×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Доллардың 1000 теңге болуы рас әңгіме ме: дефолт Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін

17.10.2024, 15:48
Доллардың 1000 теңге болуы рас әңгіме ме: дефолт Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін
Коллаж Ulysmedia.kz

Ұлттық валюта бағамының құбылмалылығын жіті қадағалап отырған қазақстандық сарапшылар Ұлттық қордан аударылатын трансферттердің артуы қаржы нарығына кәсіби қатысушылар арасында күман туғызып, ұлттық валютамыз теңгеге деген сенімді азайтатынын атап өтті. 1 қазаннан бастап доллардың теңгеге шаққандағы орташа бағамы 480,35 болса, 10 қазанда 491,74-ке жетті. Валюта бағамының бұлай өзгеруі ұлттық валютаның айтарлықтай әлсіреуін білдіреді. Ulysmedia.kz доллар бағамы мың теңгеге жетуі мүмкін бе, Қазақстан экономикасы дефолтқа ұшырай ма, жоқ па, мұның ақыры не болады деген сауалға жауап іздеп көрді.

ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН АЛЫНҒАН ТРАНСФЕРТТЕР ТЕҢГЕ БАҒАМЫНА ӘСЕР ЕТЕДІ

Үкімет отырысында сөз алған ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қыркүйекте теңге бағамы аздап 0,1%-ға нығайып, бір доллар үшін 481,11 теңге болды. Алайда жыл басынан бері ол 5,8 пайызға әлсіреді.

 – Қыркүйек айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке 945 миллион доллар көлемінде трансферт жасалды, соның арқасында теңге бағамы барынша тұрақты болды, – деді Ұлттық банк басшысы.

Дегенмен, Halyk finance талдау орталығының сарапшылары атап өткендей, үкімет парламентте биылғы жылға Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттерді 1,5-2,0 триллион теңгеге ұлғайту мәселесін талқылаған. Бірақ 2024 жылға арналған республикалық бюджет туралы заңға толықтырулар болған жоқ, бұл Ұлттық қордан бюджетке тек қыркүйекте ғана емес, қазан айында да трансферттердің көлеміне қатысты сұрақтар туғызады.

  – Жалпы, бұл жағдай бекітілген республикалық бюджетті атқарудағы жүйесіздікті көрсетеді, – дейді сарапшылар.

– Ұлттық қордан трансферттер тағы да түсер болса, теңге бағамы тұрақты болады. Олай болмаған жағдайда теңге де құнсыздана береді. Мәселе Ұлттық қордан түсетін трансферттің көлеміне байланысты. Егер теңге бағамын сақтап қаламыз десек, онда келер жылы сегіз триллион теңге трансферттелуі тиіс, – дейді экономист Айдархан Құсайынов.

Бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы теңге бағамын ұстап тұрудан бас тартып, оны нарыққа жіберу, дейді экономист. Оның айтуынша, бізде басқа амал жоқ.

  – Біз бюджеттік шығындарды ретке келтіріп, Ұлттық қордағы қаражатқа мұқият болуымыз керек. Сонда бағам доллар үшін мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Үкімет бюджеттік тәртіпті нығайтып, бюджет шығыстарын қысқартуға дайын ба деген сұрақ бар. Немесе теңге тұрақты болғанын қаласаңыз, бюджеттік тәртіпті, трансферттерді қысқартуды және басқасын ұмытыңыз. (Үкімет) қандай шешім шығаратынын білмеймін, – деп мойындады Құсайынов.

Расында, бүгінде Ұлттық қордан аударылған трансферттер арқылы теңге бағамын “ұстап” отырған билік болашаққа деп сақтап отырған қаражатқа ауыз салуда.  Яғни, кері қайтарылуы тиіс ҚҚС тағы да кейінге шегерілуде. Теориялық тұрғыдан бюджеттен қайтарылуы тиіс болған қаражат енді қайтарылмайды. Қаржы нарығының сарапшылары бюджеттік дағдарыс жағдайының ушығып бара жатқанын атап өтуде. Мемлекеттік шығыстардың өсуі жалғасуда, бұл экономиканың “жанып” кетуіне әкеледі. Тиісінше, бюджет тапшылығы өсуде: 2022 жылы ол 2,3 трлн теңгені құраса, 2023 жылы 3,1 трлн теңгеге дейін өсті. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 5-6 трлн теңге болатын шығар. Жалғыз сұрақ – бұл қашанға дейін жалғасады?

