Biz Birgemiz Qazaqstan ұйымының басшысы Перизат Қайраттың ұсталғаны туралы ақпарат жұртшылықты қайран қалдырды.
Перизат көктемгі су тасқыны кезінде елге көмек беріңіз деп Facebook парақшасында мемлекет басшысына үндеу жасаған. Оған су тасқыны кезінде көмекке жиналған 1,5 млрд теңге мен Палестина халқына жәрдем беруге жиналған 200 млн теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр. ҚМА деректеріне сәйкес, Перизат Қайрат халықтың қайырымдылыққа берген қаражатын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Агенттік жариялаған тізімде Перизаттың өз жеке басына сатып алған бұйымдары мен жылжымайтын/жылжымалы меншіктері көрсетілген. Осыдан кейін әрқайсымыздың көкейімізде «Қайырымдылық қорларына ақша аударудың қажеті бар ма?» деген орынды сұраққа итесұрақ туындады.
Әлеуметтік желілердегі ашу мен наразылыққа толы пікірлерді саралай келе, құдай бетін әрі қылсын, егерде ел басына тағы осындай қиын-қыстау күн туар болса, онда қайырымдылық көрсететін жан таппай қаламыз ба деген ой қылаң береді.
Сонымен, Қазақстандағы қайырымдылық қоры төңірегіндегі дау-дамай ушығар болса, бұл елдегі жалпы қайырымдылық қорларына кері әсер етпей ме? Бұл сұраққа жауапты Ulysmedia.kz тілшісі іздеп көрді.
ИНТЕРНЕТ ЕШТЕҢЕНІ ҰМЫТПАЙДЫ
Бүгінде Перизат Қайраттың ұсталғаны және Қаржылық мониторинг агенттігі күдік келтіріп отырған қаржылық айла-шарғылар туралы мәліметтер желдей есіп, екі адамның басы қосылса, әңгіме арқауына айналған. Биыл көктемде тасқыннан зардап шеккендерге көмектесу үшін дәл осы Biz Birgemiz Qazaqstan қорына ақша аударуға шақырған үндеулер де осындай жиілікпен кең таралған еді.
Ол кезде бұл қорға танымал блогерлермен қоса, AMANAT партиясы мен Kaspi банкі сияқты алпауыттар қолдау білдірген. Әрине, бүгінде олардың бәрі де аты шулы қор мен оның басшысымен байланысын жоққа шығаруға асығады.
AMANAT партиясының баспасөз қызметі мынадай мәлімдеме жасады:
– Партия «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы емес және қор қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Сәуір айында тасқынның қауіпті кезеңінде AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Белсенділер мен еріктілер көптеген қайырымдылық ұйымдары, оның ішінде «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры жинаған гуманитарлық көмекті жеткізуге атсалысты.
Ал Kaspi банк аталған қорға ақша аудару функциясын толығымен өшіріп тастады. Бірақ интернет ештеңені ұмытпайды!
ӘКІМШІЛІК РЕСУРСТЫҢ ҚОЛДАУЫНСЫЗ МҮМКІН ЕМЕС…
Сондықтан Перизат Қайрат пен оның қорының артында кім тұрғаны туралы сұрақ бүгінде ашық күйінде қалып отыр. Себебі небары 32 жастағы ақтөбелік қыздың қорға аз уақыт ішінде осынша қомақты қаржы жинағанына ересек тұрмақ, бала да сенбейді. Ал кейбір батыл блогерлер «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорының артында үлкен әкімшілік ресурс тұрғанын айтуда.
Мысалы, блогер Айгүл Балакешова өзінің «patriotkaragandy» паблигінде былай деп жазады:
Мемлекеттік органдар осы қорды жарнамалаған. Ал қазір не өзгерді? Неліктен қордан бас тартып отыр? Бұл қыздың тәтті дауысымен және нағыз балалық, бұзық мінезімен жалғыз өзі қаржы жымқыруға бара алмас еді! Оған күш-қайрат та, тәжірибе де жетпес еді! Айқын көрініп тұр, жоғары жақтан «Biz Birgemiz»-ге ірі демеушілерді бағыттап отырған. Үміттенемін, ол тергеуде барлық есімдерді айтады, қандай атақтары мен танымалдылығы болмасын!
Бұл қорға мемлекеттік органдар жарнама жасағаны белгілі. Ал қазір олар аш пәледен қаш пәле деп, бастарын құмға тығып отыр. Қаршадай қыз бүкіл ақшаны өзі жаратуы мүмкін емес, оған оның батылы да, тәжірибесі де жетпейді. Төбеде отырған дөкейлер қалталы демеушілерді «Biz Birgemiz» қорына ақша аударуға бағыттап, кейін сол ақшаны бөліске салған. Меніңше, Перизат тергеуде бәрін жайып салуы керек, мейлі олар қандай шенділер болсын, бәрін жасырмай айтуы тиіс.
