×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

ҰАТ 8 жылда бюджеттен 200 миллиард теңге тапсырыс алған

21.09.2021, 14:41
ҰАТ 8 жылда бюджеттен 200 миллиард теңге тапсырыс алған
Коллаж: ulysmedia.kz

Бүгінгі таңда eGov электронды үкімет порталындағы мәліметтердің қауіпсіздігін Қазақстанның ақпараттық технологиялар нарығындағы ірі компания – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы қамтамасыз етеді.  Ulysmedia.kz тілшісі осы ұйым туралы қызықты мәліметтерді ақтарып, қаржылық есептерін зерттеп, компанияны ұстап тұру үшін 8 жылдың ішінде қанша қаражат кеткенін есептеп көрді.

ДАУДЫҢ БАСЫ...

Білетін қазақстандықтарға «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (ҰАТ) жіті  таныс. Ол eGov.kz порталының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жеке электронды цифрлық қолтаңбаны шығаратын Ұлттық куәландырушы орталығына да қызмет етеді. Алайда оның нақты қандай сомада ақпараттық қолдау көрсететіні жұмбақ. Компанияның жұмысына деген қоғамның наразылығын электронды үкіметті «Сбер» платформасына ауыстыру туралы шулы шешім тудырып отыр.

Қазақстан үкіметі мен ресейлік «Сбер» тобының арасындағы цифрлық үкіметті құру үшін жаңа платформа құру туралы меморандумға қол қойылатынын осы жылдың қыркүйегінің басында президент Тоқаев Владивостокта өткен «2021 жылғы Шығыс экономикалық форумында» мәлім етті.

Бұл ретте eGov.k электронды үкімет порталын трансформациялау туралы сөз қозғалып отыр. Жобаны бағалау құны – $500 млн. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, қазақстандық мемлекеттік секторда 400-ге тарта әртүрлі ақпараттық жүйе мен база бар. Қазір электронды үкіметтің сайтына толығымен қызметті ҰАТ көрсетеді.

«ҰАТ» КІМГЕ ҚАРАЙДЫ

«ҰАТ» АҚ іргесі 2000 жылы қаланған. 2008 жылдан бастап ол «Зерде» ұлттық холдингінің құрылымына кіреді. Ал «Зерденің» бірден бір акционері – Қазақстан үкіметі.

«Зерденің» өзі «Самғау» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ қайта құрылған кезде 2008 жылы пайда болды. Ал «Самғаудың» өзі президент Назарбаевтың жарлығымен 2007 жылы құрылған еді.

«Самғаудың» басқарма төрағасы Азамат Әбдімомынов болған. 2015 жылдан бастап ол – ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары.

10 ЖЫЛДА 8 ТӨРАҒА

2021 жылдың сәуірінде «ҰАТ» АҚ басқармасының жаңа төрағасы болып Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары болған Ростислав Коняшкин келді. Оның 1989 жылы туғаны, Жамбыл облысының тумасы әрі Мәскеу мемлекеттік университетін бітіргені белгілі. Ұйымның ресми сайтындағы ақпарат бойынша Ростислав Коняшкин сонымен қатар 2021 жылдың сәуірінен бастап «ҰАТ» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі екені белгілі.

Ұйым басқармасының бұрынғы төрағасы Алексей Анисимов болған. Ол аталған қызметте бар-жоғы бір жылдан аз уақыт отырды. Оған дейін Анасимов «Зердеде» төрағаның орынбасары қызметін атқарған.

Соңғы 10 жылдың ішінде «ҰАТ» ұйымында басқарма төрағасы 8 рет ауысыпты. Бұл жылы орында бәрінен ұзақ отырған – Руслан Еңсебаев (2011-2013 жылдар). 2018 жылы Еңсебаев ҚР қаржы вице-министрі болып тағайындалады да, арада екі жыл өткеннен кейін жемқорлыққа қатысты күдікке ілінеді. Бұл мақала жазылған сәтте Еңсебаевтың ісі сотта қаралып жатқан.

Тізімдегі жарқын бейненің тағы бірі – Бағдат Мусин. Ол өздеріңіз білетіндей, қазір Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарып отыр. Ол «ҰАТ» ұйымын бір жылдары бар-жоғы 4 ай басқарып (2014 жылдың сәуірі мен тамызы аралығында), кейін Қазпоштаға қызметке кеткен еді.

СӘТСІЗ e-Learning

2011 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда «ҰАТ» әзірлеген e-Learning пилоттық жобасы іске қосылды. Ол тұста мектепте оқу үрдісін цифрландыруды міндетіне алған электронды оқыту жүйесі пайдаланушылардың өткір сынына іліккен еді. Ал 2014 жылдың күзінде Сенат депутаттары бұл бағдарламаны мүлде жабуды талап еткен.

