Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың Ресей басылымына сұхбат бергенде айтқан сөзі кешелі бері қызу талқыланып жатыр. Оның егер Еуропа әскері Украинаға кірсе, ҰҚШҰ өз тарапынан «көмектің әртүрлі нұсқасын көрсетуге дайын» деген сөзін әркім әртүрлі тәпсірлейді. Бірі «ашық Ресейге жақтасты» десе, екіншісі «Украинадағы соғысқа араласпауымыз керек» деседі. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте халықаралық сарапшылардың пікірін біліп көрді.
ТАСМАҒАМБЕТОВ НЕ ДЕДІ
ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов күні кеше Известия басылымына берген сұхбатында Еуропа әскерінің Украинаға кіру ықтималдығына байланысты сұраққа жауап берген. Басылым тілшісі «Еуропада Украинаға әскери контингенттерді орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өңірлік қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін бе? ҰҚШҰ аясында мұндай сценарий мен оған қарсы шаралар талқыланып жатыр ма?» деп сұраған. Тасмағамбетов Украинаға әскери контингенттер жіберу мәселесі Еуропа елдерінің астаналарында бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін атап өтеді. Алайда осы күнге дейін бұл контингенттер ресми түрде орналастырылмағанын айтады.
Бұл, ең алдымен, өңірлік тұрақтылыққа елеулі қатер төндіруі мүмкін екендігімен байланысты. Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік саладағы күрделі үдерістерден қажыған еуропалық қоғам мұндай шешімді қолдай қояды деу қиын. Себебі бұл қоғам үшін қосымша ауыртпалық болмақ, тіпті бұл контингенттер шабуылдау операцияларына тартылмай, тек полиция немесе бақылау функцияларын орындаған жағдайда да. Осындай қауіптер туындаса ҰҚШҰ ұйымның жарғылық құжаттарына сәйкес қарастырылған шеңберде әрі мүше мемлекеттердің бірауыздан мақұлдауымен көмектің әртүрлі нұсқасын көрсетуге дайын, – дейді Иманғали Тасмағамбетов.
Көп өтпей ұйымның баспасөз хатшысы Наталья Харитонова бас хатшының сөзін видеотүсіндірмесінде қайталады.
МҰНЫ ҚАЛАЙ ТҮСІНУГЕ БОЛАДЫ
Халықаралық саясаттанушы Жанат Момынқұлов Иманғали Тасмағамбетовың кешегі сөзі бір сигнал, белгі деп есептейді. Біріншіден, Ресей мен Еуропа, Батыс үлкен бір келіссөздердің алдында тұрғанын, шарттар талқыланып жатқанын атап өтеді. Әлі нақты келісім жоқтығына назар аударады. Саясаттанушының пікірінше, Ресейдің майдандағы шамалы өктемдігі, сонымен бірге соны келіссөз үстелінде пайдалану әрекеті бар.
«Ресей үшін Батысқа қысым көрсету құралы ретінде осы ҰҚШҰ-ның мәлімдемесі қажет болып тұр. Өйткені Ресейдің сұрап отырғаны – Еуропа одағы, Франция, Британия әскері Украинаға келмесін дейді. Еуропалықтар «алдымен, мәмілеге келіп алайық, соғыс тоқтасын, одан кейін жібереміз» деп отыр. Бірақ соның өзін Ресей қауіп көреді. Өйткені соғыстың негізгі барысы мен себептері – осы НАТО-ның ілгерілеуі болған. Франция мен Британия бәрібір НАТО-ның мүшелері. Егер НАТО-дан тыс болашақта Еуропада әскер құрылса, олардың келу ықтималдығы бар. Бірақ оның бәрі келісілетін мәселелер. Мәселенің төркіні – Еуропаның қауіпсіздігі. Бүкіл дүние жүзі соғысында олар соны көздеген. Осы жолы да Ресей, Украина, Еуропа өзара келісіп, әсіресе Еуропа мен Ресей Шығыс Еуропадағы қауіпсіздік мәселесін реттеуі керек», - дейді Жанат Момынқұлов.
