Әр жыл өз ерекшелігімен есте қалады, соның ішінде танымал тұлғалардың мәлімдемелері де бар. Олардың айтқандары кейде ойландырып, кейде күлкіге айналса да, жалпы қоғам мен мемлекеттің жағдайын аңғартады. Ulysmedia.kz порталы 2024 жылы көпшілік есінде қалған мәлімдемелерді еске түсірсін. Сіз де бір сәт оқи отырып, ойланып көріңіз.
Бірден айта кетейік, жыл бойы жиналған басқа да мәлімдемелер ұсынылып отырған материалымызға сыймады. Дегенмен төмендегі мәлімдемелер елімізде болып жатқан жағдайды біршама түсінуге мүмкіндік береді. Өздеріңіз білетіндей, айтылған сөз атылған оқпен тең.
Қаңтар. Кеткен екенсің, тыныш отыр
2024 жылдың қаңтары Тоқаевтың қос билік туралы айтқан сөздерімен есте қалды. Ол осы мәлімдемесімен елде тараған түрлі әңгімелерге нүкте қоюға тырысты.
– Қос билік моделін енгізу әрекеттері расымен болды және бұл әрекеттер мақсатты әрі ұйымдасқан сипатқа ие болды. «Билік транзиті» жағдайында саяси манипуляторлар биліктің параллель орталығын құрды. Елде президент пен Жоғарғы Бас қолбасшы ғана емес, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы – экс-президент те болды. Бұл, ақыр соңында, билік қайшылықтарына алып келді. Кейінірек мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси ойындары елді бөлшектеуге жақын қалғанын ашық айттым, – деді мемлекет басшысы.
Ақпан. «Мен мұңайған жоқпын»
Қаржы министрі журналистердің оның жеке декларациясын жариялау туралы сұрағына жауап бере отырып, журналистердің кәсібилігіне күмән келтірді.
– Мен декларациямды жариялай аламын, бірақ сіздер ол жерден ештеңе түсінбейсіздер, – деді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Сол сияқты, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те премьер-министр болмағанына өкінбейтінін атап өтті:
– Шынымды айтсам, мен мүлдем мұңайған жоқпын, – деді ол.
Наурыз. «Бізде тесік көп»
Kusto Group негізін қалаушы Еркін Тәтішев банктер мәселесін көтерді.
– Қазақстанда қалалық банктер, аймақтық банктер жоқ. Әртүрлі банктер құру мүмкіндігі жоқ. Жас кәсіпкерлерге банктер құруға мүмкіндік берілмейді. Барлығы жабылған. Монополия бар. Корпоративтік секторды 2-3 банк басқарады, бұл – нарықтың 2/3 бөлігі. Барлығын жиырма адам шешеді, – деді ол.
Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқа маңызды мәселеге тоқталды:
– Біздің елде ұлттық дәстүрлерді алға тарта отырып, қалыңдық ұрлауды мақтаныш көретіндер, оны дұрыс дейтіндер бар. Мұндай надандықты ешнәрсемен ақтауға болмайды, – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев елдегі мәдениеттің жай-күйіне алаңдаушылық білдірді:
– Қазір XXI ғасыр – жоғары технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды даму дәуірі. Ал біздің азаматтар әлі күнге дейін насыбай атып, тас дәуіріндегідей қақырып-түкіріп жүреді. Бұл – масқара! Кейбіреулер мұны ата-бабалардың дәстүрі деп санайды, – деді ол.
Ал вице-премьер Серік Жұманғарин өткен жылы ЕАЭО елдері арасында азық-түлік бағасының өсуі бойынша Қазақстанның «антилидер» атануына байланысты сұраққа жауап берді:
– Сіздер мынаны нақты түсінулеріңіз керек: біз үлкен елміз, қалалардың арасы алшақ және ауыл шаруашылығымыз дамымаған. Біз аз өндіреміз және импортқа тәуелдіміз, – деді ол.
Сәуір. «Ұрып-соғу тек көбейе береді»
Көктемде елдің жартысын су басты.
– Болжау жұмысы мүлде жүргізілмеген, бұл тиісті сала мамандарының жетіспеушілігімен байланысты. Табиғи жағдайларды ескергенімізде, әкімдіктер жыл сайын жоспарланған тасқынға қарсы шараларды толық орындаса, апаттың салдары мен ауқымы бүгінгіден айтарлықтай аз болуы мүмкін еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, әкімдіктер бұл жұмыстарды атқармаған, – деп мәлімдеді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев күтпеген мәлімдеме жасады:
– Әскери-медициналық сараптама құқық қорғау органдарына кандидаттардың агрессивті мінез-құлыққа бейімділігін анықтау міндетін қамтымайды. Мұндай тест міндетті емес және тек психологтың шешімімен ғана жүргізіледі.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева гендерлік қарым-қатынасқа қатысты өз пікірін білдіріп, әйелдерге ескерту жасады:
– Мен барлық қыз-келіншекке айтарым: бір рет қол көтерген адам өзгереді деп үміттенбеңіздер. Өзгермейді! Шыдау, өзіңізге және оған ақталу ойлап табу қажет емес – оны жақсы көресіз, ол сізді жақсы көреді, балалар үшін шыдау керек деп сендірмеңіз. Ажырасудан ұялуға болмайды. Сеніңіздер, бұдан ұрып-соғу тек көбейіп, күшейе береді, – деп мәлімдеді министр.
