2024 жыл еліміздегі көптеген спорт институттарының шатырын шайқап, терезесін шытынатты. Қайсыбірі құрдымға кете жаздап, тал қармады, қайсыбірі ұшып кете жаздап, тізесі дірілдеді. Тіпті қоғамда осы саланы қаржыландыру қажет пе деген сұрақтар да көтерілді.
Париждегі Олимпиада ендігі бағыт-бағдарымыз, мақсат-міндетіміз қандай болуы керектігін көрсетіп берді. Жеткен жеріміздің, жетіскен еліміздің сиқын Сена жағасындағы Парижде байқап, байқап әрі басымызды шайқап, аһ деп үстел ұрып, кіжініп, тістене-тістене тіс сындырып отырған жайымыз бар. Мұны мемлекет басшысы Олимпиада ойындарынан кейінгі қорытынды жиында айтты. Әрбір туындаған мәселені өз атымен атасақ, біраз адамның беті ашылады. Жазғы олимпиада ойындарынан кейін солай болды да. Жалпы мемлекет басшысы медаль үшін шетелден легионер тасуды қою керектігін, оның орнына өз жастарымызды тәрбиелеу керектігін баса айтты. Президент сөзі “шетелдік легионерлерің де қатырып жатқан жоқ” дегенге саяды. Ulysmedia.kz Қазақстан спортындағы өзекті мәселелерді талдап көрді.
МИНИСТРЛЕР МЕН ЖЕҢІЛІСТЕР
Бір алтын, 6 күміс пен қоланы әкелдік деп “еселі еңбегін” бұлдаған туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қызметінен кетті. Нақтысы, кетірді. Әйтпесе біздің елде өзі ұялып, халықтан кешірім сұрап, отставкаға кететін шенеунік әлі туған жоқ.
Олимпиадада жалпы есепте 43-ші орында қалу масқараның масқарасы емес пе?! Мұны Қ.Тоқаев білмей қалады деді ме екен, әлде президенттің кеңдігіне арқа сүйеді ме, әйтеуір бос белбеу шенеуніктер бостан-бос отырудан жалықпайтынын тағы бір дәлелдеді. Мемлекеттен млрд-тап бөлініп жатқан қаражат, салынып жатқан инвестиция бәрі бір-ақ сәтте желге ұшты, қазақтай рухты елдің намысы жер құшты деп Президент қатты ұрысты. Мұның бәрі саланы қарғын судай жайлаған жемқорлық схеманың кесірі деді Президент.
Ұлттық олимпиада комитетінің алдына қойған Президент тапсырмасы қалай орындалады, еліміздің спорттық аренадағы беделі қашан көтеріледі деген сұрақ барлық қазақстандықты мазалайды.
ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНА ҚАЛАЙ КӨТЕРІЛЕМІЗ
Осының барлығында дзюдошы Елдос Сметовтың «алтыны» жекелеген федерацияның сауатты жұмысы мен спортшының жүйелі дайындығын көрсетті. Қалған спорт түрлері мемлекеттен қыруар қаржы құйылғанына қарамастан, нәтиже бермеді.
Ал басқаларына назар аударып жатқан ешкім жоқ. «Астана» велокомандасы, осымен аттас футбол клубы және «Барыс» ХК-на қанша қаражат құйылды. Нәтиже жоқ. Қаптаған легионер қап-қап ақшасын алып, елдеріне кетеді. Қырық жамау абыройымызбен өзіміз қаламыз.
Екінші Олимпиада қатарынан алтын медальсыз қалған боксшылардың сәтсіздіктері де тоқырауды білдіреді. Париж рингінде бес алтынмен таң қалдырған өзбек ағайындарға сөз жоқ, шынымен жарады! Өзбектер ешқашан өздерін «бокс державаларының» қатарына қоспағанымен, табандылықтарының арқасында көп сатылы жаттығу жүйесін құрды, біздің командамен бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қуана қатысты. Өздеріне шақырды, өздері келді, әйтеуір жаттығуды тоқтатпады. Міне, біз осындай дамуды көргіміз келеді, бірақ Қазақстан боксының келесі Олимпиадада «өзбек стандартына» жетуі екіталай.
Отандық спорт шенеуніктерінің аузынан «Қазақстан – бокс державасы» деген сөзді жақын арада естімейтініңізге сенімді болыңыз, өйткені ол көршілерінің алдында ыңғайсыз болады...
Осылайша мемлекет «Олимпиадалық медальдар жоспарын бұзған» адамды “анықтап”, “барлық сәтсіздіктер мен жүйелі қателіктер үшін” Ермек Маржықпаевты қызметінен алып тастады.
ЖАҢА МИНИСТР
Туризм және спорт министрі болып тағайындалған Ербол Мырзабосынов теориялық тұрғыдан алғанда спорт заңнамасы мен билік вертикалын күшейту, делдалдарды айналып өту мәселелерінде елеулі өзгерістердің бастаушысы болуы керек. Ал спортты мемлекеттік қолдау дегеніміз тек ақша бөлуден тұрмайды, 30 жылдан бері келе жатқан жемқорлықты жою да мемлекеттің міндеті. Спорт туралы заңды өзгертуді жоспарлаған Маржықпаев еді, енді ол отставкада, бұл іс Мырзабосыновтың шаруасына айналды.
