Азаматтық құқық қорғаушы, белсенді, «Феминита» ұйымының тең құрылтайшысы Жанар Секербаева АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) тарапынан тікелей немесе жанама қаржыландыруды жоққа шығарғанымен, Дональд Трамп пен Илон Маскты ақымақ сексист-мизогиндердің дуэті деп санайды және оның айтуынша, олардың әрекеті барып тұрған ақымақшылық. Ulysmedia.kz USAID-тің бүкіл әлем бойынша өз қызметін тоқтатуынан кейін Қазақстандағы үкіметтік емес сектордың жағдайы не болатынын қарастырып көрді.
МЕН ДОНАЛЬД ТРАМПТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН
Миллиардер Илон Маск (АҚШ президенті оны Мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) басшысы етіп тағайындаған) Трамптың инаугурациясы болмай тұрып: «Америка іс жүзінде банкроттыққа жақын қалды» деп мәлімдеме жасаған еді. Ол мемлекеттік қарызды азайту үшін бар күшін салатынын айтқан.
- Біз мұны құпия түрде емес, ашық істейміз, - деген Маск Мемлекеттік аппараттың тиімсіздігімен күресі туралы.
Шынында ол осы іспен белсенді түрде айналысып жатыр, әсіресе Дональд Трамп ресми түрде қызметіне кіріскеннен кейін тіпті белсенді болып кетті. USAID бұл үдерістен бірінші болып зардап шекті – оның қаржыландыруы тоқтатылып, әлем бойынша шамамен 10 мың қызметкер әкімшілік демалысқа жіберілді. Трамп бұл жұмысқа «керемет» деген баға берді.
7 ақпанда Ақ үйде Жапония премьері Сигэру Усибамен бірлескен баспасөз мәслихатында АҚШ президенті Дональд Трамп білім министрлігі, Пентагон және басқа да құрылымдарды тексеруді жалғастыратынын мәлімдеді.
- Мен оған (Маскке) жақын арада... білім министрлігін тексеруді тапсырамын. Ол кемшіліктерді табады. Сосын мен әскери салаға көшемін. Әскерді тексерейік... Біз миллиард, жүздеген миллиард долларлық алаяқтық пен заңбұзушылықтарды табамыз. Өйткені халық мені дәл осы жұмыс үшін сайлады, – деді Трамп 9 ақпанда Fox News-ке берген сұхбатында.
Келесі кезекте «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» медиакорпорациялары тұр.
- Бұлар – салық төлеушілердің жылына бір миллиард долларын ысырап ететін радикалды солшыл есалаңдар. Иә, жабыңдар оларды... Енді ешкім оларды тыңдамайды, – деді Маск.
Трамп пен Масктың күнделікті ақпарат кеңістігін шулатқан әрекеттері АҚШ саясаткерлерінің жаңа Ақ үй көмекшісінің заңдылығын талқылауына түрткі болды. Маск журналистермен де, заң шығарушылармен де тілдесуден бас тартып отыр. Жақында Республикалық партия Өкілдер палатасының Қадағалау және үкіметтік реформалар комитетіндегі демократтардың Маскты Конгресске есеп беруге шақыру әрекетін бұғаттап тастады.
- Ешкім сайламаған мына миллиардер не деп отыр? Ол қалайша федералды агенттіктерді таратып, адамдарды жұмыстан шығара алады, қалайша оларды басқа орынға ауыстыра алады, мерзімінен бұрын зейнетке шығуға мәжбүрлей алады немесе агенттіктерде ауқымды реформалар жүргізе алады? Бұған әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмағаны ма? Неге оның әрекеттері Конгресстің келісімінсіз жүзеге асып жатыр? – деп келтіреді бұқаралық ақпарат құралдары комитет өкілі Джеральд Конноллидің сөзін.
Маск өзіне айтылған кез келген сынға мүлде мән бермейтін секілді.
- Мен Дональд Трампты гетеросексуал еркектің басқа ер адамды сүйгеніндей жақсы көремін, – деп жазды ол өзінің X аккаунтында және ол осы ұстанымын жалғастырып келеді.
ГРАНТТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ТҰТЫНУШЫЛАР
АҚШ-та болып жатқан оқиғалар USAID-тің тікелей және жанама қолдауына ие болып отырғандарды алаңдатпай қоймайды. Қазақстанда бұл агенттіктің көпжылдық серіктестері ретінде бірқатар ірі ұйымдар аталады: ДДСҰ өкілдігі, «Қадір-қасиет» қоғамдық бірлестігі, EURASIA FOUNDATION өкілдігі, Американдық Адвокаттар Қауымдастығының өкілдігі, Internews Network өкілдігі және басқа да ҮЕҰ.