РЕСЕЙДІҢ ТАЛАПТАРЫ КҮШЕЙІП ТҰР
Күні кеше Ресей президенті Владимир Путин «бізге бөтеннің ештеңесі керегі жоқ, өзіміздікін бермейміз» деп мәлімдеген. Біржолата өз жағына ешқашан қауіп төнбейтіндей, «біздің шарттарға сай келетін жағдайда мәселе шешілуі» керектігін айтқан. Жанат Момынқұловтың пайымдауынша, бұл жағдайда Еуропаның да талаптары орынды. Бірақ бұл жерде бұрынғы қателерді қайталамау аса маңызды дейді ол. Екі жақтың да уайымы, қауіп жайлы түсініктері әртүрлі. Америка екі тарапты ортақ түсінікке алып келе алса, ол кезде нақты нәтижелер шығады.
«Қазір біз мұндай кездесулерден алыстаумыз. Екі тараптың алдында қазір стратегиялық келісу бар ма деген сұрақ тұр. Украина мәселесі Еуропаның және Ресейдің қауіпсіздігінсіз шешілмейді. Екі жақты да қанағаттандыратын шешімдер болуы керек. Бірақ қазір Ресейдің талаптары күшейіп тұр. Трамптың Украинаға байланысты саясатының өзгеруіне қатысты, өкінішке қарай Украинада өте жойқын өзгерістер болып жатыр. Еуропа АҚШ-тың көмегімен осы мәселені шешпекші. Бірақ АҚШ Еуропаға әзірге көмектесіп жатқан жоқ. Бәрін алдағы кезеңдегі оқиғалардың динамикасы көрсетеді», - дейді ол.
АҚШ ПЕН РЕСЕЙДІҢ КЕЛІСІМІ КӨМЕСКІ
Ресей тарапымен келіссөздердің мәнісі ашық болмай тұр, көмескі. Саяаттанушы Жанат Момынқұлов осыған да назар аударады. Трамп пен Путин тарапы нені келісіп жатыр? Әлде келісіп қойды ма? Осындай сұрақтар бар. Украинаның болашағы қалай болады? Ол да үлкен сұрақ. Сарапшының пікірінше, Украина осылай ілгерілей берсе, бірте-бірте Еуропаға интеграцияланады. Еуропаның бір бөлігі болады. Бірақ қанша пайызы? 80-де 20 бола ма, әлде Ресей айтып отырғандай Херсон, Запорож облыстарында ілгерілей ме немесе шарттарыма көнсін деп дипломатиялық қысым ретінде пайдаланып отыр ма? Мұның бәрі – көп сұрақтың бір шоғыры ғана.
«Кеше Тасмағамбетовтың сөзін дипломатиялық қысым құралы деп ойлаймын. Тасмағамбетовтың өзі де айтып тұрғандай астарында ештеңе жоқ. Ол жерде соғыс болады деп тұрған жоқ. Еуропа халқы да оны қолдамайды деп тұр. Бюджет мәселелері де бар. Сондықтан, бұл жай бір сигнал. Мұның астарында Қазақстанның әскері Еуропаға барып, соғысады деген сөз емес. Алдымен, Украинаға Еуропа әскері келіп алсын. Мәселе сол. Украинаның қауіпсіздігі гарантиясы. Оны кім береді? Айтып өткенімдей, Ресейді алып қарағанда бүкіл Еуропаның қауіпсіздік архитектурасы өзгеруі керек. Бірақ ол екі жақтың да талаптарын орындауы керек. Францияның да ядролық қару мәселесін айтып жатқаны сол. Бір-біріне қысым жасап, оны құрал ретінде пайдаланып жатыр. Тасмағамбетовтың мәлімдемесі сол Макронның мәлімдемесіне реакция болуы да мүмкін», - дейді ол.
