Қазақстанның саяси сахнасындағы кезекті кадрлық өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жіті бақылап отыратын сарапшылар үшін де күтпеген жаңалық болды. Кеше ғана елдегі ең көп сынға ұшыраған министрлердің бірі – Қанат Шарлапаев қызметінен босатылып, оның орнына ешбір тараптан ашық сынға да, асыра мақтауға да ұшырамаған шенеунік тағайындалды. Бұл – бар қазақ үшін жұмбаққа айналған, жаңадан келген өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Ерсайын Нағаспаев деген кім? Мемлекеттік қызметтің сан қилы кезеңдерінен өтіп, министрлер кабинетінің негізгі тұлғаларының біріне айналғанға дейін ол қандай кәсіби белестерді бағындырды? Бұл сұрақтардың жауабын Ulysmedia.kz тілшісі іздеп көрді.
Жаңа лауазымға тағайындалуымен бірге Ерсайын Нағаспаевқа премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар тапсырма жүктеді. Олардың қатарында оның алдындағы министр қол жеткізген нәтижелерді нығайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, сондай-ақ жоғары қосылған құнға ие өнім өндірісін арттыру арқылы импортты алмастырып, экспортты кеңейту міндеттері бар.
Үкімет басшысы жаңа өнеркәсіп және құрылыс министрі үшін басты басымдық – инвесторлармен және бизнес-қоғамдастықпен тығыз қарым-қатынас орнату болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Ерсайын Нағаспаев басқаратын министрлікке құрылыс саласын дамытып, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау міндеті жүктелді.
Қарағанды мемлекеттік университетін «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығын бітірген Ерсайын Нағаспаев премьер-министр мен президенттің тапсырмаларын қаншалықты орындай алатыны – әзірге уақыт еншісінде. Қазақстандықтар жаңа министрдің де, тұтас саланың да болашағына үмітпен қарауға мәжбүр. Өйткені оның еңбек жолында өнеркәсіп саласында да, құрылыс секторында да ешбір тәжірибесі жоқ.
Ресми өмірбаянына үңілсек, Ерсайын Нағаспаев 1980 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді өзі туған қалада алып, бірден мемлекеттік қызметке араласқан. Айта кетерлігі, шахташылар астанасының бас оқу орнын бітірген түлек еңбек жолын Теміртау қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы қызметінен бастаған. Бұл 2001 жыл болатын, сол кезде қоғамда мемлекеттік лауазымдарға ең кемі 5 жылдық еңбек өтілі бар жас мамандардың ғана қабылданатыны жиі сынға алынатын. Алайда бұл талап Ерсайын Қайырғазыұлын аттап өткен сыңайлы.
Университетті тәмамдап, бір жыл әкімдікте қызмет еткеннен кейін, ол күтпеген жерден инвестициялар комитетінің атташесі болып тағайындалады. Одан кейінгі мансабы сыртқы істер министрлігі желісі бойынша одан да қарқынды өрлейді: алдымен ҚР СІМ атташесі, кейін Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде атташе, үшінші хатшы қызметтерін атқарады.
2006 жылы Ерсайын Нағаспаев күтпеген жерден мансап бағытын түбегейлі өзгертіп, дипломатиядан логистика саласына бет бұрады. Алдымен көлік және коммуникация министрлігінің бөлім басшысы қызметіне тағайындалады, ал арада көп уақыт өтпей жатып, сол министрліктің көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Мұның бәрі бар-жоғы бір жылдың ішінде – 2006 жылдан 2007 жылға дейін іске асады.
Келесі екі жылын ол «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК-да өткізеді: алдымен басшының орынбасары, кейін аппарат жетекшісі қызметтерін атқарады. Ал 2009 жыл жас шенеуніктің мансабындағы ең қарқынды кезеңдердің бірі болды. Осы жылдың ішінде ол үш рет жұмыс орнын ауыстырады. Сәуірден қарашаға дейін көлік және коммуникация министрлігінің әкімшілік және мемлекеттік қызмет, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары болады.
