×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

Бизнестен Парламентке немесе қалталы депутаттар легі турасында

30.07.2024, 09:15
Бизнестен Парламентке немесе қалталы депутаттар легі турасында
ulysmedia

Ulysmedia.kz редакциясы Парламент депутаттарының қайсысы қандай бизнестен келгені жөнінде шолуын жалғастырады. Мәжілістің есігі айқара ашылмас бұрын қазіргі депутаттар өз атындағы кәсіпорындарын басқа адамдардың атына аударып үлгерген. Әйтпегенде, Парламенттің жылы-жұмсақ орнына олар қонжимас еді. Десе де, бұл әрекеттері олардың сол бизнестен біржолата қол үзіп кетті дегенді білдірмейді.

ӘУЕЛІ СТАМБЕКОВ ЖАЙЛЫ

Кәсіпкер, меценат, ақын, депутат, түрлі жобаның жетекшісі... Интернет беттерінде Ерлан Стамбеков жайлы ақпарат көп. Жұмысын өткен ғасырда брокер болып бастаған оның депутаттық карьерасының ертеректегі тарихы бар. 23 жасында Алматының Халық депутаттары кеңесінің депутаты болған ол бір сұхбатында әйгілі Тайқазанды Санкт-Петербургтен әкелгендердің бірі екенін мақтанышпен айтады.

2000 жылы Стамбеков «Отан» (кейін «Нұр Отан» болған) партиясына қосылған. Жылдар бойы мұнай, өнеркәсіп секторында жұмыс істеген. Бір қызығы, 2019 жылы «Нұр Отан» партиясынан кету себебін «бейбіт демонстранттарға қарсы қатал репрессияға наразы болғанымнан» деп түсіндіреді. «Бәріне бас шұлғып келіскен партияластарымның ішінде өзімді бөтен сезіндім, мұның бәрі 2022 жылы Қаңтар оқиғасына апарып соққанын көрдік» дейді ол. Әйтсе де, Қаңтар оқиғасынан кейін Ақорданың алдына наразылықпен келгендердің алдында Стамбековтың төбе көрсеткен жарқын сәттері еске түспей тұр.

Депутат Ерлан Стамбековтың атында «Парыз» қайырымдылық қоғамдық қоры бар. Ашық дереккөзде қор 2004 жылы ашылып, 2010 жылдан бастап оны Стамбековтың басқарғаны жазылады. Парламентке келгеннен кейін Стамбеков қор тізгінін Василий Гаврилидиге ұстатқан. Қор ауыр дертке шалдыққан балаларға, мәдени жобаларға көмектеседі. Жұмысының кейінгі жылдары бәсең тартқанын салық аударымдарынан білуге болады. 2021 жылы «Парыз» қоры 6,7 млн теңге салық төлесе, бұл сома 2022 жылы 1,3 млн теңгеге, ал 2023 жылы 420 мың теңгеге дейін азайған.

Ерлан Стамбеков сонымен бірге «Alacard Petroltech» компаниясының құрылтайшысы. Компания Алматыда 2011 жылы тіркелген. Отын, кен, метал, химиялық заттарды көтерме саудада сату, жарнама, баспана жалдау, басқару қызметін көрсетеді. 2023 жылы наурызда Парламентке барар алдында бизнеспен айналысуға құқығы шектелген Ерлан Стамбеков орнына компанияға басшы етіп Әлжан Әліпбаевты қояды.

Alacard Petroltech 2015-2023 жылдар аралығында жалпы сомасы 287 млн теңге салық төлеген. Салығына қарап, компанияның табысы жылдан жылға азайып бара жатқаны көрінеді. Мәселен, 2015 жылы 46 млн теңге төлесе, 2023 жылы төлеген салығы – 22 млн теңге.

