттың мұңы телефонында, құрбысына жазған хатында, ағасына айтқан арзу сөзінде сақталыпты. Егер дер уақытында кетіп қалғанда бұлай болар ма еді, кім білсін. Мемлекеттік қызметте болып, биліктің түрлі сатысын көрген Қуандық Бишімбаев өз ісі арқылы сүйекке қара таңба салды. Әйелін ұрып-соққан сәттері мейрамхана камерасына түсіп қалған. Алайда Бишімбаев кінәсін мойындай қойған жоқ. Бар жағдайын жасап отырсам да, ол мені аңдыды, маған сенбеді дегеннен танбады. Осы кезде прокурор Айжан Аймағанова телефонға жазып алынған видеоны көрсетіп, Бишімбаев қарашаның 8-нен 9-на қараған түні өз әйеліне қандай «қамқорлық» көрсетіп жатқанын сұрады. Жауырды жаба тоқығанмен, болған жайт бесіктегі балаға да түсінікті еді. Сот айыпталушыны 24 жылға бас бостандығынан айырды. Ал Бишімбаевтың інісі болып келетін әрі «Гастроцентрдің» басқарушы директоры Бақытжан Байжанбаев қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бір айдан кейін аппеляциялық сот өткенімен, бірінші инстанцияның шешімі өзгеріссіз қалды.

Ринат Ибрагимов пен Ақмарал Үмбетқалиева

- Мен, Атырау қаласының тұрғыны Үмбетқалиева Ақмарал, Атырау облысы Мақат ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген бұрынғы күйеуім, бұрынғы спортшы, Олимпиада ойындарына қатысушы Ринат Хисаұлы Ибрагимовтың маған қол көтеріп, зорлық-зомбылық жасағанын мәлімдеймін. Қазір оған қатысты ҚР ҚК 107-бабының 2-бөлігі «Денсаулыққа ауырлығы орташа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалды, - дейді Инстаграм әлеуметтік желісінде жәбірленуші А.Үмбетқалиева.

Ол жұбайының ұрып-соққан, қысым көрсеткен сәттерінен дәлел де келтірді:

- 2021 жылы сағат 04:00-де Ибрагимов Ринат мас күйінде балаларымның көзінше мені ұрып-соқты. Мен жедел жәрдем мен полицияны шақыруға мәжбүр болдым. Бірақ ол менен арызымды қайтарып алуымды және балаларым үшін кешіруімді өтінгендіктен, мен арызымды қайтып алдым. Осындай оқиға 2023 жылы 31 мамырда да қайталанды. Ринат Ибрагимов тағы да балаларымыздың көзінше мені тепкінің астына алып, сені мүгедек қыламын деп ұрып-соқты. Соның салдарынан омыртқа сүйегім сынып, бір ай бойы жүре алмай қалдым, – дейді Ақмарал.

Бұл да жабулы қазан күйінде қалар ма еді, кім білсін, егер Ибрагимов өзінің лауазымды қызметін, беделді таныс-тамырларын пайдаланып, ортақ балаларын тартып алмағанда. Осы жайт Ақмаралдың әлеуметтік желіге шығып, әлеуметке жан айқайын жеткізуге себеп болған.

- Мен бір жыл бойы балаларымды көрмедім және олармен кездесуге, сөйлесуге тырыстым, алайда Ринат маған олар сені көргісі де, естігісі де келмейді деген жауап берумен болды, - деді әйел көзіне жас алып.

- Бұл менің арызымды қайтарып алуым үшін маған жасалып отырған манипуляция деп ойлаймын. Сондықтан мен соңына дейін күресемін. Осы уақытқа дейін Ринат Ибрагимовке қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын, оны қызметінен шеттету шаралары қолданылмағанына назар аударғым келеді.

Сөз соңында ол қазақстандықтардан және биліктен осы жайтқа қатысты көмек сұрады.

– Сондықтан, сіздерден көмек сұраймын, балаларымды қайтарып алуға, кінәлі адамды жазалап, әділ шешімге қол жеткізуге мемлекетімізден көмек сұраймын... Маған көмектесіңіздерші!