ТЕҢГЕНІҢ ҚҰНСЫЗДАНУЫ НЕМЕСЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯ

– Доллардың қашан мың теңге болатынын білмеймін. Мұны сізге ешкім айтпайды, өйткені көптеген факторлар бар. Бірақ бұл келесі жылдың басында болуы мүмкін немесе бес жыл, жеті немесе он жылдан кейін болуы мүмкін. Бір нәрсе анық: бұл ерте ме, кеш пе болады. Теңге бағамының жағдайы көптеген сыртқы және ішкі факторларға байланысты, – дейді экономист Арман Бейсенбаев.

Негізінде Тимур Сүлейменов өз баяндамасында «теңгенің одан әрі серпіні нарық қатысушыларының күтулеріне, әлемдік нарықтардағы жағдайға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады» деп ерекше атап өтті.

– Сыртқы ортадан жеке тәуекел факторларының артқанын байқаймыз. Олар негізінен Ресей Федерациясындағы инфляцияның үдеуімен, сондай-ақ әлемдік азық-түлік нарықтарындағы бағалардың өсуімен байланысты, – деп атап өтті Ұлттық банк басшысы. Оның айтуынша,  өсіп келе жатқан фискалдық алшақтықты жабу және оны жалғастыру құралдарының төңірегінде сұрақтар көп. Мұның бәрі Ұлттық қордан қаражат алуға байланысты. Трансферттердің көп мөлшерде болуы  бағаға тікелей қысым жасап, теңгенің құнсыздануын арттыра түседі.

Ағымдағы жағдайды түсіндіре отырып, Арман Бейсембаев, өз кезегінде, егер шетелдегі жағдай ушыға түссе, ол біздің теңгеміздің құнына да әсер ететінін айтты. Оның пікірінше, егер Қытайдағы қаржылық-экономикалық дағдарыс басылмай,  одан әрі Еуропа мен АҚШ экономикасына әсер етер болса, онда доллар бағамы 1000 теңгеге жетеді.

– Қытай қазір әлемдік экономиканың үлкен ойыншысына айналып үлгерді, сондықтан бұл елде болып жатқан әрқандай экономикалық жағдай Еуропаға да, АҚШ-қа да тікелей әсер етпей қоймайды. Біз жаһандық әлемде өмір сүріп жатқанымызды және бір шетінде болып жатқан оқиғалардың екіншісіне әсер ететінін түсінуіміз керек. Импортқа тәуелді ел ретінде Қытай мен Ресей экономикасымен тығыз байланыстымыз. Ресей экономикасы да Қытай экономикасымен тығыз байланысты. Егер Қытай экономикасында күрделі мәселелер басталса, мен рубль одан әрі «ұшып кетеді» деп қорқамын. Батыс пен Ресей арасындағы байланыс әлдеқашан үзіліп, Ресей Қытай мен Үндістанға бағыт алды. Ал егер оларда күрделі экономикалық проблемалар туындаса, бұл бізге автоматты түрде кері әсер етеді, – деп түсіндіреді экономист.

Оның пайымдауынша, егер Қытай өз қаржы жүйесінде тұрақтылықты сақтай алмаса, онда бұл ұйыққа экономиканың көптеген секторы түсіп кетуі әбден мүмкін, ондай жағдайда бұл ұйыққа әлемнің басқа елдері де түседі деген сөз. Ал импортқа тәуелді Қазақстан да осы ұйыққа түсіп қалу қаупі жоқ емес.

– Бұл жағдайда біз кері шыға алмаймыз. Ал өсіп келе жатқан геосаяси және экономикалық тәуекелдерді ескере отырып, Қазақстан ақшаның сыртқа ағып, валютаның сыртқа шығып кетуіне тап болуы мүмкін. Инвестициялар бұл жерден кете бастайды, өйткені бұл жерде қауіпті болады. Ал бұл істі тоқтату үшін валютаны айтарлықтай құнсыздандыруға тура келеді, – дейді Арман Бейсембаев.