ТАСМАҒАМБЕТОВ МҰНЫ АЙТАРДА БАСҚАЛАРМЕН КЕЛІСТІ МЕ
Халықаралық саясат саласындағы зерттеуші Жәнібек Арынов Иманғали Тасмағамбетовтың кешегі сөзін «төбеден жас түскендей» қабылдағанын айтады. Өйткені бірнеше мемлекеттен тұратын ұйымның бас хатшысы ондай мәлімдеме жасамас бұрын сол ұйымның мүшелерімен ақылдасып, содан кейін айтуы керек еді деп есептейді. Сол үшін кешегі мәлімдеме қаншалықты ҰҚШҰ елдерімен келісіліп, бағаланып, сараланып жасалған сөз деп қабылдай алмайды. Өйткені Арыновтың көзқарасы – бұл Тасмағамбетовтың жеке өзінің пікірі.
«ҰҚШҰ мемлекеттерінің ертең Ресей үшін Украинаға қарсы соғыста әскери қолдау жасауын елестету мүмкін емес. ҰҚШҰ мемлекеттері басшылары тарапынан бұл қадамға бару қарастырылып жатыр дегенге де сеніңкіремеймін. Бәлкім, Беларусь бөлек шығар, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан болсын оны елестету қиын. Сол себепті Тасмағамбетовтың жеке пікір деп қарастырған дұрыс сияқты», - дейді ол.
ҰҚШҰ-ҒА КӨЗҚАРАС ТЕРІС
Жәнібек Арыновтың сөзінше, Армения қазір дефакто ҰҚШҰ-ға кірмейді. Ешқандай жиналысына қатыспайды. Қазақстандағы көзқарас жайлы жақында бір зерттеу жүргізілгенінн айтады. Оның нәтижесі жақында ағылшын тіліндегі бір журналда жарияланады.
«Қазақстанда да ҰҚШҰ-ға деген көзқарас көп жағдайда өте теріс. Әрине, бізде Ресейді, ҰҚШҰ-ны қолдайтын азаматтардың біраз бөлігі бар. Бірақ 2022 жылғы оқиғалардан кейін (Қаңтар оқиғасы) бұрын өп адам біле бермейтін ҰҚШҰ-ға көзқарас Қазақстанда өте теріс. Қырғызстанда да солай.
Зерттеуімізде атап көрсеттік: Қырғызстанда ҰҚШҰ-ға теріс көзқарастың болуының бір себебі – ол 2010 жыл Қырғызстанның оңтүстігіндегі жағдай ушықпай тұрып, Роза Отунбаеваның уақытша үкіметі ҰҚШҰ-ға ресми және бейресми түрде көмек сұраған болатын. Бірақ көмек берілмеді. Содан кейін мамыр айында Қырғызстанның оңтүстігінде өзбек және қырғыз ұлттары арасындағы қақтығыстың куәсі болдық. Сол үшін ҰҚШҰ-ны Қырғызстанда кінәлайды. Екіншіден, кешегі күнге дейін Қырғызстанда «ҰҚШҰ көбінесе Тәжікстанды қолдайды» деген секілді сын айтылып келген болатын. Өйткені 2022 жылы, оған дейін де Қырғызстан мен Тәжікстан арасында үлкен шекаралық қақтығы болды. Сол қақтығыстан кейін қырғызстандықтар Ресей тарапы көбінесе Тәжікстанды қолдайды деген (қаншалықты шындыққа жанасатынын айту әрине, қиын – Арынов) көзқарас басым болды. Сондықтан, ҰҚШҰ-ға деген көзқарас Армения мен Қазақстанда өте теріс, ал Қырғызстанда біршама теріс», - дейді ол.
Арыновтың сөзінше, көпвекторлы саясатты ұстанып, осыған дейін Ресейдің соғысынан қалай да болсын, басын аулақ ұстауы, барынша бейтараптық сақтап келе жатқан мемлекеттер бірден ертең Ресейге әскер жібереді дегенге сенбейді. «Не себепті, қандай себеппен ондай мәлімдеме жасағаны түсініксіз, бірақ меніңше, ол Тасмағамбетовтың жеке өзінің саяси көзқарастарын білдірсе керек деп ойлаймын» деп түйді саясаттанушы.