×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

Ауыл қалаға айналса… Халық неге қол жеткізіп, неден қағылады

Ауыл қалаға айналса… Халық неге қол жеткізіп, неден қағылады
Коллаж Ulysmedia.kz

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, елде 20-ға жуық ауыл қалаға айналуы мүмкін. Оның 4 төртеуі елдегі ірі мегаполис Алматыны жағалай орын тепкен. Ұзынағаш, Қарғалы, Өтеген батыр және Боралдай ауылдары халық саны бойыша аудандық маңызы бар қала атануға сәйкесіп-ақ тұр. Алайда оның ауылы әлі алыс сияқты. Неге екенін Ulysmedia.kz түсіндіріп көреді.

НЕГЕ ДӘЛ ОСЫ ТӨРТ АУЫЛ

Жоғары айтылған жиырмаға жуық ауылдан осы төртеуін бөлек қарастырып отырғанымыз жай емес. Өйткені дәл осы ауылдардағы жағдай өзгелеріне қарағанда күрделірек. Жақсы өмір іздеп аймақтардан ағылған ағайынның біразы осы ауылдарға қоныс тебетіндіктен, халқы жылдам өсіп, аумағы кеңейіп, саяжайлар көбейген. Бүгінде Ұзынағашта 49,5 мың, Өтеген батырда 43,1 мың, Боралдайда, 37,5 мың, Қарғалыда 30,7 мың адам тұрады. Сәйкесінше, жол, жарық, су, газ, мектеп мәселелері бұл жақтарда өте өзекті. Ауыл халқының біразы Алматыда жұмыс істейтіндіктен, қала кіреберістері таңертең мен кешкі уақыттарда қалың кептеліс. Адамдар жолға бірнеше сағат құртады. Егер бұл ауылдар қалаға айналып, өркендесе, жаңа жұмыс орындары ашылса, бұл қиындық азая түсер ме еді…

ОНДАЙ ҮМІТ ЖОҚ ЕМЕС

Ауылға қала мәртебесін беру жергілікті атқарушы органдарға халықтың тұрмысына жағымды әсер ететін бірқатар міндеттемелер жүктейді. Алматы облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ulysmedia.kz-ке жолдаған жауабында төмендегідей игіліктерді келтіреді.

- әлеуметтік-экономикалық дамудың қалалық бағдарламалары әзірленіп, іске асырылады;

- көлікті, сумен жабдықтауды, энергетика мен коммуналдық қызметтерді ұйымдастыру, қала құрылысы мен жерді пайдалануды реттеу тетіктері пайда болады;

- әлеуметтік инфрақұрылыммен, атап айтқанда мектептер, ауруханалар, мәдени және спорт объектілерімен қамтамасыз ету арқылы халық үшін қолайлы орта қалыптастыруға жол ашылады;

- қала мәртебесі жұмыс орындарын құруға және инвестициялық әлеуетті арттыруға ықпал етеді;

- қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін шағын және орта бизнеске инвесторларды тартады, кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындарын ашады;

- қалалар көбінесе бизнеске негізделген жобаларды жүзеге асыруға, инвесторлардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді;

- қалалық инфрақұрылымды -  жолдарды, сумен жабдықтауды, кәрізді дамытатын болады;

- білім беру, мәдени, спорттық және медициналық мекемелерді салу және жаңғырту үшін мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ оларды заманауи жабдықтармен жабдықтауды талап етеді;

МӘСЕЛЕНІҢ ЕКІНШІ ЖАҒЫ

Қала ретінде дамудың осындай игіліктерімен қатар, кей теріс жағы да бар.

Мәселен, облыстық басқарма ауылдық елді мекендер ауыл шаруашылығын дамытуға, тұрғын үй құрылысына және әлеуметтік инфрақұрылымға әртүрлі жеңілдіктер мен субсидиялар алатынын, егер ауылдық елді мекенге қала мәртебесі берілсе, онда аталған мүмкіндіктермен қамтамасыз етілмейтінін мәлім етті.

“Сондай-ақ, қала мәртебесі берілген жағдайда ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария және орман шаруашылығы саласындағы мамандардың жалақысына қосылатын 25% мөлшерінде үстемеақы төленбейді, сондай-ақ «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» жобаларына қатыса алмайды” делінген басқарманы ресми жауабында.

Қазіргі таңда аталған төрт ауылда 5 мыңға жуық қызметкер 25% мөлшерінде үстемақы алады. Ал аталған ауылдардағы малдың жалпы саны 109 мыңды құрайды.

ҚАЛАҒА АЙНАЛУДЫҢ АУЫЛЫ АЛЫС

Басқарма елді мекен санатын өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірі ескерілетінін атап өтті. Алайда саяси шешім қабылданса, Жетігенді қала етіп, атын ауыстыра салғаны сияқты, ауылдан қала жасау қиын емес. Алайда оған қаражат жағы қолбайлау болатын түрі бар.

Бүгінгідей бюджеттің кірісінен, шығысы артып, болашаққа деп жинап жатқан ұлттық қорға қайта-қайта қол салынып жатқанда, ауылды қала етіп, мойнына мың міндетті жүктеуге мемлекетте мұрша жоқ.