×
525.11
546.74
4.88
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
525.11
546.74
4.88

Сарай маңайындағы ызу-қызу тіршілік: биліктің ауысуы 2024 жылы әлемдік тәртіпке қалай әсер етті

30.12.2024, 09:27
Сарай маңайындағы ызу-қызу тіршілік: биліктің ауысуы 2024 жылы әлемдік тәртіпке қалай әсер етті
Ulysmedia коллажы

Өтіп бара жатқан жыл, ең әуелі, әлемде саяси оқиғаларға толы болуымен есте қалды. Елдердің ішкі-сыртқы саясатындағы өзгерістер, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы экономика мен саясат сахнасын біраз әбігерге салды. Ulysmedia.kz әлемде болған оқиғаларға жіті мән берді.

ТАЙВАНЬ

2024 жылы 13 қаңтарда Тайваньда президенттік сайлау өтті. Бұл сайлау әлем назарында болды, себебі Қытай билігі сайлау нәтижесінде Тайвань тәуелсіздігін жариялайтын болса, соғыс ашатынын ескерткен еді. Сайлау қорытындысы бойынша биліктегі Демократиялық прогрессивтік партияның кандидаты, 64 жастағы Уильям Лай жеңіске жетті. Қытай билігі оны сепаратист деп атайды. Уильям Лай Тайваньның Пекинге экономикалық тәуелділігін азайтып, АҚШ-пен жақын араласуды қолдайды.

Бұл оқиға аймақтағы жағдайды ушықтырды, себебі Қытай Тайваньды өз территориясы деп санайды. Бұған дейін АҚШ Пекин тарапынан әскери агрессия болған жағдайда мәселеге араласатынын бірнеше рет мәлімдеген. Тайваньдағы саяси өзгерістер тек аймақ үшін ғана емес, әлемдік геосаяси жағдайға да әсер етуі мүмкін.

МАЖАРСТАН

Маусым айының басында Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Еуропарламент сайлауында жеңіске жетті. Оның "ФИДЕС" партиясы және одақтастары 44,6% дауыс жинады. Сонымен қатар елдегі жергілікті басқару органдарына сайлау өтті.

Орбан өз жеңісін Венгрияның Ресей мен Украинадағы соғысқа қатысты салыстырмалы түрде жұмсақ ұстанымымен байланыстырды. Ол Ресей президенті Владимир Путинмен достық қарым-қатынаста екенін жасырмады.

– Біз мықты қарсыластармен күресуге мәжбүр болдық: ел ішіндегі солшыл қанатпен, халықаралық солшыл күштермен, Брюссель бюрократтарымен, Сорос империясына қарасты ұйымдармен, халықаралық БАҚ-пен және Украина президентімен. Бізде ешқашан мұншама көп қарсылас болған емес, – деп мәлімдеді Орбан.

Алайда, оның басты қарсыласы Марки-Зай сайлау нәтижесіне көңілі толмағанын және үкіметті сайлауалды науқанды тең жағдайда ұйымдастырмады деп айыптады. Оның пікірінше, оппозиция Орбанның венгрлік БАҚ-ты толықтай өз бақылауында ұстауынан жеңілген. Тәуелсіз бақылаушы ұйымдардың белсенділері сайлау барысында көптеген заң бұзушылықтар болғанын атап өтті.

Бүгінде Виктор Орбан Еуропалық Одақ елдері арасында билік басында үздіксіз ұзақ уақыт болған рекордшы премьер-министр: ол елді 2010 жылдан бері, яғни 14 жылдан бері басқарып келеді.

ЕУРООДАҚ

Еуропалық Одаққа мүше елдерде 6-9 маусым аралығында Еуропарламент сайлауы өтті. Оның қорытындысы бойынша, орталықшыл партиялар парламентте көп мандатқа ие болды, дегенмен оңшылдар да өз квоталарын бұрынғыдан арттырды.

Сарапшылардың пікірінше, ультраоңшыл партиялар Еуропарламент сайлауында айтарлықтай жетістікке жетіп, ЕО-дағы дәстүрлі саяси күштер арасындағы тепе-теңдікті шайқалтты. Төрт күндік сайлау нәтижесі бойынша, бұқаралық ақпарат құралдары екі негізгі еуропашыл күш – христиан демократтары мен социалистердің әлі де басым екенін хабарлады.

Саясаттанушылардың пайымдауынша, ультраоңшылдардың жеңіске жетуіне "жасылдардың" құлдырауы әсер еткен, олар алтыншы орынға түсті. Сондай-ақ орталықшыл партиялар да едәуір шығынға ұшыраған.

