×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

Бақыттың кілтін ұсынған Қожамжаров немесе сюцай адам болмысын аша ала ма

07.12.2024, 13:25
Бақыттың кілтін ұсынған Қожамжаров немесе сюцай адам болмысын аша ала ма
Ulysmedia коллажы

Бақытқа жетудің төте жолын білесіз бе? Әрине, мұндай жол бар, бірақ ол тіптен тегін емес. Ақшаңыз болса, болды. Бәрін ұйымдастыруға болады. Сюцай дегенді бұрын естімеген болсаңыз, танысып қойыңыз, бақытқа апаратын жол Сюцай деп аталады. Бізде қалай, біреу «мен осыған кіріп, бақытқа бөлендім» десе, бәрі соның әрекетін қайталайды емес пе? Сюцай маңайындағы пиар да осындай әдіспен жасалып жатыр.

Ulysmedia.kz порталы «сюцай» деп аталатын ілімнің негізін қалаушы Жанат Қожамжаровтың халыққа айтып, насихаттап жүргені қандай ілім, оны танымал саясаткермен не байланыстыратынын зерттеп көрді. Тегі бірдей жандардың арасында қандай байланыс болуы мүмкін?

БАҚЫТТЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Жаһандану мен ғаламтор дегенің үйімізге ғана емес, миымызға да әбден кіріп алды. Қазір небір коучтардың заманы болып тұр. Олар түрлі таргеттер, жарнамалар арқылы өз тренингтері, курстары, вебинарлары, жеке сабақтары мен кітаптарын ұсына отырып, адамды баурап алады. Коучтар өздерінің ілімдеріне шақырып, құпия білім арқылы бар армандарыңызды жүзеге асыруға уәде береді.

Бір таңғаларлығы – өмір сүруді үйретемін дейтін ұстаздардың өзі бақыттың базарында шалқып жүргендер емес, тиынға тиын қосып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен «қалқып» жүргендер. Соған қарамастан, олар ұсынған ілім зор сұранысқа ие. Мысалы, құпия НЛБ (нейролингвистикалық бағдарламалау) әдістерін меңгеруден бастап, «Күніне үш сағат жұмыс істеп, миллион табу» немесе «Қиярдың көмегімен олигархқа қалай тұрмысқа шығуға болатынын» түсіндіретіндерді мысалға алсақ болады.

Жақында, жақында дейтіндей тым жақында да емес, әйтеуір соңғы уақытта дейік, әлеуметтік желілерде жаңа ілім – сюцай кеңінен танымал бола бастады. Бұл іліммен айналысып жүргендердің айтуынша, сюцай нумерологияға ұқсас, бірақ өзіндік ерекшелігі бар. Оның авторы ретінде қазақстандық Жанат Қожамжаров көрсетіледі.

Сюцайды жақтаушылар оны ХХІ ғасырдың цифрлық психологиясы, өмірді басқару ғылымы және еркін философия деп атайды. Олардың айтуынша, сюцай сандар арқылы тек жеке әлеуетті ашып қоймай, өмірді де бақылауға мүмкіндік береді. Алайда сюцай шеберлері бұл ілімді нумерологиядан түбегейлі өзгеше әдіс деп санайды. Сюцай мектебі психоанализдің элементтерін («азап шегуші эго» және «бақытты эго»), буддизмнің (карма), астрологияның (планеталардың әсері), православиенің (Иса пайғамбардың жасы), сондай-ақ әр адамның ішінде жасырылған әлеуетті анықтау идеясын қамтиды.

Негізінен, сюцай бойынша кез келген нәрсені есептеп шығаруға болады. Мысалы, белгілі бір күндегі жеке энергия деңгейін, есімнің немесе белгілі бір орынның энергиясын есептеу сюцай ілімінде мүмкін нәрсе. Осы ілімнің негізінде шынайылықты бағындыруға болады деп есептеледі.

