×
501.31
520.11
5.33
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
501.31
520.11
5.33

Украина тағдырын Трамп пен Путин шеше ме және геосаяси ойындар Қазақстанға қалай әсер етеді

Бүгін, 18:02
Украина тағдырын Трамп пен Путин шеше ме және геосаяси ойындар Қазақстанға қалай әсер етеді
Ulysmedia коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамптың кейінгі күндердегі белсенділігі бүкіл әлемнің назарын аудартып отыр. Әуелі Ресей президенті, кейін Украина президентімен сөйлескен ол "соғысты тоқтатам" деген уәдесін орындауға бекінген сыңайлы. Келіссөз басталса соғысып жатқан Ресей мен Украина қандай шарттар бойынша бейбіт келісімге келуі мүмкін? Қазақстанға осы геосаяси оқиғалардың әсері қандай болады? Кремльдің өктем саясаты Орталық Азияға бұрылып кетпей ме? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты белгілі саясаттанушы Жанат Момынқұловқа қойып көрді.

БӘРІ КЕШ...

Жанат Момынқұловтың айтуынша, бұл көптен бері күткен оқиға болған. Тіпті мұны үлкен оқиғалардың басы деп есептейді ол. АҚШ президенті Дональ Трамп ә дегеннен бастап Ресей президентіне бірнеше пункт бойынша жеңілдік бергенін айтады.

Біріншіден, Украина НАТО-ға кіре алмайтын болады. Екіншіден, Украина 1991 жылы және 2014 жылға дейінгі шекараларын қайтара алмайды. Бұл жерде Америка мен Еуропа арасында алшақтық бар. Еуропадағы Шольц (Германия канцлері) бастаған топтың дауыстары қатты шығып жатыр. Олар Трамптың позициясына сынмен қарайды. Бірақ бәрі кеш, – дейді саясаттанушы.

Күні кеше Дональд Трамп Владимир Путинмен Сауд Арабиясында кездесетінін мәлімдеген еді. Еуропаның Британия, Франция, Германия бастаған жеті мемлекеті “бұған біз де қатысуымыз керек, Украина да ол келіссөзде болуы тиіс” деп мәлімдеме таратқан. 

Трамптың жасағаны – Украинамен сөйлеспей жатып, Путинмен келісіп алуы. Оның олай асығуының өзіндік себептері бар сияқты. Кейбір мәліметтер бойынша, Қытай да бұған араласқан сыңайлы. The Wall Street Journal басылымына шыққан мәліметтерге қарағанда, Қытай дипломаттары америкалықтармен бірнеше апта бұрын сөйлескен, – дейді Жанат Момынқұлов.

ТРАМП ПУТИНГЕ ЖАҚСЫ “КӨЗІРЛЕР” БЕРДІ

Сарапшының сөзінше, АҚШ пен Қытай арасында үлкен текетірес келе жатыр. Сол арада Ресей үлкен бір активке айналып барады. Саясаттанушының пікірінше, Ресейді кім өзіне тартатынына көп мәселе байланысты. 

Жанат Момынқұлов (фото: ашық дереккөз)

Трамп қазір Путинге жақсы көзірлер берді. Жеңілдіктердер берді. Путин мен оның баспасөз хатшысы Песковтен де жақсы реакциялар бар. Сондықтан, расында кездесу Сауд Арабиясында болуы мүмкін. Бұл – үлкен бір өзгерістердің көрінісі деуге болады. Сценарий бойынша расында да, соғыс тез аяқталмаса да, атыс тоқтауы мүмкін. Ресейдің бұл жерде рөлі күшейіп тұр. Өйткені олар Американың өзімен ғана сөйлесемін деді, дәл солай өзімен ғана сөйлесіп тұр. Зеленскиймен де сөйлесер. Украинада енді тек бір ғана көзір – қауіпсіздік гарантиясы. Оны кім береді? Еуропа елдері АҚШ-тың қару-жарағын сатып алып, Украинаға береді. Украинаны күшейтеді. Американың үлкен компаниялары Украинаның жер асты, қымбат металдар нарығына кірейін деп отыр. Осыған дейін миллиардтаған қаражат салдық. Енді соны сирек кездесетін метал ресурстары түрінде қайтар деп отыр, – дейді саясаттанушы.

Жанат Момынқұлов Украинаға ендігі кезекте америкалық компаниялар келеді деп болжайды. Шекарада атыс тоқтап, бейбітшілік орнаса, бір жағынан АҚШ компаниялары азаматтық сала ретінде Ресейден қалқан болады. Еуропа армиясы да сол арада тиіскізбейтін күш болуы ықтимал. 

