×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

Педофилия жас талғамайды: Қостанайда 5 жасар қыздың зорлануы жайлы сарапшылар не дейді

30.07.2024, 09:00
Педофилия жас талғамайды: Қостанайда 5 жасар қыздың зорлануы жайлы сарапшылар не дейді
ulysmedia

Қостанай облысында бес жасар қыз жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырады. 8, 12 және 13 жастағы үш бала айыпталып отыр. Қазақстандықтарды дүр сілкіндірген бұл оқиғаға кім кінәлі, педофилия неге күн өткен сайын жасарып барады? Көптің көкейіндегі сауалдарға жауап алу үшін Ulysmedia.kz сарапшылармен тілдесті: балалар мұндай зорлық-зомбылыққа қалай барды және қоғам үшін бұл оқиғаның салдары қандай болмақ?

ҚАЛАЙ БОЛДЫ

  – 6 шілдеде анасы қызына велосипед сатып алып, оған тосынсый жаса,ысы келген. Шайтанарбаны көршісімен құрастырып жатқанда ауладағы таныс ұлдардың бірі қызды ертіп әкеткен. Анасы бүлдіршінді жүгіріп іздей бастайды, оны табам дегенше көп уақыт жоғалтады. Біраздан соң ойыншықтар салынған дорбасын көтеріп келе жатқан жұлым-жұлымы шыққан қызын көреді. Зәресі ұшқан әйел бүлдіршінге айғайлай бастайды, қазір онысына қатты өкінеді, - дейді оқиғаның мән-жайын білген журналистер.

Екі аптадан кейін ғана қыз атасына болған оқиғаны айтып берген. Арыз да сол уақытта жазылды.

Ұлдар қызды бұталардың арасына апарып, шешіндіріп, таспен ұрғаны белгілі болды.

  – Ұлдар оның әурет жерлерін ұстап, қамыс тықпақ болған. Содан кейін үшеуі де қыздың аузына жыныс мүшелерін тықпалаған. Бүлдіршін тіс жармауы үшін олар ойыншық толы дорба сыйлаған. Мұның бәрін қыз екі аптадан кейін атасына айтып берді, - деп хабарлады «Не молчи» қоры.

Қостанай облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Бәсенова күдіктілердің ата-аналарына қатысты материалдар жиналғанын және Қостанай облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісінде екенін мәлімдеді.

БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ЖЫНЫСТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ КЕРЕК

Әлеуметтанушы Татьяна Резвушкина отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ұлттық баяндамадан дерек келтірді. Бұл құжатқа сүйенсек, Қазақстанда педофилия фактілерінің саны өсіп жатқан жоқ. Дей тұрғанмен, зорлаушылардың жасы төмендеді деп кесіп айту қиын: ресми статистикада мұндай көрсеткіш жоқ. Алайда құрдастары тарапынан балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық жағдайлары өте өзекті мәселені көрсетеді:

      – Мұндай фактілердің болуы біздің қоғамға балалар мен жасөспірімдерді жыныстық тәрбиелеу мәселесі туралы ойлану керегін көрсетеді. Өскелең буын жеке шекараның не екенін, ненің дұрыс, ненің бұрыстығын, қандай жағдайда қылмыстық немесе әкімшілік жазаға тартылатынын білуі қажет, - дейді әлеуметтанушы Татьяна Резвушкина.

Қазір білім ошақтарында жыныстық сауаттылықты үйрететін пәндер жоқ. Осы орайды маңызды сұрақ туындайды: балалар бұл өзекті ақпаратты қайдан және қалай алады? Сарапшы тақырыпқа арқау болған оқиғаны жеке қарау керек деп есептейді: отбасында не болып жатыр, баланың әлеуметтік интеллекті қалай, мектептегі құрдастарымен қарым-қатынасы дұрыс па. Оның айтуынша, отбасындағы ата-анасының, сондай-ақ ата-әжесінің қарым-қатынасына назар аудару маңызды.

Сонымен қатар, әрбір күдіктінің қызға қатысты зорлық-зомбылыққа қатысуы туралы нақты қорытынды жасау қиын: бұл туралы деректер жоқ, тергеу анықтайды. Бұдан бөлек, Татьяна Резвушкина сегіз жасында баланың жыныстық сәйкестігі қалыптасып үлгермейтінін атап өтті: ол өзінің жыныстық қалауын нақты анықтай алмайды.

ЕРЕСЕКТЕРДЕН ҒАНА ҚАУІПТЕНУ – ҚАТЕ

Дағдарыс орталықтары одағының төрағасы Зүлфия Байсақованың айтуынша, балалар отбасында немесе көбіне уақыт өткізетін ортасында қабылдаған мінез-құлық нормаларын ұстанады. Бұл үшін бірінші кезекте ата-аналар жауап береді. Сонымен қатар, бұрыс әрекет үшін жазаның болу-болмауы да балалардың мінез-құлқына елеулі ықпалын тигізеді.