Жанат Қожамжаров өзінің YouTube арнасында сюцай арқылы өмірдің түрлі саласын қалай бақылауға болатынын түсіндіреді: жақындармен қарым-қатынасты реттеу, бизнесте табысқа жету және денсаулықты нығайту. Концепция жақтаушыларының айтуынша, ең алдымен, өмірге келген уақытыңыздың сандарын бір-біріне қосу арқылы өзіңіздің мінез-құлқыңызды, қандай қабілетіңіз немесе қандай кемшілігіңіз барын анықтау керек. Сол арқылы сізге әсер ететін ішкі және сыртқы энергияларды сезінуге болады.

СІЗ КІМСІЗ, ҚОЖАМЖАРОВ МЫРЗА?

Сәнге айналған ілімнің авторы Жанат Қожамжаров туралы ақпарат аз, ал қолда бар мәліметтің өзі Жанаттың айтуымен ғана белгілі болған жайттар. Ол өзінің өмірбаянын қысқа қайырады. 1962 жылдың 19 желтоқсанында бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданы, Еңірекей ауылында дүниеге келген. 1980 жылы орта мектепті бітірген. Орта-техникалық білім алған. 1993-2009 жылдары Алматы қаласында Philip Morris International компаниясында жұмыс істеген.

Фото әлеуметтік желіден
Фото әлеуметтік желіден

Бұдан кейінгі өмірбаяны түрлі атақтар мен марапаттар көрмесіне ұқсайды. «2017 жылы Біріккен Еуропа Ұлттық Қауіпсіздік Халықаралық Академиясының түлегі, 2018-2019 жылдары Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «Педагогика және психология» мамандығы бойынша кәсіби қайта даярлаудан өткен. Ресейде Психология ғылымдарының докторы атағын алған. 2020 жылы халықаралық деңгейдегі психология ғылымдарының профессоры ғылыми дәрежесі берілген. Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан «Бейбітшілік елшісі» атағын алған. Шри-Ланканың Денсаулық сақтау министрі мен Парламент мүшесінің кеңесшісі болып тағайындалған.

Сюцай цифрлық психологиясына арналған сайтта Жанат «комплиментарлық медицинаның профессоры, остеопатия қағидаларын зерттеуші, ерекше экзорцист, Оксфорд профессоры және түрлі ғылыми дәрежелердің иегері деп жазылған.

«ҚЫМБАТ» БІЛІМ

Қожамжаров өз ілімін қалай құрғаны жайлы былайша баяндайды. Оның айтуынша, өмірінде болған үлкен дағдарыс оны қазіргі заманғы қытай медицинасының маманы, Нахыспекұлы Бақыт Байдаралмен жолықтырған. Сол кездесу оны «Отты цигун» атты ежелгі қазақ техникасына қызықтырып, денсаулығын қалпына келтіруге себепші болған.

Жанат Мұхаметқалиұлы сол әсерден кейін Қытайға барып, Отты цигун шеберінің басшылығымен бес жыл оқыған. Қазақстанға оралған соң, «Адам санасын тәртіпке келтіру мен жанның өзін табу ғылымы» бойынша білім беретін Халықаралық сюцай мектебін және Zhanat интегралды медицина халықаралық институтын құрған.

Қожамжаровтың айтуынша, қазіргі уақытта «Отты цигун» техникасын әлемде бар болғаны тоғыз адам ғана меңгерген. Сол себепті ол ұстазынан «Раджа-йога» ілімін үйреніп, оны, алдымен, қазақ тіліне, кейін орыс тіліне аударған. Бүгінде ол әлемнің түкпір-түкпіріне саяхаттап, өзінің ілімін насихаттап жүр.

«Гурудың» сөзінше, соңғы бес жылда ол 30-дан астам елге барған. Мыңдаған адамға әртүрлі ауруларының шығу төркінін көрсетіп, одан айығуға көмектескен. Сондай-ақ әлемнің 10-нан астам қаласында халықаралық «Сюцай» мектебінің филиалдарын ашқан.

- Бұл білім кез келген адамның санасын дамытуға көмектеседі. Жұмыр басты пенденің жер бетіндегі бірінші миссиясы – өз-өзін табуы. Қалғанының барлығы – екінші кезектегі нәрсе, – дейді Қожамжаров.

