×
487.37
532.94
5.09
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.37
532.94
5.09

Жалған диплом, жемқорлық, керексіз мамандар: Қазақстан университеттерінде басқа қандай проблемалар бар

01.10.2024, 09:47
Жалған диплом, жемқорлық, керексіз мамандар: Қазақстан университеттерінде басқа қандай проблемалар бар
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда жемқорлық тіркелмеген сала жоқ. Пара алу немесе беру кезінде ұсталғандар жайлы жаңалық жиі шығады. Мәселен, күні кеше Шымкенттегі Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры 28,5 миллион теңге пара алды деп күдікке ілінгені хабарланды. Ректор қалай, не үшін ұсталғаны жөнінде жауапты меморгандар да, университет басшылығы да әзірге ақпаратқа сараң. Тек мемлекеттік сатып алуға қатысты іс деген мәлімет бар.

Жалпы елдегі жоғары оқу орындарына гранттар есебінен мемлекеттік бюджеттің қомақты бөлігі аударылады. Сол бюджетке қаншалықты мониторинг жүргізіледі? Университеттерде қандай жемқорлық тәуекелдері бар? Салада басқа қандай проблемалар қордаланған? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

БІЛІМГЕ ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Ulysmedia.kz бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігіне 2023-2024 жылдар аралығында мемлекеттік бюджеттен қанша мың орын грант қаржыландырылғанын (қаншасы бакалавриат, қаншасы магистратура және қаншасы докторантура) сұрап көрген. Ведомство жауап ретінде министрдің №302 бұйрығына сілтеме жасады. Одан қарағанымызда 2023-2024 оқу жылында 78 155 грант бөлінгенін санап шықтық.

Әр студентті оқытуға елдегі жүзден аса университетке миллиардтап қаржы бөлінеді. Тіпті 2025 жылға арналған бюджет жобасында білім бағытындағы шығындар 116 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңгеге жеткізілмек. Шығындардың өсуінің негізгі факторы – шәкіртақыны 15-20% өсіру, екіншіден тағы 78 мың студентке грант бөлу болып отыр. Әзірге Ғылым және жоғары білім министрлігінен мемлекеттік гранттар университеттерге қалай бөлініп жатқаны жөнінде мәліметті ала алмай отырмыз. Министрлік осы қаражаты тиімді жұмсалғанын талдап отыр ма?

«БҰРАП ҮЛГЕРМЕДІК»: ЖАЛҒАН ДИПЛОМ ЖАЙЛЫ

Жалпы жоғары оқу орындарында жемқорлық фактілерінің ең «танымалының бірі» – диплом сату. Мұны Антикор Ұлттық баяндамасында да атап өтеді. Агенттіктің хабарлауынша, 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары өздігімен диплом жасап, оқып бітірген маманға беруге қақылы. Академиялық автономияның көлеңкелі тұсы да – осы. Ал дипломның шынайылығы Ұлттық білім беру мәліметтер базасындағы (ҰБМБ) жазба арқылы дәлелденіп келген. Жоғары оқу орындарындағы 550 қызметкердің дипломдарға арналған QR-код генерациясын жүргізуге құқығы болған. Антикор дәл осы қызметкерлердің бұл саладағы шексіз билігі жемқорлық қаупін туғызғанын хабарлайды.

Жемқорлықпен күресушілер таңдап қана 19 жоғары оқу орнын зерттеген кезде базада бар, бірақ мәліметтер базасында аты жоқ 2 733 адамның есімін анықтаған. Ең қиыны, ҰБМБ-ға түлектердің есімін өткен мерзіммен кіргізе салу да оп-оңай. Антикор қызметкерлері талдау жүргізіп, 1 143 диплом өтірік берілгенін анықтады. Одан бөлек 1 243 адам дипломды бір жыл ғана оқып ала салған.

Мұның мән-жайы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен сұралғанда ведомство басшысы мәселені жасырған жоқ. «Бұрап үлгермедік» дейді ол.

«Біз сол кезде сәл бұрап үлгермедік (ол кезде министрлік болмаған, сонда да жауапкершіліктен қашпаймын - министр.) Цифрлық тұрғыда қамтылуын айтам», - дейді ол.

