×
524.02
545.19
5.09
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.02
545.19
5.09

Қазақстан қоғамы шынымен демократияға дайын емес пе: зерттеу не дейді

Қазақстан қоғамы шынымен демократияға дайын емес пе: зерттеу не дейді
Ulysmedia/ЖИ

Алматыда “Қазақстандағы саяси және әлеуметтік мәселелерді тәуелсіз зерттеулер арқылы бағдарлау” атты сарапшылардың дөңгелек үстелі өтіп, DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросының жылдың дәстүрлі қорытынды сауалнамасы таныстырылды. Іс-шараға Ulysmedia тілшісі де қатысып қайтты.

КІМ ЖҮРГІЗДІ

DEMOSCOPE жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізген.  

КІМДЕР ҚАТЫСТЫ

«2024 жылы Қазақстанда болған ең айтулы оқиғалар» тақырыбындағы сауалнама барысында 100 мыңға тарта абонентке қоңырау шалынып, 1100 адамнан пікір алынған. Оған 18 жастан асқан 47,5% ерлер және 52,5% әйелдер қатысқан. Респонденттердің 43,1%-і қазақ тілінде, 56,9%-і орыс тілінде жауап берген. Олардың 70,4% – қазақтар, 14% – орыстар және 14,9% – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 66,7%-і қалада, 33,3%-і ауылдық жерде тұрады.

АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАР

DEMOSCOPE 2024 жылғы резонанс тудырған оқиғаны анықтау үшін сауалнамасына қатысушылардан ең айтулы екі-үш оқиғаны атауды сұраған.  Сұралғандардың 10,8% айтулы оқиға ретінде су тасқынын атаса, 10,4%-ы АЭС құрылысына арналған референдумды, 7,8%-ы Талғардағы Шерзат Болаттың қазасын елдегі жыл ішінде болған елеулі оқиға ретінде көрсеткен.

Сондай-ақ резонанс тудырған оқиғалар рейтиңінде төмендегі оқиғалар да бар:

- Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу (7,6%)
- Жер сілкінісі (6,4%)
- Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін Бішімбаевқа шыққан үкім және отбасыдағы зорлық-зомбылық туралы заңға енгізілген өзгерістер (4,4%)
- Теңгенің девальвациясы (3,1%)
- Париж Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың өнері (2,6%)
- Халықаралық іс-шаралар, мемлекеттік сапарлар (2,3%)
- Астанада өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойыны (2%).

БІРІҢЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ

Зерттеудің негізгі тақырыптары азаматтардың бірыңғай уақыт белдеуіне көшуін қабылдауы және әлеуметтік маңызы бар өмір салаларын бағалау болған.

Сауалнама мәліметі бойынша, азаматтардың басым бөлігі (53,1%) бұл шешімді қолдамайды. Респонденттердің 22,1%-і оны құптаса, 15,5%-і бұл мәселеге бейтарап қарайды, ал 7,4%-і мүлдем бейхабар.

Қазақстанның барлық дерлік облысында бұл шешімді қолдамайтын азаматтардың үлесі басым екені байқалады. Әсіресе, уақыт бір сағат артқа жылжыған өңірлерде наразылық айқын көрінеді.

Шығыс және орталық өңірлердің тұрғындарының басым бөлігі (74,6%) – Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау облыстары – бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы екенін білдірді. Алматы (68,4%) және Астана (55,7%) тұрғындарының көбі де бұл бастаманы құптамайды.

Оңтүстік өңір – Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысының 47,8% тұрғындары бұл бастамаға қарсы. Солтүстік өңір – Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысында қарсы болғандардың үлесі – 45,3%.

Бірыңғай уақытқа көшуді қолдағандардың үлесі аздап басым болған жалғыз өңір – Қазақстанның батыс аймағы (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары): 31,8%-і бірыңғай уақытқа көшуді құп көрсе, 30,6%-і оған қарсы.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ НЕ АЛАҢДАТАДЫ

DEMOSCOPE мәліметі бойынша, қазақстандықтарды ең көп алаңдататын мәселелер: төмен жалақы мен табыс деңгейі (37,6%), ең қажетті тауар бағасының өсуі (28,3%), жемқорлық (26,8%).

Сонымен қатар, қазақстандықтардың пікірінше негізгі әлеуметтік проблемалар қатарында төмендегілер бар:

- Зейнетақының, жәрдемақының, шәкіртақының деңгейі – 20,6%
- Қоршаған ортаның ластануы – 19,3%
- Білім беру жүйесінің жағдайы – 16,2%
- Денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы – 16,1%
- Қымбат тұрғын үй мен оның нашар жағдайы – 13,1%
- Жұмыс орнының тапшылығы және жұмыспен қамтудағы қиындықтар – 12,7%
- Көлік инфрақұрылымының нашарлығы (жолдар, тротуарлар және т.б.) – 9,3%.

КӨПТІҢ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙТЫН МӘСЕЛЕЛЕР

DEMOSCOPE сарапшылары қазақстандықтардың экология, экономика мәселелеріне де баса назар аударғанын байқаған. Ең көп сынға қалғандары: экология (54%), экономика (46,5%) және азаматтардың өмір сүру деңгейі (43,3%).

Сонымен қатар келесі салаларға да теріс баға берілген: жұмыспен қамту (32,9%), денсаулық сақтау (31,4%), құқық тәртібі мен қауіпсіздік (26,6%), білім беру (26,3%), саяси және азаматтық еркіндік (20%).

