Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұловтың «көмір тоннасының бағасы 5700 теңгеден аспайды» деген жауабы қоғамда біраз қызу талқыға түсті. Кейін министрліктің баспасөз қызметі көмірдің тоннасының дәл сол тиелетін орнындағы бағасы солай деп ақталғанымен, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап кетті. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің «50 мың теңгеге азық-түлік сатып алатыны» секілді Атамқұловтың да сөзі түрлі «мемге» айналып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШЫМКЕНТТЕГІ БАҒА
Көмір бағасы жөніндегі өңірлердегі ресми органдардың ақпараты бір бөлек те, нақты тұтынушылардың, әлеуметтік желі қолданушы халықтың таратқан ақпараты бір бөлек. Мәселен, Шымкент қаласының Сая Қасымбек атты тұрғыны екі күн бұрын жарияланған постында таныстары 28 мың теңгеге көмір таппағанын айтады.
««Отпускнойға» түгелімен 19000-нан көмір алып қойғам ғой жазда. Енді сол, біреу тегін бергендей қуанып отырмын. Қай күні көршім 24000-нан алдым деп, көмірін жинап жатқанда ішекті бір тартқан ем, 28000-ға сәпсім түйіліп қала жаздадым. Үкіметтен тиым болмаған соң, әлігі «қазаннан қақпақ кетсе - иттен ұят кетеді» демекші, алпауыттар ойына келгенді істеп, шырқыраған қара халық боп жатырмыз ә?, - дейді Сая Қасымбек.
ӨСКЕМЕНДЕГІ ДҮРБЕЛЕҢ
Өскемендегі Аltaynews.kz сайты болса көмір бағасының қымбаттауын делдалдардан көреді. Ақпарат көзі облыс орталығының сол жағалауындағы теміржол тұйығында жылда суық түскен сайын жүк көліктерінің кезегі пайда болатынын хабарлайды. Көмір алғысы келетін жүргізушілер сол жерде тәулік бойы кезекте тұратын көрінеді. Алайда Өскеменге келетін көмірі бар вагондардың саны шектеулі. Осыдан шу шығады.
Өскемендіктердің өзі әлеуметтік желілерде көмірді жеткізіп бергені үшін жүргізушілер көмір тоннасын 25-30 мың теңгеден сататын айтады. Ал жекелеген аудандарда тіпті көмір тоннасы 40 мың теңгеге дейін қымбаттаған.
ДЕПУТАТТЫҢ САУАЛНАМАСЫ
Атамқұловтың сөзінен кейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров фейсбуктегі парақшасында ортаға «көмір бағасы қанша?» деп сауал тастады.
«Зайсанның өзінен өндірілетін көмірдің бағасы халыққа 22-24 мың теңге мөлшерінде жетіп жатыр. Сапасы нашар деп халық шулап жүр», - деп жазды Шолпан Ғаббасова атты шығысқазақстандық тұрғын.
Ал Нұр-Сұлтанның іргесіндегі Қосшы ауылында көмір тоннасы 21 мың теңгеден сатылып жатыр екен. Бұл ақпаратты депутаттың постының астына Ермек Мұхамади атты адам қалдырды.
«Жезқазғанда 20-25 мыңның аралығында деп естідім. Бірақ, біз күзде 17 мыңнан алғанбыз», - дейді Эльвира Алпанбаева.
Десе де Жезқазғанның тағы бір азаматы Қияқтының көмірі 7,5 мың теңгеден берілетіні туралы хабарлама жариялады.
Бурахан Дақанов атты азамат Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында көмір тоннасы 23 мың теңгеден сатылып жатқанын мәлім етті.
«Алматы облысы Көксу ауданы орталығында көмірдің тоннасы 15 000 теңге. Ауыл ішінде тасымалдау құнымен тағы 15 000 теңге. 29 мың теңге деген алыстағы Алакөл ауданының бір ауылындағы баға ғой. Егер оған тасымал құны қосылған болса, арзан. Өйткені, Көксу ауданында бірнеше көмір түсіртеін тұйық орындар бар, сол аймақтың отын тасымалдаушыларын қамтып отыр десе болады. бірақ, биыл көмі ралушылар аз, көбі қаппен, бөлшек саудаға сату үшін сатып алатындар екен. Жалпы, көмір алушылар азайған. Ауылға газ келгені, 20 пайыз табиғи отынға қосылған сияқты. Қалғандарының бірден 5-10 тонналап сатып алуға жағдайы жоқ, өз туыстарымнан білемін. Мөшектеп алады. Оның құны, 25 келі - 1400 теңге болатын», - дейді Қалмаханбет Мұқаметқали атты азамат.
Әлемжелі қолданушылары сонымен қатар Қызылорда облысында көмір тоннасы 15-19 мың теңге (Қазалыда ағаш көмір 19 мың, тас 15 мың – Рамазан Нұрым), Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында 25-28 мың теңге (Сәуле Әліпова) екенін жазады. Пікір қалдырғандардың кейбірі сатып алатын көмірдің жоқтығын айтып, дабыл қағып жатыр.