СЮЦАЙ ДЕГЕН НЕ?

Қожамжаровтың мектебі білім алушыларға өзін танытуға, бақыттың кілтін табуға үйретеді. Алайда бұл білімді алу үшін ниеттен бөлек, қалтаңызда қомақты қаражатыңыз да болуы керек. Осыдан ба екен, нейробиолог әрі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила бір сұхбатында сюцайды секта деп атаған.

Фото әлеуметтік желіден

- Жанат Қожамжаров шетелде тұрса да, ақылы курстар өткізіп, қазақстандықтар арасында өз ілімін кеңінен таратады. Ол қатысушыларды мистикалық күштің, энергияны тарату қабілетінің бар екеніне сендіреді. Осы арқылы табыс табады. Әр қатысушы курс үшін 1 миллион теңгеден төлеген. Осылайша қазақстандықтардың алаяққа алғаусыз сенуінен олардың жалпы 6 млрд теңге ақшасы шетелде тұратын Қожамжаровтың қалтасына түскен, - дейді Нұрсила.

ҚЫТАЙ ГРАМОТАСЫ

Қазақстандық саясаттанушы, шығыстанушы, синолог, ғылым докторы, ҚХР Шыңжаң университетінің құрметті профессоры Константин Сыроежкин Ulysmedia.kz тілшісімен сұхбат барысында «сюцай» туралы таңданысын білдірді.

sayasat.org

– Тіпті не айтарымды да білмеймін. Мұндай ғылымды естімеппін. Егер әңгіме цифрлық технологиялардың психикаға әсері туралы болса, түсінер едім. Ал «сюцай» атауына келсек... Әрине, иероглифтерді қараған жөн болар еді. Бірақ «сюцай» – бұл ортағасырлық Қытайдағы ғалымның алғаш алатын атағы. Оның Қожамжаров мырзаның курсына қандай қатысы бар екені түсініксіз, – дейді ол.

Жанат Қожамжаровтың айтуынша, «сюцай» сөзі «қашықтан білу» деп түсіндіріледі. Алайда, бұл түсініктемені мамандардың өзі түсіне алмай отыр.

– Қайталап айтамын: бұл қытай сөзі болғандықтан, алдымен, оның иероглифтерін қарау қажет. Қожамжаровтың интерпретациясы маған сенім ұялатпайды, – дейді профессор Константин Сыроежкин.

Сыроежкиннің пікірінше, «сюцай» ілімін жақтаушылар тек «білім» ұғымын бұрмалап қана қоймай, ең бастысы, ойлау қабілеті мен өзінің ізбасарларының психикасына зиян келтіруде.

– Бұл теорияның авторы не айтқысы келгенін білмеймін. Өзім таныс емеспін. Ашығын айтсам, әлем деградацияға ұшырауда, бұл ғылымға да әсер етуде. Мен ескі мектептің өкілі ретінде мұны айқын байқаймын. Мысалы, «Цигун» концепциясы маған таныс, бірақ автор айтып отырған «Отты цигун» деген не екенін айта алмаймын және Қожамжаров мырзаның өмірбаянының өзі көп нәрсені аңғартады, – дейді Сыроежкин.

– Осындай жалған ғалымдарға алданып қалмау интернет қолданушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ойлану керек! Маңыздысы – атақ емес, ғылыми жарияланымдар, мақалалар мен монографиялар. Оның үстіне, бұл жұмыстар ақылы рейтингтік журналдарда емес, беделді ғылыми басылымдарда басылып шығуы тиіс.

Әлемде жүздеген, тіпті мыңдаған адам құпия білімді меңгеру үшін қомақты қаражат төлеуге дайын. Бұл феноменді қалай түсіндіруге болады?

– Өкінішке қарай, ұсыныс қаншалықты ақымақтық болса, оған сұраныс соншалықты жоғары. Тіпті, нумерология үшін де төлем жасайды, ал оның өзінде белгілі бір негіз бар. Бірақ бұл – нағыз ақымақтық, ал ол қазір күшейе түсуде, – дейді Сыроежкин.

