×
523.86
544.34
5.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.86
544.34
5.11

Кедейлікпен күрес немесе Дүниежүзілік банк Қазақстанның ұлттық статистика бюросының зерттеуін қайталаудың себебі неде

Бүгін, 15:53
Кедейлікпен күрес немесе Дүниежүзілік банк Қазақстанның ұлттық статистика бюросының зерттеуін қайталаудың себебі неде
ашық дереккөзден

Екі апта бұрын Ulysmedia.kz порталына «Консалтингтік қақпан және тәуелсіздік немесе Қазақстан шетелдік аудиторларға неге қап-қап ақша төлейді?» атты мақала жарияланып, онда қазақстандық аудиторлардың ел экономикасы мен саясатына шетелдік консалтингтік компанияның араласуына наразылығын жеткізген еді. Олардың пікірінше, шетелдік компаниялардың қызметі еліміздің тәуелсіздігіне қауіп төндіреді, себебі олар мемлекеттік басқарудың негізгі салаларына бойлай еніп, оның стратегиялық функцияларын алмастыруға ұмтылуда.

Кездейсоқтық па, әлде заңдылық па, дәл осы мақала жарияланғаннан кейін Ulysmedia.kz редакциясына Дүниежүзілік банктің биылғы «Қазақстандағы кедейлік пен әлеуметтік теңсіздікті бағалау» атты зерттеуімен танысуға мүмкіндік беретін құжат келіп түсті. Бұл зерттеу еліміздегі кедейлік деңгейін талдап, оны төмендету бойынша ұсыныстар берген. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты көрінеді. Алайда зерттеу тек 2006-2021 жылдар аралығын қамтыған, ал оның ұсыныстары бірқатар сұрақтар туғызады.

ЕҢ ЖАҚСЫ КЕЗЕҢ АРТТА ҚАЛҒАНЫ МА

Дүниежүзілік банктің есебіне сенсек, қазақстандықтар «өркендеу кезеңін» бастан өткерген, ол 2006 жылдан 2021 жылға дейін созылған.

– 2006-2021 жылдар аралығында 5,9 миллион адам кедейлік деңгейінен шықты, ал кедейлік деңгейі 49,5%-дан 8,5%-ға дейін төмендеді. Тұрмыс деңгейі өскен сайын кедейлік деңгейін бағалайтын көрсеткіш те азайды, – делінген есепте.

Қарапайым қазақстандықтар бұл «экономикалық ренессанс» кезеңін қаншалықты сезінгені белгісіз, бірақ есеп деректеріне сүйенсек, зерттеушілер үшін прогресс айқын.

– Тұрақты экономикалық өсім мен өнімділіктің артуының арқасында табыс өсіп, гүлдену кезеңі басталды. 2006 жылдан 2021 жылға дейін жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 548 912 теңгеден 791 285 теңгеге дейін өсті (ұлттық валютаның тұрақты бірліктерімен), ал үй шаруашылықтарының жан басына шаққандағы тұтынуы (тұрақты бағамен) 279 891 теңгеден 500 529 теңгеге дейін артты. Кедейлік төмендеп, өмір сүру деңгейі өскен сайын ел ортадан төмен табысы бар елдер санатынан ортадан жоғары табысы бар елдер санатына өтті, – делінген Дүниежүзілік банктің есебінде.

86 беттен тұратын есеп осы «гүлдену кезеңінің» қалай өткенін егжей-тегжейлі сипаттайды. Алайда, 2016-2021 жылдар аралығын «кедейліктің баяу төмендеуі кезеңі» деп көрсеткенімен, бұл деректердің 2020 жылғы пандемия кезіндегі экономикалық тоқыраумен қалай қабысатыны түсініксіз болып отыр.

ҰСЫНЫСТАРҒА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАР

Шынын айтқанда, 2024 жылы жүргізілген зерттеудің 2006-2021 жылдар аралығын қамтуы түсініксіз. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы кедейлік пен әлеуметтік теңсіздікті бағалау туралы есебінде берілген ұсыныстарды қалай қабылдауға болады? Егер олар тек көрсетілген жылдарға қатысты болса, қазіргі жағдайды жақсартуға қалай көмектеспек?

Ал егер бұл бүгінгі уақытқа арналған нұсқаулық болса, неге ұсыныстар ит жылғы деректерге сүйенеді?

Сонымен қатар «ілгерілеуді қамтамасыз ету және инклюзивті өсімге қол жеткізу үшін» жасалған ұсыныстардың өзі күмән тудырады. Дүниежүзілік банк Қазақстанға мынадай шараларды қабылдауды ұсынады:

  • 1. Әлеуметтік осал топтарды қорғауға бағытталған салық-бюджет жүйесінің тиімділігін арттыру.
  • 2. Адам капиталының әлеуетін күшейту.
  • 3. Білім сапасын жақсарту.
  • 4. Экономикалық және климаттық өзгерістерге тұрақтылықты қамтамасыз ету.

ҮШ НЕГІЗГІ ҰСЫНЫС:

1. Прогрессивті салық салуды енгізу.

Шетелдік сарапшылардың пікірінше, мүлік пен жеке табысқа салынатын салықтарды (жанама салықтардан гөрі) прогрессивті түрде енгізу әлеуметтік трансферттерді кедей отбасыларға бағыттап, олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Әлеуметтік шығындардың тиімділігін арттыру арқылы кедейлікпен күресте елеулі нәтижелерге қол жеткізуге болады, – деп есептейді Дүниежүзілік банк сарапшылары.

2. Білім беру сапасын арттыру.

Екінші ұсыныс елдегі білім сапасын жақсартуға бағытталған.