Мемлекеттік органдар маған да хабарласып, осы қордың видеосын таратуды, халыққа жасап жатқан жақсылықтарын насихаттауды сұраған. Мен «Biz Birgemiz» қорының ниеті ақ екеніне сендім, сондықтан Инстаграм парақшамда өз аудиториямнан қайырымдылыққа қаражатты осы қорға жіберулерін сұрадым. Ал қазір мені пайдаланып кеткендей өзімді жайсыз сезініп отырмын.
«ӨЗІМІЗДІҢ» ҚОРЛАР ЖӘНЕ БАСҚАЛАРЫ
Мұнда басқа бір мәселе туындайды: неге мемлекеттік органдар «АрселорМиттал» сияқты компаниялардың ісіне араласа алмайтындарын айтып, бұл жеке бизнес деп жауап береді де, ал қоғамдық қордың жұмысына келгенде, оны тексеруге құқылы болып шығады? Олар тіпті қай қорды жарнамалап, қай қорды назардан тыс қалдыруға болатынына дейін өздері шешеді. Сонда мұның бәрі қандай критериймен анықталып жатыр?
Мысалы, 2024 жылғы 1 қаңтардағы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда шамамен 20 000 қайырымдылық ұйымы тіркелген. Бірақ олардың қаншасын халық біледі? Ең болмағанда он шақтысын біле ме? Ойланып қарасақ, сіз еске түсірген қорлардың атаулары қайдан белгілі болды? Мемлекеттік органдар мен танымал блогерлердің оларды жарнамалауынан емес пе?
КІМГЕ СЕНІП, КІМГЕ СЕНБЕУ КЕРЕК
Мысал ретінде: биыл сәуір айында су тасқыны кезінде вице-премьер Қанат Бозымбаев әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қаражат жинауға арналған хабарландырулардың көбейгенін айтып, халықты барлығына сене бермеуге шақырды.
– Ресми түрде жұмыс істейтін аймақтық қайырымдылық қорлары бар, олар әкімдіктер мен жергілікті белсенділер тарапынан бақыланады. Қазақстанда республикалық деңгейде екі қор бар: «Демеу Қазақстан қоры» және «Қазақстан халқына» қоры, – деп атап өтті Бозымбаев.
Егер «Қазақстан халқына» қорының атқарған жұмыстары бойынша сұрақ туындаса, онда олардың ресми сайтындағы есеп беру бөлімінде барлығы егжей-тегжейлі көрсетілген. Қай уақытта қанша қаражат жиналғанын және ол қайда жұмсалғанын көруге болады, ал «Демеу Қазақстан қоры» туралы бұлай сенімді айта алмаймыз. Бұл қорға ақша аударған кәсіпкерлер өз қаражаттарының қайда кеткені туралы ешқандай ақпарат ала алмағандарын айтып шағымданған.
«ОПЕРАЦИЯЛЫҚ» СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП
Сол кезде Ulysmedia.kz су тасқынынан зардап шеккен аудандарға барып, Президент істері басқармасына сауал жолдады. Бұл басқарма «Демеу Қазақстан қорының» қызметін қамқоршылыққа алған еді. Сауалда ақшаны аудару тетіктері, зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілетіні және оның көлемі туралы түсініктеме беру сұралды. Бір аптадан кейін басқарма басшысының орынбасары Б. Әбілдинов жауап беріп, былай деді:
– Елдегі су тасқыны салдарын жою үшін қаражат жинаумен бірнеше қор айналысады, олардың бірі – «Демеу Қазақстан қоры».
Ол сондай-ақ қор қызметінің Азаматтық кодекс және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Қайырымдылық туралы» заңдармен реттелетінін түсіндірді.
– Су тасқыны салдарын жою үшін жасалатын қайырымдылықтар – жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың жеке бастамасы. Сіздің сауалыңызда көрсетілген мәселелер күнделікті операциялық сипатқа ие және басқарма қордың ағымдағы жұмысына араласпайды, – деп мәлімдеді Әбілдинов.
Қор жұмысы туралы қоғам алдында есеп беру үшін Ұлысмедиа сұқбат алаңына шақырғанымызда, «Демеу Қазақстан қорының» басшысы Ерболат Садырбаев жауап бермеді.
КҮДІК СЕНІМСІЗДІКТІ ТУҒЫЗАДЫ
Қаржылық мониторинг агенттігі барлық қайырымдылық ұйымды тексеруді жоспарлап отырған жоқ. Дегенмен Перизат Қайратқа қатысты күдік пайда болған кезде, тағы бір қайырымдылық ұйымға байланысты дау шықты.
Блогерлер Еркежан Шайх пен Айтбек Амангелді құқық қорғау органдарынан «Асар-Уме» қорының жұмысын тексеруді сұрады. Олардың оқырмандары бұл бастаманы қолдап, қор басшылығынан толық қаржылық есеп беруін талап етті.