Нұрбектің сөзінше, шет елдерде орталық министрлік ЖОО-лардың диплом беруін бақыламайды. Мәселен, АҚШ-та әр университет өз дипломдарының есебін жүргізіп, нарық пен бизнесте мамандары қаншалықты сұраныста екенін талдап отырады. Әр ЖОО репутациясына жұмыс істеп, нарықтан ойып орын алғысы келеді.

«Бізде де бәрі солай басталды. Әр ЖОО өзінің сауда маркасын жасасын дестік. Ал диплом – сіз тарататын өнімнің сапасын көрсетеді. Алайда бұған дейін цифрлық платформалар болмаған. Өкінішке қарай бізде адамдар алаяқтықпен көп айналысады. Тіркелетін қылмыстың ең көп түрі де сол. Әр адамға не беріліп жатқанын растайтын платформа жоқ еді. Біз сол шаруаны атқарып үлгермедік», - дейді ол.

Платформа 2022 жылы жасала бастаған. Қазір ол дайын. Оған 1991 жылдан бастап диплом алған адамдардың тізімі кіргізіледі. Министрлік бұл шаруаны жыл соңына дейін аяқтамақ. Ал жалған диплом жасаушылардың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

СЕССИЯНЫ «АҚШАМЕН ШЕШУ», МЕМСАТЫП АЛУДАҒЫ ШУЛАР

Университеттердегі жемқорлық жалған диплом таратумен шектелмейді. «Аманат» партиясының жастар қанаты осыдан екі жыл бұрын елдегі 20 мың студенттен анкета жинағанда өңірлердегі университеттер мен колледждердің аузы-мұрны жемқорлыққа толғаны аталып өткен. Анкета жүргізушілер студенттер мен оқытушылар үшін сессияны «ақша беріп» реттеу кәдімгі практикаға айналғанын атап өткен еді. Ал Антикор қызметінің генерал-майоры Асхат Оразханның айтуынша, емтихан тапсыруда да, жатақхана орнын бөлу кезінде де жемқорлық тәуекелдері көп.

«Әділдік жолы» ұйымының басшысы болған Дидар Смағұлов бір сұхбатында Қазақстандағы жемқорлықтың бестен бірі мемлекеттік сатып алуда тіркелетінін мәлім еткен еді. Кесел жоғары білімді айналып өтпеді. Үш жыл бұрын ҚазҰУ профессоры Анатолий Иващенко министрге жүгініп, ғылым саласына бөлінген қаражат жымқырылып жатқанын мәлім еткен. Оның айтуынша, университетке қажетті тауарлар мен қызметтерді орындаушылар мемлекеттік сатып алуды өткізу талаптарын сақтамай таңдалады. Сол тұста университеттер мемлекеттік сатып алу ережелерін өзгерту жөнінде министрліктің ұсыныстарын 10 жылдан бері елемей келе жатқаны айтылған.

Антикордың жедел уәкілдері биыл мамырда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің басқарма төрағасы – ректор Әсет Қалиевті ұстап, үйінде тінту жүргізген еді. Қалиевтің сол тұста Алматыдағы кәсіпкерден "медициналық жабдықтарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджеттік ақшаны кедергісіз аударғаны" үшін 11,6 млн теңге көлемінде пара алғаны хабарланған. Сот санкциясымен ол қамауға алынды.

Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері мен ғалымдарының бастамашыл тобы таяуда БАҚ-қа жүгініп, басшылыққа айып тақты. Олардың айтуынша, ЕҰУ-да ғылыми жобаларға бөлінетін гранттарды басқаруға байланысты ауқымды қаржылық заңбұзушылықтар орын алған болуы мүмкін. Университет қызметкерлері мен ғалымдар ЕҰУ-да ғылыми жобаларға бөлінген қаражатты «шымшу» тәжірибесі қалыптасқанын айтып, бұл айтарлықтай қаржылық шығындарға әкелді деп мәлімдейді. Қаражатты Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға бөледі. Сома гранттық қаржыландыру үшін 54-90 млн теңгеден болса, үш жылға бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 70-300 млн теңгеге дейін ақша аударылады. Әңгіме университетке бөлінген үлкен сомалардан туындап отыр.