Мамыр. Тырманы бассаң, басыңа тиюі мүмкін
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов экономика мәселелеріне қатысты өткір пікір білдірді:
– Біз олигархтарды әлсіретуге дайынбыз, бірақ сол олигархтарды туғызған саясаткерлерді жауапкершілікке тартуға жүрексінеміз. Ұлттық және стратегиялық активтерімізді сатуға дайынбыз – алайда, өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік активтердің 100%-ы шетелдіктердің қолында. Қазіргі таңда біз алды-артымызды ойламай отырмыз. Олигархтарға қысымды көрген шетелдік инвесторлар Қазақстанға келгісі келмеуі мүмкін – бұл айқын факт.
Осыған ұқсас пікірді «Қазақстан Халық Банкі» басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметова да айтты:
– Өкінішке қарай, шетелдік инвесторлардан "Қазақстаннан шығып, Өзбекстанға инвестиция салу оңайырақ" деген пікірлерді жиі естимін.
Ал қазақстандық автоөндіруші Нұрлан Смағұлов автосаладағы өзекті мәселелерді қайта көтерді:
– Қазақстандық көліктерде тек дөңгелектегі ауа ғана қазақстандық деп үнемі айтып жүреді. Қазақстандықтар көліктерді "өзіміздікі" деп санасын десек, автокомпоненттер мен қосалқы бөлшектерді өндіруіміз керек. Шынымды айтсам, тек құрастыру кезеңі аяқталуы керек еді, бірақ ол созылып кетті. Біз автокөлік өндірушілерге қойылатын талаптарды күшейтіп, бөлшектерді ұсақ тораптар бойынша жинауға көшуіміз қажет.
Бұл пікірді Индустрия министрі Қанат Шарлапаев та қолдады:
– Егер біз өнеркәсіпті дамытпасақ, онда жастарымызға Glovo мен «Яндекс. Еда» қораптары жетпей қалады. Менің принципті ұстанымым – біз өнеркәсіпті дамытуымыз керек.
Маусым. «Тоқал дәуірі»
Жаздың басында «тоқал» тақырыбы қайта көтерілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Жеңіс Ысқақова өз көзқарасын білдірді:
– Мен екінші әйел алатын адамдарды түсінбеймін. Олар өмір бойы жас болып қаламыз деп ойлай ма? Тоқал алатындардың дәуірі басталды. Тоқалы бар жоғары лауазымды шенеуніктерді қызметінен қуып шығу керек. Алдымен, әкімдерден бастап, одан әрі жоғары жаққа көшу қажет.
Ал ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров болса, көпшілік талқыға салған сүт өндірісіне қатысты таңданысын жасырмады:
– Ресми статистика бойынша жылына шамамен 6,5 миллион тонна сүт өндіріледі. Бірақ 180 кәсіпорында тек 2,1 миллион тоннасы ғана өңделеді. Парадокс? Мұнша көлемдегі сүт бола тұра, неге өңдеу үшін шикізат жетіспейді?
Шілде. «Жөндеу 15 есе қымбат»
Жаз – демалыс пен жол жөндеудің маусымы. Бұл мәселеге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали наразылығын білдірді:
– Абай облысында 20 миллион теңгеге жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарынан кейін сол учаскеде 1 миллиард теңгеге орташа жөндеу жүргізілді.
Алматы әкімі Ерболат Досаев құрылыс жұмыстарының мерзімдері жайлы шағымданды:
– Алматыда құрылыс белгіленген мерзімде аяқталғанын естіген емеспін.
Тамыз. Өтірік белсенділер
Сағат белдеуін өзгерту туралы бастама халық арасында қолдау таппаған еді. Соған қарамастан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайрат Балықбаев мынандай пікір білдірді:
– Сағат белдеуін өзгерту электр энергиясын тұтынуға немесе халықтың денсаулығына кері әсер етті деген тұжырымдардың ешқайсысы расталмады. Статистика бойынша, 12 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада сағат белдеуін өзгерту халық денсаулығына әсер етпеген.
Халық әртісі Роза Рымбаева гастрольдік сапарында Қаражал қаласындағы жолдардың жағдайына наразылығын білдірді:
– Түнде жолда болдым. Ұйықтай алмадым. Оның үстіне жолдар – секіріп келе жатқандай сезіледі. Бұл – «бастықтарға» арналған белгі.