Бұл мәселеде Қытай да белсенді. Олардың ұстанымы – Украинаның келіссөзге қатысуын қалауында. Саясаттанушы Жанат Момынқұлов қазір жан-жақты тарап бір-бірімен үлкен деңгейде саудаласып жатқанын айтады. “Қытай тарапы қазір Ресейге үлкен қызғанышпен қарап отыр, өйткені Ресеймен арадағы уағдаластығы бар, Ресей Америкамен жақындасып кете ме деп қауіптенеді, Ресейді Қытай беріп қоймақ емес” дейді сарапшы.

ҚАЗАҚСТАН – УКРАИНА ЕМЕС

Саясаттанушы бір жағынан бейбітшіліктің орнағаны бір жағынан Қазақстан үшін жақсы екенін атап өтеді. Себебі Қазақстанның экономикасының әлсіреп кеткені де санкцияның салдары әсер еткен. Санкциялардың Ресейден алына бастауы Қазақстанды да жеңілдете түседі деп есептейді ол.

Текетірес болмай, мұнаймен бопсалау болмаса, оның бағасы тұрақты болса, бізге тиімді болар еді. Ресейге келгенде Украина мен Қазақстанды шатастыруға болмайды. Украина кейсі бөлек. Ол – НАТО мен Ресейдің арасындағы кикілжің. Ал Қазақстанда ондай үлкен бір мәселе жоқ. Өйткені маңайымызда Қытай бар. Қытай мен Ресей бұл аймақта ықпалды күштер. Қытайдың рөлі қазір барлық жерде нығайып жатыр. Қытай біріншілікке ақырындап жылжып келеді. Трамптың әрекеттерінен кейін Американың рөлі әлсіреп кетуі мүмкін. Бірақ мұндай қозғалыс Американың өз ішіне керек. Ультралиберализмнен реализмге қарай өтіп жатыр. Трамптың көп әрекетін реализм мектебінің шеңберінде қарастыруға болады. Ол қанша қорқытса да, белгілі бір жағдайға алып келе жатыр. Өз мүддесі, ұпайы бар, – дейді ол.

ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІ САҚТАУДЫҢ НАҒЫЗ УАҚЫТЫ КЕЛДІ

Жанат Момынқұлов Ресейдің Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанға өктем саясаты басталып кетеді деген нұсқаға келіспейді. Бірақ Ресей тарапынан бұл бағытта белсенділіктің бағыты көріне бастағанын атап өтеді. Өйткені әуелі Ресей премьері Мишустин, кейін, қауіпсіздік кеңесінен Шойгу Қазақстанға келіп кеткен. Олардың қандай мақсатта келіп кеткені өз алдына бір сұрақ. Сарапшы олардың белсенділігі арта бастағаны байқалатынын айтады.

Бірақ одан қатты бір қорқудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені Ресей әскери, экономикалық жағынан қатты әлсіреді. Халықаралық жағынан да, ақпараттық жағынан да, сыртқы идеологиялық жағынан да қатты әлсіреді. Бірақ бәрібір Ресей өз пропогандасы арқылы “біз жеңімпазбыз, біз Батысқа төтеп бердік” деген секілді мағынада сигналдар болуы мүмкін. Оның Орталық Азияға қатты бір әсері бола қоймайды деп ойлаймын. Соңғы халықаралық жағдайдың кейінгі үш-төрт жылда өзгергенін айтуымыз керек. Орталық Азияның сирек кездесетінін металының халықаралық саясатта саудаға түсіп, Еуропа, АҚШ-пен байланыстарымыз нығайғанын, халықаралық дипломатиялық белсенділігіміздің артқанын түсінуіміз керек. Орталық Азия бір аймақ ретінде рәсімделіп қалды. Керісінше, санкциялар толық алынып тасталмаса да, бізге бір жеңілдігі болады деп ойлаймын. Соғыстың аяқталғаны – бізге бір үлкен демеу. Сондықтан, қатты қорқудың қажеті жоқ. Аймақтарды шатастырмау керек. Өйткені біз Еуропа емеспіз. Біз Қытайға жақын, Еуропамен байланыстағы, түркі әлемінің, мұсылман әлемінің бір бөлшегіміз. Тепе-теңдікті сақтаудың нағыз уақыты келді, – дейді Жанат Момынқұлов.

ТРАМП ПУТИНМЕН КЕЗДЕСЕДІ

Күні кеше Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескеннен кейін АҚШ президенті Дональд Владимир Путинмен Сауд Арабиясында кездесетінін айтқан еді. Дональд Трамп өзінің сайлау науқаны кезінде Украинадағы соғысты аяқтауға ниетті екенін бірнеше рет атап өткен.

Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскиймен де телефон арқылы сөйлескен. Бұл туралы Украина президентінің кеңсесі хабарлады. Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвиннің айтуынша, Зеленский мен Трамптың әңгімесі шамамен бір сағатқа созылған.

ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Мемлекет басшысы өңір жастарымен жүздескен сәтінде Украинадағы жағдай жөнінде пікір білдірген. “Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға пайдасын тигізеді” дейді ол.