«Асар-Уме» қорының басшысы Асхат Нұрмашев бұл әрекетті жоспарланған шабуыл деп атады:
– Біздің қорға қысым көрсетіліп жатыр. Бізді қаралау жүргізілуде. Біз бұл мәселелердің нақты себебін білмейміз, бірақ медиа тұлғалар мен кейбір танымал адамдар арасында теріс қарым-қатынас пайда болғанын байқадық, – деді ол.
Есеп беруін талап еткендерге Нұрмашев былай деп жауап берді:
– Біз жыл сайын есеп береміз. Егер ұмытпаған бослаңыздар, әрине. Видео түсіріп, арнайы кестелер арқылы жасалған жұмыстарымызды көрсетеміз. Бізде қазір жыл сайынғы аудит жүріп жатыр. Сол аяқталғасын, есеп береміз. Оны барлығы көре алады.
ОЛ БІРДЕҢЕ БІЛДІ МЕ
Бір ғажабы, Перизат Қайратқа қатысты ақпарат жарияланар алдында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева күтпеген жерден «жеке және заңды тұлғалардың науқас балаларға немесе табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек ретінде ақша жинауына тыйым салынуы мүмкін» деген әңгіменің ұшын шығарды.
13 қарашада Мәжіліс кулуарында Балаева билік Қазақстандағы барлық қайырымдылық қорларын бақылауға алуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл қазақстандықтарды алаяқтардан қорғау үшін қажет.
– Мәселе талқыланып жатыр, жұмыс тобы құрылды, - деп түсіндірді министр.
– Ұсыныстарды жинап, сарапшылардың пікірлерін зерделеп жатқандықтан, әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Сіз мұндай бастамалардың жайдан-жай қабылданбайтынын түсінуіңіз керек. Спекуляция мен алаяқтық фактілері бар. Сондықтан қайырымдылыққа ақша жинау тетігін жетілдіру мәселесін қарастырып жатырмыз.
Қалай ойлайсыз, бұл кездейсоқтық па? Мұны әркім өзі шешсін...
Айтпақшы, Аида Балаева «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорының басшысына қатысты тергеу жайлы пікірін білдірген кезде де осындай ұстанымда болды.
– Қазақстанда волонтерлік және қайырымдылық белсенді дамып келеді, дегенмен бұл алаяқтардың әрекеті үшін қолайлы жағдай туғызуда. Сондықтан мен барша қазақстандықты қайырымдылық көмек көрсету операторларын мұқият зерттеп, тек сенімді серіктестермен жұмыс істеуге шақырамын.
Жақында ғана мемлекеттік органдардың өкілдері қазақстандықтарды «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының сенімді екеніне сендірді емес пе? Сонда қалай? Аида Ғалымқызының «тек сенімді серіктестермен жұмыс істеуге шақырамын» деген үндеуі бір мемлекеттік органның бір-біріне қарама қайшылығы емес пе?
ЕСЕБІН КӨРМЕЙ, ЕШКІМГЕ СЕНБЕ
«Добровольное Общество «Милосердие» қоғамдық қорының директоры Аружан Саин өз парақшасында қайырымдылық жасаушыларды қорларды мұқият тексеруге шақырды.
– Алаяқтардан құтылудың жалғыз жолы – қорды дұрыс таңдау үшін уақыт бөлу. Сайтқа кіріп, қызметімен танысу, есептерін қарау маңызды. Әлеуметтік желідегі парақшалар мен блогерлерді емес, қордың сайтындағы нақты есептерін тексеру керек, – деді Саин.
Ол басқа қорлардың жұмысына қатысты пікір білдіруге ықыласты еместігін айтты.
– Біз тек өзіміз үшін, өз жұмысымыз үшін және көрсеткен көмегіміз үшін жауап бере аламыз. Біздің сайтта әрбір садақа беруші, тіпті ол 1 теңге аударса да, өз садақасын көре алады. Әрқайсысы қаражаттың қайда жіберілгенін, нақты қандай балаларға көмектескенін, қандай жобаларға жұмсалғанын, қордың жылдық есептерін және PWC аудитінің есептерін көреді. Біз әрбір балаға, жабдыққа, дәрі-дәрмекке немесе жобаға көмек көрсету үшін ақпаратты, құжаттарды және негіздемелерді жинаймыз. Сөзбен емес, құжатпен негізделген көмектер.
Ол қайырымдылық саласындағы әрбір дау-дамай адал жұмыс істейтіндерге зиян тигізетінін айтты:
– Бұл халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Ал қиын жағдайға тап болғандар осындай алаяқтардың кесірінен көмек ала алмай қалады, – деп түйіндеді ол.
Сондықтан біреуге көмек жасамас бұрын ол адамның шынымен науқас екеніне көз жеткізіп алған дұрыс. Ол үшін қайырымдылық қорларының сайтына кірсеңіз жеткілікті. Бәрі жазулы тұр. Бір өкініштісі, қайырымдылық қорларының кейбірінде тіпті ресми сайттары да жоқ.