×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Мырқымбайлар көбейеді»: Несиені кешіру экономикаға қалай әсер етеді

20.12.2021, 12:37
«Мырқымбайлар көбейеді»: Несиені кешіру экономикаға қалай әсер етеді
Коллаж: ulysmedia.kz.

«Несиемді кешіріңдер» деп талап еткен азаматтар ірі қалаларда митинг ұйымдастырып жүр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бұл наразылық тіпті үдей түсті. Осыдан екі жыл бұрынғыдай несие рақымшылығын жасауға мемлекет дайын ба? Жалпы бұл – қажетті шара ма? Ulysmedia.kz порталы осы сұрақты белгілі экономистерге қойып көрген еді.

КЕШІРУ – ЭКОНОМИКАНЫ ҚҰТҚАРА АЛМАЙДЫ

Экономист Расул Рысмамбетов «несиелік рақымшылық» жасаудың өзі дұрыс емес екенін айтады. Оның пайымдауынша, несиелік рақымшылықтың айналасындағы шу әлеуметтік шарадан гөрі банктердің лоббиіне ұқсайды.

«Осы несиелерден түсетін ақшаны банктер депозиттер мен салымшыларға бөлуге міндетті. Яғни банктер оны кешіре алмайды. Бұл – өте қауіпті қадам. Мәселе, масылдықта да емес. Өйткені біздің елде ірі компанияларға кейде несиені кешіріп жатады. Алайда мемлекетте қазір халықтың несиесін кешіретіндей ақша жоқ», - дейді экономист.

Расул Рысмамбетов әр банк қарызы бар адамдардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізу керектігін ескертеді. Адам жұмыстан шығып қалса немесе айлығы төмендесе, қарызы бар банкке барып түсіндіруі тиіс.

«Аталмыш мәселені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арқылы емес, банктермен тікелей шешу керек шығар. Жалпы банктерге коммуникацияны жақсартқан жөн. Меніңше, шудың шығуына несие саясатының тым босаң болуы себеп болып отыр. Оған қоса адамдар кедейленіп те барады. Бізге несиені кешірудің орнына айлықты көтеріп, жаңа жұмыс орындарын құру керек. Популистер қазір несие рақымшылығына ақыры көндірсе, ол Қазақстанның экономикасын құтқара алмайды», - дейді Расул Рысмамбетов.

ХАЛЫҚТЫҢ САЛЫҒЫНАН ҚАРЫЗ ТӨЛЕУ...

«Президент жаңадан сайланған кезде, яғни жаңа патша келгенде халыққа бір той береді. Сол сияқты Қасым-Жомарт Тоқаев несиелік рақымшылық жасады. Оны жақсы немесе жаман деудің қажеті жоқ. Себебі президент шынымен бюджеттен, халықтың салығынан кейбір адамдардың ойланбай алған несиесін кешірді. Бұл шара бір рет болды да, миллиардтаған ақша кетті. Жалпы несие әрбір адамның мүмкіндігіне қарай беріледі. Сөйтіп, банктерден берілген несие уақытында қайтарылады. Қайтара алмаса, кепілдікке қойылған мүлкі, үйі немесе көлігі алынады, болмаса міндетіне алған басқа адам төлейді», - дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Сарапшы бюджеттің есебінен, халықтың салығынан кейбір адамдардың ойланбастан алған несиелерін кешіруге қарсы екенін жеткізді. «Бұл дұрыс емес» дейді  ол. Мәселені реттеуде экономистің өз ұсынысы да бар екен.

«Егер қиын болған жағдайда, тұрмысы нашар немесе көпбалалы ана жергілікті билік арқылы бұл мәселені шешсе жақсы. Ауылды айтайын, қаланың керегі жоқ: ауылда сол адамның несиесін төлей алмауына байланысты комиссия түзілуі керек. Ол комиссияға ауылдың әкімі, бір-екі журналист, қоғам қайраткері, бір-екі ақсақалы бар – 10-11 адам комиссия болуы керек те, олар ауылда кімге жәрдем беруі керек деген мәселені шешсе... «Мырқымбай деген кісінің төлей алмай жатқан несиесі бар екен» деп, соны кешірейік деп, ауылдың бюджетінен жәрдем беру, несиесін кешіру мәселесін қарастырса болар еді. Сонда ауылдың өзі азаматының жағдайын назарына алар еді», - дейді ол.