Оның пікірінше, біз қазір теңгенің біртіндеп құнсызданып бара жатқанына куә болып отырмыз.  Және бұл – дамудың ықтимал нұсқаларының бірі. Теңгенің баяу болса да құнсыздану процесі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Осындай жағдай аргентиналық песо мен түрік лирасына қатысты болды. Мысалы, түрік лирасы 2014 жылдан бері өте аз үзіліспен үздіксіз дерлік құнсызданып, 30 есеге жуық құлдырады. Қазір теңгеге қатысты да солай болып жатыр.

– Егер алдағы он жылда бізде ұлттық валютаның құнсыздануы дәл осы қарқынмен жүре береді  деп есептесек, онда ағымдағы бағамды онға көбейтсеңіз, он жылдан кейінгі доллар-теңге бағамының қандай болатыны туралы білуге болады. Сол кезде бір доллар үшін мың теңге дегенің доллар-теңге бағамының ең төменгі шегі болып шығуы ғажап емес, – деп ескертті Бейсембаев.

ҰЛТТЫҚ ҚОР ҚАБЫРҒАСЫ АҚЫРЫНДАП СӨГІЛІП ЖАТЫР

Қазақстанның ішкі нарығындағы жағдай мәз емес. Республикалық бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік шығындарға жұмсалуда, бұл өз кезегінде Ұлттық қорға ауыр салмақ салып отыр.

  – Бюджеттік дағдарыс күшейіп келеді. Биыл бізде шамамен алты триллион теңгеге жуық бюджет тапшылығы бар. Қараңызшы, қордан ақша қаншалықты тез шығарылады. Қыркүйек үшін олар миллиардты шығарды, қазан айында олар бір жарым миллиардты алғысы келеді. Қараша мен желтоқсанда не болады? Қыркүйек айына дейін Ұлттық қордан төрт триллион теңге шығарылды, яғни 2024 жылға бөлінген кепілдендірілген трансферттер қыркүйекке дейін таусылды. Содан кейін кепілдендірілген трансферттерден артық сома алынуда, – деп талдайды мұны экономист Бейсембаев.

Президент Тоқаев жолдауларының бірінде ҚҚС қайтару мерзімін ұзарту, яғни ҚҚС қайтарылмай, жай ғана келесі жылға қалдырылуы мүмкін емес екенін айтты. Бұл бюджет тапшылығын жабу үшін қажет. Бірақ келесі жылы дәл солай болады. Расында, Қазақстан экономикасы қазір аванспен өмір сүріп жатыр. Сондықтан тәуелсіз экономистер мұны тоқтату туралы айтуда – бюджет тапшылығын жою керек, ал ол үшін доллар бағамын 1000 теңге шамасына жіберу керек.

СОНДА НЕ БОЛАДЫ?

Теңге күрт құнсызданса, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі айтарлықтай төмендейді. Сатып алу қабілеті төмендейді, халық кедейленеді, өйткені мұндай жағдайда олар отандық өнімді тұтынуға шамасы келмейді. Бірақ екінші жағынан елімізде өндірілген тауардың барлығы экспортқа шығарылады деген сөз.

Егер сізге күшті өңдеуші өнеркәсіп қажет болса, онда сіздің ұлттық валютаңыз керемет болуы міндетті емес. Ол сыртқы нарықта бәсекеге түсе алатындай жеткілікті деңгейде әлсіз де болуы керек. Оның үстіне арзан жұмыс күші болуы керек. Бұған мысал ретінде Қытайды алуға болады. Онда арзан жұмыс күші бар, күніне бір долларға жұмыс істейтін адамды табу оңай.

Сарапшылар ерте ме, кеш пе Қазақстан осындай қиын кезеңді бастан өткеру керек екенін жоққа шығармайды. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада, 15-20 жылдан кейін бізге тұтас бір индустрияны құруға және бұл құрдымнан ақырындап шығуға ештеңе кедергі бола алмайды.

Екінші жағынан, мұның бәрі біз осы кедейлікке ұшыраймыз дегенді білдірмейді. Мұның бәрі қандай сценарийді таңдағанымызға байланысты. Егер қазіргідей ұлттық валютаның құнсыздануын аз-аздан тежеп отырсақ, онда долларға шаққандағы теңгенің бағамы тек алдағы жеті жылда ғана 1000 теңге межесіне жетеді.