КҮДІКТЕН ҮМІТ БАСЫМ

Сарапшылар өмір сүру жағдайының нашарлағанына қарамастан, қазақстандықтардың көбі (58%) оптимизмін сақтап, 2025 жыл биылға қарағанда жақсы өтеді деп сенетінін атап өтті. Сұралушылардың 14% жаңа жыл шамамен осындай болады деп есептесе, 6,3% 2025 жыл қиын болады деп күтеді, ал 21,7% болжам жасауға қиналады.

Сондай-ақ DEMOSCOPE мамандары зерттеу мемлекеттік шешімдерді қазақстандықтардың көп бөлігі қолдамайтыны көрсеткенін айтады.

- Бұл факторлар болашақта наразылық көңіл-күйінің артуына және әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін, – деп топшылайды мамандар.

ЗЕРТТЕУ ҰЙЫМДАРЫНА БАҚЫЛАУ МЕН ҚЫСЫМ КӨБЕЙГЕН

PAPERLAB зерттеу орталығынің басшысы Серік Бейсембаев Ulysmedia тілшісіне соңғы 5-6 жылда тәуелсіз зерттеу орталықтарына бақылау мен қысым артқанын айтады.

– Бізде Сайлау туралы заңда арнайы бап бар. Оған сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының рұхсатынсыз, сайлау кезінде сауалнама жүргізе алмайсыз. Бұл норманы қателеспесем, 2016 жылы енгізіп, соңғы екі-үш жылда қатаң қадағалай бастады. Әсіресе АЭС референдумына байланысты ресми емес орталықтардың ешқайсысы сауалнама жүргізе алған жоқ. Бұл авторитар жүйенің тәуелсіз зерттеуші ұйымдарына қауіп ретінде қарайтынын көрсетеді. Кез келген авторитар билік медиакеңістікті барынша бақылауда ұстауға тырасады. Олар зерттеуші ұйымдардың репутациясы басымырақ екенін түсінгендіктен, тәуелсіз зерттеулерді маңызды оқиғалар бойынша щектейді. Мысалы Орталық сайлау комиссиясы бір жыл бұрын бізге сауалнама жүргізуге рұхсат берді, ал биыл қаржыландыру көздерің Қазақстаннан емес деп АЭС-ке қатысты мүлде тыйым салып тастады. Бұл логикаға қайшы абсурд нәрсе, – дейді сарапшы.

Зерттеуші билік қоғамдық көңіл-күйді әлеуметтік желі арқылы бағамдағанымен, фундаменталды тұрғыда қалай өзгеріп жатқанын мүлде түсінбейді деп санайды.

– Қазақстан қоғамы туралы кең тараған мифтің бірі: Қазақстан демократияға дайын емес. Оны әр жерде қайталайды. Мифті өндіретін әртүрлі билікшіл эксперттер бар. Олар биліктен тапсырма алып, осы мифті өндіре береді. Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, қоғам 15 жыл ішінде құндылық, азаматтық белсенділік тұрғысынан қатты өзгерген, – дейді Серік Бейсембаев.

ЗЕРТТЕУ НЕ ДЕЙДІ

Серік Бейсембаев іс-шара барысында таныстырылған PAPERLAB зерттеу орталығы жүргізген “Көрінбейтін әртүрлілік: Қазақстандағы саяси құндылықтар ландшафты” зерттеуін айтып отыр.

2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың тамызына дейін екі кезеңде жүргізілген зерттеу Қазақстан қоғамын алты саяси сегментке бөліп көрсеткен. Әр сегмент өзіндік құндылықтық ұстанымдар мен әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктерге ие:

- Прогрессивті реформаторлар – ең үлкен кластер (іріктеудің 26%-ы). Олар демократиялық құндылықтарға жақындығымен және экономикадағы солшыл көзқарастарды тұрақты қолдауымен ерекшеленеді. Бұл топ өзгерістерге жоғары сұраныс білдіріп, әлеуметтік және мәдени мәселелерге либералды көзқарас танытады.

- Авторитарлық лоялистер – көлемі бойынша екінші сегмент (19%). Олар қазіргі саяси жағдайды қолдайды, күшті президенттік билікті жақтайды және мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы қатаң реттеуін құптайды.

- Этноцентрлік консерваторлар (16%) – дәстүршіл топ, этникалық топтарының мүдделерін басымдыққа қойып, қоғамдағы патриархалдық құндылықтарды сақтауды жақтайды.

- Скептикалық конформистер (15%) – елдегі саяси жүйеден көңілі қалған, бірақ Қазақстан қоғамының демократияға дайын еместігін алға тартады.

- Либералды прагматиктер (14%) – нарықтық экономикаға адал, мемлекеттің әлеуметтік өмірге араласуын азайтуды қалайды, бірақ билікті орталықтандыру мен күшті президенттік басқаруды қолдауға бейім.

- Ауытқушы абсентеистер (10%) – ең аз топ. Олар саяси мәселелерге қызығушылығы төмен, көптеген параметрлер бойынша нақты ұстанымы жоқ.

Сарапшылары бұл зерттеу Қазақстан қоғамындағы саяси құндылықтардың әртүрлілігін түсінуге және әр сегменттің ерекшеліктерін тереңірек талдауға мүмкіндік беретінін айтады.