Жыл аяқталар тұста оны қорытындылау, ауыр болса да, арамыздан кеткен асыл жандарды еске алу дәстүрі бар. Ulysmedia.kz 2024 жылы келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға кеткен азаматтарды еске алды.
МӘҢГІЛІК ЕСТЕЛІК
Адамдардың жадында қалудың бірнеше факторы бар.
Сондықтан да неліктен кейбір адамдарды қоғам ұмытпай, әркез есіне алып жүреді, ал кейбірін ұмытып жататынын түсіндіру қиын.
Сейдахмет Құттықадам
Сейдахмет Құттықадамның Facebook парақшасынан
2024 жылдың наурыз айының басында қоғам қайраткері, публицист әрі саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам 77 жасында өмірден озды. Ол «Ұлтқа қызмет» және «Қазақ драмасы» кітаптарының авторы ретінде белгілі. Әр жылдары республикалық газеттердің бас редакторы болған. Сейдахмет Құттықадам бір сұхбатында: «Бізде, өкінішке қарай, зиялы қауым қорқақ, өз өмірі үшін алаңдайды. Олар биліктен алатын аз ғана қаражатты жоғалтып алудан қорқады», – деген еді. Сондай-ақ: «Егер зиялы қауым өз орнын таба алмаса, ар-намыс пен рухани көшбасшы ретінде жол көрсете алмаса, өз өмірін құрбан ете алмаса, онда ол өзін зиялы қауым деп атауға лайық емес», – деп қосқан.
Ғаділбек Шалахметов
Ғаділбек Шалахметов/assembly.kz
2024 жылдың сәуір айында 80 жасында Ғаділбек Шалахметов өмірден озды. Ол экс-президент Н.Назарбаевтың алғашқы баспасөз хатшысы болған, 300-ден астам ғылыми және публицистикалық мақаланың авторы. Журналистикадағы шығармашылық жолын 1964 жылы телеарнада бастаған. 1986 жылы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы болып тағайындалған. «Мир» мемлекетаралық телерадио компаниясын құрған және оны 1992-2002 жылдар аралығында басқарған.
Ол репортердан бастап Ақпарат министрінің бірінші орынбасарына дейін көтерілген, «Қазинформ» ақпараттық агенттігін басқарған, мәжіліс депутаты болған. Кейінгі жылдары Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде этносаралық және дінаралық толеранттылық жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасын басқарған.
Медеу Сәрсеке
Медеу Сәрсеке
Аса көрнекті жазушы, драматург және қоғам қайраткері Медеу Сәрсеке де биыл қайтыс болды. Медеу Сапаұлы Сәрсеке қазіргі Абай облысы бұрынғы Абыралы ауданы Қайнар кентінде 1936 жылы 2 қаңтарда туған.
Инженер қаламгер төл әдебиетте өндіріс тақырыбының жаңа белеске көтерілуіне де айрықша үлес қосқан. Жарылыс» («Взрыв») және «Көмбе» («Клад») романдары өткен ғасырдың 1980-90 жж. жазылып, іле-шала орыс тіліне аударылған (тәржімалаушы мәскеулік қаламгер Н. Родичев). «Молодая гвардия» журналы және «Литературная газета» «Жаңа есім» деген айдармен «Жарылыс» романынан үзінді жариялады. Екеуі де 1983, 1989 жылдарда «Советский писатель» баспасынан жарық көрді. «Жарылыс» романының орысша нұсқасы «Жазушы» баспасынан мол таралыммен екінші рет жарияланды.
Жазушының бұл жанрдағы көпшілікке танымал шығармалары – «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс», «Заңды неке» және «Тендерге түскен әйел» драмалары. «Заңды неке» комедиясы Семей театрында 1983-2006 жж. аралығында 600 рет қойылған (Сол оқиға турасында «Егемен Қазақстан» газеті кезінде «Нашар спектакль 600 рет қойылмайды» деген тақырыппен рецензия жариялаған. Ал, «Тендерге түскен әйел» драмасы 2010 жылдан беріде М. Әуезов атындағы академиялық театр сахнасында және бірнеше облыстық театрларда сәтті қойылып келеді.