– Адам капиталының әлеуетін арттыру процесін күшейту Қазақстанға тұрақты, инклюзивті экономикалық өсімге қол жеткізуге және болашақта цифрлық технологияларға негізделген жоғары білікті жұмыс орындары үшін еңбек ресурстарын дайындауға мүмкіндік береді, – делінген есепте.

3. Климаттық өзгерістерге төзімділік пен жаңартылатын энергия.

Үшінші ұсыныс Қазақстанның әлемдегі көмірқышқыл газын көп шығаратын экономикалардың бірі ретіндегі ерекшелігін ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерін дамыту қажеттілігін алға тартады.

– Адам капиталын нығайту, инклюзивті экономикалық саясат, мемлекеттік шығындардың тиімділігі және климаттық өзгерістерге төзімділік – Қазақстанның ұзақмерзімді даму мақсаттарына қол жеткізуде және барлық азаматтардың әл-ауқатын арттыруда шешуші рөл атқарады, – деп қорытындылайды Дүниежүзілік банк.

ҚОРЫТЫНДЫ

Ұсыныстар жан-жақты әрі маңызды болғанымен, олардың негізіндегі деректер ескірген. Қазақстанның қазіргі экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайын ескере отырып, бұл ұсыныстардың қаншалықты тиімді болатыны күмән тудырады. Ұлттық мүдделерге сәйкес келетін нақты шешімдер әзірлеу қажет.

САРАПШЫ ПІКІРІ

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов Дүниежүзілік банктің ұсыныстарымен толық болмаса да, ішінара келіседі.

Расул Рысмамбетов

– Шынында да, егер әлеуметтік трансферттердің мақсаттылығын күшейтсе, оң нәтижеге жетуге болады, – деді ол Ulysmedia.kz тілшісіне өз ойын бөлісіп.

– Қазірдің өзінде Қазақстанда отбасылардың цифрлық картасы әзірленіп жатыр, оны цифрлық теңге арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл өте шынайы.

Алайда «әділдік үшін прогрессивті салық салу» терминін түсіндіруге келгенде, сарапшы нақты жауап бере алмады.

– Шынын айтсам, бұл ұғымды толық түсіне бермеймін. Тым қатты социализмнің де салдары ауыр болуы мүмкін. Біздің бай адамдарымыздың көбі елден кетіп жатыр, ал қалғандарына қосымша салық салсақ, олар да кетіп қалуы мүмкін. Керісінше, салық жүйесі бизнесті кеңейтуге ынталандыруы керек, – деп түсіндірді Рысмамбетов.

Білім беру сапасын жақсартуға қатысты ұсыныспен ол толықтай келісті.

– Адам капиталын нығайту өте қажет, бұл қазір нақты іске асырылып жатқан нәрсе, – деп пікір білдірді ол.

Ал Дүниежүзілік банктің климаттық өзгерістерге қатысты ұсынысы оны біраз таңғалдырды.

– Климаттық өзгерістер мәселесі өте күрделі және бұл ұсыныстың логикасын толық түсінбедім, – деді сарапшы.

ҚОРЫТЫНДЫ:

Сарапшының пікірінше, кейбір ұсыныстар шынайы әрі пайдалы болғанымен, басқалары орындалуы қиын немесе қосымша түсініктемелерді қажет етеді. Негізгі мәселе – ұсыныстардың Қазақстанның нақты жағдайына сәйкестігі.

КЕДЕЙЛЕР САНЫ АРТТЫ

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша елде кедейлер саны артқан.

– Тұрмысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (43,4 мың теңге) төмен халық үлесі 5,4%-ды құрады. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 0,8 пайыздық пунктке, ал алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 0,3 пайыздық пунктке өсті, – делінген мемлекеттік органның баспасөз хабарламасында.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, тұрмысы төмен халықтың ең көп шоғырланған жері Түркістан облысы – 9,3%. Сонымен қатар, Абай (8,6%), Жамбыл (8,1%) және Маңғыстау (8%) облыстарында да кедейшілік деңгейі жоғары. Астана (2,8%), Қарағанды (3,3%) және Атырау (3,6%) облыстары тұрғындарының әлеуметтік жағдайы бұл тізімде өзге өңірлерге қарағанда біршама жақсырақ.

– Шілде-қыркүйек айлары аралығында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар саны 189,7 мыңға жетті. Бұл отбасыларда адам саны 1 миллионнан асады. Негізінен, мұндай отбасылар бес және одан да көп адамнан тұрады, – делінген ресми статистикада.

Ел бойынша орташа алғанда, кедейліктің тереңдігі 0,9%-ды, ал өткірлігі 0,3%-ды құрайды. Кедейліктің тереңдігі табыс деңгейінің ең төменгі күнкөріс деңгейінен қаншалықты ауытқитынын көрсетеді, ал өткірлігі табыстың кедейлер арасындағы орташа деңгейден қаншалықты алшақ екенін сипаттайды.

P.S.

Дүниежүзілік банкке кедейлік пен әлеуметтік теңсіздікті бағалау зерттеуін кім және не үшін тапсырғаны белгісіз. Оның қай мақсатта қажет болғаны да түсініксіз, себебі дәл осындай зерттеулерді Қазақстанның мемлекеттік құрылымы – Ұлттық статистика бюросы тұрақты түрде жүргізеді.

Сондай-ақ ұсынылған ұсынымдар жүзеге асырылар болса, олар қалай орындалатыны белгісіз. Осы сұрақтармен жүгінгенімізде бірнеше экономист толық жауап бере алмады. Бәлкім, Қазақстан үкіметі жауап бере алатын шығар? Біз кез келген салалық министрлікті тыңдауға дайынбыз.