×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

18 есе өскен Қытай импорты, поляктардың құпиясы. Қазақстанда апорт өсіру неге тиімсіз

29.10.2024, 09:51
18 есе өскен Қытай импорты, поляктардың құпиясы. Қазақстанда апорт өсіру неге тиімсіз
Коллаж Ulysmedia.kz

​Қазақстанға жыл соңына дейін үшінші елдерден алма әкелуге тыйым салынғаны мәлім. Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, тыйым тек егін жинау кезеңінде ғана енгізілген. Бұл отандық бағбандарға жиналған өнімді сақтауға және оны қолайлы бағамен сатуға мүмкіндік береді дейді шенеуніктер. Елдегі алма өсірушілерге шарт қойылып отыр: егер олар бағаны көтеретін болса, импортқа қайтадан рұқсат берілмек.

БИЫЛ АЛМА БАҚТАРЫ ҚАНША ӨНІМ БЕРЕДІ

Қазақстан аумағына автомобильмен алма әкелуге салынған тыйым 8 қазаннан бастап күшіне енді. Бір айта кетерлігі, алманы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден тасымалдауға, Қазақстан аумағы арқылы халықаралық алма транзитін өткізуге шектеу жоқ.

Шенеуніктердің сөзіне сенсек, қазақстандық алма өсірушілер қолдаудан кенде емес.

«Алма бағымен айналысатындарға қолдау көрсету арқасында соңғы жылдары алма өндірісі 16% артты. Биыл 300 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Егін жиналып біткенше импортқа тыйым алынбайды. Баға өсіп жатқан жоқ, әзірге тұрақты. Бұл жерде ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпыз. Әрі қарай дамуы үшін өз шаруашылықтарымызды қолдауымыз керек. Мемлекеттік қолдаудың мәні де сол», – деді министр Сапаров.

Үкімет есептен жаңылмаса, 300 мың тонна өнім ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге жеткілікті. Демек, енді дүкен сөрелерінде шетелдің алмасы емес, өз бақтарымыздың жемісі самсап тұруы тиіс. Осы күнге дейін импортқа тәуелді болғанымыз құпия емес.

ИМПОРТ БІР ЖЫЛДА 58% ӨСТІ

2024 жылдың 7 айында Қазақстанға шамамен 107, 3 мың тонна алма импортталған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58% көп.

Негізгі импорттаушылар – Польша, Иран, Өзбекстан, ҚХР. Биыл ел дүкендерінде шетелдік өнімдердің күрт көбеюіне Қытайдан алма тасымалының 18 есе және Ираннан 7 есе артуы себеп. Десе де, бұл елдерден жеткізілген өнім көлемін Польшаның алмасы он орайды. Айталық, былтыр Қазақстан нарығына 56 мың тоннадан астам поляк алмасы жеткізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған дерек бойынша, Польшадан импортталатын өнім көлемі соңғы 3-4 жылда 50 мың тоннадан кемімеген.

Алма импортының тағы бір көшбасшысы – Өзбекстан.  2023 жылы өзбек бағбандары біздің елге 20 мың тоннаға жуық алма жөнелткен. Өзбекстан бізге алма сатып қана қоймай, сатып алатынын да айта кетейік. Тіпті, жылдан жылға өзбек тұтынушыларының қазақстандық алмаға сұранысы арта түскен. Оңтүстіктегі көршімізге 2019 жылы небәрі 20 тонна алма сатсақ, былтырғы экспорт көлемі 2,5 мың тоннадан асқан.

Десе де, Қазақстанда алма экспортының жалпы көлемі импорттан 3 есе аз. Былтыр шетелден 97 мың тоннадан астам алма сатып алсақ, сатқанымыз – небары 35 мың тонна. Оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 94%-ы (33 мың тонна) Ресейге жөнелтілген.

ПОЛЯКТАР ЖЕМІСКЕ 20-30 РЕТ ДӘРІ ШАШАДЫ

Алматылық бағбан Руслан Манкеевтің айтуынша, отандық алма өсірушілер ел нарығын қыс бойы қысылмай қамтамасыз етуге қауқарлы.

– Тамыздан бастап бізде алманың «Гала» сұрпы пісе бастайды. Яғни, жаздың соңында Қазақстанның барлық бақтарында алманың осы түрі қарқынды түрде жиналып, ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алады. Қыркүйекте «Ред делишес» пен «Голден делишес» піседі, бұл ел аузында «Американка» және «Золотое превосходное» деп аталып кеткен сұрыптар. Еліміздің көп өңірінде өседі. Егер импорт кіргізілмесе, біздің алма бақтарының өнімдері шамамен көктемге дейін жетеді, – дейді шаруашылық иесі.

Оның сөзінше, бұл салада қиындық тудыратын мәселе – өнімді сақтау.