– Неліктен баланы сыйлықпен алдарқатпақ болды? Ешкімге айтып қоймайсын деп аузын жапты. Демек, отбасында біреу өз кінәсін жуып-шаю үшін солай жасайды. Сондай-ақ, менің ойымша, зорлық-зомбылыққа үшеуі бірдей қатысқан жоқ: ішінде біреуі өзінің жыныстық мүмкіндігін тексергісі келген болуы мүмкін. Неліктен жыныстық қатынасқа еліктеу болды? Бұл баланың қиялы, ол, бәлкім, отбасында болған шығар, өйткені бала оны бір жерде көрген. Фильмдерден немесе отбасында сондай көріністер болған шығар, - дейді ол.

Не істеу керек? Зүлфия Байсақованың айтуынша, заңдарды сан рет түзетіп, қатаңдатқанмен, жүйелі профилактикалық жұмыссыз өзгеріс күту бекер.

– Біз профилактиканың не екенін де білмейміз. Жүргізілген іс-шаралардың тиімділігін бағалау индикаторлары жоқ. Бізге не қажет екенін түсінбейінше ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Айталық, үздік отбасы байқауы. Оның заманы әлдеқашан өтіп кеткен. Басқа тәсілдерді іздейік. Біз айналып келіп ескі сүрлеумен сүйретіле береміз: бітпейтін дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар. Үнемі болған оқиғаның себебін емес, кінәлі адамдарды іздейміз. Тәрбие ісін қаржыландырмайтын мемлекет пен үкімет кінәлі шығар, – дейді одақ басшысы.

Сондай-ақ, Зүлфия Байсақова қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыс істеу маңызды деп санайды.

   – Бала белгілі бір адамдармен ғана ілесіп жүре алатынын, оған санаулы адам ғана қол тигізе алатынын түсінуі керек. Басқа жағдайларда бала ата-анасын хабардар етуі керек: «Анашым, мені ұлдар бір жерге ойнауға шақырды. Олармен барсам, бола ма, жоқ па?». Бала ата-анасымен тығыз байланыста болуы керек. Егер бірдеңе болса, қоңырау шалу қажет. Ал бала қоңырау шалғанда, ата-аналар телефонын көтермейді. Өйткені олар жұмыста, қолы бос емес. Ата-аналарда қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға құлық жоқ, - дейді сарапшы.

Бұл жағдайда қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыруда тек ересектер ғана емес, сонымен бірге, баланың құрдастары да есепке алынуы қажет.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ КӨБЕЙЕ МЕ

Медицина ғылымдарының кандидаты, адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі Сергей Молчанов та баланың мінез-құлқы отбасында қалыптасатынын айтады. Мәдени ерекшеліктер де маңызды рөл атқарады, атап айтқанда зорлық-зомбылыққа көзқарас қалай: оны қаншалықты айыптайды немесе қалыпты құбылыс көре ме. Балалар тұтынатын дүниелердің де сапасына мән беру керек. Бұдан бөлек, ата-ана мен баланың өзара сенімге құрылған қарым-қатынасы да зор маңызға ие. Кейде аға буынды өз баласының емес, айналасындағылардың ойы көбірек алаңдатады.

Сонымен қатар, педофилиямен күрестің нәтижелілігі заңдардың орындалуы мен әділ жазалардың тағайындалуына тікелей байланысты.

 – Бізде заңдар жұмыс істемейді. Заң алдында адамның бәрі тең деген – бос сөз. Жазадан жалтарып кеткендер қаншама. Тәуелсіздіктің отыз жылы: Бала құқықтары туралы конвенция ратификацияланды, бірақ ол екі күннің бірінде бұзылады. Жалпақ тілмен айтқанда, біздің елді құқықтық былық жайлаған, - деді Сергей Молчанов.

Оның пікірінше, жаза тағайындау туралы шешім қабылдау да логикаға қайшы: үкімдер тым қатал немесе әлсіз.

Сергей Молчанов бұл оқиғада балалардың ата-аналарына ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін деп есептейді. Оның ойынша, бұл жағдайдан соң балалар арасында осыған ұқсас қатыгез қылмыстар көбейеді деп алаңдаудың қажеті жоқ.

БАЛАЛАРДЫ ҚАНДАЙ ЖАЗА КҮТІП ТҰР

Егер Қылмыстық кодекске жүгінетін болсақ, қылмыстық-жазаланатын іс-әрекет жасалған кезде он төрт жастан он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар қылмыс субъектілері бола алады. Бұл жағдайда күдіктілердің ешқайсысы 14 жасқа толмаған. Демек, олар жауапкершілікке тартылмайды. Не десек те, тергеуді күтуге тура келеді…