×
499.76
521.7
5.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.76
521.7
5.63

Сайлаудан сайлауға дейін: қазақ партиялары қаржы мәселесіне неге бас қатырмайды

20.02.2025, 12:39
Сайлаудан сайлауға дейін: қазақ партиялары қаржы мәселесіне неге бас қатырмайды
Ulysmedia коллажы

Әдетте партиялар жұмысы Мәжіліс сайлауының алдында қызады. Дәл осы кезде партиялар ірі қалаларда да, шағын елді мекендерде де белсенді жұмыс істей бастайды, ал аузымен құс тістеген партия белсенділері сайлаушыларға уәдені үйіп-төгіп,  жайлы өмір жайында ертегілерін айтуды бастайды. Уәде салмақты болмаса, сайлауда жеңіске жету неғайбыл. Қаншалықты көп дауыс жинаса, соншалықты көп мандатқа ие болатынын олар да жақсы біліп алған. Қай партияның мандаты көп, республикалық бюджеттен қомақты үлесті солар көбірек алады. Сайлаудан кейін өздері уәде еткен «жайлы өмір» өз жайында қалып, келесі науқанға дейін ұйқыға кетеді. Masamedia.kz басылымының журналистері Мәжілісте қандай партиялардың өкілдік ететінін еске салып, олардың бюджеттен қанша қаражат алатынын және мемлекеттік қазынаға қанша салық төлейтінін анықтады.

«ОТАН» – «НҰР ОТАН» – «АMANAT»

«Аmanat» партиясы 1999 жылы бірінші президенттің бастамасымен құрылған және бастапқыда «Отан» деп аталған еді. Кейін «НұрОтан» атауын иеленді, ал 2022 жылы «Аmanat» болып қайта өзгертілді. Қазіргі уақытта оны Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов басқарады.

«Аmanat» партиясының барлық жылдардағы жалпы салықтық төлемдері 4,4 млрд теңгені құрады. 2024 жылы партия мемлекеттік қазынаға 285,4 млн теңге төлеген. Ең жоғары салықтық түсім 2022 жылы тіркелген – 355,5 млн теңге, бұл сол кезеңдегі сайлауалды науқанмен байланысты болуы мүмкін.

Ең көп салықты Алматы филиалы төлеген. Өткен жылы Алматы филиалы бюджетке 141,4 млн теңге салық төледі. 2024 жылы еңбекақы қоры 172,1 млн теңгені құрады. Ең жоғарғы көрсеткіш 2022 жылы тіркеліп, партия жалақыға 190,6 млн теңге бөлген. «Аmanat» партиясына қарасты бірнеше ұйым жұмыс істейді. Олар:

  • «Аmanat Медиа Групп»;
  • «Аmanat» партиясының шаруашылық басқармасы;
  • «Аmanat» партиясының Қоғамдық саясат институты;
  • «Аmanat» партиясының Саяси менеджмент академиясы.

«АҚ ЖОЛДЫҢ» ЖАЛАҚЫСЫ ЖОҒАРЫ

Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы 2002 жылы тіркелген. Өзін оппозициялық партия ретінде көрсетіп, парламентте де осындай рөл атқарады. 2018 жылдан бері партияны Азат Перуашев басқарады. Ел аумағында 20 филиалы бар. Жалпы салық төлемдері 1,1 млрд теңгені құраған. 2024 жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, 160,2 млн теңге салық төлеген.

Аймақтар ішінде ең көп салық төлеген – Ұлытау облысының филиалы. Өткен жылы оның еңбекақы қоры 200,2 млн теңге болды. Бұл көрсеткіш «Ақ жол» партиясының «Аmanat»-қа қарағанда көбірек қаражат жұмсағанын көрсетеді. Партияның еншілес ұйымдары жоқ.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ БҰЛБҰЛЫ» БАСҚАРАТЫН ПАРТИЯ

Қазақстанның халық партиясы (ҚХП) 2004 жылы тіркелген. 1998-2010 жылдары оны Серікболсын Әбділдин басқарды. Қазіргі төраға – Ермұхамет Ертісбаев, ол қазақстандық саясаттағы ең ерекше тұлғалардың бірі саналады. Бұрын жоғары мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарған Ертісбаевты БАҚ-та «Назарбаевтың бұлбұлы» деп те атаған. Қазір ол партияның YouTube-арнасын жүргізіп, елдегі және әлемдегі оқиғаларға ашық пікір білдіреді.

ҚХП-ның Қазақстан бойынша 18 филиалы бар. Жалпы салық төлемдері 586,3 млн теңгені құрады. 2024 жылы бюджетке 77,4 млн теңге аударды. Өткен жылы партияның еңбекақы қоры 90,1 млн теңгені құрады. ҚХП-ның еншілес ұйымдары жоқ.

«ТЫНЫШ» ПАРТИЯ

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2000 жылы тіркелген. 2024 жылдан бастап партияны Серік Егізбаев басқарады. Елде 16 филиалы бар. Жалпы салық төлемдері 407,4 млн теңгені құрады. 2024 жылы партия 70,3 млн теңге, ал 2023 жылы – 81,5 млн теңге салық төлеген. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан филиалы ең көп салық төлеген. 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысының филиалы салық ретінде мемлекеттік бюджетке 5,5 млн теңге аударған. Партияның еңбекақы қоры – 74,1 млн теңге.

«Ауыл» партиясына қарасты үш ұйым бар. Олар:

  •  «Ауыл Шуағы» корпоративтік қоры;
  •  «Ауыл TRUST» корпоративтік қоры;
  •  «Дала Дидары» ЖШС.

