×
514.65
544.6
5.17
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.65
544.6
5.17

Қағаз-қала немесе неліктен Қарағанды облысының жағдайы әкім Бөлекпаевтың есептерінде шындықтан алшақ

08.11.2024, 13:09
Қағаз-қала немесе неліктен Қарағанды облысының жағдайы әкім Бөлекпаевтың есептерінде шындықтан алшақ
Коллаж Ulysmedia.kz

Жақында ғана жылыту маусымына дайындық барысын дұрыс бақыламағаны үшін мемлекет басшысынан сөгіс алған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сәрсенбі, 6 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында тілшілер алдына шықты.

Саран қаласына орнатылуы тиіс орталық жылыту қазандығының шуы облысқа ғана емес, бүкіл республикаға естілді. Тұрғындар жылыту қазандығын 12 жыл күткен еді, бір мүшел күткен осынау игілік тұрғындардың басты мәселесіне айналарын кім білген? Әкім журналистерге берген есебінде бұған қанша қаражат жұмсалғанын айтып еді, мұны естігендер ішегін тартып, таңданыстарын жасырмады, Халқына осынша қайырлы әкімнің қаласында өмір сүру керек екен деп «армандады».

Әрине, Бөлекпаев бұл сандарды аспаннан алып отырған жоқ. Оның есебіне сенсек, Қарағанды жетістіктер бойынша тек республиканың ғана емес, бүкіл Жер планетасының алдында келеді. Алайда бір кілтипан бар дейді әкім есебінде. Облыс басшысының есебінде қандай кілтипан болуы мүмкін екенін Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді.

БІЗ ҒАЛАМШАР БОЙЫНША ҮЗДІК ӨҢІРМІЗ!

Әкім есебін тыңдап отырғанда, облыс баяғыдан өндірістік өңір деп саналғанымен де, Қарағандының қазіргі дамуы басқа бағытта секілді көрінеді. Бөлекпаев сонда да өңір еліміздің индустриалық орталық – өндіріс ошағы екенін айтады.

– Алайда өңірдің даму көкжиегі бұдан да кең, – дейді спикер.

– Мысалы, біздің облыс ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жетінші орында. Одан бөлек, Қарағанды облысында орта және шағын бизнес дамып келеді, қазіргі уақытта әрбір екінші қарағандылық кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді, – деп мәлімдеді әкім мақтанышпен.

Ал, енді аздап күш салсаңыз, өңірдің орналасқан географиялық орны мен бай табиғатын пайдаланып, аймақты ірі көлік-логистикалық орталыққа айналдырып, туристік әлеуетін де дамытуға болады, – деп сайрап тұр облыс әкімі журналистер алдында.

Осы айтқандарына сенсін деді ме, сандарды мысалға келтірді.

– Биыл облыс диқандары рекордтық өнім – бір миллион үш жүз мың тонна астық жинады. Мұндай нәтиже соңғы 13 жылда болмаған. Бізде картоп жинауда жақсы көрсеткіштер бар – 409 мың тонна, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 364 мың тоннаға артық.

Жыл сайын суды үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақтар кеңейіп келеді. Биыл олар 4,9 мың гектарға артып, 35 мың гектарға жетті.

Қарағанды агроөнеркәсіп кешенінде жыл соңына дейін жалпы құны 23 миллиард теңгеден асатын 30 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс.

Әкім Қарағанды облысы іс жүзінде шағын және орта бизнес үшін өте жайлы екенін атап өтті. Мұнда жергілікті билік елімізде бірінші болып бөлшек сауда салығын 2 пайызға дейін төмендетті, сол себепті бөлшек сауда салығын төлейтін жеке кәсіпкерлер саны 16 есе өсіп, 2,5 мыңды құрап отыр.

Әкім Қарағанды климаты жағдайында рекордтық өнім жинау – жұмыстың жартысы екенін неге айтпайды? Себебі қанша мол егін жиналғанымен, оны сақтайтын орның болмаса, одан не пайда? Жеке кәсіпкерлер, яғни бөлшек салық төлеушілер деп отырғаны күні кешеге дейін «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» санатында жүргендер екенін неге жасырады?