Жаңа министр мәжілісмендерді елдегі спортқа қатысты заңдарды қайта қарауға көндіре ала ма? Барлық жүйеге аудит жүргізіп, кемшіліктерді анықтау қажет. Одан кейін спорт шенеуніктері мен федерацияларда отырған атқарушы директорлардың, клуб басшыларының жауапкершілігін қайта қарау ләзім.
ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ҚАЛАЙ БӨЛУ КЕРЕК
Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық олимпиадалық комитеттің жауап беру аймағын анықтау қажет. Кім неге жауап береді? 2024 жылдың соңғы айларында ондаған облыстық спорт басқармасы басшысы ауысты. Бұл министрліктің бір іске әбден бекінгенін байқатса керек.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында облыстық спорт басқармаларының басшыларын тағайындау өкілеттігі жергілікті атқарушы органдардан Туризм және спорт министрлігіне берілді. Осы мақсатта министрлікте министр Ербол Мырзабосынов басқаратын арнайы комиссия құрылды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің басымдық берілетін спорт түрлері бойынша шешімдерді өздері қабылдайтынын сынға алды.
ҚР Ұлттық Олимпиада комитетіне келетін болсақ, оған жыл басында басшы болып Геннадий Головкин келген еді. Халық Тимур Құлыбаевқа қарағанда әлемдік бокста абыройы бар Геннадий Геннадьевичті лайықты санайды. Спорттағы жетістікке жетудің қиын жолын көрген Головкин бұл саланы бір кісідей біледі деген сенім бар. Бірі ҰОК, бірі министрлікті басқарып отырған екі басшының ел алдындағы репутациясы әзірге жаман емес, атқарған жұмыс нәтижесін төрт жылдан кейін Лос-Анджелестегі олимпиадада көреміз.
ФУТБОЛ ТУРАЛЫ
Жыл бойы ел футболын түрлі қиыншылықтар мен қайшылықтар шарпыды. Қазақстан премьер-лигасында чемпионат бастала салысымен, бір клубтың турнирден шеттетілуі туралы хабар шықты, бұл медальге үміткерлер санын 13-ке дейін қысқартты. Сонымен қатар "Астана-Арена" стадионындағы жөндеу жұмыстарына байланысты елордалық "Астана" өз ойындарын Алматыда өткізуге мәжбүр болды. Өзге қалаларда матч өткізу дәстүрге айналғандай. Бұл жағдай да еліміздегі инфрақұрылымның толыққанды дамымағанын көрсетеді. Қаржының көп бөлігі легионерлердің жалақысын төлеуге жұмсалып жатқанымен, стадион мәселесі өз шешімін таппай келеді.
Еурокубоктық матчтар мен ұлттық құраманың іріктеу ойындарының көбі Алматыда өтті. Алайда ойындар кезінде ұйымдастырушылық деңгейдің төмендігі анық байқалды. Футбол маусымы бойы ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы іріктеу кезеңі негізгі тақырыптардың бірі болды. Бас бапкер Станислав Черчесовтың футболшылармен қарым-қатынас орната алмауы және өз идеяларын жеткізе алмауы жанкүйерлердің көңілін қалдырды.
2024 жылғы футбол маусымының қорытындысы Қазақстан футболындағы көптен шешілмей келе жатқан жүйелі мәселелерді айқын көрсетіп берді. Ұлттық құрамалардың барлық жас санатындағы сәтсіз ойындары мен қазақстандық клубтардың халықаралық аренадағы жеңілістері футболдағы дағдарыстың тереңдігін айғақтады.
Ең сорақысы, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың күтпеген жерден қызметінен кетуі болды. Оның басшылығы тұсында футболда ешқандай ілгерілеу байқалмады, керісінше, жағдай ушыға түсті.
ҚАҒАЗДА БӘРІ ДҰРЫС
Белгілі футбол функционері әрі футзал маманы Николай Иванов Қазақстандағы футболдың негізгі мәселесі ретінде “әкімдіктердің” кәсіби клубтарды басқарып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе сыбайлас жемқорлықтың негізгі көзі болып отыр. Футбол клубтарының директорлар кеңесіне тағайындау жабық және есепсіз жиналыстар арқылы жүзеге асады. Олар мемлекеттен бөлінген қаржыны игеру, жалақы мен сыйақы тағайындау мәселелерін шешеді. Осылайша, қомақты қаражат стадиондардың жағдайы нашарлап, футболмен шұғылданатындардың саны қағаз жүзінде ғана артып жатқанда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр.
Мысалы, Ақтөбе облысында қағаз жүзінде 44 мың адам футболмен айналысады деп көрсетілген. Алайда бұл санды растайтын футбол алаңдары, жаттығу орындары немесе стадиондар жоқ. «Қағазда бәрі дұрыс: балалар да көп, алаңдар да мінсіз. Ал іс жүзінде мүлдем басқа көрініс», - дейді Иванов.
