×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Тоқаев сөзге сақ, Шольц та ұстамды – Қазақстан мен Германия қатынасы алда қалай өрбиді

17.09.2024, 10:44
Тоқаев сөзге сақ, Шольц та ұстамды – Қазақстан мен Германия қатынасы алда қалай өрбиді
Ақорда

Германия канцлері Олаф Шольц кеше Астанаға келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізді. Орталық Азиядағы сапарын әуелі Өзбекстаннан бастаған канцлерді Ақордада сән-салтанатпен қарсы алды. Тоқаевтың өзі Шольцпен бір жыл бұрын Германияға барғанда кездескен. Биыл мамырда екі ел басшысының өзара телефон арқылы сөйлескені бар.

Екі елді не байланыстырады? Өзара сауданың көлемі қандай әрі ол ұлғая ма? Шольц неге Астанада Украина тақырыбын қозғады? Оған Тоқаевтың берген жауабы нені білдіреді? Ақордадағы ресми жиында болып қайтқан Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

БАРЫС-КЕЛІС

Германия Федеративті Республикасы 1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған ел. 1992 жылдың 11 ақпанында дипломатиялық қатынастар орнаған алғашқы елдердің бірі. Неміс көшбасшылары жалпы Қазақстанға жиі болмаса да келіп тұрады. Бұған дейін Қазақстанға ГФР президенті Р. Герцог (1995 жылы), федералды канцлер Г.Шредер (2003 жылы), федералды президент Х.Келер (2008 жылы), ГФР федералды канцлері А.Меркель (2010 жылы шілде және желтоқсан) және федералды президент Ф. В. Штайнмайер (2017 жылы шілде) келіп қайтқан.

Президент Тоқаев Германияға алғашқы ресми сапарын 2019 жылдың желтоқсанында жасады. Оның алдындағы экс-президент Назарбаев Германияға 7 рет (1992, 1997, 2001, 2004, 2007, 2009, 2012 жылы) ресми сапар жасаған.

ӘУЕЛІ ТАШКЕНТ, СОДАН КЕЙІН АСТАНА

Астанаға келмес бұрын Олаф Шольц Самарқанға барып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Жалпы, осы екі елдің байланысы кейінгі жылдары нығайып келеді. 2022 жылы Германия Еуропа елдері ішінде Өзбекстанның жетекші сауда-экономикалық серіктесіне айналды. Бұл Өзбекстан мен Еуропа арасындағы жалпы сауданың шамамен 26 пайызын құрайды. 2021 жылы Өзбекстанға Еуродақ елдерінен түскен инвестициялардың 60% жуығы Германиядан келген инвестициялардан құралып, оның мөлшері 5,5 миллиард долларға жетті.

Негізгі құжаттардан бөлек, Өзбекстан мен Германия кәсіпорындары деңгейінде келісімшарттар пакетіне қол жеткізді. Самарқандағы бұл жолғы келіссөздердің қорытындысы бойынша Шавкат Мирзияев пен Олаф Шольц бірлескен декларация қабылдап, екіжақты 8 құжатқа қол қойды. Бұдан басқа, 2024-2026 жылдарға арналған технологиялық әріптестік және өнеркәсіптік кооперация жөніндегі бағдарлама және Өзбекстан мен Германияның жетекші кәсіпорындары деңгейіндегі келісімдер мен келісімшарттар пакеті қабылданды.

АҚОРДАДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Күні кеше Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда Қазақстан және Германия басшыларының келіссөздері өтті. Ресми жиында айтылғандай, екі елдің екіжақты тауар айналымы бір жарым есе жуық өсіп, шамамен 4 млрд долларды құрап отыр. Биыл да оң динамика байқалады. Тоқаевтың сөзінше, кейінгі жеті айда өзара сауда көлемі 2,3 миллиард доллардан асқан. Ал 2005 жылдан бастап Германиядан тікелей инвестиция шамамен 6,7 миллиард долларды құраған.

– Бұл қаражаттың 90% шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі мол – мыңнан астам компания жұмыс істейді, – деп атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрын Германияда.

