×
481.84
531.33
5.07
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
481.84
531.33
5.07

Токио дағдарысы, АҚШ және Қазақстан: жаһандық рецессияға жақындадық па?

09.08.2024, 12:42
Токио дағдарысы, АҚШ және Қазақстан: жаһандық рецессияға жақындадық па?
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қазір бүкіл қаржы әлемі қор нарықтарының, әсіресе азиялық нарықтардың тамырын басып отыр. Ондағы ахуал оңалып келеді, жаһан инвесторларын алаңдатқан күрт құлдыраудан кейін жапондық Nikkei биржасында индекстер аздап өсе бастады. 5 тамыз тарихқа «қара дүйсенбі» ретінде енді. Ulysmedia.kz тілшісі мұның Қазақстанға және әлемге ықпалы қандай боларын таразылап көрді.

Мәселе мынада, көптеген инвесторлар Жапонияда несие алады да, қаржыны долларға айналдырып, АҚШ-тағы және әлемнің өзге елдеріндегі әртүрлі хай-тек жобаларға инвестиция салады. Бұл үрдістің қалыптасқанына талай жылдың жүзі болды.

Алайда мұндай инвестициялардан әдетте табыс тез түспейді және инвесторлар жобадан пайда көргенше ұзақ уақыт бойы қарыз арқалап жүруге мәжбүр болады.

Бірақ шілдеде Жапонияда базалық мөлшерлеме 0,1%-дан 0,25%-ға дейін көтерілді. Осыған байланысты көптеген инвесторлар компаниялардағы өз үлестерін сатуды жөн көрді, өйткені олар үшін несие қымбатқа түседі, ал жобалардан табатыны теңізге құйған тамшыдай ғана. Сондықтан көп адам өз акцияларын сата бастады және ақылдасып алғандай бәрі бір уақытқа тап келді.

Сонымен қатар, АҚШ-та әдеттегідей шілде айының экономикалық көрсеткіштері жарияланды және ондағы сандар көңіл көншіте қоймады. Инвесторлардың бір бөлігі бұл цифрлар ірі компаниялардың акцияларын арзандатып жібереді деп алаңдап, қолда барынан дереу құтылуға асықты. Осылайша жаппай сатылым басталды. Салдарынан биржалар күрт құлдырады.

БҰЛ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, шындап келгенде, кейбір асыра бағаланған акциялардың бағасына үлкен түзету болды.

 – Бұл бүкіл нарыққа қалай әсер етеді, қорқынышты салдары бола ма, жоқ па, оны келесі апта көрсетеді. Дегенмен, бұл оқиғалардың ауқымы үлкен болғаны рас – көп адам ақшасынан айырылды, аз қаржы емес, жүздеген миллиард доллар. Мен мұның Қазақстан қатысатын әлемдік нарықтарға – мұнай мен металдар бағасына қалай әсер ететінін көргім келеді. Егер бұл мұнай бағасын қалыптастырушы Қытайға әсер етпесе, онда әлгі инвесторлардың трагедиясы біздің басымызға түспейді деп ойлаймын, – деп атап өтті сарапшы.

Дегенмен, маман жақында мұнай бағасының төмендеуі нарықты аздап сергелдеңге салғанын атап өтті.

– Алайда, негізінен Қазақстан сататын Brent маркасының бағасы біздің бюджетіміз үшін қолайлы шамада қалды. Бұған Таяу Шығыстағы саяси шиеленіс те әсер етіп отыр, яғни онда шиеленіс болса – мұнай бағасы әрдайым өседі. Жалпы, әзірге бізге алаңдайтын негіз жоқ, – деп есептейді Рысмамбетов.

Өз кезегінде экономист Бекнұр Қисықов Жапония АҚШ-тың негізгі инвесторы екенін, сондықтан Америкадағы экономиканың баяулауы Азия еліне тікелей әсер еткенін атап өтті.

