×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

Парламенттегі журналистер: тарих, ұстаным һәм кәсібін саудаға салу

14.10.2024, 09:07
Парламенттегі журналистер: тарих, ұстаным һәм кәсібін саудаға салу
Коллаж: Ulysmedia

Біздің елде журналистердің мансап жолымен өсуінің соңы әдетте Президент әкімшілігі, Үкімет немесе Парламенттегі креслолардың біріне жайғасумен тәмамдалады. Әсіресе, депутаттық мандатқа қол жеткізуге ұмтылатын әріптестеріміз аз емес. Халықтың мұң-мұқтажын көзбен көріп, құлақпен естіген есті журналистердің Мәжіліс мінберіне көтеріліп, қарашаның мәселесін шешетін заң қабылдауға ықпал еткені жақсы, әрине. Бірақ ел дауыс беріп, сенім артқан қалаулылар халықтың үдесінен шығып жүр ме? Қолындағы билігін пайдаланып қандай проблема көтерді, нендей түйткілдің түйінін тарқатты? Басқаны айтпағанда, өздері қазанында қайнаған БАҚ саласындағы цензуралық саясаттың тоңын жібітуге күш салды ма? Жалпы, әріптестердің журналистиканы үлкен саясатқа жеткізетін лифт ретінде пайдалануы қаншалықты құптарлық?

ӘБІШ ПЕН ШЕРХАНДАР САЛҒАН СҮРЛЕУ

Мәжілістің қай шақырылымын алсақ та, депутат мандаты бұйырған журналистер аз болған жоқ. ҚазКСР Халық депутаты, ҚР Жоғарғы Кеңесінің, ҚР Парламенті Мәжілісінің І шақырылымының (1995 жыл) депутаты болған журналист, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтан бастап жіпке тізсек, заң шығарушы органдағы әріптестерді санап тауысу оңай шаруа емес. Мәжіліске Маңғыстау облысынан сайланған Кекілбаев төменгі палатаның халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарған. Оның төменгі палатада қандай мәселелер көтергені жөнінде дерек там-тұм. Алайда 2006 жылы Сенат депутаты болып отырған кезінде премьер-министр Даниал Ахметовке мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде жолдаған сауалына Қазақстан президентінен «Бұлай мәселе қоюға болмайды. Құрып бара жатқан тіл жоқ. Ұлттар арасына жік салмау керек» деген сөз естігені көптің жадында. Десе де, жазушы-интеллигенция өкілдері, журналистер арасынан алғаш болып биік лауазымға жеткен Әбіш Кекілбаевтың мансап жолын экс-президенттің қолын сүюмен тәмамдауы жұртқа түсініксіз күйде қалды.

ІІ шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болған халық жазушысы Шерхан Мұртаза да – баспасөздің жілігін шағып, майын ішкен тілші, талай басылымның тізгінін ұстаған редактор. Үзеңгілестері дәл Шерағаңдай ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, қай мәселеде де маймөңкелемей турасын айтатын депутат болған жоқ деседі.  Қаламгердің депутаттық сауалдарында айтқан «Жерді сату – Анаңды сатумен тең!», «Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамда тіл біреу» деген сөздері афоризмге айналып, ел аузында жүрді.

Суретте Шерхан Мұртаза

Дәл Шерхан Мұртазадай саясатқа қарсы батыл сөйлей алмаса да, III шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болған ақын, қоғам қайраткері журналист Мұхтар Шаханов та ұлттың ұпайын түгендеу жолында көп мәселе көтерді. Депутаттықпен қатар қазақ тілінің мәртебесін көтеру және қолданыс аясын кеңейтуді мақсат тұтатын «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысына төраға болып сайланған қаламгер қазақ тілінің жағдайы туралы парламентте де үнемі мәселе көтеріп, үкіметке сауалдар жолдады.

САЯСАТҚА БЕТ БҰРҒАН РЕДАКТОРЛАР

Мәжілістің II, ІІІ және ІV шақырылымдарында депутат болған тағы бір журналист – Уәлихан Қалижан. Ол 1995-1996 жылдары ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары, 1996-1998 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Мәжіліс мінберінде БАҚ өкілдерінің жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. «Тілшілерінің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлермен теңестіру қажет. Жағдайы жоқ журналист жақсы материал жаза алмайды» деп министрге депутаттық сауал жолдаған.