Ulysmedia.kz Internews Network ұйымының Қазақстандағы өкілдігімен байланысып, олардың қазіргі жағдайы мен жоспарларын білуге тырысты, бірақ мақала әзірленгенге дейін жауап ала алмады. Сол сияқты, Қазақстан Жоғарғы сотындағы сот реформалары бойынша семинарлар мен тренингтердің тұрақты қатысушысы болып жүрген Американдық Адвокаттар Қауымдастығының өкілі Шолпан Ташмұхамбетова да бізбен байланысқа шыққан жоқ.
Алайда USAID-тің Қазақстандағы ең ірі грант иеленушісі – Қазақстан үкіметі. Жыл сайын миллиондаған доллар тиімді басқару мен қоғамдық реформаларды дамытуға құйылды. Бұл – кеденшілер мен салықшыларға арналған компьютерлер, аймақтардағы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар, сондай-ақ туберкулезді тиімді емдеу бойынша денсаулық сақтау жобалары. USAID-тің «көмегін» әлемді жаулаудың бір түрі деп санап, бұл жобалардың тоқтатылуына қуануға болатын шығар, бірақ атқарылған жұмыс аз емес секілді.
USAID мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жүзеге асырған гуманитарлық жобалар тікелей қаржыландыруға тәуелді болса, Қазақстанның үкіметтік емес секторы қаржылық көздерін әртараптандыруды үйренді. Осылайша олар саяси ахуалдың өзгерісіне тәуелді болмауға тырысты.
AZATTYQ: БОЛА МА, БОЛМАЙ МА?
Қазақстандағы «Радио Азаттық» редакциясының тағдыры қыл үстінде тұр. Осыған байланысты Ulysmedia.kz оның алдағы жоспарын білуге тырысты.
Біз бұл сұрақты тікелей «Азаттық» редакторы және Астанадағы бюро жетекшісі Дархан Өмірбекке қойдық. Алайда ол бізді... Америкаға жіберді. Яғни, Radio Free Europe/Radio Liberty-дің бас кеңсесінің баспасөз қызметіне сілтеді. Біз оларға да сұрау салдық. Жауабын міндетті түрде жариялаймыз.
1953 жылы құрылған «Азаттық» радиосының болашағына қатысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлованың пікірін білу де біз үшін маңызды болды.
- Бұл тек Twitter-дегі дискурс қана. Әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ. Оған қоса, Трамп тағайындаған Жаһандық БАҚ агенттігінің жаңа басшысы, Center for Media Research орталығының негізін қалаушы Брент Бозел Сенат мақұлдауынан өткен жоқ. Оның «Радио Свобода» бойынша ешқандай ресми мәлімдеме жасамағанын ескерсек, әзірге пікір білдіруге де еш негіз жоқ, – деп жауап берді «Әділ сөз» басшысы.
Айта кетейік, ашық дереккөздерде Брент Бозел басқаратын орталықтың «Радио Свобода Европа» және «Радио Свобода Азия» бюджеті туралы ақпарат бар. Ол соншалықты мардымсыз сома, сондықтан жаһандық ықпал жүргізу әлдеқайда қымбатқа түсетіні қисынды.
«ФЕМИНИТА» – КОМЕДИЯ ҮШІН ЕМЕС
Бізде USAID-пен ешқандай жобамыз жоқ, сондықтан «Феминита» ұйымының осы агенттік тарапынан қаржыландырылғаны туралы кез келген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, – деп мәлімдеді Қазақстан феминистік бастамасының белсендісі Жанар Секербаева.
Бірақ кейбір ұйымдар бұл қаржыға тәуелді болды. Мысалы, денсаулық сақтау бағдарламалары – туберкулез, АИТВ (ВИЧ). Енді Денсаулық сақтау министрлігі бұған алаңдауы керек шығар.
Сонда сіздер жұмыстарыңызды еш алаңсыз жалғастыра бересіздер ме?
