Дональд Трамптың инаугурациясы жақындаған сайын, Батыс саясаткерлері Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер туралы жиі айта бастады. Бұл ретте, олардың пікірінше, келіссөздер жақын арада өтуі мүмкін. Ulysmedia.kz осы мәселеге тереңірек үңіліп, барлық ықтимал қатысушыларға қолайлы болатын келіссөздер алаңы қай ел болуы мүмкін екенін зерттеді.
ҚАЗІРГІ АХУАЛ
20 қаңтарда Дональд Трамп ресми түрде АҚШ президенті қызметіне кіріседі. Бұл күн әлемдік экономиканы және геосаясатты түбегейлі өзгертуі мүмкін. Трамптың сайлауалды риторикасы тіпті АҚШ-тың дәстүрлі одақтастарын алаңдатты, ал оның 2017-2021 жылдардағы алғашқы президенттік мерзіміндегі әрекеттері оптимизмнен гөрі пессимизмге толы өтті десек қате айтқандық емес. Ол кезде Трамп Қытаймен тарифтік соғыс бастаған, бұл әлем экономикасына айтарлықтай әсер етті. Сонымен қатар ол Еуропадан НАТО-ны қаржыландыру үлесін бірнеше есе арттыруды талап етіп, АҚШ-ты бірнеше халықаралық келісімдерден шығарды.
Қазір ол АҚШ-тың юрисдикциясына Гренландия мен Панама каналын алуға ниетті екенін айтып, Канадаға Американың жаңа штаты болуды ұсынуда. Сондай-ақ ол Еуропадан АҚШ-тан импортты арттыруды талап етіп, өйтпеген күнде барлық сауда серіктесіне баж салығын арттырамын деп қорқытуда. Бірақ, ең бастысы, ол Украинаға әскери және қаржылық көмекті тоқтату туралы айтып, соғысты қысқа мерзімде тоқтатуға уәде берді.
Егер АҚШ Украинаны қаржылық және әскери қолдаудан бас тартса, барлық ауыртпалық Еуроодақтың мойнына түседі. Ал блок елдері елеулі экономикалық, кейбірі ішкі саяси қиындықтарды бастан кешіруде. Сондықтан болуы керек, еуропалық саясаткерлердің мәлімдемелерінде келіссөздер жүргізу уақыты келгені туралы идеялар жиі айтылуда.
ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМДАРЫ
Соғысып жатқан тараптар келіссөздерге қарсы емес сияқты, бірақ олардың бір-біріне қоятын шарттарына қарағанда, Ресей мен Украина жақын арада ымыраға келе алмайды-ау деп топшыладық.
Ресей соңғы уақытта соғысты тоқтату шарттарын сәл өзгертті. Бастапқыда әңгіме «денацификация және демилитаризация» туралы болатын, яғни Ресей Украинада нацизм өркендеген деп мәлімдеген. Тағы бір шарт – «бейтарап статус», яғни Украинаның Еуроодаққа, әсіресе НАТО-ға мүше болудан бас тартуы. Қазір бұл шарттарға қосымша ретінде Кремль Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын бақылауға алуды талап етуде. Бұл Киевтің Ресейге одан да көп территорияны беруін білдіреді, өйткені бұл аймақтарды Ресей әскері толық бақыламайды. Бұдан бөлек, Кремль Владимир Зеленский мен оның үкіметін заңды деп санамайтынын мәлімдеді. Осылайша Путин мен Зеленский арасында келіссөздер өту ықтималдығы төмен.
Украина да бастапқы талаптарынан біраз шегінді. Бұрын әңгіме Қырымды ешқандай шартсыз қайтару және Ресей әскерін 2014 жылғы шекараларға шегіндіру туралы болатын. Сонымен қатар Батыс саясаткерлері «территорияның бір бөлігінен бас тартуға тура келеді» деп меңзегенде, Украина оған қатты қарсылық білдіретін. Қазір Украина президенті Владимир Зеленский Батыс БАҚ-тарына берген көптеген сұқбаттарында «қауіпсіздік кепілдіктері» туралы көбірек айтады. Яғни кез келген келіссөздер тек Украинаның НАТО-ға кіруінен кейін жасалуы мүмкін, ал территорияларды кейін «дипломатиялық жолмен» қайтаруға болады.