ЖОЛ ТҮЗУ БОЛСА, ТУРИЗМ ГҮЛДЕНЕДІ

Әкім Қарағанды облысы өзінің орналасқан жеріне байланысты халықаралық автомобиль және теміржол дәліздерін байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық орталық екенін ерекше атап өтті. Сондықтан оның логистикалық әлеуетін дамыту – басты басымдықтардың бірі.

– Бұл бағытта Қарағанды әуежайын жылына 50 мың тонна жүк қабылдай алатын карго-терминалға айналдыру қажет. Бүгінде әуежай Эквадордан, Нидерландыдан, Бельгиядан және Оңтүстік-Шығыс Азиядан коммерциялық жүк рейстеріне қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша ұшақтардың техникалық қонуын арттыру жоспарлануда. Балқаш әуежайын қайта құру да қарқынды жүргізілуде – жұмыс оның өткізу қабілетін 30 пайызға арттырып, басқа өңірлермен әуе қатынасын кеңейтеді.

Әкім жол құрылысы мен жөндеу мәселесіне де назар аударды. Ол биыл 1032 шақырым жол жөнделгенін мәлімдеді.

– Негізгі жобалардың қатарында Қарағанды-Балқаш тас жолын қайта жаңғырту бар. Бүгінгі таңда жолдың барлық учаскесіне (363 шақырым) асфальттың үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары аяқталып, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қарағанды-Қарқалы тас жолының 115 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қалған 85 шақырымын келесі жылы аяқтаймыз. Осылайша, Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі жол толығымен жөнделеді. Келер жылы республикалық «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қалпына келтіру жұмыстары басталады деп отырмыз.

Бөлекпаев жол-көлік байланыстарының қарқынды өсіп келе жатқанын жақсылыққа балап, соның арқасында өңірде туристік кластер белсенді дамуда дейді. Оның айтуынша, сондай әлеуетті туристік орталықтың бірі Балқаш болады.

Бұл жерде Ермағанбет Қабдолұлы, Балқаш әуежайын айтпағанның өзінде, Қарағанды әуежайында рейстер саны тіпті ішкі бағыттарда да мардымсыз екенін, жергілікті жолаушылар ұшып кететін тікелей рейс болмағандықтан, шетелге Астанадан, не Алматыдан ұшатыны туралы жақ ашпады. Сондай-ақ ол Қарағандыдан Балқашқа дейінгі жол құрылысына да соқпай өте шықты.

САРАН – МЫҢ БОЯУЛЫ ШАҺАР

Бұл ретте, Қарағанды облысы әкімінің айтуынша, өңірдің индустриялық бағытын ешкім өзгертейін деп жатқан жоқ.

– Қазіргі таңда өнеркәсіп өнімінің 93,2 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, – деді Бөлекпаев.

– Бірінші кезекте бұл Саран  Индустриалды аймағы (2021 жылдан) құрылғанының арқасы, қазіргі кезде мұнда құны 400 млрд теңге болатын 9 жоба іске асырылып жатыр.

Ең таңғаларлығы: автокөлік шиналары, автобустар және тұрмыстық техника өндірісі. Президент тапсырмасы бойынша бұл тәжірибе өңірдегі басқа моноқалалар – Теміртау, Балқаш, Шахтинск және Абай қалаларында енгізілуде.

Облыс экономикасын сәтті әртараптандырудың үлгісі ретінде Саран қаласын атаған Қарағанды облысының әкімі бұл елдімекеннің бүкіл елге даңқы немен шыққанын еске салып өтті. Таңғаларлығы: 12 жылға созылған орталық жылыту қазандығына 10 млрд теңге жұмсалғанымен, оның игілігін халық көріп отырған жоқ. Бірақ бұған облыс әкімі қысылып тұрмаған секілді. Сарандағы апатты болар-болмас оқиға ретінде атап өтіп, жалпы басқасы дұрыс деген сыңай танытты.

– Біз Саранда Орталық жылыту қазандығын аяқтадық, – деді әкім.