Осы шағымдан кейін Атырау қаласының №2 соты Ибрагимовты кінәлі деп тауып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

Сәкен және Карина Мамаш

Бишімбаевқа қатысты сот үкімі қоғамға бықсып жатқан шаланы үрлегендей әсер етті. Биыл мамыр айында Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі де басы дауға қалды. Кеңесшінің әйелі Карина Мамаш күйеуі Сәкен Мамаштың 10 жыл бойы зорлық-зомбылық көрсетіп келе жатқанын жалғанға жариялап кеп жіберді.

Карина кейін сұқбаттардың бірінде айтқандай, ол болашақ күйеуімен небәрі 15 жасында танысқан. Ал Сәкен ол кезде 33 жаста болған. Бойжеткен жастайынан көркем гимнастикамен айналысып, спорт шебері атағын алған. Бірақ спорттық мансабын және модель болсам деген арманын отбасы үшін ысырып қойған Каринаның тұрмыста жолы болмапты. Екеуі үйленген кездерінде Сәкеннің қаржылық жағдайы да мәз емес еді, әрі дипломат болам деген жоспары да жоқ-тұғын дейді келіншек.

Каринаның айтуынша, күйеуі алғаш рет бірінші балаға жүкті кезінде қол көтерген.

– Үйге мас болып келіп, төсекке әрең жетіп, құлады. Оның сырт киімін шешіп төсекке жатқыздым. Шалбарын шешіп жатқаным сол еді, боқтады. Аяғымен ішімнен теуіп жіберді. Келесі күні не болғаны есінде жоқ, - дейді Карина.

Еуропаға көшпес бұрын дипломат әйеліне ішімдікті тастаймын деп уәде берген. Ол сол сөзінде тұрған – олар шет елде жүрген төрт жыл ішінде аузына бір де бір рет спирттік ішімдік алмаған. Бірақ олар Астанаға оралған соң, жағдай қиындап кеткен. Күйеуі ішімдікке әуес болып, ішкен кезде бүкіл агрессиясын әйеліне көрсеткен. Оның үстіне, мұндай жанжалдар балалардың көзінше болған.

Бірақ күйеуінің зорлық-зомбылығы мұнымен шектелмеген, Сәкен оны үнемі зорлап келген.

- Он жыл бойы зорлап келді десем болады. Мен қарсылық танытпай, үнсіз ғана жатамын, теріс қарап, жылап жатамын. Болғаннан кейін тұрып, жуынып келемін, қайта орныма келіп жатамын. Бір қыста біз Дубайға демалысқа бардық, ол кезде балалар әлі кішкентай еді. Ол мені қонақүй аумағында ұрды. Түнде бөлмеде мені тағы ұрған кезде балалар жанымызда жатқан.

Егер Каринаның сіңлісі кенет қонаққа келмегенде, бұл оқиғалар әлі де жалғаса берер ме еді?! Жағдайды өз көзімен көрген Каринаның сіңлісі жездесіне мұның не деп сұрамай ма? Ал оған Сәкен тіпті саспастан, шімірікпестен жауап берген. Денедегі жарақаттарды телефонмен видеоға түсіріп жатқанында, қолындағы телефонын тартып алған.

Бақытына орай, апалы-сіңлілер қашып үлгерген. Дипломат қызметінен шеттетіліп, сот балаларды анасына  беруге міндеттеді. Алайда, шілдеде Карина өзінің Tik Tok-да бұрынғы күйеуінің туыстарынан қорқыту-үркіту болып жатқанын айтты. Айтпақшы, Сәкен Мамашқа азаптау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.  

Марат Әйтенов пен Дана Әтешова

Бірнеше күн бұрын, нақтырақ айтсақ, өткен демалыс күндері әлеуметтік желіде тағы бір видео тарады. Онда отағасының зорлық-зомбылығы тек ұрып-соғумен ғана шектелмейтінін көргендей болдық.

