×
523.86
544.34
5.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.86
544.34
5.11

«Жынымды келтірмеңізші»: Жұманғарин экономикадағы проблемаларды еңсере ала ма

Бүгін, 10:16
«Жынымды келтірмеңізші»: Жұманғарин экономикадағы проблемаларды еңсере ала ма
Ulysmedia коллажы

Сонымен, бүгін вице-премьер Серік Жұманғарин ұлттық экономика министрі қызметіне кіріседі. Оның көкөніс бағасымен қатар, тұрғын үй, тұтастай алғанда бірқатар тауардың қымбаттауымен қалай күресетінін көрелік. Әріптесті экс-министр Нұрлан Байбазаровтың әрекетінен сырттай бақылау бір бөлек те, оның қызметін өз міндетіне алу мүлде басқа әңгіме. Ulysmedia.kz бұл мақалада саладағы бұрынғы министрлерді еске түсіріп, Жұманғариннің алдында қандай міндеттер тұрғанын шолып шықты.

Айтпақшы, бірқатар сарапшы Нұрлан Байбазаровтың отставкаға кетуі өте қисынды және дұрыс қадам екенін айтып жатыр, өйткені олардың пікірінше, экс-министр өз креслосында назар аударарлық ештеңе жасамаған. Бірақ оның бұл қызметте бір жыл да отырмағанын атап өткен жөн. Ал Байбазаровтан бұрын ең аз уақыт қызметті бұл орынтақта атышулы Қуандық Бишімбаев (8 ай ғана) атқарған.

ЖҰМАНҒАРИН НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ

Серік Жұманғарин/Primeminister.kz

Ал біз министрлер кабинетінен шықпай-ақ тың лауазымға ие болған жаңа ұлттық экономика министрінен бастаймыз. Министрлік креслосына дейін Жұманғарин премьер-министрдің орынбасары болған әрі болып қала береді. Ал экономика оған "қосымша" жүктелді, яғни қазір Жұманғариннің екі лауазымы бар. Айлығы да жауапкершілігінің өскеніне қарай артатын болар.

55 жастағы Серік Жұманғарин Ақтөбеден шыққан, үйленген, үш баласы бар. Кейде харизмашыл, кейде батыл. Бәрі де оның әйгілі "жынымды келтірмеңізші!" деген сөзімен біледі.

Биыл егінді шегірткелер қыра бастаған кезде Жұманғарин жәндік, шын мәнінде керемет ақуыз тағамы әрі халал өнім екенін айтқаны бар. Осыны ескерсек, Жұманғариннің ұлттық экономика министрлігінің басшысы ретінде не істей алатынын ойлау қорқынышты. Шегірткені консервілеп сатпасақ игі. Осы сөзінен кейін Жұманғарин мәжіліс кулуарларында шегірткені ешкімге жеуге ұсынбағанын, тек зиянкестер туралы білетінін айтқанын жеткізді.

"Бәсе" арнасы Серік Жұманғарин 2016 жылы ұлттық экономика министрлігінде табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің жетекшісі болып тұрған кезде "пара ретінде 10 пәтер алғанын", "тоғызын әйелінің атына рәсімдегенін" жазған болатын. Алайда бұл пәтерлерді вице-премьер өз еңбегімен тапқанын, ешқандай заңсыз әрекет жасамағанын айтты. Тіпті сол кезде вице-премьер “заңгерлермен ақылдасып жатырмыз” деп, ақпарат таратқан арнамен алысатындай пікір айтқан. Алайда кейін оның бұл бағыттағы әрекеті қандай болғаны турасында ешқандай мәліметтер тарамады.

Көріп отырғанымыздай, жаңа министрдің бэкграунды баршылық. Ол бизнесте жұмыс істеген, монополияға қарсы ведомствоны басқарған, онда нарықтағы "Қазақтелекомның" үлесін азайту үшін Kcell-ді жеке қолына сату керектігін айтқан. Алайда кейіннен басқа активті - Altel / Tele2 ("Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС) катарлық инвесторларға 713,1 млрд теңгеге сату туралы шешім қабылданды. Мәміле биыл қыркүйекте жабылады деп уәде етілген, бірақ бұл мерзім кейін тағы бір жылға ұзартылды. Жұманғарин Еуразиялық экономикалық комиссияда, сауда және экономикалық даму және индустрия министрлігінде де жұмыс істеген.

БАЙБАЗАРОВ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ

Нұрлан Байбазаровтың қызметінен кетуі экономикадағы жағдайдың нашарлауымен және жетекшілік ететін министрдің әрекетсіздігімен, сондай-ақ оның "отқа май құйған" кейбір сөздерімен байланысты.

Кейінгі бірнеше айда ел экономикасы біршама мәселені бастан кешірді: ұлттық валюта құлдырап, азық-түлік бағасының өсіп, бюджет дағдарысы тереңдей түсті, мемлекеттік активтерді сату бойынша ірі мәмілелер жасалды. Әлбетте, мұндайда биік мінберлерден пайымдап отырмай, уәкілетті орган батыл шешімдерді қабылдауы керек еді.

Байбазаровтың отставкаға кетуі министрлер кабинеті толық ауыспайтынын білдіреді. Сарапшылардың кейбірі кейінгі кезде "кабмин тарайды" деген әңгімені де көбірек айта бастаған-тын.

Бәлкім, Байбазаров үшін инфляцияға байланысты жақын арада тұрғын үй қымбаттайтыны туралы мәлімдемесі де қызметінен кетуіне себеп болған болар?! Экс-министр 2 желтоқсанда Үкіметте журналистердің құрылыс материалдарының қымбаттауы туралы сұрағына солай жауап берген.

Кейінгі кезде баспасөз өкілдері шенеуніктердің бәрінен теңге неге күрт әлсіреп, қымбатшылық күшейіп кеткенін көбірек сұрай бастаған. Бұл сұрақтың көбі әсіресе, Байбазаровқа бағытталды. Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында баға не болатыны туралы тұрақты сұраққа ол, мысалы, аймақтардағы ауылшаруашылық жәрмеңкелері олардың қымбаттауын тежеуге көмектесетінін айтты.

Жалпы алғанда, оның соңғы мәлімдемелері мен экономикада не болып жатқанын түсіндіруге тырысуы көбінесе ақылға қонбайтын.

ЭПИЛОГ

Олжас Бектеновтің кабмин басшылығына келгеніне бір жылға жуықтап қалды. Кейбір сарапшылар келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында министрлер кабинеті отставкаға кетеді деп есептейді.

Бірақ, егер біз мемлекет басшысының кадрлық мәселелердегі тактикасын талдайтын болсақ, ол шахмат тақтасындағы  фигураларды оңды-солды сермегенді қаламайды, бірақ ұқыпты, жайбарақат қозғалуға тырысады.

Бір жылға жуық уақыт ішінде үкіметтен Бағдат Мусин, Ермек Маржықпаев пен Нұрлан Байбазаров кетті. Келесі жылдың басында кабминнің бәрін бірден өзгертудің мән-мағынасы бола ма?