Екінші металлургия өнеркәсібі республикалық одағының басшысы Владимир Дворецкий «Атамекен» палатасы мен оның төрағасы Райымбек Баталовтың жұмысына сын айтты:
– Баталов – бұл орынға мүлдем сай келмейтін адам, өйткені ол кәсіпкер, оның өз бизнесі бар. Ол билікпен тым ымырашыл. Мүдделер қақтығысы туындаған кезде шешім қабылдамайды. «Атамекен» палатасының басшылығы, әсіресе Райымбек Баталов, белсенділік елесін жасағанымен, нақты нәтижелерге жете алмады.
Қыркүйек. «Мен журналистерді ұнатпаймын»
Алматы әкімі Ерболат Досаев тағы бір ерекше пікір білдірді:
– Мен, шынымды айтсам, ұсақ тротуарлық плиткаларды пайдалануға вето қойдым, өйткені біз оны дұрыс төсеуді білмейміз.
Ал Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы ауылдардың жағдайына қатысты пікір білдірді. Бірақ оның пікірінде шынайылықтан гөрі, жасандылық бар секілді сезілді.
– Ауылдарға барамыз: жарықтандыру, саябақтар, мәдениет үйлері, спорт алаңдары, сауықтыру кешендері – барлығы бар. Ал олар бұрын болмаған.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов та ашық мәлімдеме жасады:
– Мен сіздерді, яғни журналистерді ұнатпаймын, бірақ сіздерсіз жұмыс істей алмаймыз.
Қазан. «Мемлекет қазынасы бос тұр»
Астана қалалық мәслихатының депутаты Владислав Сергеев спорт нысандарының мемлекеттік қаражатқа салынып, кейін жекеменшік компанияларға берілуіне наразылық білдірді:
– Алдымен, біз спорт нысандарын бюджет қаражатына саламыз, кейін оларды жөндеуге ақша жұмсаймыз, ал кейін сол нысандарды пайдаланғаны үшін спорт мектептеріміз алаңдар, бассейндер, мұз айдындары үшін жекеменшік компанияларға жалға алу ақысын төлейді. Яғни, халықтың бюджет қаражатын жұмсап, кейін өз балаларымыз үшін жекеменшік компанияларға қайта төлейміз.
«Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов, байқамай, ел бюджетінің шын жағдайын ашып берді:
– Мемлекеттің бюджеті қазір бос, проблемалар көп. Шенеуніктер бұл мәселені салықты бірден көтеру арқылы шешуге ниетті.
Сонымен қатар, Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойғелдиев журналистерге балаларға қарсы қылмыстарды жариялауды шектеуді ұсынды:
– Құрметті журналистер, бұл мәселелерді көп қозғаудың, тым көп талқылаудың қажеті жоқ деп санаймын, – деді ол.
Қараша. «Біз неден қателестік?»
Tickmill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев елдегі инфрақұрылымның нашарлығына қынжылысын білдірді:
– 3 триллион теңге қарызы бар ҚТЖ мен тозған пойыздар – бұл мемлекеттің "жетістігі", мұны жекеменшік сектор жасаған жоқ. Ал Өзбекстанда қазірдің өзінде инфрақұрылымды модернизациялау жүріп жатыр, олар 200-250 км/сағ жылдамдықпен жүретін магниттік пойыздарды сатып алуда. Олар инфрақұрылымға үлкен қаржы салып жатыр. Ал біз неден қателестік?
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз бостандығы туралы былай деді:
– Менің ойымша, елімізде сөз бостандығына қатысты ешқандай проблема жоқ. Сіздер өз пікірлеріңізді еркін білдіресіздер.
Жыл соңына қарай доллар бағамы күрт өсіп, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл жағдайды былайша түсіндірді:
– Мен Ұлттық банктің төрағасымын, менің кезімде доллар бағамы 500-ге жетті. Бұл аса жағымды жағдай емес екенін түсінуіңіз керек.
Желтоқсан. «Сексуалды мамандық емес»
Жыл соңында доллар бағамының өсуі үлкен резонанс тудырды. Бұл жағдайға сол кездегі Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров түсініктеме берді:
– Болжамдық есептеулерде біз "Б жоспары" ретінде 500 теңгені есепке алғанбыз. Яғни, әзірге 600 теңгемен есептеуді жоспарламаймыз.
Сондай-ақ, жылдың соңында Ұлттық геологиялық қызметтің басшысы Ерлан Ғалиев Қазақстанда неліктен геолог мамандығы танымал емес дегенге қатысты ерекше пікір білдірді:
– Мен осындай оғаш дисфемизм үшін кешірім сұраймын, бірақ бұл мамандық басқаларына қарағанда сексуалды емес.
Қорытындылай келе айтарымыз, шенеуніктердің не депутаттардың айтқан сөздері орынды әрі халықшыл мүддемен айтылса, онда олардың абыройы артады, керісінше, өз тоғышарлығын танытып, халықтан үстембіз деген мәнде айтылса, онда бұл сөз оның абырой-беделіне зор нұқсан келтіреді.