Соған қарамастан Батыс саясаткерлері келіссөздер тақырыбын жиі қозғап, тіпті «нақты мерзімдерді» атауда. Мысалы, Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Трамптың Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келісімді бір күнде жасасу мүмкіндігі туралы айтқан пікіріне былай деп жауап берді:
- Мен соңғы бірнеше күнде көргендеріме сүйене отырып, осы келісімнің 21 қаңтарда бірден жасалатыны туралы пікірден аздап бас тарту бар екенін байқадым. Енді бұл ықтимал емес деп ойлаймын. Біз Пасха уақытына қарай мерзімдердің біршама жылжығанын естіп жатырмыз, – деді Ұлыбритания сыртқы істер министрі.
КЕЛІССӨЗДЕР ҚАЙДА ӨТЕДІ?
Батыстың Ресей мен Украинаның жақын арада келіссөздер үстеліне отыратынына сенімді болуын Румыния мен Словакияның мұндай кездесуді өткізуге дайын екендігін мәлімдегені дәлелдей түскендей. Сонымен қатар өз қызметін Бразилия да ұсынды.
Қазақстан мұндай іс-шараларды өткізу тәжірибесіне ие екенін ескере отырып, сарапшылардан еліміздің Еуропадағы шиеленісті бәсеңдету мәселесінде келіссөздер алаңы болу мүмкіндігі туралы пікірін сұрадық.
Тарих ғылымдарының докторы Болат Сұлтановтың пікірінше, бұл мәселеге объективті қарау керек.
- Ресей мен Украинаны татуластыру алаңы Швейцария болуы мүмкін. Ол Ресейге қарсы санкцияларға қатысқанына қарамастан, келіссөздер үшін лайықты ел болып табылады. Сербия Еуроодаққа ұмтылып жатқан ел және Ресеймен жақсы қарым-қатынаста, сондай-ақ Словакия да келіссөздер өткізуге мүмкін нұсқалардың бірі. Бірақ ең ықтимал нұсқа – тұтқындарды айырбастау бойынша араағайындық рөлін атқарып жатқан БАӘ. Бұл Украина мен Ресейдің Әмірліктерге сенім артатынын көрсетеді. Сонымен қатар Қытайды да назардан тыс қалдыруға болмайды, себебі бұл ел Ресейде де, Еуропада да, АҚШ-та да саяси беделге ие. Қазақстан да теориялық тұрғыда келіссөздер алаңы бола алады. Бірақ біз Еуразия құрлығындағы шиеленісті бәсеңдету үшін алаң ұсынғысы келетін жалғыз ел емеспіз. Ең ықтимал үміткерлер – Парсы шығанағы елдері, Түркия (2022 жылы алаң ұсынған), сондай-ақ Бейжің, – дейді Болат Сұлтанов.
Экс-дипломат және саясаттанушы Қазбек Бейсембаев қазіргі уақытта Ресей мен Украинаның келіссөздері емес, Путин мен Трамптың кездесуі үшін алаң мәселесін қарастыру қажет деп есептейді, өйткені бұл кездесуде Украина мәселесі басты тақырыптардың бірі болады. Мұндай кездесу соғысушы тараптардың келіссөздерінен әлдеқайда ерте өтетіні анық.
Путин мен Трамп кездесуі үшін алаңды өз кандидатураларын ұсынған елдер емес, Вашингтон мен Мәскеу таңдайды. Еуропа бұл үшін қолайсыз, себебі Ресей бұған қарсы болады. Дегенмен екі еуропалық ел – Венгрия мен Словакия – бұл тұрғыда мүмкін нұсқа, өйткені олардың премьер-министрлері Путинмен жақсы қарым-қатынаста. Сондықтан президенттердің кездесу орны ретінде Қазақстанды да жоққа шығаруға болмайды. Жақында АҚШ-тың болашақ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Джексон – Вэник түзетулерін (сауда шектеулері) Қазақстаннан алып тастау қажет екенін айтты. Бұл Трамптың болашақ әкімшілігінің біздің еліміз туралы оң көзқараста екенін көрсетеді. Сонымен қатар біз Ресеймен қарым-қатынасымызды бұздық деп айта алмаймыз, дегенмен Тоқаев санкцияларды қолдайтынымызды бірнеше рет мәлімдеді, – дейді Бейсембаев.
Сарапшылардың пікірінше, Путин мен Трамптың кездесуі үшін Қазақстанды таңдауы, оның ішінде Украина мәселесі бойынша, АҚШ пен Ресейдің Қазақстанның барлық елмен өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған сыртқы саясатының дұрыс екенін көрсетеді. Яғни, осындай сын сәтте көп векторлы саясаттың пайдасы тиюі мүмкін.