ҒЫЛЫМИ ДӘЛЕЛІ ЖОҚ

Белгілі қазақстандық синологтың пікірін ресейлік ғалымдар да толық қолдайды. Ресейде де «сюцай» кең таралып, мамандар оны егжей-тегжейлі зерттей бастаған. Көптеген сарапшы бұқаралық ақпарат құралдарында Қожамжаров ілімінде күмәнді тұстардың жеткілікті екенін алға тартады. Психолог-психотерапевт Дмитрий Евстигнеевтің айтуынша, сюцайдың мәлімдемелері ешқандай ғылыми дәлелденбеген.

– Туған күннің адамның мінез-құлқы, қабілеті немесе өмірлік жолымен байланысын дәлелдейтін бірде-бір салмақты ғылыми зерттеу жоқ. Сонымен қатар сюцай адамның күрделі ішкі әлемін жай ғана сандар жиынтығымен түсіндіріп бере алмайды. Бұл адамның көпқырлы және динамикалық табиғатын, оның тұлғалық қалыптасуындағы генетикалық, әлеуметтік және психологиялық факторлардың өзара байланысын тым жеңіл суреттейді. Мұндай ілімді танымал етіп, оны өз пайдасына жаратуы мүмкін, ал сюцай арқылы алынған ақпарат адамның маңызды өмірлік шешімдеріне әсер етіп, қателіктерге ұшыратуы ықтимал, – дейді Евстигнеев.

– Терапевт, психология ғылымдарының кандидаты Оливия Косс та әріптестерінің пікірімен келіседі.

– Көптеген адамдар қиналып еңбек етпей, маңдай терін төкпей-ақ байлыққа бірден күмп еткісі келеді. Оңай жол іздейді. Бірақ туған күндерді талдау арқылы экзистенциалдық сұрақтарға жауап іздегендер шырмалған үстіне шырмала түседі. Қазіргі психология, керісінше, адамның фрустрациясын мойындап, ішкі икемділікті дамытуға, өзін терең зерттеуге шақырады. Мысалы, ұзақ психотерапия барысында адам өз болмысын біртіндеп ашып, шын мәнінде нені қалайтынын түсінеді. Кәсіби психолог туған күнге қарап болжамдар жасамайды, кодтарды шешпейді және байлыққа тез жетесің деп уәде бермейді.

ҚАНША СЕНСЕҢ ДЕ ТЕКСЕРУДІ ҰМЫТПА

Жанат Қожамжаровтың «жетістіктері» де күмән тудырады. Ресейлік РБК агенттігі Қожамжаровтың «Оксфорд университетінің академигі» және «психология профессоры» деген атақтарын жалған деп атайды.

– Шын мәнінде, Қожамжаров өз «ғылыми мақалаларын» рецензияланбайтын журналдарда жариялайды, олар бірнеше жылда бір рет жарық көреді. «Оксфорд академигі» атағы да жалған. Қожамжаров «оқыған» «Оксфорд білім беру желісі» – аты бар да, заты жоқ ұйым. Бұл ұйымның Оксфорд университетіне еш қатысы жоқ, тек атауы мен сайттағы суреттері ғана пайдаланылған. 

Сонымен қатар Қожамжаров өзінің жеке парақшаларында өзін «космобиоэнерготерапевт» және әлемдегі «Отты цигун» эмоционалдық тазарту техникасын меңгерген 10 адамның бірі ретінде таныстырады. Бірақ бұлардың ешқайсысы ғылыми дәлелдермен расталмаған. Оның ғылыми дәрежелерінің ешқайсысы тексерілмеген. Оның емдеу тәсілдері тек балама медицинаға жатады. Нақтылық жоқ. Әрине, Қожамжаров сюцай туралы ешқандай ғылыми негіздеме ұсынған емес.

Сюцай ілімінің негізін қалаушыны сынайтындардың пікірінше, бұл жалған ғылым клиентті сандармен шатастырып, одан мүмкіндігінше көп ақша алу үшін жасалған.