Сарапшылардың пікірінше, ультраоңшылдар енді миграция, қауіпсіздік және климат сияқты түрлі саяси салаларда маңызды ойыншыға айналуы мүмкін. Мұны болдырмау үшін Еурокомиссияның қазіргі төрағасы Урсула фон дер Ляйен социал-демократтар мен либералдармен коалиция құруды ұсынды.

ИРАН

Шілде айының басында Иранда реформаторлар қанатының өкілі Масуд Пезешкиан президенттік сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жетті. Бұл сайлау мамыр айында Иранның бұрынғы басшысы Ибрагим Раисидің тікұшақ апатынан қаза табуына байланысты өткізілген еді.

Масуд Пезешкиан, бұрынғы кардиохирург, сайлауалды науқанында Иранның мораль полициясын сынға алды. Бұл орган әйелдердің "мұсылмандық киім үлгісін" сақтауын қадағалайды. Сонымен қатар ол Раиси үкіметін 22 жастағы Махса Аминидің өлімін тиісті деңгейде тергемегені үшін ашық айыптады. Махса Амини  киім үлгісін бұзды деп мораль полициясы тарапынан ұсталып, кейін көз жұмған еді.

Пезешкиан сайлауалды бағдарламасында Иранда интернетті пайдалануға салынған кейбір шектеулерді алып тастауға уәде берді. Қазіргі уақытта елде Иран аумағында тіркелмеген интернет ресурстардың барлығы дерлік бұғатталған.

Сыртқы саясат тұрғысынан Пезешкиан Иранды халықаралық оқшаулаудан шығаруға және 2015 жылғы ядролық келісімді қайта жандандыру бойынша Батыспен "құрылымды келіссөздер" жүргізуге уәде берді. Бұл келісімге сәйкес, Иран ядролық бағдарламасын шектеуге келісіп, Батыс санкцияларын жеңілдетуді көздеген еді.

Алайда сарапшылардың пікірінше, Пезешкиан президент болып сайланған жағдайда, елде тек ішкі оппозицияға қатысты саясаттың жұмсаруы байқалуы мүмкін. Себебі Иранда президенттің өкілеттігі шектеулі, ал басты шешімдер аятолла Әли Хаменеи басқаратын жоғары басшылықтың қолында.

Пезешкианның жақында қабылдаған шешімдерінің бірі – міндетті хиджаб кию туралы заңға вето қою болды. Ол бұл заңның жаңа қоғамдық толқуларды тудыруы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

ВЕНЕСУЭЛА

Шілде айының соңында Венесуэланың сайлау комиссиясы қазіргі президент Николас Мадуроның президенттік сайлауда жеңіске жеткенін жариялады. Алайда оппозиция бұл нәтижелермен келіспей, олардың кандидаты Эдмундо Гонсалес жеңуі керек еді деп мәлімдеді. Сайлауға дейінгі сауалнамалар да осыны көрсеткен болатын.

Сайлауалды экзитполдардың нәтижесі Гонсалестің айтарлықтай басымдығын анықтаған еді. 11 жыл бойы билікте отырған Мадуроның тұсында Венесуэла экономикасы толықтай құлдырауға ұшырады деп есептейді бақылаушылар.

Сайлау науқаны кезінде Мадуро кез келген тәсілмен жеңіске жететінін ашық айтты. Ол дауыс беруге бірнеше күн қалғанда, егер сайлауда жеңілсе, елді «қанды қырғын» күтіп тұрғанын ескерткен. Бұл мәлімдеме, Reuters агенттігінің айтуынша, Мадуроны әрдайым қолдап келген армияның ықпалына сүйеніп жасалған болуы мүмкін.

БАНГЛАДЕШ

Тамыз айының басында әлемдегі халқының саны бойынша үшінші ірі мұсылман мемлекеті саналатын Бангладеште билік кенеттен ауысты. Жаппай наразылықтардың толқынында премьер-министр Шейх Хасина отставкаға кетіп, Үндістанға қашып кетті.

Бұл билік ауысуы қаңтар айында өткен парламенттік сайлауда билік басындағы «Авами Лиг» партиясының жеңісінен кейін және Шейх Хасинаның төртінші рет үкімет басшысы болғанынан кейін орын алды.

Наразылықтардың негізгі себебі – мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде қолданылатын квота жүйесі. Бұл жүйе 1971 жылы Пәкістаннан тәуелсіздік алу үшін соғысқан отбасылардан шыққан үміткерлерге артықшылық береді.

Қауіпсіздік күштеріне ереуілге шыққан адамдарға алдын ала ескерту жасамай оқ атуға рұқсат берілді. Әртүрлі деректер бойынша, 300-ден 1,5 мыңға дейін адам қаза тапты.