Төменгі палатаның IV шақырылымына депутат боп сайланған Алдан Смайылдың да алғашқы кәсібі журналистикадан басталған. Жетпісінші жылдары Қазақ радиосында, кейін Ақмола облысындағы «Коммунизм нұры» газетінде істеді. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Ақмола облысының  «Қараөткел» газетінің бас редакторы, Ақмола облысы телерадио компаниясы төрағасының орынбасары болғаны тағы бар. Мәжіліс депутаты болған жылдары балаларды зиянды ақпараттардан қорғау, Наурыз мерекесінің мәнін тереңдету, көркем әдеби аударманы дамыту, ұлттық тағам өндірісін дамыту, әкімдердің жауапкершілігін көтеру секілді ұлттық мәселелерді алға шығарған.

Журналист Жарасбай Сүлейменов те әріптестері Уәлихан Қалижан, Алдан Смайыловтармен бірге 2007-2011 жылдары депутат болды. Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде кіші әдеби қызметкер болып бастаған журналист депутаттық мандаттың арқасында талай оң істің бастамашысы болды. «Петропавлды қазақшалайтын уақыт жетті!» деп атой салып, Үкімет басшысына арнайы сауал жолдап, қаланың ежелгі аты Қызылжарды қайтаруды қоймай сұрағаны жұрт жадынан ұмтыла бастаса да, тарих беттерінде қаттаулы.

Суретте Жарасбай Сүлейменов 

Саясатқа журналистика арқылы түрен салған депутаттың бірі – Қуаныш Сұлтанов. Еңбек жолын Алматы облысы Сарыөзек ауданының газетінде корректор, әдеби қызметкер боп бастаған Сұлтанов Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш баспасөз министрі болды. Мәжілістің V және VІ шақырылымдарына депутат болған ол отандық БАҚ-ты жаңғырту, оның тиімділігін арттыру мәселелерін көбірек қозғады. Қазақ басылымдарының бөлшек саудада шетқақпай көріп отырғанын айтып та Үкіметке сауал жолдады.

Сұлтановтардың алдындағы буын Назарбаевтың билігі күш алған кезеңде саясатта болмаған соң шығар, салыстырмалы түрде бет-бейнелерін сақтап қала алды. Ал Сұлтановтар Парламент дәлізінде өткір сұрақ қоятын журналистерді жақтырмайтын, камерадан қашатын, әр саяси науқан сайын билікті қолдап үн қосатын депутаттардың тізімін ғана толықтырды. Ол тізімді күні бұрын Президент әкімшілігі мемлекеттік БАҚ тілшілеріне таратып беретін.

ТЕЛЕЖҰЛДЫЗДАР ДӘУРЕНІ

Мамандығы журналист болмаса да, талай жыл белді телеарналарды басқарған Гүлнәр Ықсанова да V және VІ шақырылымдарда депутат болды. Медиаменеджер «Таң» телерадиокомпаниясының вице-президенті, «Қазақстанның теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті, «Хабар» агенттігі» АҚ бас директоры болғаны белгілі. Депутаттық мандатын пайдаланып, қандай мәселе көтерді екен деп интернет ақтардық. 35 жасқа дейінгі қазақстандықтардың да мемлекеттен жалдамалы баспана алуына мүмкіндік беруді ұсынғаны жайлы ғана дерек таптық. Отставкаға кету туралы өтініш беруіне байланысты 2019 жылы өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтапты.