Қойшығұл Жылқышиев
Қойшығұл Жылқышиев/atpress.kz
2024 жылдың маусым айында ақын және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев 75 жасында өмірден озды. Қойшығұл Жылқышиев «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті болған. Соңғы жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Атырау филиалының директоры қызметін атқарған. Ол «Тұңғыш» (1978), «Мұң кітап» (1998), «Асаукер» (2001) сынды кітаптардың авторы. 1996 жылы Махамбет Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалалары үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.
Мұрат Әуезов
Мұрат Әуезов/Almaty.tv
Маусымда, 82 жасында Қазақстанның қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов дүниеден өтті.
Мұрат Әуезов түрлі жауапты қызметтерді атқарып, дипломатиялық рангқа ие болған, Қазақстанның Қытайдағы елшісі қызметін атқарған. Сонымен қатар ол қоғамдық қызметпен белсенді айналысқан. «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті болған. «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысының негізін қалаушылардың және көшбасшыларының бірі, сондай-ақ «Қоғамдық қорғау» қорының құрылтайшыларының бірі ретінде танымал.
Ерекше ақыл-ойы мен терең білімінің арқасында оны халықтың ар-ожданы деп санаған.
Төрегелді Шарманов
Төрегелді Шарманов
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, гигиенист-нутрициолог ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Төрегелді Шарманов биыл 94 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Төрегелді Шарманов 1930 жылы 19 қазанда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген. Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады, мешел ауруының даму механизімін ашты.
Төрегелді Шармановтың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі зор. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған "Бөбек", "Аруана", "Антихолестерин" тағам қоспаларын шығарды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды.
Бақыт Кенжеев
Бақыта Кенжеевтің Facebook парақшасынан
2024 жылдың маусым айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында 73 жасында ауыр сырқаттан белгілі қазақстандық ақын Бақыт Кенжеев дүниеден өтті.
Бала кезінде оның отбасы Шымкенттен Мәскеуге қоныс аударған. 1970 жылдардың басында Кенжеев «Мәскеу уақыты» атты поэзиялық топтың негізін қалаушылардың бірі болды. Оның алғашқы туындылары 1972 жылы басылымдарда жарық көрсе де, өлеңдер жинағы алғаш рет 1984 жылы Америкада кітап болып басылып шықты.
Жастық шағында туындылары сол уақыттағы түрлі газеттер мен «Юность» журналында жарияланған. 1982 жылы Канадаға эмиграцияға кетіп, 2008 жылы Нью-Йоркке қоныс аударған.
– Мені үш жасымда Қазақстаннан алып кеткен, Мәскеуде өстім, мен орыс ақыны болып саналамын, анам да орыс, бірақ мен – қазақпын. Менің алғашқы ана тілім қазақ тілі болды, бұл қазір таңғаларлықтай көрінер. Менің өлеңдерімде орыс оқырманы үшін дала, көшпенділік мотивтері тым көп екенін айтады. Бұл – ата-бабаларымның менің дүниетанымыма әсер ететін өте нәзік механизмдері, – деп Бақыт Кенжеев өз сұхбатында айтқан еді.
Айдос Садықов
Айдос Садықовтың Facebook парақшасынан
Қазақстандық оппозициялық белсенді және журналист Айдос Садықов 2024 жылдың шілде айының басында Киевте көз жұмды.
Оған маусым айының ортасында қастандық жасалып, «басынан ауыр соққы алып, ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Ол жансақтау бөлімінде 13 күн жатты. Қастандыққа күдіктілердің бірі жарты жыл бұрын Қазақстан полициясына өз аяғымен келгенімен, осы уақытқа дейін күдікті туралы да, тергеу барысы туралы да ешқандай ақпарат жарияланбады.
Үсіпхан Сейітімбет
Үсіпхан Сейітімбеттің Facebook парақшасынан
2024 жылдың 10 қыркүйегінде қазақстандық театр және кино актері Үсіпхан Сейітімбет 64 жасында өмірден озды. Ол кино мен театрда бірнеше ондаған рөлді сомдап, көпшілікке «Біздің көше тұрғындары» және «Қымызхана» бағдарламалары арқылы танылған.
