Биыл жазда шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға байланысты екі сот шешімі көпшіліктің назарын осы мәселеге аудартты. Оның біріншісі – "Олимп KZ" букмекерлік кеңсесінің ісі бойынша іске тартылып, бауыр циррозына шалдыққан Жәнібек Жауыровтың ісі. Оны сот мерзімінен бұрын босатады. Сотталған адамға мерзімінен бұрын босатуға құқық беретін, өлімге апарып соғатын диагнозға қарамастан, судья оны колонияда қалдырды. Жауыров қапаста көз жұмды.
Екіншісі – банкир Ержан Тәтішевті тапсырыспен өлтіргені үшін сотталған Мұратхан Тоқмәдидің ісі. Әуелі оны шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш қанағаттандырылған, кейін апелляциялық саты бұл шешімнің күшін жойды. Парадокс мынада: екі шешімді де Қонаев сотының бір судьясы шығарған. Ол судья әлі де адам тағдырын шешіп, сот істерін қарап жатыр.
Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте сот қай кезде сотталған белгілі адамдарды босатып, қай кезде түрмеде қалдырғанын еске түсіріп көрді. Сондай-ақ, сотталған адамның түрмеден босап шығуына немесе шықпауына қандай факторлар әсер ететінін білуге тырысты.
ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ: СОТТАЛДЫ, ШЫҚТЫ ДА ТАҒЫ СОТТАЛДЫ
Қонаев қалалық сотының судьясы Мақсат Әмірқұлов қандай "ішкі сенімді" басшылыққа алып, өлім аузында жатқан Жауыровты босатпай, түрмеден қашпақ болған Мұратхан Тоқмадиді босатқысы келгені түсініксіз - бұл судьяның өзі ғана мәлім.
Жалпы бұл судьяның бұлай таңдап шешім шығаратыны бұрын да кездескен. Оның әріптестері – Фемида қызметкерлері кейбір сотталғандарды мерзімінен бұрын босатып, басқасын шығармай, жұртшылықты талай таңғалдырғаны бар.
Мысалы, Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2018 жылдың наурызында 346 млн теңге сомасында пара алғаны, бюджеттен 1,2 млрд теңге ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда 2019 жылдың қазан айында ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Шымкент соты Бишімбаевтың қамауда болған кезеңінде ұсынған "оң мінездемесін" және "сот берген талап-арызды өтеуді" ескеріп, оның өтінішін қанағаттандырды. Осылайша, экс-министр темір тордың аржағында екі жылдан аз уақыт қана отырды. Ал 2023 жылдың қараша айында өзінің азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы "BAU" мейрамханасында өлтіріп, сол үшін 24 жылға сотталып кетті.
ҚАЙРАТ ЖАМАЛИЕВ: ҮШ ЖЫЛ – САБАҚ БОЛАР МЕРЗІМ ЕМЕС
2015 жылы елде "Әліби ісі" қоғамда дүмпу туғызғаны белгілі. Елордалық кәсіпкер Қайрат Жамалиев жәбірленуші Әліби Жұмағұловқа бопсалағаны, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін сотталды. Сот оны 13 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда 2017 жылы Жоғарғы сот бұл мерзімді екі есе – 13 жылдан 7 жылға дейін қысқартты. Ал 2018 жылы мерзімінің үштен бірінен астам бөлігін өтегеннен кейін Жамалиев жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстыру туралы өтініш берді. Көкшетау қалалық соты қылмыстық атқару жүйесінің оң мінездемелерін және залалды өтеуді назарға ала отырып, Жамалиевті мерзімінен бұрын босатты. Осылайша, іс жүзінде кәсіпкер итжеккендей ит өлген жерде емес, жақын маңда үш жыл жазасын өтеп, шығып кетті.
Айтпақшы, колониядан шыққаннан кейін Жамалиев тағы да заң бұзып, бір адамды ұрып жіберген. Кейін бірақ жәбірленуші арызын қайтарып алған.
МҰХТАР ЖӘКІШЕВТІҢ ІСІ
Фемида Қазатомөнеркәсіп компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің басынан сипаған жоқ. Оған "Қазақстанның ірі уран кен орындарындағы үлестерді оффшорлық компанияларға аударды, залал сомасы 99,6 млрд теңгеге бағаланды" деген айып тағылды. 2010 жылы сот процесі жабық режимде өтіп, айыптау үкімі шықты. Жәкішев 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушы өзіне тағылған айыппен үзілді-кесілді келіспей, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу жөнінде үш рет өтініш білдірсе де, сот оның екеуін қанағаттандырудан бас тартты. Сот мұндай шешімдерді шығарғанда "келтірілген залалды өтемеді" дегені түрткі болды. Дәрігерлер Жәкішевтің денсаулығының нашарлығына да назар аударған. Ақыры, Мұхтар Жәкішев 10 жыл отырғаннан кейін 2020 жылдың наурыз айында ғана бостандыққа шықты.
