×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Жарлы-жақыбайы жоқ Парламент: Қазақстандық депутаттардың меншігінде не бар

23.07.2024, 16:02
Жарлы-жақыбайы жоқ Парламент: Қазақстандық депутаттардың меншігінде не бар
Коллаж: Ulysmedia.kz

Парламент депутаттарын ұстау шығыны мемлекеттік қазынаға аз салмақ емес. Мәселен, өткен жылы оларға шамамен 6,5 млрд теңге, ал 2022 жылы – 8 млрд теңге жұмсалды. Шығын кеми бастағаны рас, бірақ бәрібір халық қалаулыларына бөлінген миллиардтарды аз дей алмаймыз. Ulysmedia.kz қазақстандық депутаттардың табысы мен шығынын, дүние-мүлкін есептеп көрді.

Қазақстандық депутаттардың орташа жалақысы – 700 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін. Нақты көлемі әр түрлі қосымша төлемдерге байланысты, мысалы, мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтіліне, атқаратын қызметіне қарай әрқайсына әрқалай төленеді. Айталық, комитет басшылары қарапайым депутаттарға қарағанда көбірек жалақы алады. Ғылыми дәрежелер үшін де қосымша төлемдер бар.

Парламенттегі ең жоғары жалақы, әрине, Мәжіліс пен Сенат төрағаларының жалақысы. Ашық дереккөздерден алынған мәлімет бойынша, олар ай сайын шамамен 1,5 млн теңге алады.

Сондай-ақ депутаттар тегін медициналық қызмет көрсету, іссапар төлемдері, қызметтік пәтер, көлік, қару-жарақ ұсынылады, депутаттық қол сұғылмаушылықтары тағы бар.

Бұл ретте Парламент мүшелерінің оқытушылық ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа қандай да бір басқа органның атынан өкілдік етуге, ақы төленетін лауазымдарды атқаруға құқығы жоқ. Оларға бизнеспен айналысуға да тыйым салынады. Егер депутат осы ережелерді бұзса, дереу орнын босатуы керек.

Алайда қазақстандық депутаттар аталған ережелерді айналып өту тәсілдерін әбден меңгерген. Олардың кейбірінің миллиардтаған айналымы бар бизнесі бар екені жасырын емес. Кәсібін де, дүние-мүлкі мен жерлерін де «депутаттығы» аяқталғанша туыстарының атына жазып қойып, алшаң басып жүре беретіні құпия болудан қалған.

Депутаттың міндеті қандай

Депутаттар немен айналысады? Таңертеңнен кешке дейін әр түрлі отырыстарда отырады, ал жылына бірнеше рет сайлаушылардың шағымдары мен өтініштерін тыңдау үшін аймақтарға барады.

Ал тарқатып айтсақ, депутат палатаның жалпы отырыстарына қатысуға міндетті, мәжілісмендер үшін бұл сәрсенбі, сенаторлар үшін – бейсенбідегі жиын. Дүйсенбіде кейде үкіметтік сағаттар, ал жұмада парламенттік тыңдаулар өтеді. Қалған уақытта депутаттар жұмыс топтарына, комитет отырыстарына және басқа да көптеген жиындарға қатысады.

Мәжілісмендер мен сенаторлардың міндетті іс-шаралардың бәріне қатысуын әдетте Орталық сайлау комиссиясының өкілдері бақылайды, олар жиналыстарда кімнің нақты қатысып отырғанын белгілеу үшін түгендеп алады. Дәлелді себепсіз сессияға үш реттен артық қатыспауға рұқсат жоқ.

Айтпақшы, экс-мәжілісменнің бірі өзінің депутаттығы үшін нақты жалақы алатынын білмейтінін айтқан еді, өйткені негізгі табысы басқа қызметтен түседі.

“Біздерде мынадай бар, мынадай бар...”

Қаржылық жағдайларына қарасаңыз, депутаттар – ала-құла халық, араларында тіпті олигархтар да бар. Мысалы, мәжілісмен Дәулет Тұрлыхановты алайық, бұрынғы спортшы, грек-рим күресінің балуаны, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазір депутат және өте ауқатты адам.

Айтпақшы, Тұрлыхановтар отбасының активтері қатарында Семей қаласындағы автобустар мен ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «СемАЗ» зауыты бар. Кәсіпорын мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысады және мемлекеттік ұйымдарға мектеп автобустарын, қар тазалайтын машиналарды, тракторлар мен шағын автобустар сатады. Десе де, жиі сотқа тартылатын компанияны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаптар қойылады.

«СемАЗ» ЖШС көлікті өндірумен, сатумен және сервистік қызмет көрсетумен айналысатын «Вираж» компаниялар тобына кіреді. Топтың басты құрылтайшыларының бірі – Мәжілістің бұрынғы басшысы Нұрлан Нығматулиннің бауыры Ерлан Нығматулин.

Бұдан басқа, депутат Тұрлыхановтың Ақмола облысында тіркелген жеке кәсіпкерлігі және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулауға лицензиясы бар. Жеке кәсіпкерлігінің жылдық кірісі шамамен 17,5 млн теңгені құрайды.

Редакцияның назарына түскен тағы бір мәжілісмен – 39 жастағы Руслан Берденов. Оның есімін қазір аты дүркіреп тұрған Sandyq ұлттық мейрамханалар желісімен байланыстырады.

Сонымен қатар, ашық дереккөздердің мәліметі бойынша, Берденов – Akniet Pharmaceuticals компаниясына иелік ететін бизнесмен Қайрат Итемгеновтың сыныптасы әрі топтасы. Бұл компанияға Europharma және Arzan Pharm дәріханалар желілері кіреді. Депутаттық мандат алғанға дейін ол осы желілерді басқарды.

Мәжілісмен Асқар Садықов туралы да қызықты мәліметтер бар. Желідегілер оның есімін Ақтөбедегі Royal Hotel қонақ үйімен байланыстырады. Бизнесті оның жұбайы Калауша Садықова басқарады. 2017 жылы ресейлік әнші Андрей Григорьев-Апполонов («Иванушки International» тобының мүшесі) сол қонақ үйде тұрып, қызмет деңгейін қатты сынады, жұмыс істемейтін розеткалар мен тоңазытқышқа наразылық білдірді. Жергілікті деңгейде дау туып, отбасы қала тұрғындары қонақ үй мен Садықовтар отбасына шүйлікті.

Сондай-ақ, мәжілісменге Ақтөбе облысындағы «Сауқайын» шаруа қожалығы тиесілі деседі.

Айтпақшы, қазақстандық жастар мәжілісменнің қызы Данель Садықованың есімі жақсы таныс, ол –  Dequine сахналық есімімен танылған әнші. Оның «Фемида», «На Западе», «Жива», Labum, «Матча чай» әндері кең танылған.

Кім депутат бола алады

Ел Сенатында барлығы 50 депутат, Мәжілісте – 98 депутат бар.

Жасы 30-дан асқан, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар кез келген қазақстандық Сенат депутаты бола алады. Сенаторлардың өкілеттік мерзімі – 6 жыл.

Ал Мәжіліс депутатының жасы 25-тен, еңбек өкілі 5 жылдан кем болмауы керек.

Мәжілісменнің мандатынан айырылуына оның өзі сайланған партиядан шығуы, немесе партия қызметінің тоқтауы себеп болуы мүмкін.

Депутаттық корпуста жарлы-жақыбай жоқ, болуы екіталай. Дей тұрғанмен, халық қалаулыларының қайсына қазынадан алатын жалақысы маңызды емес екенін анықтағымыз келді. Ulysmedia.kz өз зерттеуін жалғастырады.