Шымкент қаласының бұрынғы әкімінің ағасы әрі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның бұрынғы топ-менеджерлерінің бірі Марат Әйтенов үйінен әйелі мен үш баласын қуып шықты. Оқиға видеоға түсірілген екен. Аңғарғанымыз, балаларының шырылдаған дауысы да, әйелінің жер тепкілеп кетпеймін деген сәті де осы видеода бар. Алайда мұның бәрі Марат Әйтеновті райынан қайтара алмады.

Алайда отбасындағы жанжал бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр екен. Мараттың бұрынғы әйелі Дана Әтеш ажырасу туралы, мүлікті бөлісу туралы 2023 жылы пикет ұйымдастырған. Астананың Есіл аудандық соты бұған мән бермеген. М.Әйтеновке алимент төлеуді міндеттемеген.

Әйелдің айтуына қарағанда, Марат айла істеп, балаларымен тұрып жатқан баспанадан қуып шыққан. Себебі ол Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы. 2020 жылы Марат Әйтенов әйеліне ажырасайық, мүлікті бөлісейік деп электронды хат жіберген. Ол хатында үйді маған қалдырмақ ниетін жазыпты. Ол хатты мен сол кезде көрмеген едім. Содан кейін ол ештеңе болмағандай бір шағырақ астында тұрып жатты. Алайда сәті келген кезде мына үйді сатайық, үлкендеуін алайық дегенді айтып жүрді. Бірде екеуміз жанжалдасып қалдық. Ол мені фотоаппараттың штативімен ұрды, тепті, паркингте шашымнан сүйреді. Ажырасамыз деп айқайлады. Мен де ажырасамын дедім. Ол мені көлігіне отырғызып, нотариусқа алып келді. Келсем, сенімхат бәрі дайын тұр. Мен қол қойдым. Бірақ сол кеште біз татуластық. Әрі қарай бірге тұра бердік. Тек үй-жай бәрі сатылып болғаннан кейін ол сотқа менің атымнан ажырасу туралы арыз берді.

Дананың айтуынша, сол кезде де Әйтенов оған олардың неке қатынастары бұзылғанын айтпаған. Дана өзінің ажырасқанын Халыққа қызмет көрсету орталығына келгенде кездейсоқ білген. Бірақ Марат Әйтенов мұны оның жұмысына қажет екеніне сендірген. Кейінірек, тағы да кездейсоқ жағдайда ол өзінің пәтерін, үйін, басқа да барлық жылжымайтын мүлкін сатып жаңадан алған пәтерін де саттыққа шығарғанын білген. Міне, әлеуметтік желіде тараған видеода Марат Әйтенов бала-шағасын осы үйден шығарып жібермек болып жатқан сәт таспаланған. Осы оқиғадан кейін іске құқық қорғау органдары, бала құқығын қорғау ұйымы араласып, Марат Әйтенов қамауға алынған.

Бала белде, қызмет қолда

Шілдеде Алматы қаласы әкімінің 5-ші орынбасары қызметіне Азамат Қалдыбеков тағайындалды. Бір қарағанда тәп-тәуір азамат секілді. Бірнеше жоғары оқу орнын бітірген – ҚазҰУ, Дьюк университеті (Солтүстік Каролина), Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті. Ол халықаралық құқық магистрі және философия PhD докторы. Азамат Бескемпірұлы – «Болашақ» түлегі әрі Президенттік кадр резерві мүшесі. Карьерасы мінсіз. Отбасылық жағдайына келсек, үйленгені жазылған. Бірақ оның екі рет үйленгені туралы ештеңе айтылмаған. Бірінші әйелін үш баласымен тастап кеткен. Егіздері ажырасқаннан кейін дүниеге келген. Ол тіпті бұрынғы әйеліне әкелерің өліп қалды деп айтуды тапсырған. Ол ешкімді үйден қуып шықпаған. Жай ғана сатып жіберген. Балалар қайда барады, қалай өмір сүреді, оған басын ауыртпаған.

Сөз соңында айтарымыз: маңызды мемлекеттік қызметке тағайындарда кандидаттың адамшылығын да тексерсе дейсің. Себебі өз балаларына қорған бола алмаған адам мемлекетке қорған бола ма? Өз жұбайын қорлаған азамат өз халқын қолдай ала ма? Міне, біз осыны ескеруіміз керек.