Алайда қараша айында мансабы тағы да күрт өзгеріп, Ерсайын Нағаспаев сол кездегі премьер-министрдің орынбасары, кейіннен мемлекетке опасыздық жасады деп сотталған Кәрім Мәсімовтің кеңесшісі болып тағайындалады. Алайда бұл мәртебелі қызметте ол небәрі бір ай ғана жұмыс істейді.
2009 жылдың желтоқсанында Ерсайын Нағаспаевтың мансабындағы ең ұзаққа созылған «қарағандылық кезең» басталады. Ол Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, бұл қызметте тура бір жыл жұмыс істейді.
2010 жылдың желтоқсанында Қарағанды облысының әкімінің (сол кезде бұл қызметті кейіннен жемқорлық үшін сотталған Серік Ахметов атқарған) кеңесшісі болады. Ал 2011 жылдың қаңтарынан 2013 жылдың қаңтарына дейін екі жыл бойы Шахтинск қаласының әкімі болады.
Алайда 2013 жылы оның мансабы күрт жоғарылап, өңірлік деңгейден республикалық деңгейге көтеріледі. Ол бірден Астана қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалады. Бұл қызметте ол екі жыл бойы еңбек етіп, сол кезеңде тікелей Иманғали Тасмағамбетовке бағынады.
Айта кетерлігі, Ерсайын Нағаспаевтың елордадағы қызметтік кезеңінде оның есімі ел тарихындағы ең даулы әрі сәтсіз жобалардың бірі – LRT құрылысымен байланысты болып шықты. Естеріңізге сала кетейік, жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесін салу 2008 жылы жоспарланған, алайда белгісіз себептермен кейінге шегерілді. 2011 жылғы 4 шілдеде жобаның ресми басталу рәсімі өтті, ал алғашқы кезеңнің құрылысы 2,5 жыл ішінде аяқталуы тиіс еді. Алайда нақты жұмыстар сол кезде де басталған жоқ.
Кейін LRT ісі бойынша сот процесінде айыпталушылардың барлығы бірауыздан: Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрали Әлиев (2014 жылдың желтоқсанынан 2016 жылдың наурызына дейін елорда әкімінің орынбасары болған) бастапқыда бекітілген BRT (жылдам автобус) жобасын тоқтатып, оның орнына LRT-ны енгізуге ықпал еткенін айтты. Ал жобаға бөлінген миллиардтаған қаражат дәл осы кезеңде қолды болған. LRT құрылысының бас мердігері ретінде француздық компания емес, қытайлық компания таңдалған кезде жобаны Әділбек Жақсыбеков пен Нұрәлі Әлиев қадағалаған еді.
2013-2015 жылдар аралығында Ерсайын Нағаспаев пен Нұрали Әлиев елорда әкімдігінде қатар қызмет етті. Сондықтан кейбір LRT құжаттарында олардың қолы бар. Бірақ екеуі де жауапкершіліктен құтылып, сот процесінде тек олардың есімі ғана аталып өтті.
Осыдан кейін Ерсайын Нағаспаевтың мансабы тағы да күрт өзгеріп, ол Астана әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы қызметіне ауысады. Кейін «Новострой Астана» ЖШС-нің стратегиялық даму жөніндегі директор орынбасары, ал 2021 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры болып тағайындалады.
Айта кетсек, «ҚТЖ» ҰК» АҚ – Ерсайын Нағаспаевтың мансабындағы ең ұзақ жұмыс істеген екінші кезең. Мұнда ол төрт жыл бойы қызмет атқарды. Ал үш жыл бойы (2022 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың ақпанына дейін) «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның жаңа жобалар жөніндегі басқарушы директорының міндетін уақытша атқарушы болды.
Жаңа өнеркәсіп және құрылыс министрінің «мансаптық дрейфін» қорытындылай келе, оған тұрақтылық тілегіміз келеді. Қызмет саласын күрт ауыстыру дағдысы жаңа әрі мемлекет үшін аса маңызды салада жылдам бейімделуіне көмектеседі деп сенеміз.