Бұл жағдай Қазақстан футболының түбегейлі реформаларға зәру екенін және жүйелік өзгерістер жасалмаса, қазіргі дағдарыс одан әрі тереңдей беретінін көрсетеді.
Николай Григорьевичтің пікірінше, Қазақстан футболындағы кез келген реформаны кәсіби клубтар мен әкімдіктер арасындағы байланысты үзуден бастау қажет.
– Бұл жағдайды едәуір жақсартып, футбол индустриясына ірі және орта бизнесті тартуға мүмкіндік береді. Футболды басқарумен тек осы салада тәжірибесі бар адам айналысуы керек. Ол барлық мәселені терең түсінуі тиіс және футболды өзіне табыс көзі еткен адамдардың ықпалына түспеуі керек. Бүгінде футболдағы барлық жемқорлық схемалар Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) басшылығының қоғам алдындағы есепсіздігі мен клубтардың облыстық әкімдіктермен тығыз байланысында жатыр, – дейді Николай Григорьевич жағдайды бағамдап.
Бір қызым екінші қызымнан өтке сорақы” деген ащы әзілді білуші ме едіңіз? Осы жағдайды ойласаң, ел есіне әйгілі фраза оралады: «Келесі басшы бұдан да нашар болады». Бұл Барменқұловтың орнына келген Марат Омаровтың 20 желтоқсанда ҚФФ президенті болып "сайлануына" тікелей қатысты айтылғандай. Ол осы лауазымға жабық келіссөздер арқылы келді, ал оны қолдағандар Марат Омаров футболды "сауықтыруға" арналған идеяларды іске асырады деп сенеді.
Шындығында, бұл тек көрініс үшін жасалған әрекеттер екені анық. Олар футболды жақсартуға бағытталған жұмыс жасап жатқандай кейіп танытқанша, біз олардың әрекеттерін шын жүректен қолдап отырғандай көрінеміз. Ал бұл уақытта тиісті органдар жоғарыдан бұйрық күтіп, сырттай бақылап отыра береді...
Бұл жағдай футболдағы мәселелердің қаншалықты тереңдеп кеткенін тағы да көрсетіп отыр. Егер басқару жүйесінде түбегейлі өзгерістер жасалмаса, Қазақстан футболы өзін өзі түзеу мүмкіндігінен айырылып, бұрынғыдан да үлкен дағдарысқа ұшырайтыны сөзсіз.
ЖАҢА АДАМДАР
2024 жыл Қазақстан спортында тек дағдарыс пен сынақтардан ғана емес, сондай-ақ үміт пен оң өзгерістерден де көрініс тапты. Жеңіл және ауыр атлетика федерацияларындағы өзгерістер алдағы уақытта маңызды реформалар мен жетістіктерге жетелейді деп үміттендіреді. Жеңіл атлетика федерациясының жаңа президенті Ольга Рыпакова – Олимпиада чемпионы, спорт саласында танымал тұлға. Оның осы лауазымға келуі еліміздегі жеңіл атлетиканы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенеміз. Рыпакова тек қана спортшы ретінде емес, реформа жасайды-ау деп үлкен үміт артып отырған тұлға.
Ауыр атлетикада да оң өзгерістер байқалуда. Жақында Бахрейнде өткен әлем чемпионатында қазақстандық Нұрғиса Әділетұлы мен Артем Антропов алтын медаль иегері атанды. Бұл жеңістер Қазақстан штангасының жаңа тарихының басталуын білдіреді. Жаңа президент Гаджи Гаджиев жетекшілік еткен федерацияның басты мақсаты – спорттағы тазалық пен халықаралық деңгейдегі сенімді қалпына келтіру. Бұған дейін допинг даулары ел ауыр атлетикасының беделін айтарлықтай түсіріп, Париж Олимпиадасынан шеттетуге әкелген еді.
Гаджиев командасы мен жаңа чемпиондардың адал еңбегі Қазақстан ауыр атлетикасына деген сенімді қайтарады. Әрбір жеңіс ерекше бақылауда болатынын түсіну – бұл саладағы жаңа кезеңнің басты қағидасы.
Косметикалық жөндеу емес, түбегейлі реформа қажет
Алайда, бұл оң өзгерістер барлық спорт түріне таралған жоқ. Кейбір федерациялар әлі күнге дейін халықаралық ұйымдардың назарынан тыс қалып, тек косметикалық өзгерістермен шектелуде. Егер ауыр атлетикадағыдай қатаң бақылау мен реформалар басқа спорт салаларына да келсе, Қазақстан спортына шынайы сауықтыру процесін енгізуге болар еді.
2025 жылға қадам басқан тұста, ел спорты жаңа сын-қатерлер мен күрестерге дайын болуға тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, алдағы жылдарда да спорттағы сәтсіздіктеріміз жалғаса бере ме деген күдік жоқ емес.
Қазақстан спортының болашағы басқару жүйесіне, спортшылардың адал еңбегі мен халықаралық беделді қалпына келтіруге бағытталған нақты реформаларға тәуелді. Жеңістер мен өзгерістерге бастар жол оңай болмайды, бірақ бұл жол шынайы табысқа апарады деп сенеміз.
Автор Талғат Садықов