Қазақстанда әдетте доллар бағамы өссе, ізінше бәрі қымбаттайды. Ұсақ дүкендерден бастап, ірі сауда орталықтарындағы тауардың түр-түріне баға қосылып, шаштараз, дәмханалардағы қызметтердің де құны қымбаттағаны байқалады. Десе де, былтыр 530 теңгеге дейін барған доллар жақында 490 теңгеге дейін арзандап тұр. Енді сауда саласы, жалпы экономика бұған қандай реакция білдіреді? Қымбатшылық қысымы азая ма? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі экономистерге қойып көрді.
ИНФЛЯЦИЯ ДЕҢГЕЙМІН ЖАБЫЛАДЫ
Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, доллар қымбаттаған кезде саудагерлер келешекте халыққа сататын тауарына баға қосады. Бірақ ол инфляция деңгейімен жабылып қала береді.
Инфляция деңгейі бізде 9-10% дейміз ғой. Баға өсетін кез келді деген кезде өспей қалатын кезеңдер болады. Мәселен, жыл басынан бері инфляция 12% дейік. Әр ай 1% өсіп тұруы керек. Ал доллар мәселен, қаңтар және ақпан айында өсіп кетсе, инфляция 2% орнына, 3-4% үдеп кетуі мүмкін. Кейін 3% деңгейінде наурыз және сәуір айларында тұра беруі мүмкін. Сондықтан, адамдар бағаның төмендегенін сезбейді. Ал жалпы баға кей уақыттарда төмендейді. Мәселен, күнбағыс майы бір жылдары 5-6 мың теңгеге дейін барды, қазір 3-3,5 мың теңгеден сатып жатыр. Маусымдық бағаның да әсері бар. Қыста сүт мәселен, 500-600 теңгеге шығып кетсе, қазір қайтадан түзеле бастады. Мәселе сонда», - дейді ол.
Экономистің айтуынша, былтыр Қазақстанда инфляция 8% болады деп күтіп жүргенде доллар бағамы 530 теңгеге дейін барып, инфляция 9,8% дейін шығып кеткен. Яғни, 1,8% өсімге доллар құнының өсімі себеп болған. Сапарбай Жобаев мұның себебін былай түсіндіреді:
Мәселен, шетелден техника немесе телефон сатып аламыз ғой. Соны елге әкелетіндер комбайнның бағасын қазір өндіріп алуға тырысады. Сондықтан, бағасын түсірмей, өсіреді. Комбайн сататын лизиң-компания ескі бағамен сатса, келесі жылға келгенде қымбат бағаға комбайн ала алмай қалады. Ақшасы жетпей қалуы мүмкін.
БІЗДЕ БІР КҮН КӨЛ, БІР КҮН ШӨЛ
Экономист Расул Рысмамбетов мәселені былай түсіндіреді:
Адамдар бағаны неге көтерді? Себебі меніңше, олар кезінде тауарды доллар қымбат болып тұрған кезде сатып алған. Сол себепті егер қазір доллар бағамына қарап, арзан бағаға сатса, пайда көре алмай қалады. дүкеніңіз бар делік. Түркиядан 10 долларға шалбар сатып әкелеміз. Яғни, ақшаны Түркияда қалдырдық. Шалбар алты айдың ішінде сатылады. Егер біз сол тауар арзан, ал доллар әрдайым әлсіз болатынын білсек, арзанға сата алар едік. Бірақ біз толыққанды сенімді емеспіз ғой. Адамдар ұлттық валютаға сенбейді. Мәселе содан туындайды, - дейді ол.
Расул Рысмамбетов егер ұлттық валюта тұрақты болса, саудагерлер бір-бірімен бәсекелесіп, бағаны түсірер еді деп есептейді. Саудагерлер бастысы тауарын өткізуді ойлайтын еді.
Бізде бір күн көл, бір күн шөл. Түсініксіз. Бірде доллар бағамы 490 теңге болып тұрады, бір қарасаң 520 теңгеге қымбаттайды, - дейді ол.
ДОЛЛАР НЕГЕ АРЗАНДАДЫ
Сапарбай Жобаевтың сөзінше, доллардың арзандауына себеп болған әсер көп. Айтуынша, рубль бағамы тұрақталып, мұнай бағасы кері сұраныс пен ұсынысқа сай бағасын ұстап тұр.
Қазақстанда сұраныс пен ұсыныс әртүрлі ғой. Жазда баға қымбаттайды, өйткені туристер көбірек сұрайды. Мұнай бағасы төмендесе, бізге валюта түсімі аз болады да, сұранысты қамтамасыз ете алмай қаламыз. Сондықтан, оның бағасы өседі. Ресей рублі өскен кезде біз де бірге өстік. Ал түскен кезде бізге сезілмегендей болды. Есіңізде болса, бір рубль 4 теңгеге дейін қуаттанғанын көргенбіз. Бізге осы баланс жақсы. Себебі дүкендегі заттардың бәрі арзандаған еді.
Расул Рысмамбетов доллар бағамы бұрын да бір рет – екі мыңыншы жылдардың ортасында 150 теңгеден 120 теңгеге арзандағанын есіне алады.
Қазір доллар неге әлсіреді? Біріншіден, рубль күшейді. Трамп Путинмен келіскен сияқты. Ресей шағын болса да, маңызды экономика саналады. Ол елге қайтадан инвесторлар қайта бастады. Демек, Ресей – тек Мәскеу мен үлкен нарық қана емес, ол жақта құнды қағаздар, федералды займ облигациялары бар. Сондықтан, адамдар қайтадан қазір облигацияларды сатып алуға асығады. Сол арқылы күні ертең пайда тапқысы келеді, - дейді Расул Рысмамбетов.