- Трамптың президенттікке келіп, әйелдерге, адам құқықтарына, ЛГБТ-ға қарсы саясат жүргізуі, жалпы «ақылға қонымсыз саясат» ұстануы, әрине, бізге де әсер етеді. Ол әлемдегі барлық адамға әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан әлі де АҚШ-пен экономикалық және саяси қарым-қатынаста, біз әлемнен оқшауланған жоқпыз, мемлекетаралық көптеген жобалар бар. Біздің ҮЕҰ-ға келетін болсақ, бізде әртүрлі халықаралық серіктестер бар, ал Трамп пен Маск – оларды қалай атауға болатынын да білмеймін, екі сексист-мизогин. Олар бәрібір сәтсіздікке ұшырайды, импичментке тап болады. Оның үстіне, Масктың бұлай әрекет етуіне ешкім құқық бермеген. Өкілеттігі жоқ. АҚШ дүниенің құрығын ұстап тұрған жоқ, – дейді ашына сөйлеген Жанар Секербаева.
Масктың шешімдерін тоқтатып жатқан судьялар да бар. Бізге екі ақымақтың шоуына қарауды доғару керек. Олар сандырақ каруселін айналдырып жатыр. Илон Маскқа бір зымыранын алып, Марсқа біржола ұшып кетуді ұсынамын. Ол жерде ешкім жоқ, сондықтан өте пайдалы болар еді, – деп қорытындылады Жанар Секербаева.
ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ
Құқықтық медиа орталығының директоры Диана Окремова Ulysmedia.kz-ке USAID-тің олардың ұйымына тікелей грант бөлмегенін айтты.
- Біз Internews жобасы аясында жұмыс істедік, ал оны USAID қаржыландырды. Біздің бағытымыз құқықтық сауаттылық пен жалған ақпаратпен күреске байланысты болды. Яғни, журналистер мен блогерлерді құқықтық тұрғыдан оқыту, оларды қорғау және жалған ақпараттың қоғамға әсерін зерттеу – біздің негізгі жұмысымыз, – деп атап өтті Окремова.
Бұл құқықтық медиа орталығының қызметіне кері әсер ете ме?
Кері әсер етеді деп айта алмаймын, себебі бұл біздің жалғыз қаржы көзіміз емес. Әрине, біз қазір жұмысымызды сәл өзгертуге тырысамыз және оны міндетті түрде жалғастырамыз. Жалпы USAID туралы айтатын болсақ, менің ойымша, бұл біз сияқты ұйымдарға қатты әсер етпейді, өйткені біздің алатын қаржылай көмегіміз көп емес.
Оның пікірінше, бұл шешім ірі грант алушыларға кері әсер етеді.
USAID негізінен көптеген үкіметтік жобалар мен бірлескен гуманитарлық бағдарламаларды қолдады. Олардың қатарында Сауда және интеграция министрлігі, кеден органдары мен олардың жүйесі, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жобалар бар. Сондай-ақ USAID туберкулез және АИТВ (ВИЧ) дертіне шалдыққан науқастарды емдеуге көмектесті, – дейді ол.
Диана Окремова енді бұл үлкен мәселеге айналатынына сенімді.
Айтпақшы, 5 ақпанда сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтан Трамптың шешіміне байланысты ведомство мен USAID арасындағы қандай бірлескен жобалар тоқтатылатыны туралы сұраған еді.
- Әзірге Сауда министрлігіне қатысты қандай да бір бағдарламалар тоқтатылды деген ақпарат жоқ. Біз бір бағдарламаны жүзеге асырдық, ол былтыр аяқталды. Биыл біздің министрлік пен USAID арасында ешқандай бағдарлама қарастырылмаған, – деп жауап берді шенеунік.
Қалған мемлекеттік органдар бұл мәселеде үнсіз. Мұның да өз себебі болуы мүмкін. Мысалы, мынандай жайт:
Жасырмаймын, маған да осындай ұсыныс түсті. Маск басқаратын ҚАШ-тың Мемлекеттік тиімділік департаментінен хабарласып, Трамп әкімшілігінде жүргізіп жатқан жұмысты бізде де жүзеге асыруды ұсынды. Мен оны Қазақстанға шақырдым: «Кел, бірге жұмыс істейік, жұмыс тобын құрамыз. Егер қандай да бір қысқартуға болатын нәрселерді байқасаң, көрейік деп айттым», – дейді қазақстандық журналистерге берге сұқбатында вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Ал егер шынымен осындай ұсыныс болған болса және Маск бүкіл шаруасын тастап, бізге келіп, тәртіп орнатуға кіріссе ше?