Бір айта кетерлігі, дәл осы әңгіме сөзбе-сөз кеше де айтылды. Соған қарағанда, бір жылдың ішінде екі елдің арасындағы өзара байланыс қатты өзгеріске ұшырай қоймаған секілді.

Германияға Қазақстан мұнайдан бастап көмірсутек, ферроқорытпалар, сутегі, инертті газдар, күміс, мыс сынды қазба байлықты экспорттайды. Дәрі-дәрмек, егін жинау және бастыруға арналған машиналарды, медицинада қолданылатын өлшеуіштер мен құрылғылар, автомобильдер, жабдықтар мен механикалық құралдар, арнайы мақсаттағы құрылғыларды импорттайды.

ГЕРМАНИЯНЫ МҰНАЙМЕН ҚАМТИТЫН ТӨРТ ЕЛДІҢ БІРІ – ҚАЗАҚСТАН

Десе де, шикізаттық емес сектор туралы сөз қозғағанда Германия президенті Штайнмайер бір жыл бұрын Астанаға жасаған сапары кезінде басқаша сөйлегендей болған.

– Кейінгі кезде Қазақстан шикі мұнай жеткізумен ГФР энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Қазақстан мұнайының қосымша көлемін жеткізу жоспарда бар. Бұл сол жерде орналасқан мұнай өңдеу өнеркәсібінің болашағын, сондай-ақ Шығыс Германияның отынмен қамтамасыз етілуін қамтамасыз етеді, - деген-тін Фрэнк-Вальтер Штайнмайер.

Қазақстан – Германияны мұнаймен қамтамасыз ететін төрт негізгі мемлекеттің бірі, сондай-ақ Германия экономикасын энергиямен және қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ете аларлық әлеуеті де мол.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Германия үкіметі Қазақстаннан мұнай сұраған. Сол тұста энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан "Дружба" магистральдық мұнай құбыры арқылы Германияға ай сайын 100 мың тоннадан мұнай жеткізетінін хабарлаған еді. 2024 жылға арналған келісім шамамен 1,2 миллион тоннаны құрайды, неміс тарапы бұл көрсеткішті 2 миллион тоннаға дейін арттырғысы келеді.

БІРЛЕСКЕН ДЕКЛАРАЦИЯ

Ақордадағы келіссөздердің қорытындысы бойынша Бірлескен декларация қабылданды. Делегация мүшелері Қазақстан Ұлттық банкі мен Дойче Бундесбанк арасындағы Орталық банктер ынтымақтастығының техникалық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ екі ел Өскеменде Қазақ-неміс ғылым және технологиялар институтын құруға келісті. Одан бөлек, қазақ-неміс мектебін құру ниеті туралы да меморандум қабылданды.

БІЗДЕ МЫНАДАЙ БАР, МЫНАДАЙ БАР

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропадағы ірі елдің басшысына айтқысы келген месседжі бизнес-форумда айтылғандай болды. Ол жиында президент өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытына тоқталды.

– Біздің минералды-шикізат қорымызда әлі барланбаған бес мыңнан астам кен орны бар. Бұл кеніштердің құны триллиондаған долларға бағаланады. Бүгінде біз Еуропа одағының экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін материалдың 19 түрін өндіреміз. Осыған орай Минералдық ресурстар жөніндегі неміс агенттігі (DERA) мен қазақ серіктестері маңызды шикізат саудасы бойынша консорциум құрып жатыр. Біз бұл бастаманың таяу арада нақты іске асуын асыға күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстанда литий элементін қайта өңдейтін зауыт салу үшін барлау жұмыстарын жүргізу туралы жоспарын құптаймыз. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі – 500 миллион доллар. Еліміздің бай ресурс қоры өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды кеңейте түсуге мол мүмкіндік береді, – деді президент.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан барланған мұнай қорының көлемі жағынан Еуразия құрлығында екінші орында және әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізуші ірі елдердің санатына кіреді. Қазақстан мұнайының 70 пайызы Еуропа одағына жөнелтілетінін ескерсек, еліміз экспорт мүмкіндіктерін ұлғайтуға, осылайша жаһандағы энергия ресурстары тапшылығының азаюына ықпал етуге дайын.