Үсіпхан Сейітімбет 1999 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет еткен.
– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы, “Құрмет” орденінің иегері Үсіпхан Абдықерімұлы Сейітімбет дүниеден өтті. Ол саналы ғұмырын біздің театрға арнап, табиғи талантының арқасында есте қаларлық көптеген бейнені жасады, – делінген еді қазанамада.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде ол екі жылға сотталған. Кейін болашақ актер оқуын институтта жалғастырған. Өзінің шығармашылық жолында түрлі жанрдағы қойылымдарда 50-ден астам рөлді сомдаған.
Күләш Қажығалиева
Күләш Қажығалиева/Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры
2024 жылдың 13 қыркүйегінде Үсіпхан Сейітімбеттің әріптесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күләш Қажығалиева 82 жасында қайтыс болды.
Күләш Қажығалиева өзінің шығармашылық жолын 1969 жылы бастаған. Көпшілік оны «Менің атым Қожа» спектакліндегі Жанардың, «Қызыл сұңқарлардағы» Маруардың, Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымындағы Қамқа шешенің, С. Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» шығармасындағы Ғанидың, сондай-ақ А. П. Чеховтың «Шағала» пьесасындағы Полина Андреевнаның рөлдері арқылы таниды.
Рамазан Елібаев
Рамазан Елібаевтің Instagram парақшасы
2024 жылдың қазан айында 77 жасында Қазақстанның танымал әншісі, композитор Рамазан Елібаев өмірден озды. Ол әйгілі «Гүлдер» және «Алматы әуендері» ансамбльдерінің мүшесі ретінде танымал. «Тұмарым-ай, Тұмарым» әнімен елге танылған Рамазан Елібаев көптеген байқаулар мен фестивальдердің жүлдегері болды.
1980 жылдардағы «Жаным-ау», «Көздер-ай» сияқты хит әндері әлі күнге дейін тыңдармандар арасында танымал. «Гүлдер» ансамблінде Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Қайрат Байбосынов, Мұратбек Жүнісбеков, Мақпал Жүнісова және басқа да танымал өнерпаздармен бірге қызмет атқарған.
Болат Тыныбеков
Болат Тыныбековтың Instagram парақшасы
2024 жылдың қараша айының соңында Алматыда орын алған қайғылы оқиға салдарынан 38 жасында белгілі қазақстандық виолончелист Болат Тыныбеков қаза тапты.
Болат Тыныбеков Ресей, Түркия және Чехиядағы халықаралық байқаулардың лауреаты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол өз заманының ең дарынды музыканттарының бірі ретінде елге танылды.
Дәулет Тынышпаев
Дәулет Тынышпаев
2024 жылдың желтоқсан айының басында АҚШ-та белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы Дәулет Тынышпаев дүниеден өтті. Бұл туралы қазақстандық баспагер Бақытжан Бұқарбай хабарлады.
Дәулет Тынышпаев 1931 жылы дүниеге келген. 1964 жылы Мәскеудің И.М.Губкин атындағы мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтында «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған. Сол жылы Уфадағы Мұнай ғылыми-зерттеу институтының мұнай және газ зертханасын басқарған.
Ол 15 жыл бойы КСРО Мұнай министрлігінің әдістемелік кеңесінің мүшесі болып жұмыс істеген. 35 жыл бойы Губкин атындағы институттың ғылыми кеңесінің және диссертациялық кеңестің мүшесі болған. 1998 жылдан бастап докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде қызмет етті.
Есте қалу факторы
Ғылым, өнер, әдебиет, спорт және қоғамдық өмірде жетістікке жеткен тұлғалар өмірден озғанымен, олардың есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, халық жадында сақталады. Мұндай тұлғалар мәдени, ғылыми және қоғамдық мұраның ажырамас бөлігіне айналып, өздерінің таланты мен еңбегі арқылы мәңгілік есте қалады.