– Баршаңызға белгілі, іске қосу жұмыстары кезінде жылумен қамтуда ақаулар болып, сол себепті резервтік ресурстар пайдаланылды. Қазір тұрғын үйлерге жылу орталық жылу пунктінен де, резервтік жергілікті қазандықтардан да берілуде. Жаңа қазандықта бірінші және екінші қазандық жұмыс істеп тұр. Үшінші және төртінші қазандықтарда іске қосу жұмыстары жүргізілуде. КТИ іске қосылуы қаланың тұрғын ауданымен қатар «Саран» өнеркәсіптік аймағы мен РТИ шағын ауданын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді.

Міне, тұрғындардың басына бақ қонды деген – осы. Енді оларда қосымша жылыту қазандығы да бар, қайсысы жылыта алса, билік соны қосып отырмақ.

«ӘР ҚИЫНДЫҚТА БІР ҚАЙЫР БАР»

Ермағанбет Қабдолұлының жетістігінің басты құпиясы да осында жатқан сияқты. Биліктің барлық эшелонында әрқашан «өзін көрсету» қабілеті, тіпті басқалардың қателіктерін өз жетістіктері ретінде көрсету, авиациядағы пилотажға ұқсайды.

Әкім журналистердің Саран қазандығына қатысты қойған сауалдарына еш шімірікпестен жауап берді. Бетіне қарап, өтірік айтып тұр дей алмайсың, міз бақпайды. Айтуынша, мәселе қазандықта емес екен, насоста. Бірақ насостың сапасыз екенін тексеру жылыту маусымы басталғанға дейін мүмкін болмаған. Себебі сынақ жұмыстары кезінде агрегатты ешкім бар қуаттылығына қоймайды.

Тек жарты қала жылусыз қалғанда ғана әкім апат орнына келіп, қала тағдыры үшін шешім қабылдаған. Соған сәйкес, қаладағы тұрғын үйлер бұрынғы жылыту қазандығына қайта қосылған. Содан бері тұрғындардың қуанышында шек жоқ, – дейді әкім. “Бір қиындықтың артында бір жақсылық бар деген осы екен-ау”.

Тіпті Ulysmedia.kz тілшісінің «Неліктен Ермағанбет Бөлекпаев орын алған жағдайға қатысты жауапкершілікті Саран әкімімен теңдей бөліспеді, қызметке кіріскеніне бір жыл толмаған Саран әкімі отставкаға кеткен жоқ па?» деген сауалына да еш қысылмады.

– Облыс жылыту маусымына сақадай сай деп сіз де жоғарыға есеп берген жоқсыз ба? – деп таң қалды журналист.

– Көптеген қарағандылық әлеуметтік желіде сіз де осы апатқа жауапты екеніңізді айтып, қызметтен кетуіңізді талап етті. Бірақ сіз кетпедіңіз. Неліктен отставкаға кетпедіңіз?

– Біріншіден, бұған бұрынғы қала әкімі тікелей жауапты. Штабтарда, жиналыстарда бәрі жақсы, бәрі жұмыс істеп жатыр деген хабарлар үнемі айтылып жатты. Сондықтан ол жазаланды және ол мұны жоққа шығармайды, өзі де кінәсін мойындап отыр. Маған келетін болсақ, шешім қабылданды. Әрине, менің де жауапкершілігім бар, сондықтан жұмысты жалғастырамыз, – деп жауап берді Бөлекпаев байсалды түрде.

Ермағанбет Қабдолұлының өтірікті шімірікпей айтатынына қарап, оның жұмысы қалай жүріп жатқанын бағамдау қиын емес. Қарағанды облысына басшы болып тағайындалған сәттен бері айтылып келе жатқан әңгімелер де бекер емес-ау, бұрын сенбеген едік, «бұл пост оған трамплин болады» деген сөздің жаны бар екеніне енді көзіміз жетті. Кім біледі, өзі айтқандай «жұмысты жалғастырамыз» деуінде: «алдағы уақытта Астананың сол жағалауында кездесеміз» деген кекесін жатыр ма? Мүмкін, бәрі де мүмкін...