Мәжілістің VІ шақырылымында (2016 жыл) депутаттық мандат алған журналистер саны күрт өсті. Атышулы «Портрет недели» авторлық бағдарламасымен танылған Артур Платонов, Ақпарат министрі болған, талай жыл табан аудармай «Егемен Қазақстанды» басқарған Сауытбек Әбдірахманов, «Хабардың» директоры болған Гүлнәр Ықсанова, «Жанубий Қозоғистон» газетінің тізгінін ұстаған Фахриддин Каратаев, экс-тележүргізуші, редактор Ирина Унжакова, «Рахат ТВ» телеарнасында тілші болған, болашақ журналистерге ұстаздық еткен Бақытгүл Хаменова, Көкшетау облыстық телерадиокомпаниясын, «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетін басқарған Кәрібай Мұсырман 2016 жылғы сайлау қорытындысы бойынша Мәжіліске өтті. Бірақ төменгі палатада осынша әріптесіміздің отырғанына қарамастан, ол жылдары елде БАҚ өкілдерінің жағдайы оңалып кетті дей алмаймыз. Журналистердердің құқығын қорғау  мәселесі мәжіліс мінберінен арагідік көтеріліп тұрса да, ақпарат алу мен тарату еркіндігінің өрісін кеңейтер өзгерістер болған жоқ. Керісінше, халықаралық сөз бостандығы рейтингіндегі көрсеткіштеріміз жыл өткен сайын кері кетті.

НАЗАРБАЕВҚА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТУДЫ ҰСЫНҒАН ДЕПУТАТ

2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Мәжіліс сайлауында төменгі палатаға  өткен әріптестеріміз қатары тіпті артты. VII шақырылым депутаттарының ең егдесі – 70 жастағы Сауытбек Әбдірахманов та, ең жасы – 25 жастағы Мәди Ахметов те – журналист. Иә, өзінің саяси көзқарасын заман ағымына сай жылдам өзгерту шеберлігімен танылған Ахметовті айтып отырмыз. Ол 2019 жылдың маусымында «қазақ жастарының» атынан сөйлеп, Алматыда Назарбаевқа ескерткіш орнату туралы ұсыныс жасады. Көп ұзамай президенттік сайлауда ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырды. Жағымпаздықтың жалауын желбіреткен журналист депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан кейін Алматы облысының жастар саясаты басқармасының басшылығына тағайындалған болатын. Бірақ онда да халықтың қошеметіне бөлене қойған жоқ. Керісінше, жұрт Ахметовті қызметінен босатуды талап етіп, петиция жариялады.

ҚАҢТАРДАН КЕЙІН ОЯНҒАНДАР

Әбдірахманов пен Ахметовтен бөлек, «Ана тілі» газетінің бас редакторы болған Жанарбек Әшімжан, «Жас қазақ үні» газетін басқарған Қазыбек Иса, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мақпал Мыса, талай басылымдарда тілші, басшылық қызметтерде болған Мейрамбек Төлепберген де партиялық тізім бойынша бес жылға сайланды. Бірақ мемлекеттік, билікшіл ақпарат құралдарында қызмет еткен журналистердің Парламентке барып, аяқ астынан өткір пікір білдіріп, ащы шындық айтып, 30 жыл ескі сүрлеуден танбаған саяси жүйеден әлденені талап ете қоярына ешкім сене қоймады. Соны білді ме, бастапқыда олар да өзін көрсетуге, отырған креслоларына лайық екендерін дәлелдеуге тырысқан жоқ. Тек, Қаңтар оқиғасынан кейін «жаңа Қазақстан» орнағаны жайлы ұрандардан еңсесі көтерілді ме, Мәжілістегі журналистердің дауысы қаттырақ шыға бастады. Қазыбек Иса қаңтар қырғынының көсемі кім екенін айтуды, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылары, қорғаныс, құқық қорғау басшылары анттарына адал болмағаны үшін қатаң жазаға тартуды талап етті.

«Біз мақтанып айтатын Ел байлығы қайда? Экс-президент өзі мойындағандай, «кез-келгенін қолынан сүйреп апарып, соттауға болатын» заңсыз байығандардан халық қазынасын халыққа қайтару керек!», – деді ол депутаттық сауалдарының бірінде.

Депутаттар бірінен-бірі іліп әкетіп, қайта-қайта көтерген бұл мәселені жабулы күйінде қалдыруға болмасын билік түсінді. Шенеуніктердің шетке жөнелткен миллардтарды там-тұмдап елге қайтарыла бастады. Парламент палаталарының бірлескен отырысында журналист Жанарбек Әшімжан көтерген елордаға Астана атауын қайтару мәселесі де оң шешілгені белгілі.