МЕМЛЕКЕТТЕН БӨЛІНЕТІН ӘР ТЕҢГЕ ҚАДАҒАЛАНУЫ КЕРЕК

«Әділдік жолы» ұйымында қызмет етіп, мекемелердің жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін зерттеген Дархан Құлжанбеков бір кездері өздеріне «Шабыт» университетіне байланысты шағым түскенін есіне алады. Сөзінше, тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде бағалардың өсіріп қойған жайттар кездескен.

«Біз «Шабыт» университетінің жоспарларын зерделегенбіз. Жыл сайын мемлекеттік сатып алу порталдарына өзіне қажетті керек-жарақтың, күрделі жөндеудің, тауардың жоспарын жариялайды. Мониторинг жүргізіп, өз ұсыныстарымызды Антикорға тапсырғанымыз бар. Антикор жоспарларды қадағалайды. Тауар бағасын негізсіз көтерген жағдайлар болса, олар ұсыныс жасап, бағаларын төмендетеді.

Мемлекет қаржысынан 1 теңге бөлінді ме – ол міндетті түрде қадағалануы керек. Антикор қарай ма, прокуратура ма, аудит пе – әр тиынды қадағалау әр мемлекеттік органның міндеті. Өйткені мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көп. Парта, орындық сатып алса да, жөндеу жүргізсе де – тиімділігін қарау маңызды. Ақша қайда кетіп жатыр? Расымен жұмыс жүргізіліп жатыр ма? Техсипаттарға сай келе ме? Ол міндетті түрде тексерілуі керек», - дейді сарапшы.

«РЕКТОР БОЛҒАН КЕЗІМДЕ МАҒАН ҚАНШАМА АДАМ АҚША ҰСЫНДЫ»

10 жыл бойы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры болған депутат Ерболат Саурықов мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң күшіне енгенімен кәсіпкерлердің шағымы толастамай тұрғанына назар аударады. Оны ең алдымен, жергілікті билік өкілдерінің мемлекеттік сатып алу ісіне араласуымен байланыстырады.

Ерболат Саурықов

«Жеке университеттің басшысы болдым. Кейбір азаматтар жұмысқа орналасу үшін пара беруге дайын тұрады. Бұл ойды қалыптастырған – жүйе. Ескі жүйе оларды жұмысқа алмады, анда сілтеді, мұнда сілтеді. Сөйтіп жүргенде біреу ақша беріп, жұмысқа кіріп кетті. Сөйтіп, ол да пара беруге бейім бола бастады. Ректор болған кезімде маған қаншама адам ақша ұсынды. Ақшамен кірген адам жұмысына адал бола ма, күні ертең саған «жұмысқа ерте келем бе, кеш келем бе өзім білем» демесіне кім кепіл!? Ауызым жабылып қалар еді. Жекеменшік мекемеде сол себепті ешкім парамен жұмысқа кірмейді деп ескерттім», - дейді ол.

Ерболат Саурықов қыркүйек алдындағы әр жиналыста 500 қызметкерін жинап алып жиналыс өткізетінін есіне алады. Сөзінше, жаңадан келген қызметкерлерден декандардың ақша алып қою фактілері кездескен.

«Сол жиналыста «осынша жаңа қызметкер бізге келді, бір адамнан да ақша сұралған емес, ректор ретінде сұраған емеспін, сұрамаймын да. Басшыға беремін деп, осында отырған басқа азаматтар ақша сұраса, шыққан соң қайтарып алыңыздар» деп ескертетінмін. Ұжымда сыртымнан ешкім ақша алмауға тырысады.

Сессиясын жабу үшін мұғалімге пара беру деген мәселе орын алуы мүмкін. Оны 100% жоқ деп айта алмаймын. 7-8 мыңға жуық студент оқиды. Ол жерде кімнің қай мұғаліммен сыбайласып жатқанын, кімнің диплом жұмысын кімдер жазып жатқанын байқай алмаймыз. 70-80 пайыз шынайы өткізуге тырысамыз. Жастар комитеті, жемқорлыққа қарсы комиссия бар. Солар мейлінше таза өткізуге тырысады. Бірақ арасында кетіп қалып жатады. Сыртта жүрсем де естіп отырамын.