– Алманы сақтау үшін газды орта болуы керек. Мәселен, 1000 тонналық тоңазытқыштың бағасы шамамен 1 миллион еуродан басталады. Мұндай тоңазытқыштар біздің елде аз. Мемлекет көкөністерді сақтайтын қоймаларға көңіл бөлгенімен, жемістерді сақтау мәселесі назардан тыс қалып қойып жатыр. Егер біздің бағбандар жинаған өнімдерін бірден базарға ала жүгірмей, біраз уақыт тоңазытқышта сақтап, біртіндеп шығарса, баға да күрт қымбаттамай, тұрақты болар еді әрі шаруашылықтардың шығыны аз болар еді, – дейді Руслан Манкеев.

Кәсіпкер алма бақтарды қаржыландыру қолға алынса, импортқа тәуелділіктен толық құтылар едік дейді.

– Қазірдің өзінде Польшадан импортты қыстың соңына дейін тоқтатуға мүмкіндік бар. Мәселен, супермаркеттерге кірсеңіз, келісі 600-700 теңгеден Польша алмасы самсап тұрады. Тамыз-қыркүйекте өз алмамыз төгіліп жатқанда, шетелден экспорттаудың мәні қандай? Біздің бақтарда алманың көтерме бағасы – 200-300 теңге. Сапалы, дәмді, таза. Поляк бағбандары экспортқа жұмыс істегендіктен көп дәрі шашады. Мәселен, олар бақтарын бір маусымда 20-30 мәрте залалсыздандырса, Қазақстанда небәрі 7-8 рет қана дәрі шашылады. Үш есе аз. Біріншіден, бұл өте қымбат, әрбір залалсыздандырудың құны – миллиондаған теңге. Алма бақты ұстау шығыны шаш етектен, – дейді бағбан.

50 % СУБСИДИЯ: ЕСЕПТЕР НЕГЕ ҚИЫСПАЙДЫ

Руслан Манкеевтен алманы экспорттау тетіктері жөнінде де сұрадық.

– ЕАЭС бойынша айтсам, ресейліктермен жұмыс істеу қиын. Олардың тауары бізге кедергісіз келеді, ал біздің өнімді олардың нарыққа апарудың машақаты көп. Бұл алмаға ғана емес, кез келген тауар, барлық өнімге қатысты. Өзім Ресейге тікелей өнім тасымалдап көрген жоқпын. Бірақ бізбен жұмыс істейтін көтерме саудагерлер ресейлік нарыққа шығып жүр. Өзбекстанға өнім тасымалдап жүрген ірі кәсіпкерлер де бар. Айтуларынша, оңтүстіктегі көршімізге алма экспорттау тіпті қиын. Өнімдерге қояр талаптары, толтыратын құжаттары тым көп, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ бағбаннан шенеуніктер ауыз толтырып айтып жүрген субсидиялар іс жүзінде қалай төленетінін білгіміз келді.

– Тұқым, залалсыздандыратын дәрі-дәрмектер, тыңайтқыштар болсын, құнының 50%-ын береміз деп шулатқанымен, шын мәнінде олай берілмейді. Мәселен, жүгері тұқымын алайық. 40 мың теңге деп еліміздегі ең арзан жүгерінің бағасы есепке алынады да, 17 мың теңгесі субсидияланады. Егіншілердің бәрі ең арзан жүгері екпейді. Тұқымның ғана емес, дәрілер мен тыңайтқыштардың да сапалысын алғысы келеді. Мәселен, «Пионер» деген жүгерінің тұқымы 100 мың теңге тұрады. 17 мың оның 50%-ы емес, небары 17%-ы емес пе?, – деп Манкеев өзі айналысатын саланың көпшілік біле бермейтін қыр-сырын айтып берді.

АПОРТ ӨСІРУ БИЗНЕС ТҰРҒЫСЫНАН ТИІМСІЗ

Шаруашылық иесі алма өсірумен айналысқысы келетіндерді тағы қандай қиындықтар күтіп тұрғанын айтты.

– Бұл кәсіпте маржаға шығу өте қиын. Өйткені алма бақтары алғашқы 3-4 жыл өнім бермейді. Берген күннің өзінде өте аз береді. Жақсы өнім алу үшін 5-6 жыл уақыт қажет. Сондықтан бұл салаға келгісі келетін адам көп шығынға дайын болуы керек. Өнім алмасаң да күтіп-баптайсың, залалсыздандыру жұмыстарын дер кезінде жүргізіп тұруың қажет. Арамшөптерді жолатпау үшін гербицидтер шашасың. Олардың сапалысы арзан емес. Бір маусымда залалсыздандыру жұмыстарына 12-15 млн теңге жұмсауға тура келеді. Бұл –  төлейтін жалақыңды, салығыңды, өзге де шығындарды есепке алмағандағы шығын, – дейді бағбан.

Руслан Манкеев Алматының символы – апорттың неге азайып кеткенін түсіндірді.

– Апорт – 10 жылға жуық өнім бермейтін сұрып. Ол кез келген жерде өспейді. Биік таулы, ылғалды жерде ғана өсіп-өнеді. Бизнес тұрғысынан тиімсіз болғандықтан шаруашылық иелері оны отырғызуға құлықты емес. Мемлекеттік қолдау болса ғана апорт өсіруді қолға алуға болады, – деп түйіндеді ол.