Дәл сол жылы «ҰАТ» келісімшарт бойынша соманы ала алмағаны үшін Білім және ғылым министрлігін сотқа берді. Осының салдарынан жекелеген субмердігерлер мен тасымалдаушылардың («Логикам» АҚ, «Bilim Media Group» ЖШС және тағы басқа) алдында компания біршама қарызға батқан болатын. Сот «ҰАТ» жағына шығып, БҒМ-ға 9,5 млрд теңгені өтеуді міндеттеді.

БҒМ өкілдерінің былтырғы мәлімдемелерінде қарағанда e-Learning сол күйі қолданысқа енгізілмей қалды.

Жалпы сол жобаға 2010-2014 жылдар аралығында бақандай 35 млрд теңге жұмсалыпты. Оған қоса БҒМ қызметкерлерінің айтуынша, есеп комитеті тексеру нәтижесінде e-Learning жобасында ақшаны нысанасыз пайдалану фактісін анықтамапты.

Мәселен, 2021 жылдың көктемінде БҒМ жаңа Бірыңғай интеграцияланған білім беру онлайн платформасын (БИБОП) іске қосуға уәде берген еді. Платформа күні бүгінге дейін жұмыс бастаған жоқ.

Қазіргі таңда Қазақстандағы мектептердің көбі Kundelik.kz электронды журналдар мен күнделіктер жүйесін пайдаланады. Оның құрылтайшыларының бірі – ресейлік «Дневник.ру» компаниясы. Дәл осы ресейлік компания жобаны әзірлеген. Бұл жүйенің өзі Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне 5,8 млрд теңгеге түсті. Kundelik.kz бұл күнде «ҰАТ» АҚ серверінде орналасқан.

ҚАРЖЫЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР

«ҰАТ» АҚ-тың соңғы 8 жылдағы түсімі мынадай:

Компанияның негізгі тапсырыс берушілері – мемлекеттік органдар. Соңғы 8 жылдың ішінде «ҰАТ» қызметтері үшін бюджеттен шамамен 192,8 млрд теңге бөлінгенін болжауға болады.

Оған қоса 2012 жылдан бастап 2020 жылға дейін «ҰАТ» өзінің құрылтайшысы – Қазақстан үкіметіне бар-жоғы 13,4 млрд теңге дивидент әкелген. Оның 9,7 млрд теңгесі соңғы үш жылға тиесілі. Ал компанияның таза пайдасы 2013 жылдан бастап 2020 жыл аралығныда 26,5 млрд теңгені құраған.

СЫНҒА ҚАЛҒАН «СБЕРМЕН» КЕЛІСІМ

eGov.kz жүйесіне арналған платформаны ресейлік Сбермен әзірлеу туралы жаңалық сарапшылар ортасында көп талқыланып, сынға ұшырап жатыр. Үкіметтің халықпен ақылдаспай шешім қабылдауының артында не жатыр? Елордалық азаматтық белсенді Санавар Зәкірова тіпті Қазақстанның үкіметін сотқа берді. 17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік соты шағымын арыз иесіне қайтарып, меморандумның тек ынтамақтастық туралы келісім екенін, кеңес беруші сипатқа ие екенін хабарлады.

Сынға алушылар басты аргумент ретінде Сберге сенбейтіндерін айтады. Цифрлық егемендік пен елдің киберқауіпсіздігіне алаңдайды. Жартысы РФ орталық банкіне тиесілі ресейлік конгломератты жалпы БАҚ жыл сайын мәліметтердің көлеңкелі деңгейде сатылуын, ақпараттың жылыстап кетуін сынап жатады.

Оған қоса РФ Орталық банктің өзі – біздегі Ұлттық банк емес екенін ескеру керек. Заң бойынша Орталық банк РФ үкіметіне тиесілі емес. Алайда оның мүлкіне ие. Орталық банктің құрылтайшылары – жеке адамдар. Олар жайлы жариялы ақпарат жоқтың қасы.

Бағдат Мусиннің өзі Facebook парақшасында азаматтардың наразылығының негізсіз екенін жазды. Министрдің хабарлауынша, eGov.kz тек біріктіретін, өз құрамында мемлекеттік базаларды енгізбейтін «витрина» ғана.

«Айтылған 500 млн долларлық сома Сберге ғана емес, қазақстандық мердігерлерге де төленеді», - дейді Мусин.

Әйтсе де азаматтар мердігерлерді іріктеу процедурасы да көп сұрақ туындатып жатыр. Үкімет меморандумды ашық үкімет порталында бірде жариялап, бірде өшіріп тастап жатыр. Ал Ulysmedia.kz редакциясының ресми сауалына Сбер компаниялар тобы жауап беруден бас тартты.