Сарапшылардың айтуынша, Оңтүстік Азияның ірі мемлекеттерінің біріндегі бұл жағдай Ресей қолдайтын «Глобалды Оңтүстік» елдері мен Батыс арасындағы мүдделер қақтығысына әкелді.

ЛИТВА

Қазан айының соңында Литвада өткен парламенттік сайлаудың екінші кезеңінің нәтижесінде Социал-демократиялық партия жеңіске жетіп, енді билік коалициясын құруды жоспарлап отыр.

Социал-демократиялық партияның көшбасшысы, Еуропарламент депутаты Вилия Блинкявичюте литвалықтарға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– Сайлау нәтижесі Литва халқының өзгерісті қолдайтынын және мүлдем басқа деңгейдегі үкіметке мұқтаж екенін көрсетті, – деді ол.

Дереккөздердің хабарлауынша, Вилия Блинкявичюте Еуропарламенттегі қызметінен кетіп, Литва үкіметін басқарады. Биліктің ауысуы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейінгі Балтық аймағындағы алғашқы билік өзгерісі болмақ.

Сонымен қатар, Вилия Блинкявичюте Литваның сыртқы саясаты өзгермейтінін және Украинаға көмек көрсету билік үшін басты басымдық болып қала беретінін бірнеше рет мәлімдеген.

МОЛДОВА

3 қарашада Молдованың қазіргі президенті, біртұтас Еуропамен жақындасу бағытын ұстанатын Майя Санду президенттік сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жеткенін жариялады. Дауыс беру нәтижесі бойынша ол қарсыласы, елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояноглоны шамамен 11% дауыс айырмашылығымен артта қалдырды. Сандудың жеңісі шетелде тұратын молдовандардың дауыстарының арқасында мүмкін болды.

52 жастағы Майя Санду Молдова тарихында екінші мерзімге сайланған алғашқы әйел-президент атанды.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде tsn.ua-ның хабарлауынша, Ресей Молдовада проресейлік кандидат Стояноглоны билікке әкелу үшін бар күшін салған.

– Ұрылар біздің дауыстарымызды сатып алғысы келеді. Ұрылар біздің елімізді сатып алғысы келеді, бірақ халықтың күші олардың кез келген әрекетінен әлдеқайда мықты, – деп мәлімдеді Майя Санду.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, Ресейдің манипуляция, сатып алу және үгіт-насихат арқылы ұйымдастырған ауқымды әрекетінің негізгі мақсаты Молдовадағы проеуропалық референдумды болдырмау болған.

Сонымен қатар Грузия мен Молдовадағы проресейлік саясаткерлер сайлаушыларды Ресейдің Украинаға қарсы соғысымен қорқытып, "Мұнда Мариупольдегідей жағдай болуын қаламасаңыздар, дұрыс, яғни проресейлік кандидаттарға дауыс беріңіздер, – деген ұрандар көтерген.

АҚШ

5 қарашада АҚШ-та өткен президенттік сайлау әлем назарын аудартты. Бұл сайлау президенттің ауысуына әкелді, енді 20 қаңтарда Дональд Трамптың инаугурациясы өтеді деп күтілуде. Трамп өз қызметіне кіріскеннен кейін бірқатар радикалды реформалар мен өзгерістер жүргізуді уәде етті. Олардың қатарында Украинадағы соғысты тоқтату, Еуропа мен Қытай тауарларына тарифтерді көтеру, НАТО елдерін осы ұйымның бюджетіне ЖІӨ-нің 3 пайызына дейін үлес қосуға мәжбүрлеу сияқты бастамалар бар. Бұл реформалар әлемде алаңдаушылық тудырып отыр.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

Қараша айының соңында Оңтүстік Кореяда президент Юн Сок Ёльді қызметінен кетіруге талпыныс жасалды. Бастапқыда ол әскери жағдай енгізді, бірақ алты сағаттан кейін оның күшін жойды. Енді президентке импичмент жариялау туралы іс бойынша алғашқы алдын ала тыңдау 27 желтоқсанда өтеді. Шешім шығару үшін тиісті органға 180 күн беріледі.

Сарапшылардың пікірінше, бұл іс Оңтүстік Кореяның жаңа тарихындағы ең үлкен саяси процестердің бірі болуы мүмкін.

Айта кетейік, 2024 жылдың 11–13 маусымында Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген еді.

РУМЫНИЯ

Желтоқсан айының басында Румынияда ел тарихы үшін бұрын-соңды болмаған, бірақ әлемдік саясатта орын алған оқиға тіркелді: Румынияның Конституциялық соты президенттік сайлаудың бірінші кезеңінің нәтижелерін жойды. Бұл кезеңде күтпеген жерден ультраоңшыл кандидат Кэлин Джорджеску 23% дауыс жинап, көш бастап шыққан еді. Енді сайлау қайтадан өткізілуі тиіс.