Бұл жекеменшік оқу орнының мағайындағы әңгіме. Ал мемлекеттік университеттерде ректор 3 жыл сайын ауысады. Ешкімге кінә тақпай-ақ қояйын, бірақ ректор үш жылда кететінін білсе... Мәселе осы жерден басталады», - дейді Ерболат Саурықов.

«ЖОО БІТІРГЕНДЕРДІҢ ТӨРТТЕН БІРІ ТАКСИ ЖҮРГІЗІП ЖҮР»

Парламент депутаты Жұлдыз Сүлейменова мәжілісмендер тарапынан Ғылым және жоғары білім министрлігіне университеттерді дамуы бойынша төрт лигаға бөлу жөнінде бастама болғанын айтады. Олар: ұлттық мақсаттарға жұмыс істейтін, өңірдің экономикасына жұмыс істейтін, өңірдің технологиясына жұмыс істейтін және рейтингісі төмен университеттер деп жіктеу көзделген. Алайда бұл бастамаға Үкімет тарапынан қолдау болмапты. Университет ректоры болған қазіргі депутаттар да қолдай қоймаған.

Жұлдыз Сүлейменова

«Кейбір университеттерге көңілім толмайды, себебі білім сапасы жөнінен, еңбек нарығына дайындаған мамандардың біліктілігі туралы сұрақтар бар. Қазір гранттарға қаражатты көп бөліп жатырмыз. Бірақ ол қаражаттарды игеруде еңбек нарығы мен біліктілігіне сай мамандар қажеттігіне және еңбек нарығының аналитикалық талдауына сұрақтар бар. Университеттер кей жағдайда жауапкершілік алғысы келмейді. Ғылым және жоғары білім министрлігі сол үшін бөлек құрылым болып құрылды. Мемлекет басшысының жекеменшік университеттерге маман даярлауда жауапкершілікті арттыру тапсырмасы болды. Бірақ ол мәселенің бүгінгі таңда орындалуы тұрғысынан сұрақтар бар», - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутаттың айтуынша, қазір басшылыққа барған университет ректорларының дені жас. Ол оқу орындарында жалғыз акционер – Ғылым және жоғары білім министрлігі. Жалғыз акционердің міндеттерін орындау үшін директорлар кеңесі жұмыс істейді. Директорлар кеңесі университеттің бүкіл бюджетін, стратегиясын, есебін бекітеді. Корпоративті бақылау осылай жүзеге асырылады.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша өз тарапымыздан былтыр корпоративті басқаруға қатысты үлкен жиналыс өткізгенбіз. Ол жерде қаржының игерілуі бойынша Қаржы министрлігін шақырдық. Бізге «ол жерде директорлар кеңесі бар, ол тәуелсіз, соған орай қазір университеттегі жемқорлық тәуекелдерін осылай жойып отырмыз» деген жауап болды», - дейді Мәжіліс депутаты.

Жұлдыз Сүлейменова жоғары білім бағытында реформалар аяғына дейін жеткізілмей қалды деп есептейді. Үздік жоғары оқу орындары қатарында үлгі ретінде Мақсат Нәрікбаев университетін мысал етеді. Астанадағы жекеменшік оқу орны өз қаржысын өзі қадағалайды. Сол университеттің деңгейінде басқа университеттерді көргісі келеді. Еш жерден қаражат тартпай оқу орнын ашу үлгісі ретінде Ақтөбе өңіріндегі Ұлыбританияның Heriot-Watt университетінің филиалының ашылуын үлгі етеді.

«Меніңше, болашақта ректорлар сайлануы қажет. Ректорды профессорлық құрам сайлауы қажет. Ректорлардың есеп беруінде ашықтықты дамыта беру қажет. Екі-үш жыл бұрын осы бағытта жұмыстар басталған да еді, ал қазір кейінгі бір-екі жылда мен осыны байқамай қалдым. Университеттегі білімнің сапасы еңбек нарығыныуң сапасын көрсетеді. Қазір Яндекс таксидегі 25 пайыз жастар – жоғары дипломды азаматтар деп оқыдым ашық ақпарат көздерінен. Олар неге төрт жыл оқып, такси айдап жүр», - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат аталған мәселелер бір-бірімен сабақтас деп санайды.