“ШАҢЫРАҚ” ОҚИҒАСЫ БОЙЫНША СОТТАЛҒАН ҚҰРМАНҒАЗЫ ӨТЕГЕНОВ
"Шаңырақтағы оқиғаға" байланысты 2007 жылы 16 жылға бас бостандығынан айырылған Құрманғазы Өтегенов шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыға алмады.
2006 жылдың 14 шілдесінде Алматының шетіндегі Шаңырақ шағын ауданында "өздері үй салып алған жерлердегі" үйлерді бұзуға келгендерге, спецназға жергілікті тұрғындар қарсы шығып, екіжақты қақтығыстар болған еді. 2007 жылдың қазан айында Алматы соты Шаңырақта "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды" және полиция аға лейтенанты Әсет Бейсеновтің өліміне қатысы бар деген айыппен төрт адамды ұзақ мерзімге түрмеге қамады. Атап айтқанда, Арон Едігеев (Арон Атабек) 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ержанат Тараншиев 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға бас бостандығынан сотталды. Сот тағы 18 адамды шартты мерзімге үкім кесті.
Айтпақшы, "Шаңырақ" оқиғасынан кейін билік кенттегі үйлердің бәрін заңдастырын, шағын ауданды кейінірек құрылған Алматы Алатау ауданының құрамына қосқан.
2022 жылдың ақпан айында Қостанайдағы сот Құрманғазы Өтегеновті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды. Ол 2022 жылғы 19 тамызда толық мерзімін өтеп, бостандыққа шықты.
ВИТАЛИЙ ВОРОНОВ: ІС ЖҮЗІНДЕ ПРОБЛЕМАЛАР БАР
Қазақстан Фемидасының кісіні таңдап босататын әдетіне қарап, елдегі белгілі адвокаттардың пікірін білмек болғанбыз.
– Іс жүзінде мерзімінен бұрын босату заңнамада көрсетілген талаптармен және оларға негізделген судьяның ұстанымымен айқындалады, - деп атап өтті адвокат және құқық қорғаушы Виталий Воронов.
– Тағы айтарымыз, соттың көңіл-күйін немесе қызығушылығын (қызықпайтынын да) қоса алғанда, құқық қорғау органдарында проблемалар бар. Ал сот үкім шығарса да, мерзімінен бұрын босатса да тәуелсіз болуы тиіс. Егер сотталған адамның заң бойынша ерте босап шығуға құқығы болса, онда ол үміткер барлық объективті критерийлерге сәйкес келген жағдайда іске асырылуы тиіс. Іс жүзінде, өкінішке қарай, судьяның, колония әкімшілігінің, прокурордың, жәбірленушінің субъективті пікірлері, тіпті сыбайлас жемқорлық көріністері әсер етуі ықтимал, - дейді ол.
Виталий Воронов/кадр из YouTube-канала “Гиперборей”
Вороновтың пікірінше, шын мәнінде Жоғарғы соттың 2015 жылғы 2 қазандағы №6 заңы мен нормативтік қаулысында "жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру және тағайындалған жаза мерзімін қысқарту сот практикасы туралы" – барлығы жазылған. Мәселелер іс жүзінде кездеседі.
МҰРАТ АДАМ: СУДЬЯ СУДЬЯНЫҢ КӨЗІН ШҰҚЫМАЙДЫ
Адвокат Мұрат Адам да осындай пікірде.
– Тоқмәди мен Жауыровпен болған жағдайда судья қылмыстық кодекстің 72-бабын қолданды (шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазасын одан әрі өтеу). Егер сіз осы баптың диспозициясына назар аударсаңыз, онда барлық жағдайда "жазаны өтеу кезінде жалпы мерзімнің осындай бөлігі бойынша (жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты 1/3 немесе¼), шартты түрде мерзімінен бұрын жаза берілуі мүмкін. Яғни, судья мерзімінен бұрын босату үшін құқықтық негіздердің бар-жоғын анықтап, оны бере алады немесе бере алмайды, өйткені бұл оның құқығы.
Адамның пікірінше, бірінші сатыдағы соттың қаулысын апелляциялық алқа жойған жағдайларда, жоғары тұрған сот сатысындағы әріптестер тек сот актісінің күшін жоюмен шектелмеуі тиіс.
– Бірінші сатыдағы сот заң бұзса, апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығарған кезде оны көрсетуі тиіс. Бұл заңбұзушылыққа жол берген судьяны жауапқа тарту үшін сот алқасына ісін жіберуге негіз болар еді. Өкінішке қарай, бұл апелляциялық сатыдағы соттар осындай үкімді өте сирек шығарады. Оларға бірінші сатыдағы судьяның шешімін күшінде қалдыру оңайырақ. Мұнымен күресу керек. Соттың ішкі жүйесінде мұндай күрес басталмай, "көңіл-күйіне қарай" адамдарды мерзімінен бұрын босату тәжірибесі тоқтамайды, - дейді ол.