Сот бұл шешімді 4 желтоқсанда Румыния президентінің сайтында TikTok платформасының сайлауалды науқанға ықпалы туралы  баяндамалар жарияланғаннан кейін қабылдады.

Аталған баяндамалар Джорджескудың сайлау кампаниясының Молдова мен Украинада өткен сайлаулардағы Ресейдің қолтаңбасына ұқсас болғанын көрсетеді. Құжаттар Ресей Румыниядағы сайлау нәтижелеріне тікелей әсер етуге тырысты деп айтпаса да, оған жанама түрде меңзейді.

СИРИЯ

Желтоқсан айында Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад елден қашып, Мәскеуден саяси баспана алды. Бұған дейін Асад Ресейге қашу жоспары жоқ екенін мәлімдеген, алайда Ресей Таяу Шығыстағы соңғы тірегінен айырылды.

Bloomberg агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, Асадтың қашуын Ресейдің барлау қызметі ұйымдастырған. Мәскеу оған қаруланған топтармен, әсіресе исламистік ұйымдармен күресте жеңілетінін айтып, оны және оның отбасын қауіпсіз дәліз арқылы эвакуациялауға көндірген.

Қазіргі уақытта Сирияда коалициялық үкімет құру жөнінде кеңестер жүргізілуде.

ГРУЗИЯ

Грузия парламенті депутаттарының сайлау алқасы Михаил Кавелашвилиді президент етіп сайлады. 53 жастағы "Аланья" және "Манчестер Сити" футбол клубтарының бұрынғы ойыншысы, билік басындағы проресейлік "Грузин арманы" партиясының кандидаты бұл сайлауда жалғыз үміткер болды. Алайда бұл сайлау нәтижелерін оппозиция да, қазіргі президент Саломе Зурабишвили де мойындамады. Зурабишвили президенттік қызметтен кетпегенін мәлімдеді.

Оппозиция 26 қазанда өткен парламенттік сайлаудың нәтижелерін мойындамағандықтан, президенттік сайлауға кандидаттар ұсынбады және оған қатыспады.

– Саломе Зурабишвили Грузия президенті, елдің қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы және сыртқы қатынастардағы жоғарғы өкіл болып қала береді. Қалыптасқан ауыр саяси дағдарыстан шығудың жалғыз жолы – жаңа және әділ сайлаулар, – деп мәлімдеді 12 желтоқсанда "Күшті Грузия" партиясының өкілі Ираклий Купрадзе оппозициялық партиялардың бірлескен мәлімдемесін оқи отырып.

Саломе Зурабишвили парламенттің лигитимділігін мойындамайтынын және жаңа парламенттік сайлауларды өткізуді талап ететінін қайта мәлімдеді. Ол 14 желтоқсанда өткен президенттік сайлауды "пародия" деп атап, ешқайда кетпейтінін, елге заңды институт пен қоғам және мемлекеттің шынайы еркін бейнелейтін билік қажет екенін айтты.

ГЕРМАНИЯ

Бундестаг депутаттарының көпшілігі канцлер Олаф Шольц үкіметіне сенімсіздік вотумын қолдады. ФРГ канцлері бұл мәселені парламенттің қарауына өзі ұсынды, себебі оның коалициясы ыдыраған болатын. Германияда кезектен тыс сайлау 23 ақпанға жоспарланып отыр.

Енді ел президенті Франк-Вальтер Штайнмайер 21 күн ішінде Бундестагты тарату немесе таратпау туралы шешім қабылдауы керек. Бұдан кейін 60 күн ішінде жаңа парламенттік сайлау өткізіледі.

Айта кетейік, үш ай бұрын Ақордада, Германияның федералды канцлері Олаф Шольцтың ресми сапары аясында салтанатты кездесу өткен еді.

«ДОМИНА ӘСЕРІ»

Осылайша, әртүрлі елдер мен құрлықтарда болып жатқан жекелеген оқиғалар жергілікті және жаһандық деңгейде айтарлықтай өзгерістерге алып келуі мүмкін. Қазіргі әлемде барлық үдеріс бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан бір мемлекетте не аймақта болған оқиға айналасына тез тарайды. Келер жыл да саяси және экономикалық оқиғаларға толы болатыны сөзсіз. Әсіресе, Дональд Трамптың инаугурациясынан кейін орын алатын оқиғалар «домино әсерін» тудырып, әлемдік жағдайға өзінше ықпал етеді.