VII шақырылымда Мәжілістегі өзге әріптестеріне қарағанда белсендірек болған Қазыбек Иса мен Жанарбек Әшімжанға VIII шақырылымда депутаттық мандат тағы бұйырды. Сондай-ақ, алғаш рет мажоритарлық жүйе бойынша өткен сайлау қорытындысы бойынша тағы үш журналист – оппозициялық «ДАТ» газетінің бас редакторы Ермұрат Бәпи, «КТК», «Алматы», Qazaqstan телеарналарында тілші, жүргізуші болған Нартай Сәрсенғалиев, «31 арна», «Евразия» бірінші арнасы, Qazaqstan, «Хабар» арналарында тілші, диктор, продюсерлік қызмет атқарған Мақсат Толықбай Мәжіліске өтті.

МӘЖІЛІСТЕГІ ТОП-10: РЕЙТИНГКЕ ЕНГЕН ЖАЛҒЫЗ ЖУРНАЛИСТ

Жуырда Ulysmedia.kz редакциясы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттардың жұмысын сараптап, қайсысы қоғамдық мәселелерді көтеріп, көзқарасын ашық білдіре алатынын анықтаған. Редакция алқасы дайындаған рейтингке енген 10 депутаттың сапында жалғыз журналист бар. Ол –  Ермұрат Бәпи. Рейтинг бойынша үшінші орыннан көрінген танымал журналист екінші сессияда 28 депутаттық сауал жолдаған. Google-де оның есімімен байланысты жүзден астам сілтеме бар.

Бәпидің депутаттық сауалдарының көбі халықтың көкейіне қонды. Әсіресе, исламның радикалды ағымдарының таралуы туралы мәлімдемелері,  «ескі» Қазақстанға қатысты талаптары, «Халық» банкінің қызметін және Әлия Назарбаеваның рейдерлік фактілерін тексеруді талап етуі сайлаушылардың ойындағысын дөп басты. Бірақ оның  «Отағасы туралы» заң әзірлеуді ұсынуы, 2030 жылы соғыс болады деп болжап, ел әскерін қаржыландыруды арттыру мәселесін көтеруі біраз жұртты таң қалдырды.

«30 ЖЫЛДА БІР-АҚ ДЕПУТАТ ӨЗ АТЫНАН ЗАҢ ҰСЫНДЫ»

Дос Көшім, саясаттанушы:

Суретте Дос Көшім

– Өркениетті елдерде журналистердің Парламентте отырғанын көп көрмейсің. Заңгерлер де, журналистер де, әртістер мен спортшылар да бармайды, заң шығарушы органға тек саясаткерлер ғана барады. Бізде мүлдем басқаша, себебі Қазақстанның Парламенті заң шығармайды, заңды қабылдайды. Парламент депутаттарының қызметін реттейтін арнайы заң бойынша оларға заң жобасын ұсыну, бастама көтеру құқығы берілген. Бірақ соңғы 1,5 жыл ішінде мен бірде-бір депутаттың, керек десеңіз, бірде-бір партияның заң ұсынғанын көрген жоқпын. Бізде Мәжіліске атағы барлар өтеді, сондықтан Парламент өзінің негізгі қызметін атқарып отыр дей алмаймын. Бұған журналистер де, блогерлер де кінәлі емес. 30 жылдың ішінде классикалық Парламенттің іс-әрекеті, жұмысы бізге ене қойған жоқ. Соңғы рет жеке депутаттың заң ұсынуын 1997 жылы көрдім. Әкім Ысқақ Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде «Халықтың көші-қоны туралы» заңын жазып ұсынды. Содан кейін ешбір партия, ешбір депутат қандай да бір заңға бастамашыл болған емес. Олар тек Үкімет дайындап берген заң жобаларына қосарын қосып, аларын алады да, қабылдайды.

Мәселен, ақын Ринат Зайытов Мәжілісте отыр. Проблемаларды айтудай-ақ айтады, бәріміз соған риза болып, арқаланып отырамыз. «Парламентке шындықты шыңғыртып айту үшін бардым» дейді өзі. Алайда құр айтып қоймай, заң дайындап, оны көптің талқысына ұсынып, қабылдануына ықпал етуі керек. 