БЛОГЕРЛЕР МЕН КӘСІПКЕРЛЕР ПАРТИЯСЫ

«Respublica» партиясы ресми түрде 2023 жылғы 18 қаңтарда тіркелген. Алғашқы төрағасы – Айдарбек Қожаназаров. Партия парламенттік сайлау кезінде өздерін айқын электоралдық стратегиясымен танытты, бірақ кейін белсенділігі бәсеңдеді. Елімізде 20 филиалы бар, онда 40-тан астам қызметкер жұмыс істейді.

Партия жергілікті мәслихаттарда өкілдік етіп, аймақтарда беделді кәсіпкерлерден құралған өңірлік кеңестер құрған. Жалпы салық төлемдері – 287,6 млн теңге. 2024 жылы бюджетке 94 млн теңге салық төлеген. Еңбекақы қоры – 98,6 млн теңге. «Respublica» партиясының еншілес ұйымдары жоқ.

БҰРЫН БЕЛСЕНДІ БОЛҒАН, БҮГІНДЕ КӨЗГЕ ТҮСПЕЙТІН ПАРТИЯ

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) 2007 жылы тіркелген. Оның негізін қалаушы – Жармахан Тұяқбай. Әр жылдары партия құрамында Болат Әбілов, Әміржан Қосанов, Серікбай Әлібаев, Ермұрат Бәпи, Оразалы Сәбден, Петр Своик, Тоқтар Әубәкіров сынды танымал саясаткерлер болған.

Қазір партияны Асхат Рахымжанов басқарады. 19 филиалы бар. Жалпы салық төлемдері – 168 млн теңге. 2024 жылы бюджетке 45 млн теңге салық аударған. 2023 жылғы еңбекақы қоры – 61,6 млн теңге.

ПАРТИЯЛАР ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТЕРІН ҚАЙДА ЖАРИЯЛАЙДЫ?

Журналистер партиялардан қаржылық есептері мен қаржыландыру көздері туралы ақпарат сұратты. Қазақстанның халық партиясы (ҚХП) 2023 жылғы есебін «Білімді ел» газетінде жариялаған (№13, 2 сәуір 2024 ж.). «Аmanat» партиясы 2023 жылғы есебін «Литер» (№88, 10 тамыз 2024 ж.) және «Айқын» (№88, 10 тамыз 2024 ж.) газеттерінде жариялаған.

«Respublica» қаржылық есебін ресми сайтында орналастырған (30 сәуір 2024 ж.). «Ауыл» партиясы жақын арада қаржылық есебін жариялайтынын мәлімдеді, бірақ нақты мерзімін атаған жоқ. Қалған партиялар есептерін жариялаудан бас тартты.

ПАРТИЯЛАР БЮДЖЕТТЕН ҚАНША АҚША АЛАДЫ?

2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында саяси партияларға 45,7 млрд теңге бөлу жоспарланған:

2025 жылы – 15 227 883 мың теңге;

2026 жылы – 15 227 883 мың теңге;

2027 жылы – 15 227 883 мың теңге.

ҚАЙ ПАРТИЯ ЕҢ КӨП ҚАРЖЫ АЛАДЫ

Қазақстанда партиялар қаржыландыруды төрт жерден ала алады. Олар:

  • Мүшелік жарналар;
  • Жеке тұлғалар мен ұйымдардың қайырымдылық жарналары;
  • Кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс;
  • Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат.

Заң бойынша, партияларға шетелдік және анонимді қаржыландыруға тыйым салынған. Бұрын бюджеттен бөлінетін қаражат әр сайлауда партияға берілген әрбір дауыс үшін ең төменгі жалақының 3%-ы мөлшерінде есептелетін. Көп дауыс жинаған партия көбірек қаржы алады. Осы есептеу бойынша алсақ,  15 млрд теңгенің жартысына жуығы 2023 жылғы сайлауда 53,9% дауыс жинаған «Аmanat» партиясына бөлінеді.

ПАРТИЯ МҮШЕЛЕРІ ЖӘНЕ МҮШЕЛІК ЖАРНАЛАР

«Аmanat»: 813 111 мүшесі бар. Мүшелік жарна – 0,1 МРП (2024 жылы шамамен 387 теңге). Студенттер мен магистранттар 40 теңге, зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыздар және бала күтімімен отырған азаматтар жарнадан босатылады. «Ауыл»: Мүшелік жарна жоқ, партия ерікті қайырымдылықтар арқылы қаржыландырылады. Мүшелер саны – 301 487 адам. ҚХП (НПК): Мүшелік жарна жинамайды, ал нақты мүшелер саны белгісіз. ЖСДП (ОСДП): 160 мың мүшесі бар. «Respublica»: 150 мыңға жуық мүшесі бар. Мүшелік жарна – 1 МРП (2024 жылы 3692 теңге).

ЖАҢА ЕРЕЖЕ: 2025 ЖЫЛДАН БАСТАП ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ

2025 жылғы 17 қаңтардан бастап саяси партияларды қаржыландырудың жаңа тәртібі енгізілді. Мемлекеттен бөлінетін қаржы әрбір алынған дауыс үшін 0,65 МРП мөлшерінде есептеледі.

2023 жылғы Мәжіліс сайлауының нәтижелері: «Аmanat» – 53,9% (40 мандат); «Ауыл» – 10,9% (8 мандат); «Respublica» – 8,59% (6 мандат); «Ақ жол» – 8,41% (6 мандат); ҚХП (НПК) – 6,8% (5 мандат); ЖСДП (ОСДП) – 5,2% (4 мандат).

Осыған сәйкес, «Аmanat» партиясы мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат алады, ал мүшелік жарна жинамайтын ҚХП мен «Ауыл» партиясы бюджеттен бөлінетін қаражатқа көбірек тәуелді болады.