«Мырқымбайлар көбейіп кетпей ме, ертең?» деп сұрадық Сапарбай Жобаевтан.

«Ауылда көбейетін болса, оны да жұрт біле қояды. Қазір Жанболат Мамайға ілескендер неге көбейіп кетті. Себебі айқайдан пайда табатындар көп. Ауылда 400-500 қойы болса да, оны өз атына жаздырмай, такси болып қана, осындай шудың артына ілесіп жүргендер де жоқ емес. Ондай адамдар кез келген уақытта табылады. Ауылдағы адамдар бір-бірін білуі мүмкін, бірақ қалада білмейсің кімнің кім екенін», - дейді ол.

ТӨЛЕЙ АЛМАСАҢ – НЕСИЕ АЛМА!

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, несие рақымшылығы ойынын қайта ойнатудың салдары қиынға айналады. Екі жыл сайын несие рақымшылығын жүргізер болсақ, адамдар несиені алып, қайтармай, осындай бопсаға үйреніп алады.

«Мемлекет бір жағынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында шара қабылдағанын мойындау керек: коммуналдық қызметтердің тарифін азайтып, атаулы әлеуметтік көмек беріп, кейбірін салықтан босатып, біраз жеңілдік жасады. Ал несиені кешіріңдер деп талап етіп жүргендер – сол несиені алып, төлегісі келмей жүргендердің қалыпты күйі секілді. Бұл дұрыс емес», - дейді ол.

Экономист дамыған елдерде несиені кешірерлік тәжірибе жоқтығын, олар «банкроттық туралы» заңға сүйеніп, қарызын қайта бөліп, төлеу тәртібі қалыптасқанын айтады.

«Несиені кешіруден еш жақсылық болмайды. Зейнетақының бір бөлігін алуға рұқсат беру бастамасы секілді бұл да. Одан да пайда көріп отырмыз ба? Жағдай керісінше қиындап кетті. Пайдасынан зияны көп. Халықтың несиеге бату проблемасына жалпы экономикадағы өзекті мәселе ретінде қарастыру керек. Құндылықтарды өзгерткен дұрыс. Жұрттың көбі «Рухани жаңғыруды» ұқпаған секілді. Ол бағдарламаның мәні руханиятпен немесе қасиетті орындарды айқындаумен шектелмесе керек-ті. Ол бағдарламаның І және ІІ пунктін еске түсірсеңіз, прагматизм, ұқыптылық пен үнемшілдік туралы жазылған. Назарбаевтың өзі «ресурстарға үнеммен қарауды» жазған жоқ па? Үнемшілдік деген осы – несие алмай, ақшаны депозитке жинаңдар деген әңгіме. Яғни адамдарға несиемен өмір сүрмеуді үйрету керек. Жапондар мәселен несие алмайды», - дейді Айдархан Құсайынов.

Экономиске бұл тұрғыда өз ойымызды жеткізуге тырыстық. Адамдардың қазіргі айлығы шайлығына жетпей отырған заманда несие алмай өмір сүрудің өзі де қиын екенін айтқымыз келген. «Мәселен, мен мысалы үй алу үшін ипотекалық қарыз алуға мәжбүр боламын. Ақша жинап, сатып алу үшін 30 жыл жұмыс істеуім керек шығар...» дегенбіз. Алайда Айдархан Құсайыновтың бұл тұрғыда өз пікірі қатқыл шықты.

«Сол жағалаудан 400 шаршы метрлік үй алғым келсе, маған да 100 жыл бойы жұмыс істеуге тура келеді. Мен оны қаламаймын. Түсінемін. «Адамдарда несие алудан басқа амал жоқ» деген пікір меніңше таптаурын. «Амал жоқ» деген не сөз? Жинаңыз ақшаны. Фейсбукте кейбіреулер отырып алып, «25 жастағы жігіт үй ала алмайды, неге?» деген сөздерді көрем де қайран қалам. Ал ол неге бірден үй алуға міндетті болуы тиіс? Үй жалдап тұрсын, ақшасын депозитке салсын, күндердің күнінде аңсаған пәтерін сатып алады. Тәуекелдеріңді өлшеп бақ. Шамаң келмесе, несие алма! Өзім де әке-шешеммен тұрамын. Қазақтар үшін бұл қалыпты дүние», - деп жауап қайтарды экономист.