– Жалпы, ашығын айтқанда, мұның бәріне бірінші кезекте АҚШ-тағы эмоционалды сайлауалды риторика әсер етті. Дональд Трамп Жапония қор нарығының құлдырауына демократтарды кінәлады. Бұл дағдарыс АҚШ-та басталып, Жапонияға тарады. Менің ойымша, бұл әлемдік экономикаға қауіп төндірмейді. Иә, биржаларда әлі де тұрақсыздық болуы мүмкін және бұл кейбір инвесторлардың оң жамбасына келеді. Бірақ жағдай тез шешілетініне сенімдімін, өйткені биржалардың құлауы шектік көрсеткішке жеткен жоқ, - деп түсіндірді Қисықов.

Сарапшы «қара дүйсенбіні» тіпті құлдырау деп атаудың қажеті жоғын, өйткені алаңдатарлық ештеңе болмағанын айтады. Оның пікірінше, әлемдік экономика күрделі жағдайларға тез бейімделіп, ұтқыр бола түсті.

КӨПІРМЕ КӨРСЕТКІШТЕРДІҢ САЛДАРЫ

Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда әлемдік экономикада нашар үрдіс қалыптасып отыр, деп жалғастырды Бекнұр Қисықов.

– Біз көп көрсеткіштер көзбояушылық екенін және экономиканың кейбір салалары әсіре бағаланғанын көріп отырмыз. Естеріңізде болса, бұрын тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс кезінде экономикалар қатты күйреді. Мысалы, Жапонияда дағдарыс криптовалютаға қатты әсер етті, яғни жасанды түрде жауырыны қомпайған салалар, әрине, зардап шегуі мүмкін. Бірақ негізгі экономика мұның зардабын тартпайды, - деді экономист.

Маманның пікірінше, қазіргі экономика әлжуаз және кез келген жері сыр беруі мүмкін, бұл кейіннен әлемнің барлық экономикаларына ықпал етеді.

  – Және бұл кез келген уақытта болуы мүмкін. Бірақ тарихи перспективада – қазір біз көріп отырған Жапония мысалында алып қарасақ, бұл АҚШ-тағы сайлау өткенге дейін эмоционалды құбылулар болады. Содан кейін, менің ойымша, бәрі реттелелі және бұл жағдай Қазақстанға қатты әсер етпейді, - деді Қисықов.

Оның айтуынша, әлемдік экономиканың жасанды түрде қомпаюы коронавирус пандемиясы мен Украинадағы дағдарыс кезінде байқала бастады.

   – Мысалы, Қытайдың жағдайы онша еместігі, экономикасы бұрмаланғаны, көрсеткіштері көзбояушылық екені белгілі болды. Сондай-ақ әлемде ұлттық валютаны қабылдау өзгерді. Дегенмен, менің байқауымша, соңғы жылдары әлемдік экономикалар дағдарыстармен күресуді үйренді және олар икемді бола түсті. Неліктен бұл көпіршіктер қатты жарылатын? Өйткені экономикалар икемсіз болды және жедел әрекет ете алмады. Құлдыраудан басқа жол таба алмады. Ал қазір оған жол берілмейді, өйткені құлдыраудың алдын алатын көптеген құралдар бар,  – дейді экономист.

ХЭППИ-ЭНД БОЛА МА?

Жапондық Nikkei биржасы біртіндеп қалпына келе бастады, 7 тамызда сауда-саттық 1,19%-ға жуық өсіммен аяқталды. Бұған Жапония банкі өкілінің мөлшерлемені одан әрі көтеру жоспарланбағаны және банк жұмсақ ақша-кредит саясатын ұстанатыны туралы мәлімдемесі әсер етті.

Алайда 8 тамызда сауда-саттық тағы да 0,84%-ға төмендеді. Атап айтқанда, SUMCO Corp., Shiseido Co. және Taiyo Yuden Co. компанияларының акциялары қатты құлдырады.

Бұл құбылулар жақын арада аяқталады және биржа тұрақты өсу жолына түседі деп үміттенеміз. Бірақ тұтастай алғанда, болған жағдай бәрімізге Жапония экономикасының АҚШ-қа қаншалықты тәуелді екенін, сондай-ақ инвесторлардың ресми көрсеткіштерге реакциясын көрсетті.