ҚАТАРЫНДА ЕМЕС – ТӨРІНДЕ

Қалталы депутаттардың қатарына (тіпті төріне) Шығыс Қазақстан атынан сайланған Лұқбек Тұмашиновты қосуға болады. Азаттық радиосының зерттеуінде Тұмашиновтің құрылыс компаниялары миллиардтаған қаржымен жұмыс істейтіні, мемлекеттік тапсырысты көп алатыны баяндалған. Тұмашиновтің Шығыс Қазақстанның бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес болғаны, ұлы әкім болып отырған Глубокое ауданынан 1 миллиард теңгеден аса тендер алғаны да жазылған. Осы зерттеудің бәрін көріп-білген депутат экс-әкім Даниал Ахметовпен жақындығын жоққа шығармаған-тын. «Сыбайластық бар, бірақ жемқорлық жоқ» деп біртүрлі жауап берді депутат.

Ашық ресми көздерде депутаттың атымен байланысты компаниялар қатарында Иртыш-Сервис, Элхон, CEMINCO, Верх-Катунь, UKG STROY, Шығыс Қарағай компаниялары бар. Бірақ бұл компаниялардың басшыларының тізімінде Лұқбек Тұмашиновтің есімі жоқ. «Лұқбек Шабданұлының бизнеске араласуға ешқандай құқығы жоқ. Онымен айналысатын өзінің азаматтары бар» деген еді әріптесі жайлы депутат Елнұр Бейсенбаев.

Жоғарыда аталған компаниялардың ішінде ең ірісі – «Элхон» ЖШС. БАҚ бұл компанияға депутат болғанға дейін Лұқбек Тұмашинов серіктесі Жанболат Қазановпен жетекшілік ететінін жазған. 2024 жылғы деректерде компанияның бірінші басшысы ретінде Қазановтың есімі ғана көрсетіліп тұр. Компания 2015-2023 жылдар аралығында 4 млрд теңгеден астам соманың салығын (Статснет) төлеген.

Азаттық радиосы сонымен қатар, депутаттың жұбайына қарайтын «Терезе» компаниясы 2018 жылы ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен Семей әуежайын жөндеуге 10 млрд теңгеге келісімшарт жасасқанын жазған. Тұмашиновтың серіктесі Жанболат Қазанов – «Терезенің» директоры. Терезе – 2022 жылы 1,4 млрд теңге, 2024 жылы 821 млн теңге салық төлеген іргелі компания.

СҰРАҚ ТУҒЫЗҒАН ДЕПУТАТ

Парламентке бизнестен барған тағы бір депутат – атыраулық Әділ Жұбанов. Ол Парламентке кірмес бұрын Атырау өңіріндегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі «БатысАльянсСтрой» компаниясының бас директоры болған. Құрылтайшысы да өзі. Қазір ол компанияда басшы – ағасы Жаңабай Жұбанов. 

Жылыой ауданы Құлсары қаласын су басқан кезде депутат премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, Атырау облысында тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға өтемақы аймақтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің қазіргі құнына сай берілуі қажет деп мәлім еткен еді. «Мысалы, Атырау облысында жаңа тұрғын үйдің нарықтағы бағасы 1 шаршы метр үшін 350 000-400 000 теңге» деді ол. Дәл осы талаппен кейіннен Құлсары жұртшылығы митингіне шығып кеткен. Бірақ Парламентте бастама көтерген депутаттың наразы жұртшылықтың ортасына барып, елмен бірге талап етерлік сөзіне беріктігі байқалмады.

Ulysmedia.kz тілшісі Атырау облысы әкімдігіне хабарласып, су тасқынынан кейін үш салып жатқан құрылыс 8 компанияның тізімінде «БатысАльянсСтрой» ЖШС жоқтығын анықтады.

Депутаттың атымен байланысты тағы бір компания – ірі-қара мал өсіретін «Jan A'dil» ЖШС. Аты айтып тұрғандай бұл компания ағайынды Жұбановтар – Жаңабай және Әділ сөзінен құралған сыңайлы. 2018 жылы құрылған серіктестікке әуелі Жаңабай Жұбанов жетекшілік етсе, қазір оның иесі Нұржан Тілеубаев көрсетілген. Statsnet серіктестіктің жылдық табысын шамамен 100 млн теңгеден асады деп бағалайды.

Депутаттық корпуста жарлы-жақыбай жоқ, болуы екіталай. Дей тұрғанмен, халық қалаулыларының қайсына қазынадан алатын жалақысы маңызды емес екенін анықтағымыз келді. Ulysmedia.kz өз зерттеуін жалғастырады.