Бірақ елді саяси мүддеден гөрі экономикалық, бизнес серіктестік көбірек қызықтыратыны белгілі. Содан болар, құжат пакеттерінің көбіне бизнес-форумда қол қойылды. Олардың ішінде бірлескен экономикалық жол картасы, «Жасыл сутегі» жобасы, «Siemens» компаниясымен меморандум, стратегиялық серіктестік, техника өндірісі саласындағы келісім мен мандаттық хаттар да бар. Келіссөздің көбі тек алдын ала меморандуммен аяқталса да, осы құжаттар Қазақстан мен Германияның алдағы қарым-қатынасы қалай өрбитінін көрсетеді.

ШОЛЬЦ “ҰСТАМДЫРАҚ” БОЛДЫ

Ақордаға Шольцтың келісі десе де Франция басшысы Макронның сапарынан бөлектеу. Макрон Астанаға келген кезде “қайсыбір державаның вассалы болғысы келмейтін жолдарыңызды бағалаймыз” деп майпаздаса, Шольц Тоқаевтан Украианадағы соғыс жайлы не ойлайтынын тіке сұраған. Тоқаев “әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық” деп бір, “Қытайдың бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық” деп екі айтып, Қазақстанның көпвекторлы саясатын нықтай түскен.

– Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес, – дейді Тоқаев.

Саясаттанушы Риззат Тасымның айтуынша, халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша поляризация ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға кедергі келтіріп, әсіресе алдағы жылдардағы күрделі және айқындалмаған саяси-экономикалық перспективалар жағдайында одан да көп келіспеушіліктер тудыратын келеңсіз жағдайларға әкеп соғуы ықтимал. Сарапшы бұл ретте ОА елдерінің тәжірибесінен сәтті өткен «Орталық Азия+» форматы зор әлеуетке ие екенін, алдағы уақытта оның қатысушылар ауқымы мен көтеретін мәселелер шеңбері арта түсері анық екенін атап өтеді. 

Риззат Тасым

– Олаф Шольцтің Қазақстанға алғашқы ресми сапары санкциялық саясатты күшейту мен сауда және энергетикалық жолдарды әртараптандыру қажеттілігі арасындағы күрделі дихотимия аясында өтіп жатыр. Осы орайда, Қазақстан сатылы және мұқият түрде, дипломатиялық арналар арқылы Батыстағы әріптестерін елге тікелей әсер ететін санкциялық тетіктерді ілгерілетудің дәрменсіздігіне көндіруде. Астана өзінің ұстанымы санкцияларға қосылғысы келмеуінен емес, объективті себептерден туындағанын айтып отыр. Сәйкесінше, Шольц өзінің Өзбекстандағы сөзіне қарағанда бүгін «ұстамдырақ» болды, – дейді ол.

Риззат Тасым бұл тұрғыда Қазақстан жауапты әріптес және аймақтағы сауда торабы ретінде экономиканың құрамдас бөліктерін күшейтуді және протекционистік әрекеттерден бас тартуды ұсынып отырғанын айтады.

– Гуманитарлық тірек саяси қақтығыс пен күрделі дипломатиялық маневрлердің көлеңкесінде қалмауы керек. Бастысы, екі ел арасындағы ұзақ мерзімді, тұрақты қарым-қатынастардың негізі бола алатын гуманитарлық байланыстар «бір сәттік саяси ұпайлардан» маңыздырақ. Қазақстандағы елеулі неміс диаспорасы мен аймақтағы немістердің тарихи көші-қонына негізделген Қазақ-неміс арасындағы этникалық байланыстар, яғни «этноэкономика», жеткілікті пайдаланылмаған ресурс ретінде қалып отыр. Қазіргі ахуалда, екі ел де өз экономикасын әртараптандыруға және әртүрлі сектордағы серіктестікті нығайтуға ұмтылған уақытта бұл инвестиция, сауда және технология саласындағы тығыз қарым-қатынасқа ықпал ете алар еді, – дейді Риззат Тасым.

Алда «Орталық Азия + Германия» саммиті өтеді.