Менің білуімше, депутаттардың заң ұсынбауына ішкі процедуралар бойынша екі бөгет бар. Біріншісі – депутаттың ұсынатын заңын әуелі өз партиясы мақұлдап, бекітуі керек. Заңда партияның рұқсатын алу керек деген бір ауыз сөз жоқ. Десе де, депутат партияның құптауынсыз өз бетінше әрекет ете алмайды.  Екінші бөгет – бюро деген шығыпты. Оған бес комитеттің басшылары мен партия басшылары кіреді. Заң ұсынатын депутат солардың алдынан өтуі керек. Бұл – Мәжілістегі жазылмаған заң. Депутаттар соны бұзуы керек қой. Заңда жазылған құқықтарының шектелмеуін неге талап етпейді?

«ТЕЛЕВИЗИЯ САЯСИ КАРЬЕРА ЖАСАУДЫҢ БАСПАЛДАҒЫНА АЙНАЛДЫ»

Журналист Қасым Аманжолдың «Жетісу» телеарнасының «Қателік» бағдарламасында қазақ журналистикасының керегесі кең, терезесі тең институтқа айнала алмағанын айтқан еді.  Оның пікірінше, бұл – журналистиканы шын сүйетіндердің емес, журналистика арқылы билікке жақындауды, қалта қампайтуды көксегендердің басшылық етуінің салдары.

Суретте Қасым Аманжол

– Қазақ журналистикасы таныс-білістіктің, топшылдықтың, рушылдықтың, әкімдер мен министрлерге, басшыларға жағынудың, оңай ақша табуға ұмтылудың құралына айналып кетті. Қазақ журналистикасын мұндай дәрежеге жеткізуге осы салада жүрген ақсақалдар – алдыңғы буын кінәлі деп есептеймін. Әрине, әр буынның осы салаға жақсылық әкелуге тырысқан азаматтары да бар, күрмектері де бар. Қазақ журналистикасында әдеби шалыстық деген ауру болды, әлі де бар. Бұл саланы үнемі жазушылар мен ақындар басқарды. Журналистиканы сүйетін, жанындай бағалайтын, оған өмірін арнайтын, биікке көтерсем дейтін азаматтар емес, журналистика арқылы әйтеуір нан тауып отырсам, бас редактор болып отырып бір романымды шығарсам, журналды басқарып жүріп өлеңімді жаза берсем дейтін адамдар көп болды. Осының кесірінен журналистика қатты сорлады, кейінге қалды. Кейінгі буынды алайық. Алды – алпысқа, соңы елуге келген азаматтар. Ақпарат министрі болған Алтынбек Сәрсенбайұлының маңында жүрген азаматтар. Олар не істеді? Олар да сол алдыңғы буынның соңынан жүрді, журналистиканы әкімдерге, министрге жалтақтаудың, соларға жол табудың, сыйлық алудың, конверт алудың, қызметке жетудің құралына айналдырып жіберді...

Журналист Есболат Айдабосын да Facebook желісінде әріптестердің үлкен саясатқа ұмтылысы пендеуи қажеттіліктер мен адам ретіндегі амбициялардың сұранысынан туатынын жазыпты:

Суретте Есболат Айдабосын

– Телевизияда бағалы кадрды ұстап қалу саясаты жоққа тән, болса да механизмі әлсіз. Бірінші «утечка» – Есілдің сол жағалауына қарай тартады. Телевизия саяси карьера жасаудың баспалдағына айналды. Эфир арқылы елге танылады, сосын бір мекеменің баспасөз хатшысы болады, әкімдікте аппарат басқарады, ішкі саясатқа барады, министрлік бар, Парламент, Президент әкімшілігі... Кете береді. Біздің алдымыздағы ағалар жүрген жол. Біздің тұсымызда асқынды, талай мықты басқа салаға бет бұрды. Бізден кейінгілер сол соқпаққа түсіп барады. Өйткені ағалар жүрген жолмен жүргісі келеді, солардай ықпалды болғысы келеді. Телевизияда жүре беріп ондай бедел, ондай байлық, ондай дәрежеге жетпесін түсінеді. Сананы тұрмыстың билейтіні рас, материалдық игілік, пендеуи қажеттілік, адам ретіндегі амбициялардың сұранысы өз дегенін қылады.